.

Теңіз сақшылары

Лагуна Сан Игнасио сулары. Қайықта тұрған турист сұр киттердің бірін сипап көрмек ниетпен қол созуда. Киттер жұптасу мен жас киттерді қамқорлыққа алу мақсатында шығанаққа жиі келеді. Бүгінде олар экономиканың маңызды бөлігіне айналып отыр.

Балық популяциясының күрт азаюы салдарынан Мексиканың төменгі Калифорния тұрғындары ерекше қадамға барып, балық аулауға шектеу қойды.

Автор: Эрик Ванс фото: Томас П. Песчак

Күннің шығуына жарты сағат уақыт бар. Жағалаудан толқынның түсі қап-қара болып көрінеді.

Пунта Абреохостағы жаға бастығы кеңсесінде балықшылар тобы жайғаса демалып жатыр. Мексикадағы Баха Калифорния түбегінің ортасында орналасқан осы ауылда бүгін адамдардың көңіл күйі көтеріңкі. Ол түсінікті де – бүгін галиотис (теңіз құлақшасы) аулау маусымы ашылады. Себебі бұл күнді тұрғындар жыл бойы асыға күтеді. Негізінде маусым төрт ай бұрын ашылған, бірақ Пунта Абреохостың ерекшелігі сол – олар өз-өздеріне серт беріп, тыйым салған. Үкімет галиотис аулауға қаңтар айында рұқсат еткенімен олар «сүйікті жұмыстарына» тек сәуірде ғана кіріседі. Соның себебі де жоқ емес, бұл аралықта галиотистер ет жинайды, салмақ қосады.

Мен ең жасы елуді еңсерген үш балықшымен Тынық мұхитына шықтым. Кейін аңдасам әлгі үшеуінің бала күнінен жұптары жазылмапты. «Тұлпар» моторды басқарады, «Көртышқан» галиотис қапшықтарын шығарып дайындаса, үшіншісінің лақап аты «Балық» екен. Ол – әрине, сүңгуірдің (олардың шын есімдері Порфирио Зунига, Эдуардо Лиера және Луис Арсе, бірақ мұнда ешкім оларды олай атамайды) қызметін атқарады.

Сүңгуір Калифорния шығанағында Кабо Пулмо жанында үлкен көзді каранкс балығымен бірге су астында. Шығанақтың маржан кедертастары балық аулауға тыйым салынған аймаққа айналғалы бері ондағы биомасса үш есеге дейін артты.

«Балықтың» көңіл күйі ерекше: ол жуырда ғана Калифорнияда сөрфингпен айналысып, гольфты армансыз ойнап келген. Ол сүңгуір костюмін киіп жатқанда достары оған әзілдеп тиісіп қояды. Күннің тас төбеге көтерілген шағы, судың қара түсі көгілдірге ауысқан. Балық аулайтын жерге келгенге дейін «Тұлпар» қа­йықты галиотистер су астынан көтерілетін рифтің үстіне апарып тоқтатты. «Бұлар – жасыл галиотистер, – дейді «Көртышқан», – олар дайын болғанға дейін кемінде әлі бір ай уақыт қажет».

Бірнеше шақырым жүргеннен кейін «Балық» суға секірді. Екі сағат ішінде ол аулау лимитін толтырып, екі езуі екі құлағына жеткен күйі өсіп-жетілген галиотис толы қапты жоғарыға алып шықты. Бүгінде мексикалықтар болсын, басқа да дамушы елдердің балықшылары болсын, қоры түгесілген су бассейндерінің «түбін қырып», жоқтан бар жасауға тырысуда. Алайда олардың алдағы маусымға оптимистік көзқараспен қарауларына не себеп? Қалайша олар жаңа гаджет сатып ала алады немесе элиталық гольф алаңдарына қалай ғана барып, демалып жүр?

Қаладағы балық аулау кооперативі 1948 жылы құрылған және басқалар секілді мүмкіндігінше мол өнім жинауға тырысқан. Бірақ 1970 жылдардағыдай бірнеше мардымсыз маусымнан кейін балықшылар теңіз шаянын (және кейіннен галиотистерді де) аулап дереу пайда табудан гөрі, ұзақмерзімдік кіріске көшу жөнінде шешім қабылдаған болатын.

Төменгі Калифорниядан 260 шақырым қашықтықта Гуадалупе аралы табиғи қорығында ақ акула жүзіп жүр. Бұл аймақ тұнық суда сүңгуді ұнататын туристерді магниттей тартады. Төменгі Калифорнияда экотуризм Мексика қазынасына жүздеген миллион доллар құяды.

Бүгін Абреохос пен осы стратегияны ұстанатын кейбір ниеттес жандар Мексика су бассейндеріндегі галиотистің 90 пайызын аулау мүмкіндігіне ие. Абреохостағы үйлер жаңадан боялған. Теңіз шаяны мен галиотис заманауи цехтарда консервіленіп, тікелей Азия нарығына жөнелтіледі. Қаланың су бассейндері аумағы радар жүйесі іске қосылған катерлер мен ұшақтар арқылы қорғалады. Зейнетке шыққан балықшылар тұрақты зейнетақы алады.

Бұл жетістіктің ең жарқын үлгісі 67 жастағы Закариас Зунига деуге негіз бар. Оның әкесі күндік өнімін әрең тауып жүрсе де кооперативтің қалыптасуына көмектесті. Зунига консервілеу цехында істейді. Кооператив берген оқу гранты арқасында оның ұлы ғылым профессоры деңгейіне жеткен.

«Бәріміз жұмыс істейміз әрі бәріміз де – қожа­йынбыз», – дейді ол.

Айтпасқа болмас, бүгінде әлем бойынша балық аулау кәсібі дағдарысты бастан кешуде. Десек те, Мексиканың солтүстік-батысындағы кейбір елді мекендер өз суасты ресурстарын сақтап қалуға тырысуда. Осы микро-қорғау аймақтары елді мекендер тарапынан немесе олардың қолдауымен пайда болғанын айта кету керек. Мұны көптеген табиғат жанашыры «тиімді қорғау кілті» деп бағалайды.


«Журналистік селқос­тық» деген түсінік бар. Бірақ кішкентай кит сіз отырған қайыққа таяп келіп, еркелегендей қылық танытқанда, бәрін ұмытады екенсіз.


Баха Калифорнияның балық аулау өнеркәсібі тарихы өрлеу мен құлдыраудан құралған шежіредей. Жазушы Джон Стейнбек осы түбекке 1940 жылы келген екен. Оның мұндағы биоалуандықтан «басы айналды». Алайда арада бір-екі он жылдық өткенде адамдар  судағы жабайы табиғатты ойрандап, теңіздің түбіне де жетті. Осыдан кейін олар тунец пен алабұғаны айтпағанда, тасбақа, акула, т.б. теңіз жәндіктеріне де азық деп қарауға көшті.

Мексика үкіметі жағдайды одан әрмен ушықтырып, ондаған жыл бойы жұмыссыздарды балықшы болуға ынталандырды. Баха Калифорнияның оңтүстігінде «дара-ковбой» мәдениеті сақталып отыр.

Октавио Абурто Эспириту Санто аралы маңында сүңгіп жүр. Теңіз биологі табысты қорықтар сырын зерттейді. «Халық қоршаған ортаға тікелей әсер етеді. Табиғатты қалпына келтіру үшін жауапкершілік сезімін ояту аса маңызды», – дейді ол.

«Адамдар жеке-дара жұмыс істеп үйренген, – дейді Октавио Абурто, – себебі олар үкіметтен еш нәрсе күтпейді».

Он шақты жыл өткенде аймақта балық аулау кәсібі тұралап қалды. Кейбір жерлерде ресурс­тарды сақтау жолдарын ойластыра бастады. Соңында олардың идеясы басқаларына тарады.

Осы табысты тәжірибе нәтижесінде жұртшылық қолдаған бес ереже пайда болды. Біріншіден, Абреохос сияқты жерлер барынша оқшауланды. Екіншіден, жұртшылық құны жоғары ресурсқа ие болды. Үшіншіден, мықты, көреген, көсем басшылар шықты. Төртіншіден, балықшылар ресурстар толығып жатқан кезде аш қалмаудың жолдарын да ойластыр­ды. Ал соңғысы – қоғам мүшелері бір-біріне сеніммен арқа сүйеді.

Төменгі Калифорнияда бірнеше елді мекен осы ережелердің маңыздылығын көрсетіп отыр. Құны жоғары ресурстың ауыз толтырып айтарлық бір мысалын жағалаудан 30 шақырымда орналасқан Лагуна Сан Игнасиода көзбен көріп, қолмен ұстауға болады.

Жергілікті аңыз бойынша 1972 жылы Франциско «Пачико» Майорал өзінің әдеттегі жағалаудағы орнында балық аулап отырған. Сұр киттер өздеріне таяу жүзіп өткен қайықтың ескегін ұрды. Ол кезде жұрттың барлығы сұр китті қауіпті мақұлық деп санайтын. Сол уақытта олардың бірі қайыққа таяп келгенде Майорал оны ұстап көруге ұмтылады. Сонда кит ешбір қарсылық көрсетпестен жылтыр әрі кедір-бұдыр терісін сипап көруге рұқсатын берген екен. 1980 жылдардың аяғына таман Майорал мен басқа да балықшылар киттерді көрсету үшін туристерді топ-тобымен теңізге әкеле бастады.

Ал бүгін сол китті тамашалау – аймақтағы ең маңызды экономикалық қызметтер қатарында. Қызығы сол, сұр киттер мен олардың төлдері әлі де қайықтарға жақындағанды «ұнатады» және оның себебін ешкім дөп басып айта алмайды.

Адамдардың бұл кәсіпті жолға қоюының өзі таңдай қақтырады. Оңтүстіктегі Баха де Магдаленаға қарағанда (ол жерде қорғаушылар жануарларды үздіксіз бақылайды) Сан-Игнасиода судағы қайық санына (16–дан аспауы керек) шектеу қойған. Китті тамашалау маусымында жағалауда балық аулауға тыйым салынған, сондықтан киттер жайбарақат жүзе береді.

Скат үйірі Эспириту аралы жанында планктонмен қоректеніп жүр. 90-жылдары теңіз өніміне деген сұраныстың өсуімен олардың саны күрт азайып кетті. Содан бері қолға алынған шаралар көптеген су жәндігі популяциясының артуына септігін тигізді.

Осы табиғи сағаны қорғау балықтар мен омыртқасыз жануарлардың тіршілік ортасын да сақтайды. 1990 жылдардың ортасында Mitsubishi компаниясы шағын мүйіс ернеуі маңайында тұз өндіруші фабрика салмақшы болады. Сол кезде жергілікті тұрғындар экологиялық ұйымдардың көмегімен жобанының жүзеге асуын тоқтатқан.

Туристер толы шығанаққа қарай бет алдым. Бізді теңіз бетіне алып шыққан балықшы Роберто Фишер китке қол тигізуімізге, тіпті оны көруге де еш кепілдік жоқ екенін ескертті. Киттер бізге қарай өздері келмесе, олардың артына түсіп, аңдуға болмайды. Себебі бақылаушы жүздеген метр жерден біздің әр қимылымызды қарап тұрды. Бір уақытта кенет киттің тұмсығы көрінді.

«Мен көріп тұрмын! Сен көрдің бе?» – деп бір турист айғайлап жіберді. Аналық сұр кит болса біздің кім екенімізді білмек болып қа­йыққа мейлінше жақындай түсті. Ал китті өте жақыннан көрген туристерде ес жоқ, таң-тамаша боп көргендерін қызықтауда.

«Бұл – кит сорпасы!» – дейді Фишер. Бірақ кішкентай кит сіз отырған қайыққа таяғанда мен оның жұмсақ, бұдырлы терісін сипағанымда ол аузын ашып тіліне қолымды тигізгенге қарсы емес екеніндігін білдірді.

Теңіз табиғатын сақтаудағы үшінші ереже – көреген басшының болуы.

«Біз рифке экожүйе деп қана емес, өз бақшамыздай қарадық, – дейді қауым көшбасшысы Джудит Кастро.

1990 жылдардың басында Кастроның ағасы балықшы Марио және малтушы Тито Михарес Кабо Пулмо балықшыларын теңіз қорын сақтау бойынша нақты шешім қабылдауға шақырды. 1995 жылға қарай 71 шаршы шақырымдық алаңның басым бөлігінде балық аулауға тыйым салынып, заңды қорық пайда болды. Бұл – өңірдегі заң талабы қатаң сақталатын жалғыз аймақ. Оның аумағы үлкен емес, бірақ мұхит тірлігін жаңғырту үшін соншалық көп орын қажет те емес екен. Бүгін Кабо Пулмо ұлттық саябағында биомасса 2000 жылмен салыстырғанда 2-3 есе көбейген, ал бойына қан жүгірген экономика қазір сүңгу туризміне негізделіп отыр.

Баха Калифорния су бассейні 1940 жылдары ерекше бай еді. Бірақ кейінгі он жылдықта адамдар теңіздің бетін қо­йып, түбін де сарқып үлгерді.

Туризм моделін дамытудың бұл жолы қауіп төнген экожүйені сақтап қалуға зор септігін тигізіп келеді. Өкінішке қарай, балықшылар ауылдарының барлығында бірдей мұндай мүмкіншілік жоқ. Оның үстіне, туризмді дамытудың бұл тәсілі жұмыс орнын көптеп ашады деуге тағы келмейді. Мәселен, Сан Игнасио қалашығында 200 адам ғана осы жұмыспен қамтылған және қызметтің бұл түрі тек бірнеше айға ғана созылады. Одан кейін олар қайтадан балық аулауға шығады.

Табиғатты сақтау ісі тиімді орындалуы үшін балықшылар ресурстардың толығу кезеңінде ақша табудың басқа жолдарын қарастырулары қажет. Осы мақсатта Ла Паз қаласымен шекаралас өзен сағасындағы Эль-Манглито тұрғындары әрі маңызды, әрі қызықты стратегия қабылдады.

Бір кездері балықшылар ұлу-устрицаларды қаланың батысындағы кең әрі таяу шығанақтан шектеусіз аулайтын. 2009 жылға қарай олар ауланатын өнім көлемін біршама азайтты. Ла Паз қаласындағы Noroeste Sustentable коммерциялық емес ұйымының қаржылай қолдауымен балықшылар балық аулауды доғарып, өз ресурс­тарын басқаруды қолға ала бастады. Оларға браконьерлердің жолын кесу және ұлуларға биологиялық зерттеу жүргізулері үшін қаражат бөлінді. Алғашқы зерттеу қорытындысы бойынша ұлу саны 100 мың болса, қазірде олардың саны 2,3 милионнан асып отыр.

«Бұрын бізді «табиғатты құртушылар» деп айыптайтын, қазір олай емес. Теңіздің бізге бергені аз емес. Енді бізден де қайтарымы болуы керек», – дейді балықшы Антонио Мендез.

Мұхит тіршілігі – Баха Калифорния тарихының ажырамас бөлігі. Сьерре-де-Сан-Франциско тау жотасында салынған скат, акула, дельфин, тунец және итбалықтардың суреттері испандықтарға дейінгі мәдениеттердің сарқыншағы болып қалған. Бүгін бұл жануарлар Мексиканың Ревилья-Хихедо архипелагіндегі табиғи қорықтарда маңызды рольге ие. Сүңгушілер ол жерде скат мантасын «тазалап» жүрген «теңіз періштесін» көре алады.

Эль Манглито тұрғындары мен «Нороэсто Састенабл» ұйымы балық аулау кәсібін жандандыру жолында аз жұмыс істеген жоқ. Бұнда ең маңыздысы – ресурстарды қорғау және бағалаумен айналысатын балықшылар ұлулар ұрық шашатын кезеңдерде жалақы алып тұрды. Тұрақты табыс тауып тұрған олар жай балықшыдан кәсіби табиғат қорғаушыға айналды.

Соңғы ереженің, бәлкім, орындалуы да қиын шығар. Табиғатты қорғау ісі тиімді орындалуы үшін қоғам болып «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару керек».

Баха Калифорнияның ауылдық жерлерінде көршінің сеніміне кіру – қиынның қиыны, бірақ сенімге кіруге де болады. Қалай десек те, Ла Паз қаласында орналасқан Niparajá табиғат қорғау ұйымы осыған бәс тігіп отыр.

Niparajá жұмысын бастаған кезде балық аулау кәсібін басты мақсат етіп қоя алмады. Оның орнына олар футбол турнирлерін ұйым­дастырды. «Сенім ұялатуды жолға қалай қоймақсыз?» – деп сауал тастайды бағдарлама үйлестіруші Эми Нудсон Вибер. «Сіз әңгімені балықтан бастамауыңыз керек. Бұлар аяқтан шалар ма екен, әлде ойын ережесін сақтай ма? Бұларға сенуге бола ма – сіз осыны ойлауыңыз керек».

Кішкентай ауылдарда футбол турнирлерін ұйымдастырудың арқасында балық аулау тоғандарын қызғыштай қорғайтын ауылдықтар арасында сенім пайда бола бастады. Осыдан кейін Niparajá балық аулауға тыйым салу философиясын түсіндіру үшін кейбір балықшыларды Кабо Пулмо қалашығына апарды. Ақырында жылдарға созылған талқылаудан кейін ол жерлерде бес жыл бойы балық ауламауға келісілді. Учаскелердің аумағы да үлкен емес, ең үлкенінің өзі бар болғаны жеті жарым шаршы шақырым ғана. Ал бірақ оның тиімділігі аса жоғары.

Гуадалупе аралы маңында солтүстік теңіз піл итбалығының күшігінің назары камераға түсті. Ал басқа күшіктер жақын арада ойнап жүр. Құрылған қорықтарда бір кездері жойылуға шақ қалған жануар түрлері қайта түлей бастады.

Қорларды қадағалау бойынша Niparajá тамаша идея ойлап тапты. Жыл сайын олар қаладан төменге қарай жүз шақырым қашықтыққа созылып жатқан дәлізге сапар шегу үшін зерттеу кемесін жалдайды. Кемеге студенттерді, ғалымдар мен әр ауылдың балықшыларын ерте шығады.

Біз құламалы жерасты суының ылдилау жеріне таяу келіп, суға күмп бердік. Мен балқшылардың  не айтқылары келгенін түсінемін. Сансыз қуыс-тесіктер – тіршілік ету үшін мінсіз мекен. Рондеро орама өлшеуішін шығарып, лентасын 30 метрге созып, қыстыр­ғышпен оның ұзын бойына жүзе отырып, бір жағынан – балықтарды, екіншіден, омыртқасыз жануарларды санайды. Содан соң отырып көзі көрген барлық балықты санай бастады.

Баха жұрты мұхит ресурстарымен жан бағу үшін түрлі стратегиялық жолдарды пайдалануда. Кейбірі – туризмге арқа сүйейді, Баха-де Магдалена шығанағындағы балықшылар солардың қатарынан. Олар түрлі акула, кит, балық, суға сүңгитін бірқазандарды көру үшін туристерді теңізге қыдыртады. Ал солтүстікте орналасқан Пунта Абреохос мекенінің адамдары галиотис және су шаяны секілді құнды өнімді алу үшін ресурстарды тиімді басқарып отыр.

Есеп көңіл көншітпейді: азғантай ғана балықтың түрлері мен санаулы теңіз кірпісі. Судан шыққан бойда Рондеро осы балық аулауға тыйым салынған аймақ кішкентай екендігін. және жақында ғана белгіленгенін айтты. Ол бұдан үлкенірек учаскелерде бір-екі жылда ғана биотүрлілік артқанын көрген.

Расында, бұл зерттеулер өте маңызды. Жер бетіндегі ең ірі қорғалатын аймақ теңізде орналасқан, ал мұхит тіршілігі олардың шекараларымен шектеседі. Алайда қандай тіршілік иелері үздік экологиялық көрсеткішке ие? Жақын маңдағы қорықтар қаншалықты аумақты алуы тиіс?

Көз тоймас сұлу жағалауға тесіле қараған Рондеродан: «Қызыңыздың балықшыға тұрмысқа шыққанын қалар ма едіңіз?» – деп сұрадым. «Жоқ, – деді ол, – мен оның теңіз биологі болғанын қалаймын».

Табиғат қорғау ісі дамуы үшін қоғамда өзара түсіністік болуы шарт.Адамдардың сеніміне ие болу өте қиын, бірақ мүмкін емес деуге келмейді.

Эрик Ванс, Мехико қаласында тұрады және қоршаған орта туралы жиі жазады. Томас П.Песчак Галапагос аралдарының суретін түсірді.

0

Publication author

offline 2 күн

Айбек

0
Comments: 3Publics: 710Registration: 01-10-2016
       

Пікір жазу

Кіру
*
*
Тіркелу
*
*
*
*
Password generation