.

Атырауға қауіп төніп тұр

Құбылмалы су ағысы Окаванго өзенінің жабайы аңдары мен өсімдіктеріне нәр береді. Піл сүрлеулері уақыт өте келе арналарға айналады.

Әлемнің ең бір ғажайып атыраулы (дельталы) аймағына сапарлаған экспедиция мүшелері оған төніп тұрған қауіп жайлы дабыл қағады.

Африканың үстінен қарағанда Окаванго атырауы солтүстік Ботсванадағы ландшафтпен араласып, сәуле шашқан жұлдызға ұқсайды. Оның ағысы Намибия шекарасынан оңтүстік-шығысқа қарай бұрылған, оның тармақтары Калахари су бассейні бойымен 150 шақырымға жайылған. Қаңсыған шөлдің ортасында тіршілікке нәр берер су арналары, шағын аралдар мен маусымдық көлшіктер шашырай орналасқан.

Бұл өзен атырауы ешқандай теңізге құймайды. Оңтүстік-шығыс бойлыққа жеткенде кілт тоқтап, Калахари құмдарына сіңіп жоқ болады. Әлемдегі ең алып оазис десе, көз алдыңа жыл сайын жүз миллиондаған долларға қанжығасы майланатын туризм, піл, сусиыр, қолтырауын, жабайы иттер мен киіктер, сүйелді қабан мен енеке, арыстан мен зебра, сондай-ақ түрі мен саны таңғаларлықтай шексіз құс әлеміне бай тіршілігі қайнаған алқап елестейді. Алайда биік ғарыштан көз салсаңыз, бұл жерде бәрі басқаша. Қуанышты жүздері бал-бұл жанып, қалың орман саясына жайғасқан туристерді мүлде таба алмайсыз.

Мұндағы су түгелдей дерлік Ботсвананың беймаза көршісі Анголадан ағып келеді. Өзен Анголаның жауын көп түсетін орталығындағы таулардан басталып, мемлекеттің оңтүстік-шығысына қарай жүреді. Негізгі саласының бірі – Кубанго бойында судың ағысы пәрменді, ал көлдерге құятын келесі тармағы – Куито баяу ағады, әрмен қарай шалғынды алқап, шымтезекті ойпаттар мен құмға сіңіп, тармақтарға бөлініп кетеді. Куито мен Кубанго салалары Анголаның оңтүстік шекарасында қосылып, Намибиядағы жіңішке белдеу Каприви қолтығы арқылы Ботсванаға ағатын үлкен Окаванго өзенін құрайды. Мұнда орта есеппен бір жылда 9,4 триллион литр су ағады. Жыл сайын Анголадан Ботсванаға келетін бұл су болмаса, Окаванго атырауы жойылып, онымен бірге сусиыр, ситатунга, африкалық су бүркіттері жоғалуы мүмкін. Жер пайдалану өрісінің кеңеюі, су бұру, халық тығыз­дығының артуы, сауда секілді Анголаның оңтүстік-шығысында болып жатқан өзгеріс­тер осы тұманды болжамды шындыққа айналдыра түсті. Шалғайдағы су көздері – Куито мен Кубанго өзендері, осылайша, белгілі топтардың меншігіне айналды. Сондықтан «National Geographic» қоғамының қолдауымен Оңтүстік Африканы қорғау бастамасы бо­йынша жанкешті биолог Стив Боис ғалымдар, шенеуніктер, жас зерттеушілерден құралған халықаралық топтың басын біріктіріп, «Окаванго тұмса табиғаты» жобасы аясында зерттеу, деректер жинау және табиғат қорғау ісімен айналысуға көп күш салды. Үлес қосып жатқандардың барлығы Окаванго өзенінің болашағы мен қазіргі жағдайына қатер төніп тұрғанын түсінеді. Бұның Окавангоның жұпыны туысы – Анголаға да қатысы бар.

Өзен атырауында толып жүрген сусиырлар күндіз – суда, түнде құрлықта жайылады. Аталықтары мекен үшін тартысып, аналықтары төлдерін қорғайды. Олардың ұзын әрі өздігінен ұшталатын тістері аса қауіпті.

Төменгі ағысты бойлай мокоростарымызбен (Окаванго стиліндегі қайық) күнұзақ ескек есіп келіп, Кубанго өзені бойындағы лагерь жанында отырғанбыз. Бір кезде Бойс: «Біздің уақытымыз тапшы», – деді. Йоханнесбургте табиғатқа құмартып өскен Бойс көп жыл бойы шарапханада – бармен, Окаванго сағасында табиғаттанушы, гид және лагерь менеджері секілді түрлі жұмыстардың басын шалып көрген. Осы уақыт аралығында ол докторлық қорғап үлгерді. 2007 жылы ол суға қатысты өткір мәселені жіті түсініп, Ботсвана тұрғындарына насихат жасаған. Алайда көпшілік тағдыр­ға бой ұсынғандай қозғала қоймады. «Олар тіпті бұған құлықсыз еді», – деп адамдардың немқұрайды қылығына күйінеді ол. «Иә, Ангола – жемқор әрі қауіпсіз емес ел болуы мүмкін, бірақ өзеннің жойылып кетуіне жол бермеу керек, бұл – Табиғат-ананың алдында кешірілмес күнә. Біз мұны қолға аламыз. Жү­йенің қалай жұмыс істейтінін білеміз», – деп ант етті ол. Негізінде, Бойс жай ғана түсініп қоймай, өзенді сақтауға көмектесуден үмітті еді. Осындай ұстаным оны әрекетке итермеледі. Осылайша, ол солтүстіктегі судың бастауына назар аударды.

2017 жылғы жағдай бойынша Ангола табиғатты қорғауға күш салып жатыр деп айтуға ауыз бармайды. Аймақты бір кездері соғыс өрті жайпап өтсе де, қазір бейбіт өмір орнаған. 1960 жылдардың басынан жаңа мыңжылдыққа дейін Ангола қауіпті елдер тізімінің жуан басында тұрғаны анық. Егер сіз жалдамалы әскер не бриллиант сатып алушы жанкешті болмасаңыз, әрине. Бір кездері Португалия колониясы болған ел 1975 жылы азаттық үшін қантөгіс шайқастан ке­йін егемендігін алды. Кейінірек елде 27 жылға созылған азаматтық соғыс өрті тұтанып, алып державалардың соғыс алаңына айналып, жер үсті минаға толды. Жантүршігерлік азап пен қиын-қыстау кезеңге тап келді.

National Geographic «Окаванга тұмса табиғаты» жобасы атыраулардағы су көздерін зерттеуге және оны қорғауға талпынады. Жоба 2015 жылы Анголадағы Куито өзеніне барғаннан басталды. Экспедиция мүшелері қайықтарды сегіз күн бойы сүйреді.

2002 жылы көтерілісшілердің ЮНИТА партиясы оңбай жеңілгеннен кейін жағдай түбегейлі өзгере бастады. Көп мөлшердегі мұнай экспортқа шығарылып, бизнес дами бастады. «Ең маңыздысы әлемге Анголаның тұрақты ел екенін айту керек. Біз табиғатты қорғауға міндеттенеміз», – дейді маған Қоршаған орта министрі Мариа де Фатима Монтейро Жардим ел астанасы Луандадағы жиында. Алайда бұл міндеттеменің, шындығында, нақты нені білдіретіні белгісіз.

Бойс командасы Ангола билігінің рұқсатын алған және халықаралық қолдауға ие. Осы арқылы олар Куито мен Кубанго өзендерін ерекше мақсатпен зерттеуге, ондағы әр шақырымға үңіліп, тұмса табиғатын бақылауға, су сапасының үлгісін алуға, адамдар тұрағы мен тұрмысын тіркеп, үлкен әрі жалпыға қолжетімді деректер базасын құруға және Анголаның оңтүстік-шығысынан келетін таза судың Ботсванадағы Окаванго атырауына қалай нәр беріп жатқанын түсінуге жағдай жасайды.

Бүгінге дейін сегіз рет жасалған бақылау экспедициясы қиын да болса тыңғылықты жүргізілді. Алғашқысы 2015 жылдың 21 мамырында басталды. Ол кезде Бойс пен оның командасы Куито өзені құятын көлге келді. Олар өздерімен бірге бірнеше тонна құрал-жабдық пен адамдарды ағыс бойымен төмен тасуға арналған жеті мокорос әкелді. Алғашқы күні көлдің ұзындығын есептеп жүргенде олар Куитоның ашық суға құяр тұсы белден келетінін, ені бар-жоғы метрге жуық баяу ағын екенін және алты метрлік мокороспен одан өту қиынға соғатынын аңғарды. Сондықтан олар жүкке толы қайықтарды төменге жеткізу үшін жіңішке арна бойын жағалай, қалың шөп арасынан сүйреп апарды. Деректер де ұмыт болмай жол бойы қағазға түсірілді. Мокорос­тар Окавангода өсетін эвен секілді талдардан емес, ағаш аралас шыны талшықтардан жасалса да әжептеуір ауыр. Куитоның ашық аңғарына жету үшін бір апта уақыт керек. Экспедиция мүшелерінің қайыққа мінгені сол еді қолтырауын мен сусиырларға тап болды.

Жоба жетекшісі Стив Бойс National Geographic режиссері Нейл Гелинаспен демалып отыр. Он жылын ғылымға арнаған Бойс аударылған қайық, көмілген миналарды шыбын шаққан құрлы көрмейді.

Жағасын қамыс басқан тұнық су, адамзаттың ізі сирек елсіз мекен – осының бәрі Куитоның жоғарғы ағысынан бастап, шын мәнінде, тұмса екенін аңғартады. 2015 жылғы 11 шілденің таңы еді. Үлкен иіннің тұсында қамыс арасынан бір нәрсе ытқып шығып, суға сүңгіп кетті. Қайық «тізгінін» ұстап келе жатқан Бойс: «Қолтырауын!» – деп айғай салды. Жырт­қыштан аулақ болу үшін ол қайықты өзен ортасына қарай бұрып жіберген. Сөйтсек, қайықтағылардың қолтырауыннан жалтару әрекеті сусиырға қарай, яғни қате бағытта жүзуге әкеп соққан екен. «Сусиырлар – терең судың иесі, қолтырауындар секілді жылына жүздеген адамды өлтіреді. Бұл үлкен қателік болды. Толықтай біздің кінәміз. Біз қорғанып жатқан жануардың тура үстінен өтіппіз», – деді Бойс кейінірек.

Сусиыр төменгі жақ тістерімен (шамамен 50 сантиметрдей әрі өткір) қайықтың астыңғы жағынан бас салды. Мокоросты дәл ортасынан қақшып, үстіңгі азулары жақтау­ға ілінген алып мақұлық қайықты аударып жіберді. Бойс пен ескекші Джилс Треветик судан бір-ақ шығып, бірден жақтау­ға жармасты. Бұл кезде топтың бір мүшесі жедел үркіткіш қару атып, шабуылды тоқтатуға тырысты. Арттағы қайықта отыр­ған Бойс­тың інісі және экспедиция басшысы Крис: «Жүз!» – деп айғай салды. Бойс пен Треветик зәре-құты қашқан күйі аман-есен жағалау­ға жетті. Шыны талшықтарын жөндейтін құрылғымен екі сағат ішінде қайық қалпына келтіріліп, экспедиция суға оралды.

Бұл оқиға әбжілдіктен бөлек, Окаванго тұмса табиғатын зерттеу жобасының қандай қиыншылықпен жүзеге асатынын көрсетеді. Бір сағат ішінде көзбен көрген, сондай-ақ электронды құрылғылар жазған дерек бо­йынша Куито өзенінің маңайындағы ағыстың ерекше қатты, табаны құмды және су өсімдіктеріне тапшы екенін, мекендейтін балықтар ішінде кіші ауызды табан кездесетінін аңғардық. Треветиктің әуелі – теңбіл көктарғақ, сосын – жасыл көктарғақ, одан кейін жағалауда дүңкиіп отырған қызғыш құс туралы қойын дәптеріне түртіп алғанын байқадық. Шабуыл болған жердің ендігі мен бойлығы GPS-те анық көрсетілгенін білеміз. Стив Бойстың тамыр ырғағының жиілігі (жүйеге қосылған Суунто қол сағаты тіркеді) минутына 81-ден 208-ге дейін бір-ақ көтерілген. Дәлме-дәл уақыт та белгілі – 10:57. Судан шыққан сусиырдан жүзіп қашқан, денсаулығы мықты жас жігіт үшін 208 мәрте жүрек соғысы қалыпты деп санадық.

Бақылау кезінде көзге түскен, сондай-ақ сақталған бірнеше амфибия үлгілері өзендердегі қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың алуан түрлілігін көрсетеді. Экспедиция жұмысы 2016 жылы кең алқапта 64 бауырымен жорғалаушы және 35 қосмекенді түрін, оған қоса су жыландары, кесірткелер, құрбақалар және осы елге ғана тән қошқыл, сарғылт таңбалары бар өзен бақаларын анықтады.

Екі жылдан кейін Кубанго өзенінің бойындағы Бойс тобына қосылғанымда, олардың дерек жинау жүйесі жетіліп, мәлімет түрлеріне тағы басқа санаттар қосылыпты. Бірде таңертең Гетц Нив есімді жас намибиялықтың ауға түскен балықтарды айналсоқтап жүргенін байқадым: үлкен ауызды дөңмаңдай, «чер­чилль» деп аталатын тоқ соғатын пілбалық, мұртты жыланбас және т.б. маған бейтаныс болса да Африка балықтарынан хабары барларға баға жетпес биогеографиядан хабар береді. Жобаға атсалысып жүрген ихтиологтар Кубангодағы балық фаунасы Куитодан қаншалықты ерекшеленетінін, бірегей балықтың түрлері мен түршелері екеуіне де қаншалықты тән екенін анықтауға көмектеседі.

Мәселен, зерттеушілер шымтезекке толы су ішінен ауамен тыныстайтын, ирелеңдеуге бейімделген Clariallabes жыланбалығына ұқсас жайынның жаңа түрі болуы ықтимал балық тауып алды. Ангола, Оңтүстік Африка және Англиядағы басқа да мамандар жобаға қосмекенділер, бауырмен жорғалаушылар, жәндіктер, кішкентай сүтқоректілер мен өсімдіктер секілді топтама жинауға жәрдемдесіп, анықтау мен сараптама жұмыстарына атсалысты. Бақа мен инеліктер, олардың судағы жетілмеген дернәсілдері ластануға сезімтал және олар су сапасының индикаторы ретінде жағдайдан хабар береді. Уақытша көлшіктер мен батпақтарды мекендейтін Vlei атжалманы мекен ету аймағының тарлығымен ерекшеленеді. Бұл кеміргіштің тұқымы таулы аймақта бірнеше түрге бөлініп кеткенге ұқсайды. «Егер Анголаны мың жұмбаққа теңесек, бұл жырт­қыш – соның бірі», – дейді маған кішкентай сүтқоректілер биологі, жоба сарапшыларының бірі Питер Тэйлор. Бойстың мақсаты – биология­лық және гидрологиялық деректерді жинау арқылы екі өзеннің жағдайын анықтау.

Балық аулау Куито мен Кубанго тұрғындары үшін бұрыннан маңызды. Жақсы ау болса олар үлкен жөргемге, көп балыққа кезігіп, оны ыстап, базарға апарады. Бойс пен оның әріптестері осы бақытты күннің де кеші таяу ма деп қауіптенеді.

Балық аулаудан бөлек Ниф су сапасын тексеретін аса сезімтал екі сенсорға жиналған деректерді тексерумен айналысты. Сондай-ақ ол 360 градустық камерасы бар триподтың бірін және оған қоса екі сандық айналы фотоаппаратты өзінің мокоросының ескегіне қойып, бес минуттық интервалда кадр жинап, үздіксіз камераға түсірумен болды. Қараңғы түскенде Ниф хироптерандардың жоғарғы жиіліктегі дыбыстарын жинақтайтын кішігірім сары қорап – жарқанат детекторын асынып алды. Құрылғы кейінірек хайуандардың түрлерін анықтауға қолданылды. Экспедицияның басқа мүшелері құстардың, қолтырауындар мен адамдардың әрекеті туралы деректерді тіркеді. Бойс өзендердің бас орнитологі болды. Ол алып көктарғақ, балғабас, ақ маңдайлы арасақ, мамыргүл төсті көкқарғалар тәріздес құстарды көргенде айғай салып белгі беріп, анголалық жас биолог Керллен Коста планшетке олардың GPS мекендерін тіркеп отырды. Бойстың командасына Зимбабве, Оңтүстік Африка, Намибия, АҚШ және мокорос отаны – Ботсвана балықшылары енді. Олар Окаванго өзенін басынан аяғына дейін білетін адамдар еді.

Мен мінген мокоростың капитаны – бәріне «Уэтер» атымен таныс және орта атырау­да туып-өскен Тумелетсо Сетлабоша есімді бәкене бойлы, бірақ күшті Уайейи тайпасының жігіті. Анасының оған суға қатысты есім беруіне батпақта дүниеге келуі себеп болыпты. Оның жасын сұрағанда Уэтер: «Жерде 54 жастамын, ал ескек ескенде 25-тегі жігіттеймін», – деп жауап берді. Ол менің апта бойы қайығының тұмсығында отырып, деректерді түртіп отырғанымды және ебедейсіз ескен ескегіме де асқан сабырмен қарады.

Соғыстың аяқталуы тұрғындардың өз ауылына қайтуына мүмкіндік берсе де, Кубангоның жоғарғы ағысында кісі өте сирек. Қамыс басқан жағалаумен жүзіп келе жатып ара-тұра жиекке шығып қалған мокоростарды, жалғыз-жарым балықшы шатырын, сиыр, ешкі, бірнеше әйелдің киім жуып, итмұрын не басқа да жабайы жиделерден сүзілген шарап (kashipembe) жасап жатқанын көрдік. Кейінірек, төменгі ағыста біраз өткен соң, көптеген адам, қайық, ірі-қара мал, егіс алқаптары, футбол алаңы мен бірнеше мотоцикл кездесті. Түнде бар жылдамдығымен жүйткіген жүк көліктерінің дырылын және серіппелерінің сартылын естідік. Бұл жол Намибия аумағымен қиылысатын шекаралық аймаққа апарады. Ол арқылы тауар әкелініп, ангола ағашы тиеліп экспортталады. Заңсыз аң еті мен судан басқа, Кубанга алқабының әлемге ұсынатыны аз. Анголаның бұл бүйі­рінен әлі ешкім бриллиант, алтын не мұнай тапқан емес. Мұнай да, алтын да – таза су.

Әлемдегі ең алып оазис дегенде, көз алдыңызға мыңдаған туристер келетін тұмса мекен елестейді. Алайда биіктен көз салсаңыз, бұл жерде бәрі басқаша. Қуанышты жүздері бал-бұл жанып, қалың орман саясына жайғасқан туристерді мүлде таба алмайсыз.

Аузы-мұрны шыға толған мокорос гүрілдеп аққан суда қолайсыз әрі осал болғандықтан, бір күні түске таман ағысы қатты тұсқа келгенде сол жағалауға шығып, ыңғайлы өткел іздедік. Жүріп келе жатқанда Бойс бегемот аулауға арналған жуан тұзақты байқап қалды. Оның айтуынша, «тұзаққа түскен сусиырдың өкіргенінен асқан аянышты ештеңе жоқ». Ол пышағымен сымдарды кесіп тастады. Бойс Кубангода тұратын халықтың қажеттіліктеріне түсіністікпен қарайды. Олардың жақсы өмірге деген құлшынысы екі өзенді, су ағысын және Анголаның оңтүстік-шығысы мен Окаванго атырауындағы табиғи байлықты қорғау жөніндегі келісімнің бір бөлігі болуы керек деп есептейді.

Тағы бір күні біз айналасы әлі күнге де­йін миналарға толы Савате деп аталатын ауылға жетпей аялдап, шатыр құрдық. Сан батпан құрал-саймандарды, шатырлар мен үстелдер, тамақ қораптары, әбзелдер, жиналмалы орындықтар және сәнді электронды жабдықтарды түсіріп жатқанымызда балалар бізге таңырқай қарады.

Солтүстік Ботсвананың үстінен, яғни 150 метр биіктікте ұшып келе жатқан «Тсессна» ұшағынан қарағанда Окаванго өзені сопақшалар, ойпаңдар мен төбешіктер – реңі қанық жасыл түстің көлеңкесімен көмкерілген өрнек­ті кілемге ұқсайды. Кішкене ұшақтың ішінде отырып судың ғасырлар бойы жерді қалай кертіп өткенін, жаңа арналар тауып, ескісін көмгенін, дымқыл ортаға бейімделген сүтқоректілер, балықтар, қолтырауындар мен ұзын аяқты құстарға лайық өте ерекше экожүйе құрылғанын көресіз. Осының бәрін мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі зейнеттегі биолог Джон Тико Макнаттың арқасында көрдім десем еш әбестік емес шығар.

Теңбіл қорқаулар Окаванга атырауына орнатылған фототұзақты байқап, айналшақтап жүрген сәт. Өзгеріске бейім келетін бұл жыртқыштар мұнда көп кездеседі.

Досымның әріптесі Макнатт мені Маун әуе­жайында күтіп алып, жойылу қаупі төнген Африка жабайы иттерін бақылауға арналған лагеріне әкелді. Ол бұл мәселеге 30 жыл уақытын арнапты.

Сол жақта – Бастық аралы. Оң жақта – бір кезде лагерьге дейінгі жолды суға толтырып жатқан Могогелоның ескі арнасы. Төменнен үлкен лечидің табынын, кейбір редунка және импалаларды, кішкене аралдардың ортасында крем түсі секілді көтерілген термиттер қорғанын, арна шалғыны арасына түскен жырыққа ұқсас сусиыр соқпағын, күн қайтқанда пілдердің сорайған көлеңкесін көрдік.

Атыраудағы термит илеуі чакма бабуиндерінің айналаны алақандағыдай көруіне өте қолайлы.

Қолтық – батпақты ойыстан көтерілген жоталары бар, Намибия шекарасының дәл оңтүстігінен басталып, оңтүстік-шығысқа, Макнатт ескерткен және геологтар «Гумаре күйреуі» деп атаған сызыққа қарай кеңінен созыла баяу жылжып ағатын су. Осынау табиғи бөгетке кездескенде су беті батысқа қарай ұзынша келген Нгами көліне құяды не құмға сіңіп кетеді. Оңтүстіктегі көрініс осы: тұзды көлшіктер мен шөлді алқап.

Бастаудан – атырауға, Анголадан Каприви жолағы арқылы Ботсванаға дейін өзімен бірге биологиялық байлықты әкелетін судың жетуіне бірнеше фактор әсер етеді. Атырауға жаңбыр аз мөлшерде, көбіне жазғы маусымда – желтоқсаннан наурызға дейінгі аралықта жауады. Анголаның орталық таулы аймақтарында жауын жылына 130 сантиметрге жуық түсіп, Куито өзен алқабының жоғарғы жағындағы құм мен шымтезекке сіңе келе басқа салаларына қосылады.

Өзара байланысқан каналдар су мақұлықтарына пана.

Осының нәтижесінде Окаванго өзені суының деңгейі бірқалыпты сақталып тұрады.

«Окаванго тұмса табиғаты» жобасы тап болған ең үлкен сынақ жүйенің күрделілігін ұғыну ғана емес. Одан да қиын әрекет – Ангола ресми билігі мен халқын Куито мен Кубанго өзендерін осы қалпында сақтау­дың маңыздылығын түсіндіру, ағашты отын мен құрылыс үшін отамауға, аң етін коммерциялық мақсатқа жұмсамауға көндіру. Бұл – уақыт күттірмейтін және күрделі мәселе. Кей оптимистер Куито мен Кубанго халықаралық туристік орынға айналатынынан, көбі он жылдық соғыс кезінде жойылып кетіп, саны қайта қалпына келген Ангола үлкен антилопасы секілді таңғажа­йыпты тамашалау­ға келушілер жоғары сапалы лоджияларға ағылады деп үмітті. Ботсвана билігі мен туризм индус­триясы өздерінің ғажайып жерлерінің қауіптің алдында тұрғанын сезініп, Куито мен Кубанго өзендері құрғаса, Окаванго атырауы жо­йыларын түсініп, су саясатын мемлекеттік деңгейде қолға алады деп сенейік.

Өзен көздері өзгергенге дейін Макгадикгади Ботсвана солтүстігінің көп бөлігін басып жатқан көл болатын. Бір кездері тіршілігі қайнаған көл бүгінде тұзды тақырға айналған. Окаванго өзенінің тартылып қалғанын көрсету үшін Койсан бушмендері туристерді осында алып келеді.

Бойстың айтуынша, Ангола үлкен өзгерістің алдында тұр. «Егер бұл әрекетті үш жылдан кейін бастағанда, қорғайтын ештеңе қалмас еді». Болашақ деген – жанашыр жандардың арқасында ағып жатқан өзен секілді көрінеді кейде.

Авторы: Дэвид Куаммен, фото: Кори Ричардс


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Publication author

offline 5 күн

Айбек

0
Comments: 3Publics: 710Registration: 01-10-2016
       

Пікір жазу

Кіру
*
*
Тіркелу
*
*
*
*
Password generation