.

Қар барысы қамқорлыққа алынатын болады

Белгілі меценат әрі кәсіпкер Нұрәлі Әлиев Қазақстанда қар барысын сақтап қалуға арналған «Kingdom of Snow Leopard» жобасын қолға алды. Бұл туралы Алматы қаласында «Snow Leopard Foundation» халықаралық жеке қорының ресми тұсауы кесер рәсімі кезінде мәлім болды. Аталмыш қордың негізін қалаушы – меценат Нұрәлі Әлиев болып отыр.

Қордың ресми ашылуына халықаралық және қазақстандық ұйымдардың өкілдері мен жетекші ғалым-зоологтар, кәсіпкерлер, Швеция, АҚШ, Қытай, Ресей, Монако, Біріккен Араб Әмірліктері, Нидерланды, Македония, Дания, Франция мен Түркия елдерінен мамандар қатысты.

Кешке сонымен бірге Голливуд актер Эдриан Броуди, белгілі швед жиһангезі Йохан Нильсон, Джек Маның «Paradise International Foundation» қорының вице-президенті Ван Дэчжи қонақ болып қайтты.

Салтанатты шара барысында танымал саяхатшы, Гиннестің рекордтар кітабына енген, Йохан Нильсон Қазақстандағы тұңғыш Халықаралық «Snow Leopard Foundation» қорының Елшісі болып тағайындалды.

Йохан Эрнст Нильсон Халықаралық табиғатты қорғау одағының елшісі, Непалдың Құрметті ізгі Ниет елшісі, швед «Everest Summiteers Association» бірлестігінің, «Aidbox» компаниясының негізін қалаушы болып табылады. Ол 145 елді аралап, 30-дан астам экспедицияға шыққан. Оның ең көлемдісі ретінде Оңтүстіктен Солтүстік полюске дейін 18 айға созылған экспедициясын айтса да болады. «Бұрынырақта Ғарышқа бару мүмкін емес деп айтқан болатын, бірақ адамзат баласы оны да бағындырды. Сондықтан мен ешқашан «мүмкін емес» деп айтқым келмейді», – дейді Йохан Нильсон.

Жаңа қор басшысының айтуынша, «Snow Leopard Foundation» ТМД елдері ішінде қар барысын реинтродукциялау бойынша тұңғыш қор болып табылады.

«Қар барысы Тәуелсіз Қазақстанның символы болып табылады. Алайда соңғы ширек ғасырда еліміздегі бұл аңның популяциясы 40 пайызға дейін азайған. Сондықтан біз бұл жобаны жүзеге асыра отырып, қар барысының табиғи өсімін қалпына келтіруге ықпал ететін боламыз», – деп атап өтті «Snow Leopard Foundation» қорының атқарушы директоры Е. Еркінбаев. Дәл қазіргі уақытта Дүниежүзі бойынша қар барысының саны төрт мыңнан сәл-ақ асып отыр. Өкініштісі соңғы 16 жылда олардың саны 20%-ға кеміген. «Қазақстан экологиялық дәліздің тарихи рөлін атқарды. Ал бүгінгі өсім аумағын жекелеген фрагменттерге бөлу жыртқыштың бұл түрінің жойылып кетуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Сонымен қатар, Қазақстанда «Қар барысын өсіру Орталығын» құру бастамасы дер кезінде қолға алынған жоба болып отыр»,деді WWF Орталық Азия бағдарламасының директоры Григорий Мазманянц.

«Kingdom of Snow Leopard» бағдарламасы аясында Іле-Алатау ұлттық табиғи парк ішіндегі 500 гектар аумаққа қар барысын сақтауға арналған бейімделу орталығының құрылысы жүргізілетін болады.

Анықтамалық: Қар барысы немесе ілбіс (Panthera unica) – еліміздегі мысық тұқымдастары ішіндегі ең ірісі. Табиғатты қорғау жөніндегі  Халықаралық одақ пен Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан, Непал, Бутан, Қытай, Моңғолия мен Ресейдің ұлттық Қызыл кітабына енген. Осылайша, XX ғасырдың соңында қазақстандық қар барысы санының табиғи өсімі шамамен 180-200 басқа дейін жеткен. Алайда ҚР Білім және ғылым министрлігінің Зоология институты жүргізген санақ бойынша, 2014 жылы Қазақстанда бар болғаны 110-130-ды құраған.

Фото: National Geographic Qazaqstan

0

Publication author

offline 2 сағ

Айбек

0
Comments: 2Publics: 708Registration: 01-10-2016
       

Пікір жазу

Кіру
*
*
Тіркелу
*
*
*
*
Password generation