Кабулдың орта табы — National Geographic Qazaqstan
.

Кабулдың орта табы

Самим Седики секілді мүмкіндігі бар Кабул тұрғындары Хасабаның жанындағы жаңа тұрғын үй кешендеріне көшіп жатыр. Талибан шабуылына ұшырауы мүмкін қала орталығына қарағанда мұндағы өмірдің қауіпсіздігі жоғары.

Ауғанстан астанасы маңындағы тұрғындар соғыс өрті сөніп, заман көшіне ілескен дүрбелеңсіз тыныш өмірге қол жеткізгендей…

Кабул шетіндегі «Хваджа Раваш» көппәтерлі кешенінің тұрғындары жұма күндері батпырауық ұшыру үшін шатырға шығатын. Бірде олар жантүршігерлік жайтқа куә болды: тауда орналасқан Талибан минометінің снарядтары жақын арадағы әуежайға қарай атылғанда аспанға будақ-будақ түтін көтерілді.

Жергілікті халық «Хасаба» деп атайтын «Хваджа Раваш» ауданы 2017 жылы салынған. Бұл – 2001 жылдан бері шетелдік көмек пен әскери келісімшарт аясында қолдауға ие болған орта деңгейлі ауғандықтарға арналған 9 мың орындық тұрғын үй кешені. Тұрғындар үшін ең басты мәселе – қауіпсіздік. Өйткені шетелдік әскер кеткен соң, Кабул орталығына Талибан көтерілісшілері тарапынан төнетін қауіп-қатер деңгейі тым жоғары болып тұр. Мұндағы пәтерлерде ауызсу да бар, жылыту жүйесі орталыққа қосылған. Либерализм мен қауіпсіздіктің көрінісі ретінде Хасаба ауласында әйелдер таза ауада емін-еркін серуендей жүріп балмұздақтарын жеп, әңгіме-дүкен құрады.

Абдул Кабир Зиаркаш мені есік алдынан күтіп алып, амандасты. Зейнетке шыққанға дейін 40 жыл үкімет метеорологі болған 71 жастағы бұрынғы коммунистің дене бітімі арықша келген және ұзақ жылдар темекі шеккендіктен дауысы қырылдап шығады.

10 жастағы Аршид атасының смартфонымен ойнап жатыр. Су, орталық жылыту жүйесі бар үйдің бесінші қабатында үш буын өкілдері тұрады. Бұл — Кабулдегі сән-салтанаты жарасқан отбасының тұрмысы.

Зиаркаш пен зайыбы Парвиннің кенже ұлы Эймалдың да, келіні Халиданың да жасы 34-те және олардың екі немересі бар. Эймал мен Халида колледжде компьютер мамандығы бойынша оқып жүргенде танысқан. Қатарластарына қарағанда Эймал жұбайы Халидаға қыздардың кәсіби мектебінде мұғалім болып жұмыс істеуге рұқсат береді. Эймалдың Америка қаржыландыратын құрылыс саласындағы жұмысы аяқталғаннан бері Халида – отбасының асыраушысы. Тамақ пісіретін де, үй жинайтын да, ыдыс жуатын да, балаларды ойнататын да – Халида. «Менің бос уақытым көп бола бермейді», – дейді ол жымиып. Жұмыс табудан күдерін үзген Эймал күнін балалармен видео-ойындар ойнаумен өткізеді.

Сулиман мен оның туыстары бос уақытын аулада өткізеді. Адам ұрлау орталық Кабулдағы өзекті мәселелердің бірі екеніне қарамастан, ата-аналар балаларына үй айналасында емін-еркін, асыр салып ойнауына рұқсат береді. Өйткені Хасаба – қауіпсіз жер.

Зиаркаш Ауғанстанда салыстырмалы түрде тұрақтылық пен демократиялық реформалар жасалған 1960-70 жылдарды сағынышпен еске алады. «Парижден еш кем емес еді, – дейді ол, – мемлекетіміз тоқырауға ұшырады». Парвин әңгімеге қосылды: «Бірақ біз қолдан келгенше түтініміздің түзу ұшуына барымызды салып жүрміз». Балалар бөлмесінде 10 жасар Аршид пен 8 жасар Рашид Микки Маус суреті бар төсекте жатыр. Қабырғаларға Marvel жапсырмалары сән беріп тұр. Сонымен қатар үстелдің үстінде екі әдемі әнші құс отырған тор бар.

Арадағы ауылдан келген жас қыздар құты сатып тапқан 10 афганилеріне (15 цент) балмұздақ сатып алды.

Қаладағы ең соңғы салынған ғимарат – «Хваджа Раваштың» сәулеті оның тарихынан хабар береді. Жүйесіз, ретсіз ескі бөліктен бастап Кабул тік бұрышты, қабыр­ғалы қоршау­лар арасындағы шаң басқан көшелер шырмауына ұласып кетеді. Халық саны 2001-15 жылдар аралығында 4,5 миллионға жетіп, үш еселенгендіктен, үйлер тіпті биік төбелерге дейін ығы-жығы болып салынған. Ауғанстанда 1989 жылдан бері жұмыс істейтін сәулетші Джолион Лесли қала орталығы қарапайым халық кіре алмайтын қолжетімсіз жерге айналғанын айтады. Ондаған жылға созылған соғыс пен әскери текетірес Кабулдың бет-бейнесін өзгерткен. Шетелдіктер жарылыс аймағынан алысырақ жерге шегініп жатқанына қарағанда, уақыт өткен сайын содырлардың жарылғыш заттарының қуаты артып келе жатқанға ұқсайды. Кабулдың бітімгершілік штабы, НАТО және АҚШ әскери штаб-пәтерлері секілді мекемелерді сыйғызу үшін аумағы екі еседен артық үлкейтілген «жасыл аймақ» жасақталды.

Әкесі Эймал мен әжесі Парвин мол дастарқанды кешкі асты дайындап жатқанда Аршид орнына бірінші болып жайғасты. Жұма және демалыс күндері ауған отбасылары дастарқан басында жиналады.

Талибан мен батыстық үлгідегі үкімет арасындағы соғыстың ушығуы Хасабадағы тыныштыққа кесірін тигізуі мүмкін. Коммунистік режимге қолдау білдірген бұрынғы Кеңес дәуіріне тиесілі, «Хваджа Равашқа» ұқсайтын шағын аудандар мен ғимараттар 1990 жылдардағы азаматтық соғыста қарулы топтардың нысанасына айналды. «Хасаба мұндай қақтығыстардан қорғалмаған», – дейді Лесли.

Ұлдар мен қыздар «Хваджа Раваш» кешеніндегі 9 мыңдай тұрғынға арналған екі мектептің біріне баруға жиналып жатыр.

Авторы Сун Энгель Расмуссен, фото Эндрю Килти


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу