.

Мұз жұрнағы

Канадада Баффин аралының солтүстік жағалауы мұз бен қарды көгілдір түсті мөлдір көлшіктерге айналдырады. Арктиканың мұз жабыны айтарлықтай тартылып кетті.

Болжам бойынша осы ғасырдың соңына қарай Арктика мұзы Гренландия мен Канадаға дейін қысқармақ. Ал осы аймақтағы ақ аюлар аман қалуы үшін бас сауғалап, қауіп-қатермен бетпе-бет келмек.

Ә дегеннен жантүршігерлік көрініске көзіміз түсті: мұз үстіндегі қарда шашыраған қан жатыр, бәлкім, ол сақиналы итбалықтың қаны шығар. Сәлден кейін ақ аю көрінді. Салмағы 220 килограмнан асатын алып жануардың артынан жалғыз қонжығы еріп барады. Олар қатқан теңіз үстіндегі ұзынша саңылаудан ашық суға сүңги кетті. Санаулы секундтардан кейін судан шығып, біз мінген тікұшақ дауысынан үркіп, мұз-мұз боп қаша жөнелді. Ұзақ жүгіру ақ аюларға зиян болуы мүмкін: май мен түк суықтан жақсы қорғайтындықтан, олардың дене қызуының шамадан тыс көтеріліп кету қауіпі жоғары. Біздің 33 жастағы ұшқышымыз Франсуа Летурно-Клутье тікұшақты жоғары көтергенде ересек аю мен оның қонжығы желістерін баяулатты.

Олардың артынан бірнеше минут ергеннен кейін, Летурно-Клутье тікұшақты шамамен 100 метрдей қашық жердегі мұз бетіне баяу қондырып, қозғалтқышты өшірді. Аналық артқы екі аяғымен тұрып, біз жаққа қарап, ал қонжық болса төрт тағандаған қалпын өзгерткен жоқ. Сәлден кейін біз Хадсон шығанағынан шамамен 1100 шақырым солтүстікке қарай, Баффин аралының (Канада) ең шеткі нүктесінде орналасқан лагерімізге бет алдық.

Тамыздың таңы. Морждар Баффиннің солтүстігіндегі Девон аралының жағалауынан суға секіруде. Олар қоректену үшін 100 метр тереңдікке сүңгиді. Бұл жануар тек теңіз мұзында демалады, құрғақ жер олар үшін қолайсыз саналады.

Бірнеше он жылдықтан кейін мұндай көріністің болуы неғайбыл, жазғы мезгілде тіптен қиын. Планета жылынған сайын, теңіз мұзы мен ондағы жағдайға тамаша бейімделген аюлар, итбалық, морж, кит, арктикалық нәлім, шаянтектестер мен мұз балдырлары Баффиннің айналасынан жойылып кетуі әбден мүмкін. Жер серігі жинаған 1980 жылдардағы деректер жаздың соңында Арктика теңізі мұзының аумағы 7,5 миллион шаршы шақырымға дейін жеткенін көрсеткен. Содан бері 2,5 миллион шаршы шақырымнан астам мұз жойылып кетті. Бұл – шамамен алғанда, Аляска, Техас және Калифорнияны қосқандағы мөлшерге тең аумақ.

Климат модельдері бойынша 2050 жылдарға қарай бар болғаны 520 мың шаршы шақырымға жетер-жетпестей ғана көпжылдық теңіз мұзы қалады деп топшыланады. Аман қалғандары ықшам аймаққа, алыс солтүстікке қарай Гренландия мен Канаданың Элсмир аралының үстіңгі жағына жиналады. Тарылған қоныс арктикалық тұмса табиғат өкілдерінің соңғы мекені болмақ.

«Өмір сүру үшін теңіз мұзын қажет ететін жануарлар жазда сонда жиналады», – дейді National Geographic қоғамының «Ежелгі теңіздер» жобасының жетекшісі Энрик Сала.

Сала мұнда сүңгуірлер мен режиссерлерді ертіп, мұзды әлемнің күйреуі туралы сюжет түсіруге және сол арқылы қиыр солтүстіктегі «соңғы мұзды» сақтап қалуға дәйек жинау мақсатында келді. «Ежелгі теңіздер» жобасын бастағалы он жыл ішінде мұхиттың сегіз миллион шаршы шақырымын қорғауға көмектесті. Алайда мақсаттың үлкені – Канада мен Гренландияның көмегімен Арктика мұзының қалған бөлігін қорғау.

Ақ киттер тобы Баффин аралының солтүстігіндегі Ланкастер Саунд арқылы жүзіп барады. Жаз айларында олар ескі терісін сыпырып тастау үшін қиыршық тасы мен құмы бар таяз жер іздейді.

Оның үстіне бұл кезек күттірмейді. «Арктика басқаларға қарағанда жылдам өзгеріске ұшырауда», – дейді Сала. Мұз кері шегінгендіктен, оның орнын кеме қатынасы, балық аулау және мұнай мен газ өндірісі басып қалуы мүмкін. Егер теңіз мұзы мен ондағы тіршілікті сақтап қалуды көздесек, оны Арктика ресурстарын барлау басталмас бұрын орындауымыз керек. Саланың айтуынша, «Соңғы мұз» жобасы арқылы біз 25 жылға ілгері қараймыз.

Жер серігі түсірген суреттерде және біздің қиялымызда полярлық ландшафт бірқалыпты, яғни бедерсіз ақ құрлықтай, тұрақты және қозғалыссыз көрінеді. Бірақ мұнда көлемді, сеңдей соғылысқан мұздар жел мен ағыс­тардың әсерінен жөңкіліп, Арктиканың бір жағынан келесі бөлігіне жылдарға созылатын сапарға шығады.

«Адамдар Арктикаға мән бермейді, – дейді Барнард колледжі мен Колумбия университетінің теңізтанушысы Стефани Фирман. – Олар мұны мұз таулар тәрізді көреді. Оны берік деп түсініп, еріген кезде тек ернеулері кертіледі деп санайды. Олар мұндағы жағдайдың мүлде басқаша екендігін ойланбайды».

Суы сорғалаған ақ аю «Хадсон» айлағының солтүстігіндегі мұз тақтаға мініп алыпты. Олар итбалықтарды қақпанға түсіру үшін осылай істейді. National Geographic қоғамының жергілікті зерттеу­шісі Энрик Сала аюлардың тарылып бара жатқан мекендеу аймағына алаңдаулы. «Ресей аралдарында қалып, шөп пен теңіз құстарын жеп жүрген аюларды таптық», – дейді ол.

Фирман 2010 жылы Арктиканың жазғы теңіз мұзының ықтимал мекенін анықтау тобының қатарында болды. Бұл жұмыс «Ежелгі теңіздер» жобасының жол табуына көмектесті. Стефани мен оның әріптестері жел мен ағыстардың Арк­тиканың өн бойындағы жөңкілген теңіз мұзын Гренландия мен Канада арктикалық архепелагінің солтүстік жағалауларына қарай әкелетінін анықтады. Жылдан-жылға алып мұздықтар тыныш аймаққа жинала береді. Ондағы мұздардың кейбірінің жасы ондаған жылға жуық және қалыңдығы 25 метрден астам.

Фирман мен оның әріптестері ғасырдың ортасына қарай осы суық айлақ Арктиканың бір жылдық мұзын ғана ұстап тұратынын байқады. Олардың жаңалығы шындықтан алшақ еді. Фирманның айтуынша, кейбір алғашқы климат модельдерінде Арктика мұз жабыны оңтүстік қанаттары бойымен одан әрі шегініп, кейінірек Солтүстік полюстің тура айналасына орын тепкен. «Бұл ақылға қонымсыз. Мұздың тек солтүстік полюске жиналуының себебі жоқ. Ол бір нәрсеге тірелгенге дейін жүрісін тоқтатпайды», – дейді ол.

Алдағы бірнеше он жылдық көлемінде болатын тұрақты азаюға қарамастан, жылдық мұздың ұзынша келген енсіз жолағының осы ғасырдың соңына дейін мұрты бұзылмайды. Егер біз планетаны жылытар жанармайға күнімізді түсірмесек, ол қазіргіден де ұзақ мерзімге, бәлкім, жерді қайта салқындату үшін атмосферадан көміртегін бөліп алуды меңгерген уақытқа дейін шыдас беруі мүмкін.

Ғалымдар теңіз мұзының болжалған уақыттан бұрын таусылып кететінін есептеп шығарды. Олар климат моделін саясатта болашақта ауа райына қатысты өзгеріс болмайды деп жобалады.

Ернеудегі мұз

Арктиканың жыл бойғы мұзы – алдағы бірнеше он жылдықта Канада мен Гренландияның солтүстік жағалауындағы жіңішке ендікті қысқартуға арналған жоба. Жел және мұхит ағыстары мұзды қалыңдатуға көмектеседі.


Арктикада қалған мұз мұзға тәуелді ағзаларға ықшамды орта туғызуы мүмкін. «Егер мұз тоқтаусыз жүзетін болса, онда тіршіліктің қамсыз қалуы мүмкін емес. Негізінде ол Гренландия мен Канаданың жағалауларына барып қайраңдайды», – дейді Фирман.

«Мынау жаңасы», – деді Тео Икуммак біздің лагерьге таяу маңдағы тасты жағалаудағы нәзік жасыл өскінді еңкейе нұсқап. Баффинге таяу аралдың бірі Иглуликті мекен еткен 60 жастағы Икуммак – біздің экспедициямыздың гиді әрі кеңесшісі. Маусымның салқын және тұманды таңы болатын. Бұлт бірнеше күннен бері аспанды торлап алған. Икуммак аюға кездескен жағдайда оны үркіту үшін арқасына мылтық асынып алған. Біз лагерьге жүз шақты метр жердегі құмнан олардың ізін байқадық.

Арктиканың осы бөлігін мекен еткен инуиттердің ауызекі диалектіде биіктігі шамамен бірнеше сантиметр кішкене жасыл өскіннің аты жоқ. Икуммак мұны аймақтағы жер мен өмірдің қалай өзгеруінің мысалы ретінде ғана біледі. Жаяу саяхат кезінде біз қатқыл мұздың мүжілуінен пайда болып, дөңгелене біткен үлкен шұңқырдың жанынан өттік. Икуммак оны: «Жер бетінің жаңа жарасы», – деп атады.

Сол күні шатыр ішінде отырғанда Икуммак кей арктикалық жануарлардың атын айтып берді. Кейбір жануарлардың Арктикаға бейтаныс болғаны соншалық, Икуммак олардың кейбірінің атын да білмейтін болып шықты.

Гренландияның солтүстік-батысында жүрген бұл жігіттің аты – Найман-ңитсоқ Кристиансен. Ақ аюдың терісінен тігілген шалбары оның аңшы екенін білдіреді. Теңіз мұзы жұқарған сайын оның ит жегіп шыққан сапарлары да қауіпті бола түсуде.

Жаһандық жылынудың әсерінен өсімдіктер мен жануарлар түрлері оңтүстіктен солтүстікке қарай қоныс аудара бастады. Фейрбанктегі Аляска университетінің биологі Брендан Кэлли бұл үрдістің одан әрі жылдамдай түсетінін айтады. Арктикадағы тіршілік иелерінің мекендеу аймағы қысқарғандықтан олардың бірқатары бұрынғыдан бетер өзара жақындаса түседі.

«Бүкіл Арктика тіршілік иелерінің гендерінде түбегейлі өзгеріс ықтималдығы жоғары, – дейді Кэлли, – біз суасты сүтқоректілерін зерттеп, 34 түрдің будандасуға мүмкіндігі бар екенін анықтадық». Ғалымдар мына нәрсені әлі түсінген жоқ: суасты сүтқоректілері басқа түр мен басқа класқа ауысқанда да, будандасудың маңызды қажеттілігі саналатын гендегі хромосомалардың санын сақтап қалады.

«Ақырында «бөлек класс» деп атайтын жануарлардың, шындығында, будандасқан ұрпақ әкелуге қабілетті екенін байқайсыз, – дейді Кэл­ли. – Мысалға біз өзгеше класқа жатқызатын Гренландия итбалығы мен құлақты итбалықты келтіруге болады. Бірақ олар табиғатта будандасып жүр. Ақ киттер мен нарвалдардың өзара шағылысуының деректері тіркелген». Ақ пен қоңыр аюдан туған пизлилердің Арктиканы мекен еткеніне біраз болды. Генетикалық зерттеулер ақ аюлардың қоңыр аюлардан бөлініп шығуы 500 мың жыл көлемінде болғанын көрсетті. Жаһандық жылыну екі түрдің қайта қосылуына әкеліп соғуының алдында тұр.

Нарвалдар Баффин аралындағы Ланкастер Саундта ұйығады. Олардың 2,5 метрден аса өсетін сүйірлене біткен азу тісі ондай мүшесі жоқ аналықты таңғалдыруы мүмкін.

«Біз ақ аюларды жоғалтып, олар өздері бөлініп шыққан гризли аюларының геномына сіңіп кетуі әбден мүмкін. Біз экология ғана емес, эволюциялық өзгерістің, расында, жеделдеп бара жатқанын сөз етеміз», – дейді Кэлли.

Кэллидің айтуынша, ақырғы нәтиже айрықша болуы, яғни генетикалық түрлілік қайта келместей жоғалуы ықтимал. Алайда оқиға бұл бағытта өрбімесе де, Арктикадағы тұмса табиғат дағдарысқа ұшырауы әбден мүмкін. «Біз мекендеу аймағын өзгерткеніміз соншалық, қарсы тұратын генетикалық әртүрлілігі болғанына қарамастан оларға уақыт жетпеуі ықтимал». Әлемнің бірегей жануарлары үшін соңғы мұз аймағы тіршілік пен жойылып кету арасындағы өткелге айналуы мүмкін.

«Тыныштықты сезесіз бе?» – деді шатыр­лардың алдында жолыққан Энрик Сала. Біз шығысқа, бірнеше шақырым қашықтықтағы Байлот аралына қарай созылған «Адмиралтейство кеңесі» тар шығанағының қатқан көкжиегіне қарап тұрмыз. Таулар мен мұздықтар басқан, ақ аюлар мен жүз мыңдаған құстың ұясына мекен болған аймақ Гавайидегі ең үлкен аралдан да ауқымды. Күн батып, ауа райы жақсарды, лүп еткен самал жоқ. Бір аптадан астам күткеннен кейін Сала мен оның командасындағы сүңгуірлер Байлоттың батыс жағасына таяу маңдағы шағын аралдардың суын зерттеу­ге құлшыныс танытты. Санаулы аптадан соң балдырлар жан-жаққа тарап, су астында видео түсіру мүмкіндігінің күлі көкке ұшады. Бірақ қазір теңіздегі өмірге жан біте бастағандай.

Норвегиялық арал Спитсбергеннің маңында морждар суға сүңгіп, күйекке түседі. Олардың салқын суда ашық сұр не қоңыр көрінетін терісі жерге шыққанда қызарып кетеді және олардың қаны сыртқы қалың терісінің қабатымен ағады.

Қазіргі таңда әлемдегі ең лас аймақтың бірі – Ресейдің Норильск маңындағы былғанған Сібір мұзы кей кезде Арктикаға дейін жүзіп келеді.

«Нарвалдар, ақ киттер мен ақ аюларды көруіміз – жақсы ырым», – дейді Сан Феликс. Поляр киттері 200 жыл, не одан да ұзақ өмір сүреді. Біз түсіріп алған әнебір төл 2215 жылы да тірі жүруі ықтимал.

«Бұл – бірсарындылықтан ада, соңы немен бітері белгісіз шым-шытырық оқиғаға толы ғажап сапар», – дейді Сала.

Авторы: Тим Фолгер


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу