.

Саңқылдауық – сарыжал

Сарыжал қараторғай – қара­торғайлар тұқымдасына жататын өсімтал құс. Көбіне елді-мекендерге жақын жерде тіршілік етуді қалайды. Ел ішінде «ауған қараторғайы» атанып кеткен бұл құстар кейбір музыкалық шығармалардың әуенін дәлдікпен сала алатындығымен ерекшеленеді.

Олар Оңтүстік Африка, Солтүстік Америка, Ауғанстан, Орталық Азия мен Қазақстанның бірқатар аймақтарында мекендейді. Сарыжалдар біздің елімізге алғаш рет өткен ғасырдың 60-шы жылдары Ташкенттен әкелінген. Белгілі жазушы-орнитолог Тынымбай Нұрмағамбетов құстар туралы шығармасында мынадай мәлімет келтіреді: – «Бұл құстар Алматы қаласына 1962 жылы «ҚазССР аң шаруашылығы және қорықтар басқармасының» қалауымен жерсіндірілген. Сол жылы зоорталық 200-ге жуық қараторғайды қабылдап алып, қалалық зообаққа өткізген. Арада жылдар өтіп, олардың саны еселеп артқанда басым көпшілігі бостандыққа жіберілген. Дәл қазір ондай қараторғайлар Оңтүстік Қазақстан аймағында, Сырдария етегінде, Бетпақдала аумағында, Жезқазған мен Балқаш көлінің солтүстігінде кездеседі».

Қараторғайлар жайылымдар мен шабындықтарды обыр шегірткелер (саранча) мен өзге де зиянкес жәндіктерден қорғайды. Одан бөлек бұлар іріқараға сәйгел тиіп, оқыралағанда жотасына қонақтап алып, құрттардан тазартады.

Дене тұрқы 23-25 см аралығында болады. Бір басқанда 2-5-ке дейін жұмыртқалайды. Балапандары бір айға жетпей жатып өз бетімен тіршілік етуге бейімделіп үлгереді.

Фото: Animalreader

       

Пікір жазу