Екпе керек пе? — National Geographic Qazaqstan
.

Екпе керек пе?

Пәкстан. Карачилік дүкенші Гулам Исак полиомиелит екпесіне күмәнмен қараған еді. Бүгінде ол төрт жасар қызы Рафияны азапқа душар қылғаны үшін өзін-өзі кінәлайды. Қыздың бір аяғы полиомиелиттің кесірінен сіресіп қалған. Ал екінші аяғын көлік басып кеткен.

Кедей елдердегі мыңдаған баланың өмірін сақтап қалудың жолы – өркениетті елдердегідей екпе жасау.

«Бар да науқас баланы өз көзіңмен көр, – деді Самир Саха. – Мүмкін оның сыр­қат ағалары мен сіңлілері де бар шығар? Біздің міндет – екпе арқылы көрсеткішті нөлге жеткізу немесе мейлінше азайту».

Таң қылаулап атқан шақ. Бангладеш астанасы Даккадамыз. Самир Саха көлігінің артқы орындығында ойға шомып отыр. Форма киген жүргізуші мотоцикл, рикша, жүк көліктері мен жолаушылары аузы-мұрнынан шыққан автобустардың арасымен «Тойотасын» абайлап айдап келеді. «Біз оның өмірін сақтап қалдық, бірақ… – деп сөзін аяқсыз қалдырды Саха, – бәрін өз көзіңізбен көріңіз. Сонда түсінесіз».

КОНГО ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ (КДР). Екпеге толы салқындатқыштарды мотоциклдеріне тиеген «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымының өкілдері Монга маңындағы өзеннен өтіп барады. Олар қызылша ауруы жайлаған қыстақтарды аралағанда екпелерін салқын күйінде сақтауға тиіс.

Ол – микробиолог. Пневмококк бактерия­сын зерттеумен әлемге аты шыққан. Оның ашқан зертханасы Бангладештегі ең үлкен балалар емханасы – «Дакка Шишудің» бір бұрышында орналасқан. Дәлізден енсеңіз, қаз-қатар тізілген төсектерге лық толы үлкен палаталарға тап боласыз. Арнайы уақыт берілгенде әр төсектің маңында ауру балалар өз туыстарымен жүздесіп, арқа-жарқа еркелеп жатады. Ал зертхананың іші ақ халатты медицина қызметкерлеріне толы. Олар күні-түні пневмококк жасушаларын бақылап, құтылардағы сынамаларын бір алып, бір салып, енді бірде микроскоп әйнегіне тесіле қарап қауырт шаруадан бас алмайды. Пневмококк бактериясы бүгінде барлық жерде бар. Ол түшкіру немесе қол алысу кезінде бірден жұғады, иммундық жүйесі бірқалыпты адамдардың мұрын жолдарында ешбір кедергісіз тіршілік ете береді. Қорғаныс әлсірей қалса, «атойлап» бас көтеріп, көбейе түседі. Сөйтіп, адам өміріне қауіпті инфекциялық ауру тудырады. Оған жас балалар жиі шалдығады. Әсіресе, антибиотиктер мен сапалы медициналық қызмет тапшы жерлердегі балалар бұл дертке осал келеді. ХХІ ғасырдың басында АҚШ пен Канадада дүниежүзі бойынша ең алғашқы тиімді екпе қолжетімді болған уақытта жыл сайын пневмококк ауруынан әлем бойынша 800 мың бала көз жұматын, яғни бес жасқа дейінгі миллиондаған бүлдіршіннің төрттен үшінен астамы жаңалықтың басты тақырыбына айналған Эбола немесе Зика вирустарынан емес, пневмонияға (қабынған өкпе), менингитке (қабынған ми қабығы) немесе қан айналымының бұзылуына әкеп соғатын қарапайым вирустан ажал құшты. Өлім-жітімнің басым бөлігі Бангладеш сияқты кедей елдерде орын алды.

УГАНДА. Морунгол тауында Макирере университетінің зерттеушісі Садик Васва Бэбисиза жаңадан ұстап алған жарғанатына тесіле қарайды. Ол чикаголық әріптестерімен бірге қауіпті вирусты іздестіруде. Зерттеу нәтижесі вакциналарды дамытуға септігін тигізуі мүмкін.

2015 жылы балаларға арналған пневмококкты конъюгирленген екпе (ПКЕ) Бангладешке де жетті. Саханың зерттеу тобы оның дамуын жіті бақылауда. Олардың ойынша, ПКЕ бүкіл әлем бойынша өзінің тиімділігін дәлелдеп, екпе сарапшыларының үмітін ақтай алса, өлім көрсеткіші біршама азайып, ауру бұрынғыдай қауіпті болмайды. Бұл дегеніміз – мектепке бармай жатып ажал құшатын мыңдаған жас баланың өлімнен аман қалуы. Пневмония кезінде демігу, дене қызуының көтерілуі, өкпеде оттегінің жетіспеуі, күрк-күрк жөтел, еріннің көгеруі және балаларын асырау үшін еңбектеніп жүрген ата-аналардың жұмыстан сұранып төсек басында отыруына деген қажеттілік азаяды.

Саха «Дакка Шишу» дәлізінде күн сайын қайғыдан қан жұтқан жандарды көреді. Сол себепті ол мені рикша жөндеушісі мен оның әйелінің ортаншы баласы, он бір жасар Санжида Сахажаһанға жіберді. Аурухана қақпасынан шығып бара жатқанда ол маған: «Қайтып келгеннен кейін алған анализдеріңізді талқылаймыз. Жамал мен Тасмим сізбен еріп барады», – деді.

Жедел жәрдем көлігі Дакка көшелерімен ызғытып өтті. Үйілген тәтті картоп пен киілген киімдерге толы жайма базарға жеткенде жол тарылып, өгіз аяңмен жүруге тура келді. Бір кезде көліктің де жүруі қиындап кетті. Сөйтіп, жаяу жүрдік. Жамал Уддин – терапевт-дәрігер. Ал Тасмим Султана Липи – қоғамдық денсаулық сақтау қызметкері. Екеуі де балшық жолдардың қайсысымен жүру керектігін біледі. Келесі беттегі темір шатырлы ғимараттардың тормен қапталған терезелері әр бөлмеде тұрып жатқан отбасылардың өмірінен көрініс беріп тұрғандай.

КДР–де 2016 жылы көрші Ангола елінен тараған сары безгек ауруы өршіп, екпе тапшылығы сезілді. Дәрігерлер Матади қаласының барлық 350 мың тұрғынына екпе жасауға жанталасты. Ал мұнда адамдар иесіз қалған көлікті аурухана ретінде пайдалануда.

Липи басымен есіктердің бірін меңзеп, ішке ентелей енді. Осы елдің дәстүрін сақтап, аяқкиімімізді шештік.

Үш жасында «Дакка Шишу» ауруханасына түскен Санжиданың пневмококкты менингитке шалдыққаны белгілі болған еді. Менингит – бұл мидың қабынуы. Кейде ми мен жұлынды қоршап тұрған жарғақтарға зор зақым келтіреді.

Санжида басын ұстай алмайды. Бет қимылын да басқара алмайды. Сөздерінің басы бірікпей ышқына айғайлайды. Біз келсек, анасы Назма сәбиімен сыртта жүр екен. Мұнда тоғыз отбасыға екі әжетхана және жалғыз қол жуатын жер бар. Назма баласын бір қолымен көтеріп, бетін сүртті де ішке қарай асыға басып кіріп кетті. Орындыққа еңкейіп, Санжиданың қолын алды.

Ол бізге бенгали тілінде сөйлей жөнелді: үш жасар ақкөңіл, сөзшең қыз аяқ астынан қалтырап, көршілері жақын маңдағы дүкеннен ацетаминофен алған екен, дәріден кейін дене қызуы басылғандай болғанмен, кейін қайтадан көтерілген. Бірер күннен соң Санжида селкілдеп, дірілдей бастайды. Рикша жөндеуші әкесі жедел жәрдем шақыруға қаражаты болмағандықтан қызын ауруханаға автобуспен апарыпты. Санжида ауруханаға жеткенде есінен танып қалады. Назманың айтуынша, оның анық естілген соңғы сөзі: «Мені құшақтаңызшы!» болған екен.

Назма сөйлеп жатқанда Санжиданың әкесі Мохаммад үн-түнсіз тұрды. 14 жастағы ұлдары қасымызға келіп, отыратын орын болмағандықтан, жинаулы қоларбаны төсектің астына сүңгітіп жіберіп, сәбиді қолына алып тұра қалды. Қабырғаға ілінген шкафта ойыншықтар мен ыдыс-аяқ тұр. Мохаммад сөреден мыжылған сары дәптерді – Санжиданың медициналық картасын шығарды. Мұнда оның дүниеге келген күні жазылған – 2005 жылдың қыркүйек айы.

Алты аптадан кейін Санжидаға жасалған екпелер туралы жазбаларды көрдім. Ол үлкен ағасы сияқты барлық екпені қабылдаған. Ке­йін Бангладеш ұлттық иммунизация жоспары бойынша көкжөтелге, қызылшаға, дифтерияға, туберкулезге, сіреспеге, В гепатитіне және полиомиелитке қарсы емді уақтылы және тегін алған. Ал желшешекке қарсы екпе жоқ. Бұл екпе 1980 жылдары дүниежүзі бо­йынша вакцинациядан алынған. Екі ғасыр бұрын ағылшын физигі Эдуард Дженнердің балаларға жұмсақ вирусты, яғни сиыр шешегін әдейі жұқтыру жайындағы еңбегі жарық көрген болатын.

БЕЛЬГИЯ. Брюссель маңында орналасқан GSK ғимаратындағы мына қазандықтар арада алты жыл өткенде, яғни 2017 жылы полиомиелитке қарсы екпе жасауға қажетті бөлшектерді өндіре бастады. Жұмысшылар зарарсыздықты сақтау мақсатында ауа шлюздері арқылы кіріп-шығады.

Денсаулыққа қатысты ғаламдық тарих Санжиданың сары дәптеріне сыйып тұрғандай. Кең ауқымды вакцинацияның арқасында қанша адам өлімнен аман қалғанын ешкім дөп басып айта алмайды. Қалай болғанда да, ол заманауи медицинаның үлкен жетістіктерінің бірі болып қала бермек. Мәселен, 1980 жылдары дүниежүзі бойынша жыл сайын екі миллионнан астам бала қызылшадан қайтыс болған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, 2015 жылға қарай екпенің арқасында қайтыс болғандар саны 134 200 адамға кеміген. Жаппай егудің әсерінен полиомиелит үш елден басқа барлық жерде жойылды. 2014 жылдың наурызында Бангладеш пен оның алып көршісі Үндістанның полиомиелиттен арылғаны туралы жарияланды.

Шынын айту керек, сол жылдары насихат жұмыстары жүрудей-ақ жүрді. Танымал әншілер мен спортшылар теледидардан екпенің адам өмірін сақтаудағы маңызын жақтары талмай жар сала айтып жатты. Тіпті имамдарға дейін бұл іске бел буып кіріскен. Мыңдаған мешіт мұнарасынан екпенің пайдасы туралы үгіт-насихат азан шақырғандай айғайлап тұрды. Оның өзіндік себебі бар еді. Бангладеш тұрғындарының көбі – мұсылман. Полиомиелитке қарсы екпе таныстырыла бастағанда, денсаулық сақтау саласының шенеуніктері бұл іске дін қызметкерлерінен артық ешкім көмектесе алмайтынын түсінген. Дакка сыртындағы бір қыстақта жергілікті имам жеңін түріп туберкулезге қарсы алған екпесінің ізін көрсетті. Ол: «Өзгенің өмірін өзіңдікіндей қорғау – мұсылманның парызы. Сондықтан әрбір ата-ана балаларына екпе жасатудан қашпауы керек», – деп түсіндірді.

Бірақ Бангладешке екпе жеткізу де оңай шаруа емес. Мұнда тасыған өзендер мен кедір-бұдыр жолдар көп. Ал дәрі-дәрмектердің жарамдылығын сақтап тұру үшін бірқалыпты салқын температура керек. Бұл – климаты құрғақ, электрмен қамту жү­йесі тұрақсыз елдердегі иммунизациялау бағдарламаларының басты қиыншылығы. Ауылдық жерлерде жарық кенет сөніп қалса, екпеңіздің бүкіл партиясы бүлінді дей беріңіз. Бірақ обалы нешік Бангладеш үкіметі бұл бағытта көп тер төгіп келеді. Олар қазір жергілікті медицина орталықтарына күн панельдерін орнатып, көліктерді, тіпті велосипедтер мен қайықтарды да арнайы жабдықтап, алыс аймақтарға жұмсай бастады.

«Дакка Шишуге» қайтар жолда үшеуіміз аурухана көлігінде үн-түнсіз мұңайып отырдық. Самир Саханың не айтпақ болғанын сонда түсіндім. Бангладеш сияқты елдерде жағдай мүшкіл. Олар өндірушінің сұраған сомасын төлей алмайды. Бірақ екпеге өте мұқтаж.

Жекеменшік компаниялар үшін екпе табыстың көзіне айналған. Дүниежүзі бо­йынша вакцина өндіру жағынан АҚШ және еуропалық фармацевтикалық компаниялар мұндаға де­йін көш бастап келді. Аталған компаниялардың өкілдері айтқандай, «Шекарасыз дәрігерлер» сияқты құқық қорғаушы ұйым­дар олардан бағаны төмендетуді талап етеді. Бірақ жаңа вакцина өндіру өте қымбат. Балаларға оң әсерін тигізген пневмококкты екпені шығару ондаған жылға созылды. Ересектерге арналған сапалы екпелер нарықта 1980 жылдардың басында пайда болды. Бірақ олар жас балалардың да иммундық жүйесін күшейтеді деген үмітін ақтай алмады. 1990 жылдардың соңына дейін осылай еді.

ПӘКСТАН. Карачидің негізгі стансасындағы пойыздың ішінде екпе алмаған адамдарды іздеп жүрген медицина қызметкерлері саусағында белгісі жоқ бір баланы тауып алды. Дәрігерлер пойыз орнынан жылжығанға дейін тез арада ауыз қуысы арқылы екпе салып үлгерулері керек.

Пневмококктың тағы бір жағымсыз жағы бар. Саха мен басқа да ғалымдар пневмококк жасушаларының жүзге жуық нұсқасын немесе серотиптерін анықтады. Серотиптер белгілі бір аймақтарда ғана кездеседі. Әлі күнге дейін толық зерттелмеген. Аз мөлшері ғана қауіпті, яғни балаларға оң әсер ететін вакцина – бұл жеке-жеке толықтырылып және сынақтан өткізіліп барып бір құтыда араластырылған бірнеше вакцинаның қосындысы.

Осындай күрделендірудің кесірінен балаларға арналған алғашқы пневмококкты вакцина тарихтағы ең қымбат екпеге айналды. «Превенар» деген атауға ие болған екпе 2000 жылдың басында америкалық Wyeth (ке­йін оның орнын Pfizer басты) фармацевтикалық компаниясының арқасында қолданысқа енді. Ол көптеген ауруға себепші болатын жеті серотипке қарсы бағытталды. АҚШ үкіметі үшін балаларды төрт дозалы курсы 232 долларды құрайтын екпемен қамтамасыз ету қиындық тудырмайды. Вакцинасы табылмаған қауіпті пневмококк инфекцияларының арасында «Серотип 1» бар. Қалай дегенмен Африка мен Оңтүстік Азияның кедей аймақтарында пневмококк инфекциясының зардабы айқын көрінеді. Ол балаға ажал құштырады немесе өмір бойы мүгедек қылады. Бұған ата-аналарының дәрігерге уақытында бармауы ғана себеп емес. Сонымен қатар бактерия онсыз да аштықтан, өзге де аурулардан титықтаған және асүй түтінінің шектен тыс мөлшерінен әлсіреген жас ағзаларға қосымша зақым келтіреді.

«Билл және Мелинда Гейтс» ұйымының вакцина тасымалдау директоры Орин Левин: «Осы бағытта жұмыс істей бастағанымда әр түн сайын мені теңсіздік мәселесі толғандыратын», – дейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын оның әріптесі бір әйелдің жағдайына куә болды: Мали ауруханасында әлгі әйелдің қызы пневмониядан көз жұмған. Тағы бір қызы да бұрын осылай қайтыс болыпты. Ол әйелдің есімі Левиннің әлі де есінде – Тиемани Диарра еді. «Дамыған елдерде балалардың пневмококкты дерттен көз жұмуы жүз есе төмен болса да Мали сынды мұқтаж елдердегі Тиемани Диарраның балалары секілді балалар неге екпеге қол жеткізе алмайды?» – дейді ол.

Әлбетте, ол мұның жауабын білді: вакцина өндірушілердің қаржылық қайтарымы адамдардың аса мұқтаждығын есепке алмайды.


«Әділетсіздік мәселесі мені ылғи да толғандыратын. Бай елдерде балалардың пневмококк­ты дерттен көз жұмуы жүз есе төмен болды». 

Орин Левин, «Гейтс» қоры.


Сонда Вакцина мен иммунизацияның әлемдік альянс немесе ГАВИ-дің (Global Alliance for Vaccines and Immunisation) не себепті құрылғанын түсінесіз. 2000 жылы «Гейтс» қоры бөлген 750 миллион доллар қаржымен ГАВИ өз жұмысын бастады. Олар бай елдердің ұлттық ресурстарын, яғни АҚШ, Біріккен Корольдік және Норвегия сияқты елдерден келетін жеке қайырымдылық қаражат пен мемлекеттік көмекті жәрдемге мұқтаж кедей елдерді екпемен қамтамасыз етуге бағыттайды. ГАВИ вакциналық компаниялармен ірі көлемдегі тауардың бағасын төмендету туралы келіссөз жүргізуге, донорлық қордан субсидия алуға, нарықта белгіленген бағаның аз ғана бөлігін төлеу үшін дамушы елдерде шығын мөлшерін әрі қарай азайтуға көмектеседі.

ПӘКСТАН. Бүгінде полиомиелит оқиғалары үш елде ғана тіркелуде: Ауғанстанда, Нигерияда және Пәкстанда. Бұл елдерде екпеге түбегейлі қарсылық көрсету нәтижесінде ондаған вакцинатор қаза тапты. Сондықтан олар үйлерді полициямен бірге аралайды.

ПКВ вакцинасы тек 2010 жылы тізімге енді. Бірақ дамыған елдердің сұранысы жоғары болғаны соншалық, көп ұзамай ГАВИ ПКВ-ны қолдауға жыл сайын жарты миллион доллар бөлді. Қазіргі таңда ПКВ өндіретін бірден-бір компаниялар – Pfizer және GSK-мен арадағы келісім бойынша, қор жеткілікті болмақ.

Денсаулық сақтау саласы өкілдерінің айтуын­ша, екпелер бүкіл елге таралуда. Сарапшылар ата-аналардың балаларына екпе салдырмауы туралы мәселені жиі көтергенімен, Бангладеште осы уақытқа дейін екпеге күмәнданғандар болған жоқ. Оңтүстік Азияда күдік пен күмән екпе жасатуды үгіттеу шараларына кесірін тигізді. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын Пәкстанда өтірік-шыны аралас сыбыстардың кесірінен полиовакцинаторлар шабуылға ұшырады. Ол сыбыс мынау еді: «Батыс екпе арқылы ислам елдеріне қарсы астыртын жымысқы әрекет жасап жатыр» немесе «ОББ үй-үйді аралайтын вакцинаторлар арқылы Осама Бен Ладенді аңдып жүр». Үндістаның кейбір аймақтарында да әлеуметтік желілердегі анонимді жазбалар биылғы қызылша мен қызамыққа қарсы екпе егу науқанын сәтсіздікке ұшыратты.

Саханың айтуынша, тіпті вакцинаны құшақ жая қабылдайтын Бангладештің өзінде кейбір адамдар күмәнмен қарайды екен. Ол бірде танымал бір телевизиялық ток-шоуға қатысады. Студия қонағы болып отырған ықпалды бір әйел оған: «Неменеге екпе-екпе деп зарлай бересіздер? Пневмония мен пневмококкты инфекцияларды пенициллинмен-ақ жазып алуға болады», – деп дүрсе қоя береді. Саха оған: «Ханым, сіз сонда аурудың алдын алғаннан гөрі асқындырып барып емдеген арзанға түседі демексіз бе?» – дегенде әлгі кісі үндей алмай қалыпты. Егер сол әйел Сахамен бірге «Дакка Шишу» палаталарын араласа, жүздері қуарып оттегі бетперделерімен жатқан балаларды, дәліздерде жаны жабырқап отырған олардың туыстарын көретін еді. Бұлар – ауруханаға жетіп үлгергендері. Ал шалғайдағы елді мекендер ше? Лашықтар мен қыстақтарда мыңдаған бала әлі күнге дейін пневмококк инфекциясынан жантәсілім етуде.

Саха сол бір қуықтай үйдегі адамдардың қайғы мен үмітке толы аянышты жағдайын ойлап ауыр күрсінді. «Біз әлі де қанша баладан айырылып, вакцина күткен он жылдың ішінде қаншасының Санжида сияқты мүгедек боп қаларына қарап отыра береміз бе? Құдайға тәубе, қазір екпе бар емес пе», – деді ашулана.

Бельгияның Вавр қаласындағы GSK компания­сының зәулім ғимараты – әлемдегі ең үлкен вакцина өндіретін кәсіпорын. Компанияның ғаламдық вакцина президенті Люк Дебруинмен жүздескен күні киімімді екі рет ауыстыруыма тура келді. Әрбір вакцинаның биологиялық және қоспа құрамы жеке ғимараттың ішінде герметикалық түрде сақталады. Бөлмелердің ішіне кіру үшін мұнтаздай форма, аппақ аяқкиім мен қалпақ киіп, көзілдірік тағу қажет.

Дебруиннің айтуынша, бұл ғимараттар мен компанияның вакцина өндіру орталығына соңғы он жылда бес миллиард доллардан астам қаржы салынған. «Бұл – пайдасы мол бизнес. Тұрақтылық және өнімдерді ірі көлемде ұсына алу мақсатында және дамып жатқан әлемге қолжетімді бағамен сата алу үшін бұл бизнестің пайдасы мол болуы тиіс», – деп сөзін толықтырды.

GSK компаниясының пневмококк вакцинасын Даккаға жеткізуі халықаралық процесс болып табылады: араластыру жұмысы компанияның Сингапурдегі зауытында басталады. Сосын оларды Бельгия мен Францияға өңдеуге жібереді. Соңында екпе құтылары Бельгияға қайтып келіп, шетелдерге тасымалданады. Ваврдағы күміс түстес алып машиналар мен қазандықтарға көзілдірік арқылы зер сала қарағанымда GSK компаниясының тағы бір өнімі дайындалып жатты. Ол – балаларда жиі кездесетін дифтерия ауруын тудыратын, жыл сайын миллиондаған адамды азапқа салатын ротавирус атты патогенге қарсы екпе. Сахаралық Африка мен Оңтүстік Азияның ең кедей елдерінде бұл вирустан мыңдаған адам көз жұмады. «Дакка Шишуде» көптеген бала осы аурумен күресуде.

ИТАЛИЯ. Беатрис Вио. Он бір жасында менингококкты менингитке шалдығып, төрт жеріне ампутация жасалды. Ол – италиялық паралимпиада құрамасының мүшесі, қоларбада отырып семсерлесуден алтын медаль иегері және балаларға екпе салдырудың жақтаушысы.

Бангладеш үкіметі ГАВИ-ден GSK компания­сының ротавирус екпесін қабылдауға рұқсат алды. Келесі жылы ол қолданысқа енуі мүмкін. Келісілген жеңілдік пен қосымша қаржылық қолдаудан кейін үкімет екпенің әр екі дозалы курсына 50 центке жуық ақы төлейді. Бүгінде америкалықтар оны 220 долларға сатып ала алады. ГАВИ-дің көмегі уақытша ғана. Ол кедей елдердің балаларының дені сау боп өсуіне көмектесуді, сол арқылы елдердің экономикасын вакциналарды өз қаржыларына өндіре алатын жағдайға жететіндей етіп жақсартуды көздейді.

Қабылдаушы ел әлемдегі әрбір тұрғынға тиесілі ең төмен кіріс деңгейінен жоғарылаған кезде ГАВИ субсидия беруді тоқтатады. «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымының вакцина саясаты жөніндегі кеңесшісі Кейт Элдер: «Бұл «транзиция» деп аталады. Бірақ денсау­лық сақтау министрлері оны «қолданыс­тан алынған» деп атайтын көрінеді», – дейді. GSK көшбасшылары мен өзге де ірі америкалық және еуропалық вакцина өндірушілері кедей елдерге жеңілдікті қалдыруға уәде бергенімен, субсидиядан айырылу екпе бағасының айтарлықтай өсуіне әкеп соғатыны анық. Мысалы, Бангладеште GSK пневмококк вакцинасының бағасы әр балаға 60 центтен 9,15 долларға бір-ақ көтерілуі мүмкін.

Бұл жайт елу есе көп төлейтін америкалық дәрігерге арзан көрінуі мүмкін. Бірақ «Шекарасыз дәрігерлер» мен өзге де сыншылар америкалық және еуропалық фармацевтикалық компаниялардың балалар екпесіне қойған бағасы, жеңілдікпен бірге алғанның өзінде, тым жоғары екенін айтады. «Фармацевтикалық компаниялардан жиі еститін сөзіміз: «Екпемен қамтамасыз етілген балалар үшін неге қуанбайсыздар?». Ал біз: «Қуанамыз. Бірақ көбірек балаларға жетсе екен дейміз», – деп жауап береміз», – дейді Элдер.

Бұл мәселенің «емінің» бірі – сол, АҚШ пен Еуропадан тыс бәсекелестіктің пайда болуы, атап айтсақ, Үндістандағы, Бразилиядағы, Вьетнамдағы, Кубадағы, Оңтүстік Кореядағы, тіпті Бангладештегі фармацевтикалық компаниялар. Даккадағы компания өзге елдерден келген ингредиенттерді пайдаланып екпенің ондаған түрін сатады. Үндістандағы Serum Institute атты алпауыт компания ешкімге қол жаймай, салыстырмалы түрде арзан вакцинаның жыл сайын миллиардтаған дозасын өзі өндіріп, бүкіл Үндістанға және шетелдерге таратады. «Гейтс» қоры мен Сиэтлде орын тепкен PATH үкіметтік емес ұйымының аурулар жөніндегі сарапшылары Serum Institute компаниясына өз еліндегі балаларға арнап пневмококк екпесін жасауға көмектесуде. Үндістан мен Африкада осыған қатысты тәжірибе жүргізіліп жатыр. Аталған вакцина нарыққа 2020 жылға қарай шығуы мүмкін.

Бүгінде Самир Саханың жасы 62-де. Әзірге зейнетке шығатын ойы жоқ. ПКВ-ның Бангладеште қаншалықты іске асқанын пайымдауға әлі ерте. Алайда соңғы рет екеуміз ауруханада бірге кетіп бара жатқанда ол оптимистік көзқараста болды. Сол күні ортақ палатада пневомококк инфекциясын жұқтырған үш нау­қас қана болды. Ешқайсысының өміріне қауіп төнген жоқ. Саханың ғалымдарының бірі компьютерде науқастар туралы кестемен жұмыс істеп отырды. Одан байқағаным, 2016 жылдың күзінде науқастар саны біршама азайған.

Саха орындықты итеріп, кестеге үңілді. «Тағы күтейік. Алдағы жылы көреміз, – деді ол жымиып тұрып. – Науқастарға жақсы болды. Ауруханада пневмониямен ауыратындар аз. Демек, өлім саны да азаяды», – деді. Микроскоптарға шұқшиып отырған зерттеушілерге қолын бұлғап: «Жұмыссыздар! – деп әзілдеп одан сайын мәз болды, – мыналардың бәрі жұмыссыз қалатын болды».


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу