.

Қанат ізі

Скогафосс сарқырамасынан жоғары ұшып бара жатқан солтүстік шағаласы найзағайға ұқсас із қалдырады.

Құстардың әуедегі көзге көрінбес іздерін суретке түсірумен айналысатын фотографпен танысыңыз.

Eгер құстар аспанда із қалдырар болса, ол қалай көрінер еді? Бұл сұрақ барселоналық фотограф Ксави Боуды жылдар бойы толғандырды. «Жыланның құм үстімен сыр­ғыған кезде қалатын ирелеңдеген ізі тәрізді аспан әлемінде самғап жүрген құстардың да өзіндік белгісі болуы тиіс», – деп пайымдайды ол. Бірақ арнайы құралдардың көмегінсіз көкке қанша көз тіккенімізбен ұшып жүрген құстардың ізін көре алмайтынымыз анық. 38 жастағы Боу соңғы бес жылын құстар соңындағы түсініксіз бейнені суретке түсіруге арнапты. Өз сөзімен айтқанда, ол белгісізді белгілі ету жолында күшін сарп етіп жүр.

Кезқұйрық ізі әуедегі жыландай көрінеді. Испаниядағы жабайы өмірге бай Естани Д’Иварыс-и-Вилла Сана елді мекеніндегі сазды жер 1950 жылдары ауыл шаруа­шылығы кең етек жайған кезде тозып кетсе, ал 2005 жылы қайта қалпына келді.

Ол бейнекамерамен жұмыс істеуді құп көреді. Құстардың қозғалыс кезіндегі әрекетін таспаға түсірген соң Боу видеоэпизодтың бір бөлігін таңдап алып, жеке кадрларды бір суретке топтастырады. Бұл процесті ол фильм жасау деп есептейді. Боу соңғы нәтиженің қалай болатынын алдын ала айта алмайды.

Бізтұмсық шағаладан бастап, торғайға дейін фотограф Ксави Боудың нысанасына ілінді. Ол суреттерді ойдағыдай шығару үшін жоғары сапалы бейнекамера қолданады. Боу бала кезінде Барселонаға жақын Лобрегат-Ривер-Делта ауылында тұратын атасымен бірге серуенге шығып, ұзақ уақыт жүретін. Оның құс ізіне құмарлығы сол кезден басталды.

Ол «орнитография» деп аталатын бұл жобаны бастамас бұрын Барселонада геология және фотосурет саласында ғылыми атаққа ие болған. Кейін ол сән әлемінде жарық түсіруші маман ретінде жұмыс істеп, кино түсіретін «Пост­продакшн» студиясының серіктесі болды. Оның қазіргі жұмысы әуес ісі мен мамандығын ұштастырып тұр. «Бұл – техникалық қиын әрі қызықты кәсіп. Бұл – өз қалауымдағыдай табиғат пен суреттің байланысы», – дейді.

Испания. Роза қалашығының маңындағы шағалалар жасаған таңғажайып бейне.

Автор: Катрин Цукерман, фото-иллюстрациялар: Ксави Боу


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу