Ақылды құстар — National Geographic Qazaqstan
.

Ақылды құстар

Аустриядағы құс зерттеу қаумалында «өнертапқыш» Фигаро кешью жаңғағына қол жеткізу үшін жасаған құралын көрсетіп тұр. Оның бірінші құралы бамбук ағашының бір таяқшасы болатын.

Бұл – Фигаро. Гоффин какаду құсы. Ол кардоннан құрал жасауды үйреніп алған. Сондықтан, кейбір адамдарды «құсми» деп келемеждеуді доғару керек. Себебі құстар да ақылды.

Габриэлла Мэн Сиэтл қаласында тұрады. Онымен «жерлес» америкалық қара қарғалар Гэбиді жақсы көреді. Сегіз жасар қыздың бұған бұлтарпайтын дәлелі бар.

Ол пластиктен жасалған әшекейлер қобдишасын әкеліп, «байлығын» ортаға төкті. Әрбір шағын ұяшықта қарғалар сыйлаған бұйымдар сақталған: алтын моншақ, інжу сырға, бұранда, қызыл түсті лего бөлшегі, түрлі-түсті және таза шыны кесектер, тауық сүйегі, тау сутасы, кварц кристалы және тағы басқа көптеген дүние.

Бәрі сирек кездесетін жәдігер ретінде мұ­қият сақталған, табылған күні жазылып, категорияларға бөлінген. Гэби арасынан екеуін таңдап алды, бұл екі зат – оның ең сүйікті дүниелері. Бірі – маржандай алқызыл жүрек пішінді әшекей, екіншісі – титімдей күміс тіктөртбұрыш бойтұмар. Оның бір қапталына BEST деп ойылып жазылған. «Өйткені олар мені жақсы көреді, – дейді ол ойлана алатын мақұлықтар туралы, – олар менің не жақсы көретінімнің бәрін біледі. Өйткені олар мені бақылайды. Олар құдды бір тыңшыдай».

Англияда Ллойд пен Роуз Бактың Элли есімді тұйғыны қанатын жайған күйі жоғары жылдамдықпен тар өткелден ұшып өтуде. Аэронавтика зерттеушілерінің айтуынша, жыртқыш құстар ағаштардың орналасу жиілігін саралап, саңылау тауып, кедергіге соғылмай өту үшін қаншалықты жылдам ұшу керектігін түйсікпен сезеді.

Сол күні таңертең бір қарға, шамасы, Габидің інісі «сәбижүз» деп атаған қарға болуы тиіс, өлі шаншарбалықты әкеліп, көзден таса қалмайтын жерге – артқы аулаға апаратын баспалдаққа тастапты. «Осымен, олар маған екінші рет өлі балық әкеліп отыр. Неге екенін білмеймін, – дейді Гэби, – маған ол ұнамайды. Сол күні түс қайта інісі екеуі артқы ауладағы құс астауына жем салуға асықты. Гэби бір астауды – қабығы аршылмаған жержаңғақпен, екіншісін – итке арналған тамақпен толтырды. Екі қарға қылқан жапырақты ағашқа ұшып келді. Бірі – Сәбижүз еді. Тұмсығына әлдебір қызғылт-сары зат қысып алған. Ол электр сымына жылжып, Гэбидің аяқ астына тұмсығындағы затты тастады. «Мынаны қара! Ойыншық!» – деп ол миниатюралық резіңке кальмарды жерден алды да, айнала билей жөнелді. Сәбижүз отырған жерінен оны бақылады.

Қарғалар шынымен адам істеген нәрсені істей ме, яғни өздеріне доспейілдік танытқандарға сыйлық бере ме? Қарға, яки басқа кез келген құс мұндай шешім қабылдай ала ма? Бұған қарғалар мен қарға тұқымдастарды зерттейтін ғалымдардың жауабы – «иә». Шындығында, адамдар, басқа приматтар және осы құстар арасындағы ұқсастықтар зияткерлік қабілеттердің түп негізін зерттейтін ғалымдардың назарын аударып отыр. «Құстар сүтқоректілерден эволюциялық дамудың бөлек жолына түскенімен, бір-біріне ұқсайтын когнитивтік шешімдерге қайта оралған сыңайлы, – дейді Лондон университетінің Куин Мэри колледжінің биолог-когнитивисті Натан Эмери, – сондықтан бұл қарғалар эволюциялық қандай өзгеріс олардың ойлау дағдыларын тудырғанын түсінуге көмектеседі».

Осы ғасырға дейін ғалымдардың көпшілігі: «Қарғалар талғампаз әрі ақкөңіл», – десе миығынан күлер еді. Өйткені құстар (және сүтқоректілердің көбі) инстинктивті түрде ғана реакция беруге жарамды «ақымақ» мақұлық деп есептеліп келді. Шамамен 1900 жылы ғалым Людвиг Эдингер құстардың нейрондық анатомиясы жайлы қате анықтама бергенге дейін де олар «суми» деп қаралды. Эдингер құс миында неокортекс жоқ деп ойлады. Бұл – сүтқоректілердің миындағы ойлануға жауап беретін бөлік, онда жұмыс жадысы, жоспарлау және мәселелерді шешу тәріздес когнитивтік функциялардың көбі орындалады.

Кішкентай Гэби Манн өзі тұратын Сиэтл қаласындағы аулада жаңғақ беру арқылы қарғалармен дос болып алған. Қайтарымы ретінде олар Гэбиге сыйлық әкеледі.

Осылай пайымдалған ақыл-ой жетіспеу­шілігіне қарамастан, ХХ ғасырда психологтар жануарлар түйсігін зерттеуде құстарды пайдаланды. Әсіресе олардың «сүйіктісі» – ми көлемі жержаңғақтай кәдімгі көгершіндер, шымшық пен зебра амадиналары, олардың миы тіптен кішкентай болатын. Ғалымдар анықтағандай, көгершіндердің есте сақтау қабілет өте жоғары. Олар адамның бет-әлпеті мен оның жүзіндегі өзгерісті, әліппенің әріптерін, тіпті Монет пен Пикассоның суреттерін ажырата алады. Басқа ғалымдар солтүстік-америкалық жаңғақшы құстардың, аспанкөк бұта жорғаторғайлары мен сарышымшықтардың таңдай қақтырар есте сақтау қабілеттері бар екенін ашты. Мәселен, жаңғақшылар күз сайын 30 мың қайың тұқымын жинап, қорға сақтайды және бірнеше мың титімдей «қамбаға» бөліп орналастырады. Олар бұл жерлерді қыс бойы есте сақтаулары қажет.

1950 жылдары зерттеушілер баққунақтар, торғайлар және зебра амадиналары тәріздес әнші құстар шырқауды қалай үйренетіндерін зерттей бастады. Олар құстың сайрауы мен адам сөзі арасында таңғалдырар ұқсастық тапты. Айталық, Алекс деген африкалық сұр тотықұсқа психолог Айрин Пепперберг ағылшын тіліндегі дыбыстарды айтуды үйретеді (Пепперберг Алекстің ағылшын тілін шын мәнінде үйренбегенін баса айтады). Алекс 2007 жылы 31 жасында «дүниеден» өткен кезге дейін түс, зат, сан және пішінге қатыс­ты шамамен жүз ағылшын дыбысын жаттап алды. Ол «жасыл», «сары», «жүн», «ағаш», «жаңғақ» және «банан» сөздерін анық айта алатын болды әрі адамдармен «сөйлесуде» үйренген дыбыстарын пайдаланды. Ол «бірдей» және «әртүрлі» сөздерін түсініп, сегізге дейін санай алатын. Нөл абстрактілік ұғымымен таныс болды. Пеппербергтің көңіл күйі болмағанда Алекс: «Сабыр ет», – деп айтатын. Ал ауырып ветеринарлық клиникада қалған кезде үйін сағынып, «кері қайтуды» сұрайтын. Ол әрдайым иесіне қайырлы түн тілеп, тіпті өлер алдында: «Сау бол. Ертең көрісеміз. Сені жақсы көремін», – деп қайталады.

2006 жылы тұмса табиғатты зерттеуші биолог Джон Марзлуфф пен Сиэтл қаласының Уашингтон университетіндегі оның студенттерінің бірі суреттегідей маска киіп, жеті қарғаны ұстап алып, байлап тастаған. Бүгін егер Марзлуфф не басқа адам әлгі масканы киер болса, осы аймақтағы барлық қарғалар, оны шұқып шабуылдап, артынан аңду үшін жиналады. Олар басқа маска кигендерге тиіспейді.

Алекстің сөйлеуді имитациялау қабілеті және ағылшын тілінде сөздерді дұрыс контексте қолдануы тотықұстардың вокалдық үйрену қабілетінің, яғни мәнді дыбыстарды имитациялаудың түп-төркінін зерттеуге түрткі болды. Мұндай қабілет тотықұстармен бірге сайрағыш құстарға, колибрилерге, адамға, кит тектестерге және кейбір басқа түрлерге тән.

Бұл жаңалық халықаралық зерттеушілер тобының Эдингердің ұзақ жылдарғы қанаттылардың нейрондық анатомиясы жөніндегі тұжырымдамасын қайта қарауына сеп болды. 2005 жылы олар өздерінің қайта талдауын жариялады. Талдауда құс миы нейрондық құрылымға ие екені, оның «паллиум» деп аталатыны, ол сүтқоректілер миындағы неокортекске ұқсайтындығы және күрделі ойлау қабілетімен байланысты басқа да ми бөліктері бар екені айтылады. Олар жаңа номенклатура мен құстардың нейрондық анатомиясы бойынша жаңа тұжырымдама қабылдау идея­сын құптады.

«Құстар мен сүтқоректілердің ми бөліктері түрліше орналасқан, – дейді Никола Клейтон. Никола Кэмбридж университетінде психолог болып істейді және қарға тұқымдастардың когнитивтік қабілетін зерттейді, – сүтқоректілердің миы сэндвич сияқты қабаттарға бөлінеді, ал құстардың миы пиццаға көбірек ұқсайды. Бөліктердің бәрі бар, бірақ десте жоқ». Жақында басқа зерттеушілер ұзақ уақыт есте сақтау мен шешім қабылдау қабілетіне байланысты қанаттылар мен сүтқоректілерде ми талшықтары ұқсас келетінін анықтады.

Сол уақыттан бері өткізілген зертхана мен жабайы табиғаттағы көптеген зерттеу нәтижесінде құстардың қаншалықты «зияткер» екендігі анықталды: жапон көкшымшықтары, кішкентай шығыс-азиялық әнші құстар өз «достарына» жыртқыштар туралы хабар беру үшін «пи-пилаған» дабылдарын іске қосады. Олар топ болып бірігіп, жыртқышты жабыла қуып жіберу үшін өзіндік мағыналы шақырту дыбысын салады. Оңтүстік Америкадағы торғай тотықұсы есім функциясын атқаратын дыбыс шығарады. Олардың үлкендері балапандарына «есім» қояды екен.

Жаңа Зеландияның оңтүстік аралындағы Альп тауы кеа (нестор) тотықұсының мекені болып табылады. Аустриядағы мына құс зерттеу қаумалында төрт кеа тотықұсы ағаш мұнарадағы жемге қол жеткізу үшін шынжырды бір уақытта тарту қажет екенін біледі.

Жаңа Гвинеядағы аталық қара какаду – музыкалық аспапта «ойнайтыны» белгілі болған бірінші жануар. Аналықтардың назарын өзіне аудару үшін ол шыбықтар мен собықтан таяқша жасап, кеуекті ағашқа шығып, «барабанда» ойнаған іспетті дабыл қағады. Индонезияда тіршілік ететін Гоффин какадулерінің де сыры бар. Адам баққандары құрал жасай алса, жабайысында мұндай қабілеті жоқ. «Олар жаңа зат пен өздері басқара алатын сыдырма түймелік, құлыптар мен түйме тәріздес заттарды ұнатады», – дейді Алис Ауерсперг Аустриядағы құс қаумалы қасында тұрып. Осы уақытта қолда өскен 14 какаду төбемізде шыр айналып жүрді. Олар кішкентай әуесқұмар инженерлерге ұқсайды.

Ауерсперг – Венадағы ветеринарлық медицина университетінде когнитивтік биолог. Ол құстарының құлыпты ашу және құрал жасауда қаншалықты ақылды екендерін көрсету үшін Маппет есімді құсты шақырды. Алайда он төрті бірдей сынақ алаңына құлаш ұрды.

Ауерсперг күрсініп былай дейді: «Кей адамдар құстарын сынақ алаңына кіргізе алмай әлек болады. Мен болсам шығара алмай қиналамын. Олардың бәрі сынаққа қатысқысы келеді».

Ақыры Ауерсперг Маппеттен басқаларын алаңнан шығарып жіберді. Қолымен белгі беру арқылы ол Маппетке сынақ алаңына ұшып барып күтуді бұйырды. Ол ит сияқты құстарға да «кел», «бар», «күт» деген бұйрықтарды оңай үйретуге болатынын айтты. Ол кешью жаңғағы салынған пазл-қорабын алаңға апарып қойды. Біз де, Маппет те қораптың терезесі арқылы жаңғақты көре аламыз, бірақ бес құлыпты ашпайынша қораптың аузы тарс жабық болатын. Түйреуіш, бұранда және білік. Оларды өзіндік кезекпен ашу керек. Он какаду кемінде сол құлыптардың бірнешеуін ашты, ал Маппет пен тағы төртеуі жаңғаққа дейін бара алды. Кейде оған екі сағат уақыт кетсе де олар тапсырманы бұлжытпай орындады. Бұл – күрделі танымпаздық қабілет белгісі.

Олардың ойлау жүйесі қаншалықты икемді екенін көрсету үшін екінші сынақта ол құлыққа барып, бір құлыптың бұрандасын алып тас­тайды. Маппет не өзгергенін түсініп, үшінші құлыпқа көше ме әлде бұранданы іздей ме? «Олар тапсырманы автоматты орындай ма, әлде құлыптардың қалай істейтініне мән бере ме – соны тексермекшіміз» – дейді Ауерсперг.

Аустралия құрлығында кездесетін зебра амадиналары адал жұп құрып, басқа көптеген құсқа қарағанда «жарының» көзіне шөп салуы сирек. Осындай жұбы жазылмайтын құстардың қабілетін тексеру үшін Вайоминг университетінің зерттеушілері арнайы лабиринт-сынағын ойлап тапты. Жұптағы әр құс лабиринттің басқа бөлігінде «оқытылды». Сынақ нәтижелері осы жыл аяғына таман белгілі болуы тиіс.

Маппет құлыптарға бір қарап алды да, тұмсығымен сақинадан бұранданы бұрап шығарып алды. Содан кейін ол дөңгелекті айналдырып, жылжымалы білікті суырып алды. «Есік» ашылып, Маппет жаңғаққа ие болды.

«Олар мәселені түсінгеннен кейін оны қалай шешу керек екенін есте сақтайды. Сол себепті орындары ауысса да әр құлыптың қалай шешілетінін біледі. Меніңше, олар құлыптардың бір-бірімен байланысын түсінеді де ойлау жүйесі жағдайға икемделе алады».

«Құстар, әсіресе қарға тұқымдастар мен тотықұстар қазір «қанатты приматтар» деген атаққа ие болған», – дейді биолог Эмери. Ол жұбайы Клейтонмен бірге жазған еңбегінде қарға тұқымдастарға осы терминді ойлап тапты. Бұрын олар бірге жүргізген зерттеу айдарлы жорғаторғайлардың жаңғақтарды басқа жымысқы түрлерінен инстиктивті түрде жасыр­майтынын көрсеткен. Олар өз тұқымдастарының жаңғақтарын ұрлағаннан кейін ғана өз азық қоймаларын басқа жерлерге көшіре бастаған. «Ұрлау тәжірибесі жорғаторғайлардың мінезін өзгертті, – дейді Эмери, – білесіз ғой, ұры ұрыны алыстан таниды емес пе?» Олардың зерттеуі жорғаторғайлардың басқа құстар не ойлайтынын (және қаскүнемдік жоспарын) түсінуі мүмкін деп тұжырымдады. Ойланудың бұл түрін зерттеу әрі басқа жануар­ларда бақылап тексеру өте қиын.

Эмери мен Клейтон қарға тұқымдастар мен приматтар 300 миллион жылдан астам уақыт бұрын бөлініп кетсе де ұқсас кешенді когнитивтік қабілет дамытқан деп тұжырымдайды. Өйткені екеуі де бірдей қысым – әлеуметтік топтарда тіршілік етеді, бұл басқалардың ынтасы мен ниетін түсінуді талап етеді. Олар сан түрлі азық іздеп, оны өңдейді, ал кей қорекке құрал жасау арқылы ғана қол жеткізуге болады. Жабайы табиғатта шимпанзелер, орангутандар және жалғыз бір құс түрі – жаңакаледондық қарға ғана осындай қабілеттерімен ерекшеленеді.

Мына жылтыраған қара құстар тегі жағынан америкалық қарғалармен байланысты. Олар Жаңа Каледония жақта, Тынық мұхиттың екі оңтүстік-батыстағы аралдарында ғана тіршілік етеді. 1993 жылы жаңазеландиялық эколог Гавин Хант дәл сол жерде бір қарғаның ағашта әлдебір нәрсені жасырып отырғанын көрген.

«Мұны біз қазір шошақты құрал деп атаймыз, – деп Хант кардон қораптағы заттар арасынан әлдебір нәрсені алып көрсетіп. – Оны көрген бойда құрал екенін түсіндім: әлдекімнің бір мақсат үшін жасаған заты. Археологиялық қазба кезінде тауып алғанымда оны адам жасаған деп ойлар ма едім.  Бірақ мен орманнан таптым және оны қарға жасаған».

Арни есімді кәдімгі қараторғай Ллойдпен бірге Роуз Бак отбасымен Сомерсетте тұрады. Мұнда ол ағылшын тілінде сөйлеп, Ллойд пианинода ойнаған кезде шаттанады. Арни Моцарт, Бетховен, Шуберт пен Бахтың шығармаларын ұнатады.

Хант қарғаның құралын қолыма ұстатты, ұзындығы шамамен 15 см, бір шеті қалың, екінші шеті сүйір келген, арасында ара тісіндей екі кішкентай шошақ бар. Ашық жасыл түсті құрал жұқа әрі ыңғайлы. Көптеген тропикалық аралда өсетін пальма тәріздес өсімдік – панданус бұтағының жапырағынан жасалған. Мұны жасау үшін адам қайшы қолданар еді. Қарға тұмсығын пайдаланған.

«Олар сүйірлеу ұшынан бастап шошақтарды қиып жасаған», – дейді Хант.

Жасап болғаннан кейін қарға құралды тұмсығымен тістеп, тарақан немесе өрмекші тәріздес жемтігін аулау үшін әлдебір ағаштың не панданус бұтасына ұшып барады. Сондай-ақ сол ілмекті және тік шыбық-құрал жасап, онымен шіріген ағаштан қоңыздардың дернәсілдерін аулайды. «Олардың дәл адамдардай дәстүрлері бар, – дейді Хант, – сондықтан панданус жапырағынан жасалған шошақты құрал мен ілмекті құралдардың өлшемі мен пішіні бірқалыпты келеді».

Өз құралын, әсіресе арнайы бір мақсатқа арналған өзіндік жобадағы құрал жасай алатын жануарлар кемде-кем. Джейн Гудолл шимпанзелер құрал жасай алатынын анықтағанға дейін ғалымдар мұндай қабілет тек адамдарға ғана тән және адам интел­лекті эволюциясына ықпал еткен осы деп па­йымдаған болатын.

«Жаңакаледониялық қарғалардың да мұндай қабілеті және құрал жасау өнері бар екенінің ашылуы маңызды, өйткені, біріншіден, бұл – олардың жабайы табиғаттағы қалыпты тірлігі, екіншіден, бір-бірімен тығыз байланысы жоқ жануарларда да мұндай қабілет дамығанын көрсетеді, – дейді Уашингтон университетінің жабайы табиғатты зерттеуші биологі Джон Марзлуфф, – мұндай құрал-сайман жасау интеллекті мүлде өзгеше кемінде екі түрлі ми түрінде дамығанын білдіреді».

Қарғалар приматтарға, соның ішінде адамдарға да ұқсайды, тек басқа жағынан. Олардың ми көлемі дене көлемімен салыстыр­малы түрде алғанда – үлкен. Ми көлемі интеллектуалдық қабілетке өлшем болмаса да, біз, яғни адамдар миы үлкен жануарларды ақылды деп ойлауға бейімбіз. Қара қарғаның миы небәрі 14,5 грамм тартуы мүмкін, бірақ бұл оның дене салмағының 1,3 пайызына тең. Қарғалар мен ала қарғалардың ұшатынын ескерсек, олардың ми көлемі тіпті әсерлі. «Сондықтан құстардың сүйектері ауа кеуешектеріне толы», –  деп түсіндіреді Окленд университетінің эволюционист биологі Алекс Тейлор. «Ұшу үшін құстардың сүйегі кішкентай болуы заңдылық. Сондықтан сүтқоректілерден гөрі миы үлкен құс көбірек таңданыс тудырады», – дейді ол. Ал миы жаңғақ көлеміндегі құстар нейрон талшықтарын нығыздау арқылы «берілген» кеңістікті жақсы пайдаланады. Расында, жақын арадағы зерттеулер қарға тұқымдастардың, басқа әнші құстардың және тотықұстардың миындағы нейрон талшықтары сүтқоректілерге қарағанда анағұрлым асып түсетінін көрсетті.

Десек те, «ҮЛКЕН МИ» құстар үшін кедергі келтіреді. Ендеше, неге олардың миы үлкен?

2007 жылы YouTube көрермендері Сноубол есімді аустралиялық ақ тотықұстың өнеріне тәнті болды: Backstreet Boys тобының Everybody әнінің мелодиясына биледі. Ол Оңтүстік Каролинадағы Bird Lovers Only жануарларды құтқару қызметі орталығында мекендейді.

Көптеген зерттеуші күрделі когнитивтік қабілет артындағы шынайы себеп приматтардағыдай шым-шытырық қоғаммен байланысты деп ойлайды. Мұны қарға тұқымдастарында тексеріп көру үшін Вена университетінің когнитивтік биологі Томас Бугняр ай сайын Аустриядағы Альпі тауларында орналасқан Конрад Лоренц зерттеу орталығына барып, жануарлардың мінез-құлқы мен когнитивтік қабілетін зерттеумен айналысады. Мұнда ол әріптестерімен бірге бірнеше жүз жабайы қара қарға үйірінің әлеуметтік динамикасы бойынша зерттеу жүргізді.

Бугнярдың айтуынша, құстар қоғамы сүтқоректілер қоғамынан түбегейлі ерекшеленеді: «Сүтқоректілерде ең негізгі әлеуметтік байланыс – ана мен бала арасында, бірақ құстарда бұл айырмашылық – жұптар арасындағы байланыста. Бұл қатынас үйрену арқылы қалыптасады».

Қара қарғалар алты айға толғаннан бастап және жыныстық тұрғыда жетілгенге дейін осындай байланыс орнатуға талпына бастайды. Көптеген ересек жұп гетеросексуал келеді және екі ересек құс отбасын асырап-өсіру үшін өз аймақтарын бірге қорғайды. Сондай-ақ ересектер әлеуметтік қолдау қауымдастығын құру үшін өз серігінен бөлек басқа құстармен одақтастық қалыптастырады. Қарғалар бір-бірінің қорларын қарау, әлдене беру және ұрлау арқылы бір-бірімен танысады: басқаларына не ұнайды, не ұнамайды, олардың мінезі, қайсысы батыл, қайсысы қорқақ.

Басқа қарғалар өзге қалыптасып жатқан қатынасты бақылап, оларды үзіп те жібере алады. Бугняр мен оның әріптестері куә болған 90 қара қарға арасындағы шамамен 180 «еншілес байланыстың» 1/4 үшінші тарап кесірінен бұзылған. Сол себепті одақтастықтың әлеуеті зор. Әлеуметтік байланыс орнауымен құстар доминантты иерархияда өседі. Басқа құстар олардың осындай күшке ие болуларына кедергі келтіруге тырысады. Қара қарғалар есепсіз одақтастарымен бірге қорек және ұя салу мекендері тәріздес шектеулі ресурстардың ең үздігіне бірінші боп қол жеткізу мүмкіндігіне ие болады.

Қара қарғалар адамдар, шимпанзелер, пілдер мен дельфиндер секілді «ажырап-қосылған» қоғамда тіршілік етеді, яғни азық, мекен немесе жолдас іздеп басқа алқаптарға көшкен кезде құс үйірлері ажырап кете береді. Бугнярдың Альпі тауларындағы зерттеу тобында 7-ден 10-ға дейін құс жұбы бар. Басқа жүздеген құс түнде шағын топтарға бірігіп, бір-біріне күтім көрсетеді, ойнайды, ерегіседі және ақпаратпен алмасады. «Әдетте, олар қорек пен біздің ойымызша, әлеуметтік мүмкіндіктерді іздеу үшін қысқа қашықтыққа ғана барады», – дейді Бугняр.

«Тұтқындағы» қара қарға Брен жіптің бір ұшындағы етті алу үшін оны тартып, аяғымен басып тұруы керек екенін ұғыну үшін оған шамамен 30 секунд кетті. «Қарғалардың іс-әрекетті тексеру қабілеті бар», – дейді қарға тұқымдастарын зерттеуші Бернд Хейнрич пен Томас Бугняр.

Керісінше, ұялас жұптардың өз аумақтарын тастап кетуі сирек. Көмектесу не араға түсуі үшін ең оңтайлы уақытты күтіп барлығы басқа құстардың қарым-қатынастарын бақылаумен болады. «Қара қарғалар әлеуметтік байланысты қалай орнатуды және ұрпақ өрбіту жағдайында осындай байланысты қалай пайдалану керектігін үйренуі керек, – деп түсіндіреді Бугняр, – бұл – үлкен қысым. Менің ойымша, бұл құстарда үлкен ми мен когнитивтік қабілеттерді жетілдіруге әкелді. Зерттеулерімнің нәтижесі ақыр соңында осыны көрсетеді деп ойлаймын».

Сонымен, неліктен Сиэтл қаласындағы қарғалар кішкентай қызға сыйлық әкеліп әуре?

«Олар не себепті ондай қадамға баратынын білмеймін, – дейді Бугняр, – сыйлық сыйлау – олардың табиғи мінезі. Былайша айтқанда, олар әлгі қызға сыйлық бергенде, ол тамақ беретінін біліп алған».

«Бұл – екі тарапты байланыс, – деп келіседі Джон Марзлуфф, – Гэби үнемі оларды тамақтандырады, ал қарғалар тамақты сый деп қабылдайды. Айырбас ретінде олар сыйлық әкеледі». Адамдарға бір нәрсе сыйлау – ала қарғалар мен қара қарғалардан басқа жабайы құстарға таңсық қылық. Мазлуффтың айтуынша, қарғалар Гэбиді таниды. Ол студенттерімен бірге университет кампусында бірнеше эксперимент жүргізген. Осы эксперименттер қарғалардың ешқашан адамның бет-әлпетін ұмытпайтынын көрсеткен. Олар бұрын ұя салған мекенінде өздеріне зияны тиген адамдарды тани алады, тіпті бұл ақпаратты өз балапандарына немесе басқа қарғаларға береді.

Гэби мен оның отбасы жуырда Нью Йорк штатындағы Итака қаласына көшті. Ата-анасы толық көшіп болғанға дейін ол бірнеше рет келіп-кетіп жүрді. Сиэтлге келген сайын Гэби қарғаларға азығын беріп жүрді. «Сәбижүз бен оның достары біздің келгенімізден хабардар. Олар біздің көлігімізді таниды», – дейді Гэби. Ол кеткен кезде құстармен қоштасып, Сәбижүзге айналасы досқа толы бақытты өмір, көз жауын алатын бұйымдар және жаңа мекендегі жаңғақтар тілейді. Өйткені Гэби де досы Сәбижүздің өзіне тілеулес екенін сезеді.

Ғалымдардың айтуынша, мына суреттегі Мэтт Сиглдің Вайомингтегі фермасындағыдай, тауықтар когнитивтік тұрғыда дамыған түр болып есептеледі. Олардың қоғамы иерархиялық сатыдан тұрады, сандарды санай алады, қарапайым арифметиканы түсінеді және көңіл күй түсуден бастап бақытты сезінуге дейін эмоцияларды бастан кеше алатынға ұқсайды.

Авторы: Виргиния Морелл, фото: Чарли Хамилтон Джеймс


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу