.

Шартарапқа шапағаты тиген шағын ел

Нидерландының Вестланд аймағындағы «жылыжайлар әлемінің» ортасында тұрған фермер үйі. Голландықтар – аштықпен күресте тыңнан түрен салған әлемдегі көшбасшы елдердің бірі.

Голландия – ауыл шаруашылығында сілкініс жасап отыр

Автор: Франк Вивиано, фото: Лука Локателли

Нидерландының Бельгия­мен шекараласатын аймағы маңындағы картоп алқабы. Голландтық фермер Якоб ван ден Борне басқару панелінде отыр­ған алып комбайнның кабинасы құдды Enterprise ғарыш кемесіне ұқсайды.

Жерден үш метр биіктікте орналасқан орындығынан ол екі дрон аппаратын басқаруда. Алқапты өз бетімен кезіп жүрген трактор мен әуедегі квадрокоптер топырақтың химиялық құрамы, ылғалдылығы мен нәрлі заттар турасында түбегейлі ақпарат жинап, әр өсімдік пен әр картоптың өсу қарқынын есепке алады. Ван ден Борненің мол өнім жинауы осы бір «нақты егіншілік» әдісінің нәтижесі екендігі күмәнсіз. Егер әлем бойынша орта есеппен әр гектардан 20 тонна картоп жиналса, Ван ден Борне өз алқабынан тұрақты түрде 47 тонна өнім алады.

Мұндай мол кірістің еселене түсуі баланс­тың екінші жағы – шығыспен тікелей байланысты. Шамамен, осыдан жиырма жыл бұрын голландтықтар ауыл шаруашылығын оңтайландыру мақсатында «ресурсты екі есе азайта отырып, өнімді екі есе көбейтейік» ұранын алға тартқан ұлттық міндеттемені мойнына алды. 2000 жылдан бері қарай Ван ден Борне мен оның көптеген жас әріптесі негізгі дақыл саналатын өнім түрлерінің суға деген қажеттілігін 90 пайызға дейін шегерді. Олар жылыжайдағы өсімдіктерге қолданылатын химиялық пестицидтерді түгелге жуық қолданыстан шығарса, мал мен құс етін да­йындаушы голландтық фермерлер 2009 жылдан бері қолданыстағы антибиотиктерді 60 пайыз­ға дейін қысқартқан.

Голланд шаруалары үшін тауыққа деген сұраныс күн санап өсуде. Балапанды басудан сойғанға дейінгі бүкіл процестерді қамтитын жоғары технологиялы мына бройлер фабрикасында 150 мыңға дейін құс өсіріледі.

Оларға тағы бір риза болатын себеп: Нидерланды – бір шаршы шақырым жерге 500-ден астам тұрғын келетін халқы тығыз орналасқан шағын ел. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін үлкен ауқымда өндіруге қажетті ресурстар атымен жоқ. Десе де, Нидерланды – доллармен есептегенде, азық-түлік экспорты бойынша Құрама Штаттардан кейін екінші тұрған ел. Ал АҚШ-тың жер көлемі ол елден 270 есе үлкен. Сонда деймін-ау, голландтықтар мұндай нәтижеге қалай қол жеткізіп отыр?

Биіктен қарасаңыз, жан-жағы шулы шаһарлар мен шағын қалашықтарға толы, егістік даласы мейлінше шағын Нидерланды азық-түлік өндіретін үлкен елге ұқсай қоймайды. Мұнда жердің жартысынан көбі ауыл шаруашылығы мен бау-бақша өсіруге пайдаланылады.

Ұзаққа созылып жатқан айна іспетті жолақтар күндіз күн сәулесімен шағылысып жарқ-жұрқ етсе, түн қараңғысында әйнек ішіндегі тылсым жарыққа телміртіп қояды.

Климаты бақыланатын бұл жылыжайлар Солтүстік Поляр шеңберінен бар-жоғы 1600 шақырым қашықтықта орналасқан Нидерландыны қызанақ экспорттаудан әлемдегі көшбасшы елге айналдырып отыр. Ал қызанақтың арнайы бап тілейтін өсімдік екені әмбеге аян. Голландықтар картоп пен пияз өндірісі бо­йынша әлемде – жетекші, ал көкөніс экспорттау бойынша – екінші орында. Дүниежүзі бойынша сатылатын көкөніс дәнінің де үштен бірі Нидерланды елінде өсіріледі.

Мұндай таңғажайып жетістіктің «ақыл иесі» саналатын Вагенинген университеті мен Ғылыми-зерттеу орталығы (ВУЗО) Амстердамнан оңтүстік-шығыс бағытта 80 шақырым жерде орналасқан. Әлемдегі жетекші ауыл шаруа­шылығын зерттеу институты болып танылған ВУЗО ауыл шаруашылығы технологияларының стартаптары мен тәжірибе алаңдарының ауқымды кластеры саналатын Азық-түлік жазығының орталығы болып табылады. Калифорнияның Силикон жазығы сияқты лайықты атауға ие болған Вагенинген ғылым мен кәсіпкерлікті әдемі ұштастыруымен аты шыққан Стэнфорд университетінің дәстүрін жалғастыруда.

Жасанды жарық атыздары Нидерландының жылыжайлар астанасы саналатын Вестландқа тылсым бір аура сыйлайды. Мынау сияқты климаты бақыланатын фермалар дәнді дақылдарды кез келген күн райында тәулік бойы өсіре береді.

ВУЗО-ның Өсімдік шаруашылығы тобында басқарушы директор болып жұмыс істейтін Эрнст ван ден Энде Азық-түлік жазығының аралас әдісін жүзеге асырады. Заманауи кафелердегі бариста тәрізді жұмыс істейтін атышулы ғалым ван ден Энде – өсімдік патологиясы бойынша әлемдегі беделді мамандардың бірі. «Мен тек қана колледж деканы емеспін. Менің «жарты денем» өсімдік шаруашылығында жүрсе, қалған «жартым» коммерциялық келісімшартпен жұмыс істейтін зерттеу жұмыстарына қатысты тоғыз түрлі шаруашылық субъектісін бақылап отырады», – дейді ғалым.  Оған сенсек, ғылым мен нарықты байланыстыра отырып қана біз алдымызда тұрған қиындықтарға төтеп бере аламыз.

Қиындығы несі? Ол жұлып алғандай: «Біз алдағы қырық жылда диқандар өткен сегіз мың жыл бойы жинаған өнімнен де көп өнім өндіруге тиіспіз», – деп салды қатулана.

Олай болатын себебі, 2050 жылы Жер бетінде тіршілік ететін адамдардың саны бүгінгі 7,5 миллиардтан 10 миллиардқа дейін өспек. Егер ауыл шаруашылығынан түсетін өнім көлемі  өсіп, керісінше, су мен қазба байлықтарды тұтыну көлемі азаймайтын болса, миллиардтап, тіпті одан да көп адам аштыққа ұшырауы мүмкін. Аштықтың ХХІ ғасырда ең өзекті мәселе болып қалу ықтималдығы жоғары. Ал Азық-түлік жазығындағы стратег мамандар аталмыш мәселенің инновациялық шешімін тапқандарына күмән келтірмейді. Ван ден Энде: «Жаппай аштықтың алдын алу жолын таптық», – деп бізді сендіріп бақты. Оны мұндай оптимистік ойларға жетелейтін күш – ВУЗО­-ның 140-тан астам мемлекет пен алты құрлықтағы үкімет пен университеттер бірге талқылап, жүзеге асыруға ниет етіп отырған мыңдаған жобасы.

Қызу пікірталас, статистика, түрлі болжам ортаға салынған Ван ден Эндемен арамызда Африкадағы қуаңшылық жайында өрбіген әңгіме бәрімізді алаңдатып отыр. «Су – негізгі проблема емес. Проблема – топырақтың құнарсыздығы. Қоректік заттардың орнын белгілі бір бактериямен бірге жетілдіріп, өз тыңайтқышын өздері өндіріп шығаратын өсімдіктерді өсіру арқылы толтыруға болады. Малға қажетті дақылдың бағасы аспандап кетті ме? Одан да олар шегіртке жесін, – дейді ол. – Есесіне, бір гектар жерден мал бір жыл жейтін бір тонна соя ақуызын аласыз. Осы көлемді жер 150 тонна жәндік ақуызын өндіріп шығара алады».

Siberia B.V-дың жабық ғимараттары көкөніс өсіруге барынша қолайлы. Мұндағы бір гектар жерге шығатын ассүттіген көлемі далада өсетін төрт гектар жердің өнімінен асып түсіп химикаттарға деген қажеттілікті 97 пайызға жояды.

Әңгіме енді климаты бақыланатын жылыжайлардағы культивациялық процестердің 24 сағат бойы жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін жарықдиодты шамдардың қолданысы турасына көшті. Біз, осылайша, «тұрақты ауыл шаруашылығы дегеніміз – адам баласының табиғатқа мейлінше аз араласуы» деген ағат түсінікке қайта айналып келдік.

«Бали аралына қараңызшы!» – деп айғай салды ол. Оның диқаншылары берісі мың жыл бойы үйректер мен балықтарды күріш алқабында өсіріп келеді. Бұл – адам қолымен жасалған тау террасаларының өн бойындағы қым-қуыт каналдар арқылы суарылатын, өздігінен жұмыс істеп тұрған тұтас бір азық-түлік жүйесі.

«Тұрақтылықтың үлгісі – осы», – деді Ван ден Энде.

Нидерландыда тұрақты ауыл шаруашылығының болашағы жер-жерде көрініс таба бастады. Әлбетте, олар үлкен корпорациялардың мәжіліс залдары емес, мыңдаған шағын отбасылық шаруашылықта орналасқан. Сіз оны өз көзіңізбен көргіңіз келсе, онда Тед Дюивестин мен оның Питер, Рональд және Ремко атты бауырларының жердегі жұмағына келіңіз. Балилықтар іспетті ағайынды Дюивестиндер де адам ақыл-ойы мен табиғат құдіретінің балансына негізделген, өздігінен жұмыс істейтін азық-түлік жүйесін қалыптас­тырып шықты.

Дюивестиндердің ежелгі Делфт қаласының маңындағы 14,5 гектар жерді алып жатқан жылыжай кешеніне жиналған жұрт биіктігі алты метр қою жасыл қызанақ сабақтарының арасында жүр.  Топыраққа емес, базальт пен жұмсақ әктастан құралған талшыққа отырғызылған өсімдік қызанақтан басын көтере алмай тұр. Қызанақтың 15 түрі өсірілетін мұнда ең дәмді дейтін қызанақ бар. 2015 жылы бау­бақша сарапшыларынан құралған халықаралық қазылар алқасы Дюивестиндерді әлемдегі ең жаңа қызанақ түрін өндіруші деп тапқан.

Қызанақтың жақсы өсуіне LED жарықтарының жоғарыдан, жанынан, әлде екі жағынан түскенінің қайсысы тиімді? Ботаник маман Хенк Калкман Блейсвиктегі Делфи жетілдіру орталығында осы сұраққа жауап іздеуде. Ғылым мен кәсіпкерлікті қатар алып жүру голланд инновациясының өзегі саналады.

Дюивестиндер 2004 жылы 70 жылдық тарихы бар шаруашылықтарын жаңа жерге ауыстырып, қайта құрылымдағаннан кейін барлық сала бо­йынша өз-өзін қамтамасыз етуге көшті. Олар қуат көзі мен тыңайтқышты айтпағанда, өнімді тарату мен сатуға қажетті қаптау материалдарының қай-қайсысын да өздері өндіретін болды. Жылыжайдағы өсімдіктердің жыл бойы қалыпты температурада болуын Нидерланды жерінің кем дегенде жартысын қамтып жатқан геотермалды сулардан бөлінетін жылу қамтамасыз етеді.

Өмір, я өлім сұрағына жауап іздеу Нидерландыдағы ең инновациялық компаниялардың біріне кәдімгідей серпіліс берді. Осыдан жарты ғасыр бұрын қияр өсірумен айналысқан Ян Копперт зиянкестерді өлтіру үшін улы химиялық аэрозоль қолданатын. Содан дәрігер оның улы химикаттарға аллергиясы бар екенін анықтағаннан кейін Копперт жәндіктер мен өрмекшітәрізділердің табиғи жауы туралы барша ақпаратты жинап бақты.

Бүгінде Копперт биожүйелері әртүрлі ауру зиян­ кестермен биологиялық жолмен күресу саласында әлемдік көшбасшы саналады. Құрамында 1330 қызметкер мен 26 халықаралық бөлімшесі бар ол өз өнімдерін 96 мемлекетке сатып отыр. Копперттің фирмасы сізді өсе келе қара күйемен аяусыз шайқасатын қанқызының дернәсіліне тола мақта-мата қабымен қамтамасыз ете алады. Әйтпесе, ішінде өсімдіктегі өрмек кенесін ұстап жұтатын 2000 таскенесі бар құмыраға қалай қарайсыз? Болмаса,  саудаға шығарылған саңырауқұлақ атаулыға қарадай өш шыбын дернәсілдерімен аяусыз соғыс жүргізетін 500 миллион нематодасы бар қорап керек болар сізге?

Ян мен Гийс Ван ден Борн картоп үйіндісінің үстінде ойнап жүр. Екі есе көп өнім алудың сыры мынада: дрондар мен өзге құрылғылар әр өсімдіктің «денсаулығын» тексеріп, оның әрі қарай өсуіне қанша су мен қоректік зат керек екенін дәл анықтап береді.

Копперттің тынымсыз ара бейнесіндегі легиондары ішіп-жеп қана қоймай, тозаңдандыру һәм тыңайту процестерін де қатар алып жүреді. Жасанды тозаңдандырудың қандай түрі болсын, гүлден-гүлге ызыңдап қонып, аналыққа қажетті нектар жинай жүріп, жолындағы өсімдік атаулының түйінін тыңайтатын аралардың еңбегіне татымайды. Копперттің әрбір омартасы күніне жарты миллион гүлге қонады. Араның еңбегіне жүгінетін фермерлер жинайтын өнім көлемі мен жемістің салмағы 20-дан 30 пайызға дейін өсетінін айтып жүр және бұл жасанды тозаңдандырудан жарым есеге арзанға шығады.

Бүгінгі таңда нидерландыда ауыл шаруа­шылығындағы жоғары технологиялы сала болса, ол –тұқым инновациясы. Обалы нешік, ауыл шаруашылығының болашағы төңірегіндегі пікірталас мұнда қызып-ақ тұр. Өнім көлемін арттырып, зиянкестерге бой бермейтін дәнді дақылдарды көбірек өндіру үшін генетикалық түрлендірілген организмдерді дамыту мәселесі (ГТО) – басты тақырыптардың бірі. Сыншыларға сенсек, тірі организммен қалай болса солай тәжірибе жасау салдары күмәнді болғандықтан, ГТО Франкенштейн фильміндегі қателікті қайталауы әбден мүмкін.

2016 жылы 1,7 миллиард долларға жуық экспорт шығарған голланд фирмалары тұқым сату бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі саналады. Олар күні бүгінге дейін ГТО сатқан емес. «ГТО қатаң бақыланатын Еуропада жаңа тұқым түрін ойлап шығару жүз миллион доллар тұрса, оны зерттеп, дамытуға 12-ден 14 жылға дейін уақыт керек», – дейді KeyGene компаниясының қызметкері Арьен ван Тюнен. Керісінше, бөтен ген қолданбайтын мәртебелі молекулалық селекция ғылымындағы соңғы жетістіктер 5-10 жылдың ішінде айтарлықтай нәтижеге жетуі мүмкін. Зерттеу жұмыстары 100 мың доллар көлемінде болатын оның миллион долларға шығатын кезі өте сирек.

Тағы бір голланд өндірушісі Райк Цваанның тауар каталогі жоғары өнім беретін 25-тен астам жеміс-жидек түрін ұсынады. Олардың дені негізгі зиянкестерден табиғи түрде қорғана алатын қасиетке ие. Хелеен Бос – компаниядағы органикалық дәнді дақылдардың есеп-қисабы мен халықаралық зерттеу жобаларына жауапты адам.  Біз, әлбетте, Райк Цваанның жоғары технологиялы жылыжа­йында өсірілетін бағасы 0,5 доллардан төмен, бірақ 70 кило қызанақ беруге қауқарлы ғажап дақылы турасында айтады деп ойлағанбыз. Алайда ол басым көпшілігін балалар мен әйелдер құрайтын, ішіп-жемге жарымай отыр­ған жүздеген миллион адам жайлы сөз қозғады.

Вагенинген университетінің сүт цехында орналасқан айналмалы машина бір сағатта 150 сиырды сауып үлгереді. Қазір мұндағы мамандар халық тығыз орналасқан сүт шаруашылықтарындағы қиындықтармен күресу жолдарын іздестіруде.

Бос Азық-түлік жазығындағы көптеген кәсіпкер сияқты жағдайы төмен елдердің бірқатарында, қала мен даладағы шаруашылықтарда жұмыс істеді. 30 жыл бойы Мозамбик, Никарагуа мен Бангладеште ұзақ уақыт әртүрлі қызмет атқарған ол аштық пен жоқшылықтың аса қауіпті екенін бір адамдай біледі.

«Әлбетте, біз мұнда сіздер Нидерландыда көріп жүрген жоғары технологиялы шаруа­шылықты бірден іске асыра алмаймыз, – деді ол. – Алайда біз айтарлықтай өзгеріс әкелетін орта технологиялық жобаларды іске асыруға дайынбыз». Бос әсіресе салыстырмалы түрде аса қымбат емес, өнімділігі ашық алаңқайларға қарағанда үш есе жоғары пластик жылыжайларға назар аударуға шақырды. Ашық далада өсетін дәнді дақылдар зиянкестер мен қуаңшылыққа да қауқарсыз екені – айтпаса да түсінікті жайт.

Райк Цваан 2008 жылдан бері Танзаниядағы Килиманджаро тауының етегінде 20 гектарлық тәжірибе алаңында өсімдік өсірумен айналысады. Оның дақылдары өсу қарқыны, тазалық, зиянкестер мен ауруларға төзімділік қасиеттерін анықтау үшін Голландияға жіберіледі. Біріккен жобалар қазір Кения, Перу мен Гуатемалада қолға алынып жатыр. «Біз ғана дақылдарды сол жердің жағдайына қарай икемдеуге тырысамыз, – дейді Бос.

Ол: «Біз шағын бағбандармен олардың қажеттілігі, күн райы, топырақ жағдайы, баға турасында жиі-жиі төтенше маңызды әңгіме өткізіп тұрамыз», – деді.

Қызанақ өсіруші Яспер Оусорен табиғи газды жарыққа қажетті электрге айналдыратын генераторды тексеріп жатыр. Ол ыстық пен көміртек қостотығы сияқты жанама өнімді «ұстап қалу» арқылы жылыжайларды жылытып, өсімдіктердің өсуіне ықпал етеді.

Аштық пен тамақ жетімсіздігі қаупі төніп тұрған адамдарға деген голландықтардың алаңдаушылығы белгілі бір дәрежеде өз бастарынан өткен зобалаңнан да туындап жатыр: Нидерланды – аштық зардабын тартқан Батыс­тағы соңғы мемлекет. Екінші дүниежүзілік соғыс­тың соңғы жылында мұнда 10 мыңнан 20 мың адамға дейін көз жұмған. Арада ондаған жыл өткенде ВУЗО-да қызмет істейтін, тұрақты даму және азық-түлік қауіпсіздігі саласының құрметті профессоры Руди Раббинге факультет, студенттер құрамы мен оқу жоспарына түбегейлі өзгерістер енгізу арқылы институтты, өзі айтпақшы, голландтықтар ғана емес, әлемге арналған университетке айналдырды. Бүгінгі таңда ­ВУЗО-дағы оқу мен зерттеу процесінің басым бөлігі кедей елдердің проблемасына бағытталған.

Үштен екісін Ph.D кандидаттар құрайтын университет түлектерінің шамамен 45 пайызы – жүзден аса мемлекеттің өкілі саналатын шетелдік. Басым бөлігін қытайлар мен индонезиялықтар құрайтын азиаттардың саны университетте оқитын барлық еуропалықтардың (голландықтарды есептемегенде) жиынтық санынан да асып түседі. ВУЗО-ның түлектері Африка, Азия мен Латын Америкасы елдеріндегі ауыл шаруашылығы министрліктерінің жоғары эшелондарында жиі кездеседі.

Кампус асханасында мен ВУЗО-ның болашағынан зор үміт күттіретін үш студентпен отырмын. Бұл үш жас қыз Уганда, Непал мен Индонезиядан келген.

Леа Нандудудан мұнда қалай келгенін сұрағанымда: «Угандада оқуымды тәмамдап жатқан кезде мен Вагенингеннің түлегін кездестірдім, – деп бастады әңгімесін. – Ол өсімдіктің қасиеті мен әлеуетін түбегейлі зерттейтін «фенотиптендіру саласының сарапшысы еді.  «Африкалықтар да мұны істей алады екен» деген ой маған қанат бітірді.  Ол осы елдің болашағы еді. Бізге жол көрсетіп кетті ол».

Сол кездесудің соңы Нандудудың ВУЗО шәкірт­ақысын иеленуіне ұласты. Бір гектар жері бар оның әкесі, негізінен, кофе мен банан өсіреді. Бастауыш мектепте ағылшын тілін оқытатын шешесі де шаруашылыққа қолғабыс етеді. «Барша фермерлердің басындағы проблема бізде де бар. Тіпті одан да қиын. Әсіресе, климаттық өзгеріс­тердің салдары көп қиындық тудырады».

Прагиа Шреста пестицидтер мен тыңайт­қыштарды оңды-солды пайдаланғаннан топырақ құрамы бұзылған Непалдағы ауылдық жерде өскен. Барынша қауіпсіз әрі ақылға қонымды дейтін әдістердің өзі мұнда көп өзгеріс әкеле қоймады.

«Білім – Нидерланды елінің ең құнды экспорты», – дейді ВУЗО оқытушылары мен студенттері. Мұнда магистранттардың жартысы шетелден келген. Олардың арасында аштық қайталану қаупі бар елдерден келгендер де бар.

«Бұл – саяси мәселе», – дейді ол. Жаңа қопсыту әдістерінің жүзеге аспайтын себебі, үкіметте оны қолдайтын қаржы жоқ. «Бұған халықтың тығыз қоныстануы да себеп болып отыр. Ұсақ-ұсақ жер телімдері техниканың жұмыс істеуіне кедергі болып қана қоймай, мол өнім алуға да мүмкіндік бермейді».

Ренна Элиана Вариото Индонезияның үшінші ірі қаласы саналатын Бандунгтен келген. Ол: «Халық сырттан келген идеяларға сене бермейді», – дейді. Оны Шреста мен Нандуду бастарын изеп, растап қояды. «Шаруа адамдарының барға қанағат жасауға бойлары үйреніп кеткен. Олар қиыншылық көріп жүргендерін біледі, бірақ «жағдай бұдан да жаман болуы мүмкін еді» деген ойға әбден сеніп алған».

БҰҰ мәліметі бойынша, бүгінде үш Африка мемлекеті мен Қызыл теңізі бойындағы Йеменде аштық қауіпі төніп тұрған адамдардың саны 20 миллионға жеткен және бұл сан күннен-күнге өсе түсуде. Наурыз айында: «Бұл – БҰҰ тарихындағы ең ірі гуманитарлық дағдарыс», – деді ұйымның төтенше жағдайлардағы көмек үйлестірушісі Стефан О’Брайен.

Рууд Велоо «фотобиореакторды» сынап жатыр. Жарық қоректік тізбектің негізі – протеиндер мен липидтерді өндіруге қолданылатын микробалдырлардың өсуін қамтамасыз етеді.

«Біз үшін ең үлкен ауыр міндет – бетпе-бет келіп отырған дағдарыс пен одан шығу жолдары жайлы отандастарымыздың ой-түсініктерін өзгерту, – дейді Нандуду. – Мен елге оралған соң осымен айналысам. Бізге шындықтан жалтаруға әсте болмайды».

Вагенингеннен оңтүстік бағытта шамамен 6,600 шақырым жердегі Африканың Рифт аңғарында отбасылық жеке қожалықтың бұршақ өсіретін алқабы бар. Осы жерде ауыл шаруашылығы технологиясымен айналысатын SoilCares атты голланд фирмасының мамандары шағын мобильді құрылғының қызметін таныстырып жатыр. Ұялы телефонның қосымшасымен бірге жұмыс істейтін құрылғы топырақтың  pH өлшеміне, органикасы мен өзге де қасиеттеріне сараптама жасайды. Сосын оның қорытындысын Нидерландыдағы дерекқорға жіберіп, 10 минутқа жетер-жетпес уақытта топыраққа қажетті тыңайт­қыш пен қоректік заттар жайлы тыңғылықты дерек алады. Құны бірнеше долларлық дерек, осылайша, бұрын қандай да болсын топырақ үлгісін алуға мүмкіндігі болмаған фермерлерге нендей инвестиция салу керектігін түсіндіреді.

Гаагадағы бұрынғы зауыттың үстіне салынған ферма өз-өзін қамтамасыз ететін әдіспен көкөніс пен балық өндіреді. Балық қалдықтары өсімдіктерді тыңайтады. Ол өз кезегінде балыққа қажетті суды сүзгіден өткізеді. Жергілікті мейрамханалар көкөніс пен «қалада өскен балықты» келушілерге маңғаздана ұсынып жатады.

Дүниежүзінде 570 миллион шаруашылық бар деп есептелсе, солардың тек бес пайызы ғана топырақты зертханаға жібере алатын мүмкіндікке ие. Голландықтар үшін бұл да бір – ойландырар жайт.

«Дамушы мемлекеттерге біз нендей көмек бере аламыз? Біздің алдымыздан күнде шығатын сұрақ – осы. Әр әңгімелескенімізде де біз бұл тақырыпқа соқпай кетпейміз», – дейді ВУЗО-ның зоотехника тобының жетекшісі ­Мартин Схолтен.


Франк Вивианоның Еуропа, Азия, Латын Америкасы мен Африкада біраз мақаласы жарық көрді. Лука Локателли – адамдар мен технология арасындағы өзара байланысты түсіруге маманданған фотограф.

       

Пікір жазу