Еріннен оқу — National Geographic Qazaqstan
.

Еріннен оқу

Ерін іздерінің бет-әлпеттегі ауытқушылыққа генетикалық қатысы болуы мүмкін. Түзетілген жырық ерінде иірім іздері көрінеді, ал түзу ерінде тікелей сызық ізі байқалады.

Кэтрин Цукерман

Саусақ іздері өткен ғасыр! Жаңа белес – ерін іздері. Адам саусақ ұшының иректері секілді еріндердегі сызықтар адамның эмбрион кезеңінде қалыптасып, өмірінің қалған бөлігінде өзгермейді деп есептеледі. Сот сараптамасында ерін іздері қолданылмаса да, олар адам денсаулығынан мол хабар береді. Әсіресе оның таңдай не ерін ойығы тәріздес ең жиі кездесетін тума кемшіліктері генетикалық бейімдігін көрсетеді.

Питтсбург университеті бет-әлпет және тіс генетикасы орталығының директоры Мэри Марацита мен генетик Кэтерин Нейсвангер ерін жырығы мен таңдай тесігінің генетикалық себептерін 20 жылдан астам уақыт зерттеп келеді. Таяуда олар физикалық ерекшеліктердің әлдеқалай өзара байланысы бар-жоғын анықтау үшін бет-әлпетке, соның ішінде ерін іздеріне назар аударды.

«Біртұтас іріктеу жүйесі жоқ,– дейді Нейсвангер, – алайда ерін іздерін санаулы категорияларға бөліп қарауға келеді: тік және  айқасқан сызықтар, дөңгелек иірімдер және т.б. Солардың ішінде иірімдер, әсіресе төменгі еріннен табылса, тасушы гендердің жырық және басқа да бетке қатысты кемістікке бейім екенін байқатады. Аталған кемістік сәбилерге омырау емуге кедергі келтіріп, өсе келе келекеге ұшырауына себеп болады».

Нейсвангердің айтуынша, ерін іздерін зерттеу саласы енді қолға алынды, сондықтан олардың бет-әлпеті ауытқушылығына қатысы бар-жоқтығын әлі де анықтау керек. Күндердің-күнінде технология дамуымен диагноз сәби жатырда жатқанда қойылуы мүмкін. Марацита мен Нейсвангер ерін іздеріне қоса, бет-әлпеті не сөйлеу ерекшеліктері секілді басқа да белгілер ағзаның кейбір ауытқуларға генетикалық әлсіздігін көрсетуі мүмкін екеніне сенеді. «Бәрі енді ғана айқындалып келеді, – дейді Нейсвангер, – және бұл өте қызықты».

СУРЕТТЕР: МЭРИ Л.МАРАЦИТА, БЕТ-ӘЛПЕТІ ЖӘНЕ ТІС ГЕНЕТИКАСЫ ОРТАЛЫҒЫ, ПИТТСБУРГ УНИВЕРСИТЕТІ

       

Пікір жазу