Астананы әлемге танытуға арналған – «PHOTOfest.KZ» — National Geographic Qazaqstan
.

Астананы әлемге танытуға арналған – «PHOTOfest.KZ»

«Астана – шетелдік фотографтардың объективінде». Дәл осындай атаумен «Бәйтерек» монументінің алдында ІІ Халықаралық «PHOTOfest.KZ» фотокөрмесі салтанатты түрде ашылды. Оған қазақстандық фотографтардан бөлек Франция, Италия, Германия, Англия, Ресей, Армения, Әзірбайжан, Қытай мен Жапония секілді елдердің өкілдері қатысты.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған көрмеге барлығы 200-ге жуық туынды қойылған. Жер-жаһанның түкпір-түкпірінен келген 20-дан астам фотограф 5-8 шілде аралығында Астананың көрікті жерлерін аралап, суреттерді нақты тапсырмамен емес, өз қалауы бойынша түсіруге мүмкіндік алды. Астананың 20 жылдық мерейтойына орай өткізілген көрменің ерекшелігі — фотограф­тар тәлімгерлік сабақтарын да өткізетін болады.

Осы жылы фес­тиваль қатысушыларының қатарында туындыларымен әлемге танымал фото өнер саласының қырандары баршылық. Солардың бірі – Армения президентінің жеке фотографы Давид Акопян. Ол Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше суретін түсірген еді.

«Елор­даның архитектуралық сәулет өнері мен мәдениетін, тарихын паш ететін шетелдік фотографтардың туындылары Астанамыз­дың ажарын ашып, әлемге танытатыны сөзсіз», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Фестиваль барысында әлеуметтік желі­лерде арнайы фото-байқау да жарияланған. Байқауға қатысқысы келгендер өздерінің фотосуреттерін байқаудың парақ­шаларына жіберлері тиіс.

Халықаралық фотокөрменің өту уақыты – 1 ай.

Фото: Ерболат Шадрахов.

       

Пікір жазу