Шекара — National Geographic Qazaqstan
.

Шекара

Болат қабырға Техас штатындағы шабындықты бөліп жатыр. Негізгі шекара Рио-Грандеден ішке қарай салынған бір тұсында кенет бітіп, жаяу-ақ айналып өтуге мүмкіндік береді.

АҚШ пен Мексика арасын бөліп тұрған қабырғалар мен қоршаулар туралы ой

Автор және фото: Ричард Мисрак

Мен Американың оңтүстік-батысында 40 жылға жуық уақыт жұмыс істедім. 2004 жылы бір шетінде көк туы бар, жанында «aqua» деп жазылған іші суға толы көк бөшке көрдім. Маған бұндай жайт бұрын кездеспеген. Ойымнан еш кетпеген соң оны суретке түсіріп алуды жөн көрдім.

2009 жылы АҚШ пен Мексиканы бөліп тұрған 3145 шақырымдық шекара бойында қабырғалар мен бақылау мұнараларын салу мәселесі көтеріле бастады. Содан бастап әлгі жерлерді суретке түсіруге шындап кірістім. Мен тауып алған алғашқы бөшке шекараны кесіп өтпек болған мигранттарды шөлден аман алып қалу үшін гуманитарлық топтың қо­йып кеткен «су стансасы» екен.

Осы жоба үшін қалаға жиі барып тұрдым, кейде квадроцикл жалдайтынмын. Кейде жерүсті датчик-құрылғыларын орнататынмын. Ондай кезде АҚШ-тың шекара қызметінің агенттері дереу жетіп келеді.

«Су стансасы» – гуманитарлық топ ауа температурасы 49°С – тан асып түсетін Калифорния-Мексика шекарасындағы шөлейт аймақтар бойына қойылған 160 контейнердің біреуі. Еріктілер әр екі апта сайын бұл мекендерді шолып, қозғалыстың тыныс-тіршілігін тексеріп, су толтырып кетеді.

Шекараның маңында тұрмайтындар ол жердегі қабырғалардың ұзара түскенін білмейді: оның ұзындығы – шамамен 1125 шақырым. Бұл – шығыны жоғары және машақаты көп жұмыс. Оны жоспарлау, даярлау, жер иелеріне өтемақы төлеу және оны орнату қажет. Бір жарым шақырым қабырға құны шамамен 5-12 миллион АҚШ долларға дейін жетеді.

Алайда оның тиімділігінде күмән бар. Адамдар оған өрмелеп шыға алады, астын қазады немесе мүлде қабырға біткен жерден оны айналып өтеді.

Техас штатының Лон-Индиосқа таяу тұстағы мына қабырға алғашында маған аяқталмағандай болып көрінген, алайда екі жылдан кейін де ештеңе өзгерген жоқ. Бүгінде бұл кедергіден гөрі ескерткішке ұқсайды.

Аризона штатының тұрғындары «қабырға батып бара жатқан күн көрінісін жауып тастайды» деп шағымдануда.

Патагониядағы «шекара ескерткіші», XIX ғ. ескерткіші.

Функционалды тұрғыдан шекара қабырғасының атқаратын екі қызметі бар. Біріншісі – елге табыс үшін келетін адамдарды, миграцияны тоқтату. Әйтсе де, біз оларды жұмысқа алуды доғарсақ қана олардың ағылуы тоқтайтынын ескеруіміз керек.

Екіншісі – есірткі каналдарына тосқауыл қою. Бірақ сұранысты тудырып отырған америкалықтардың өздері екені бесенеден белгілі.  Біз мәселені өз жағымызда шешпей, қылмыстық топтар ішке ену жолдарын таба беретіні аян. Қабырға да оған тосқауыл бола алмайды.

Окатилло, Калифорния. Жеңіл көлік өтпеуі үшін шалғай жерлерге мынадай кедергілер жасалған. Ол «Норман кедергісі» деп аталады, себебі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қолданылған кей блокадаларға ұқсайды. Қабырғалары әртүрлі жобаланған: қалың не жұқа, биіктігі 3,5-5 метр аралығында.

Ричард Мисрактың әрлеуші Гильермо Галиндомен бірлескен Border Cantos кітабын 2016 жылы «Апертура» басып шығарды.


Мұндай суреттер саясат, мәдениет пен табиғат кездескен тұста болады. Бұл күрделі сұрақтарға жауабым жоқ болса да, менің жұмысым қолда бар маңызды мәселелерді пайымдау.

       

Пікір жазу