Иесіне адал хайуан — National Geographic Qazaqstan
.

Иесіне адал хайуан

Нина Строчлик

2011 жылы Усама бен Ладеннің үйі­не шабуылдаған америкалық SEAL жасағымен бірге тікұшақтан ит те түскенде, Грегори Бернс жерден жеті қоян тапқандай қуанды. «Егер иттер тікұшақтан секіре алса, онда олар МРТ сканерінен де өте алады», – дейді ол. Сөйтіп, нейрохирург Эмори университетінде «Ит жобасын» бастайды. Онда иттер алғаш рет тыныштандыратын дәрілерді бермей-ақ МРТ сканерінің астында жатуға үйретіліп, олардың миын зерттеу мүмкіндігі туды.

Иттің миына үңілу арқылы зерттеушілер оның аяқ қимылы, дыбыс және иіс сезу қабілетін зерттеп көрмек. Олар иттердің тамақтануын, иесіне деген адалдығын және қайсысы қызметтік ит болуға көбірек икемді екендігін анықтамақ.

«Итке айтылған айтақ немесе жай ғана жақсы сөз оған қалай әсер етеді?». Бұл жұмбақтың шешімін табу үшін Бернс бір жылын сарп етті.

Ит миының құрылымдары мен қыз­меті адамдардікіндей бірегей және күрделі болғандықтан, оның қалай жұмыс істейтінін білу бірнеше жылды қажет етеді. «Иттер туралы сөз қозғағанда, адамдар жайлы да айтқандай боламыз, – дейді Бернс, – иттер де адамдар секілді бір-бірінен ерекшеленеді».

ИТ зерттеу ғылымы

Нәрестелер секілді күшіктер де баяу шыққан адам дауысына қарағанда қатты дыбысқа елең ете қалатыны бар. Нью Йорк және Франция зерттеушілері дыбыс күшіктердің сөз үйренуіне көмектесетінін дәлелдеді, олар сондай-ақ иттердің өктем дауысты жақтыра қоймайтынын да байқаған.

Глазго университетінің зерттеушілері ит үйшіктеріне бес түрлі музыка қойып, олардың мінезіндегі өзгерістерді бақылаған. Музыканың, әсіресе баяу рок пен реггидің тыныштандыру әсері бар.

Смитсон және Корнелл университеттерінің зерттеушілері экстракорпоралдық ұрықтандыру әдісімен бірнеше күшікті дүние­ге әкелді. Ғалымдар осы әдісті пайдаланып, адам мен итте қатар кездесетін генетикалық аурулардың алдын алудан үмітті.

Сәбилер шимпанзеге қарағанда, тіпті олардың адамға ұқсастығы көп болса да, итке біртабан жақын болатынын көрсетеді. Аризона университетінің ғалымдары кей тапсыр­маларды иттер мен сәбилер шимпанзеге қарағанда әлдеқайда жақсы орындайтынын анықтаған.

Фото: Элке Вогелсанг

       

Пікір жазу