Бүгін – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні — National Geographic Qazaqstan
.

Бүгін – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Бұл күн Мемлекет Басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бері аталып өтіледі. Осы қаралы күн қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде қазақты бостандыққа жетелеген асыл азаматтарымызды еске алуға арналған түрлі деңгейдегі іс-шараларды өткізу дәстүрге айналған.

Тарихшылардың пікірінше, 1927-53 жылдары еліміз бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраса, солардың 25 мыңы ату жазасына кесілген. Өкініштісі, «Халық жауы», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер» деп айыпталған ғалымдар, мәдениет және қоғам қайраткерлерінің өздері ғана емес, олардың аяулы жарлары мен әпке-қарындастары да азапты күндерді бастан өткерген.

Ел ішінде «АЛЖИР» (Халық жаулары әйелдерінің Ақмола лагері) атанып кеткен лагердің орнында дәл қазіргі уақытта «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені жұмыс істеп тұр. Астанадан 37 шақырым қашықтықта орналасқан кешен аумағында тұтқындарды тасымалдаған Сталин вагоны, күзет мұнарасы, Қасірет қақпасы, еркек пен әйел мүсіні, барак пен осы лагерде жазасын өтеген әйелдердің есімін көруге болады. Ал 3 қабатты мұражай ішінде тұтқындардың жеке заттары мен тарихи құжаттар, азаптау бөлмелерінің көшірмелері қойылған.

Бұл лагерьден 18 000 адам этаппен өтіп, 8 мыңдайы тұрақты қамауда болды. Оларды мұнда «күйеулеріңмен кездестіреміз» деп алдап әкеліп, балаларынан күштеп бас тартқызып жетімдер үйіне жіберетін. Сәбилердің көпшілігінің ары қарайғы тағдыры сол күйі белгісіз. Қаралы жылдары лагерде орта есеппен 1500 бала дүниеге келген екен.

Тұтқында болған әйелдердің басым көпшілігі интеллигенция өкілдері болғанына қарамастан ешқайсысына аяушылық болған жоқ. Таңның атысы, күннің батысы қамыс шабу, саз илеу, кірпіш құю секілді ауыр жұмыстар атқарды. Өздері тұратын барактарды өздері салды. Ал егер кімде кім тапсырманы орындай алмаса, күнделікті берілетін бір жапырақ қара нан мен қара судан қағылатын.

Тұтқындағы әйелдер қамырдан жасаған сурет сол қалпы сақталынып тұр.

«АЛЖИР» – КСРО бойынша тек әйелдерге арнап салынған жалғыз лагерь. Сотталған әйелдердің кейбірі тағылған айыбына байланысты алдымен «АЛЖИР-де» уақытша тұрақтап, «КарЛАГ» басқармасының шешімін күтетін. Уақыты келгенде тұтқындардың кейбірі Екібастұзға, кейбірі Балқаштағы лагерге жіберіліп отырған. Ол уақытта «АЛЖИР» «КарЛАГ-тың» 17-бөлімшесі, 26-нүктесі болып саналды. «КарЛАГ» қарамағына Қазақстан бойынша барлығы 11 лагерь кірді.

Сталин режимінің кесірінен бірнеше миллион жазықсыз жан жапа шексе, олардың ішінде қазақтар да аз болмады. КСРО Компартиясына қарасты НКВД жендеттері олардың бірін атып, енді бірін Сібірге айдап, жұбайларын «АЛЖИР-ге» тоғытты. Ұлт арыстары Т.Рысқұловтың жары – Әзиза, Б.Майлиннің жары – Бижамал, Т.Жүргеновтың жары – Дәмеш аналарымыз т.б. көптеген ардақты жандар осында азапты күндерін өткізді.

«Асыл жары мен бауыр еті баласын сағынған тұтқын әйелдердің түн жарымында қосыла жылаған азалы даусы «АЛЖИР» аспанын шарлап, Жер ананың өзін күңіренткендей күй кешетін, – дейді Экскурсия және көрме ұйымдастыру бөлімінің басшысы Райса Рамазанқызы. – Сонда жүрегінде мейірімі бар күзетшілердің кейбірі: «Сіздердің бақытты күндеріңіз алда, жақындарыңызбен міндетті түрде қауышасыздар. Бұл күндер әлі-ақ ұмытылады» деп жұбатады екен».

1953 жылы Сталин қайтыс болған соң, «АЛЖИР» жартылай жабылып, тағы оншақты жыл жұмыс істеп тұрды. Оның ең соңғы тұтқыны 2014 жылы қайтыс болды.

Фото: Ерболат Шадрахов, Қуанышбек Дүйсенбеков, Бекзат Сайназар, Василий Крась


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу