Үйінді астындағы өмір — National Geographic Qazaqstan
.

Үйінді астындағы өмір

Алеппоның оңтүстігіндегі Суккариде бұрынғы мектеп пен мешіттің алдында жүрген бала. Мешіт қайта қалпына келтірілуде, ал жан-жағындағы ғимараттар үйіндінің астында жатыр.

Азамат соғысы Сирияның қайнаған тіршілігін үйіндіге айналдырып кете барды. Ендігі мақсат – Алеппоны қалпына келтіру.

Алпысты алқымдаған Амира Гарман құлағалы тұрған ғимараттың үшінші қабатынан көшенің арғы бетіндегі Ал Ярмук мектебіне көз салды. Бір кезде оқ пен оттың ошағына айналған мектептің ойын алаңында қазір қару-жарақ қалдығы шашылып жатыр.

Гарманның отбасы көпқабатты биік үйде тұратын еді, ол қазір қабырғасы құлаған қирандыға айналған. Көше бойындағы үйінділердің арасынан қайта ашылған дүкендер, көздерін жерден алмастан ерсілі-қарсылы жүріп жатқан адамдар көзге шалынады. Ұрыс қимылдары алыстап, Алеппоға уақытша қалыпты өмір орала бастаған.

Алепподағы Riga Palace қонақүйінде өткен үйлену тойы – соңғы төрт жылда болған алғашқы мереке. Қала бірте-бірте қалыпты өмірге оралып келеді. Төрт жылдық қоршау кезінде қонақүй қожайыны Наврас Ригамен 45 қызметкері әскери қимылдар шебінің маңында, қонақүйде тұрды.

Ең көп зардап шеккен Каллас ауданы Алеппоның шығысында орналасқан. Бұл ауданды президент Башар Асадтың режиміне қарсылар мен демократия жақтаушыларынан қайтарып алу үшін Сирия армиясының өзі бір ай бойы қоршап алып, қиратқан болатын. Бір кездері Сирияның ең ірі қаласы – Алеппода 4 миллионға жуық адам тұрды. Ал қазір олар жүз мыңдап босып кетті. Жеті жылдық кес­кілескен соғыс барысында бүкіл Сирия бо­йынша бірнеше миллион адам бас сауғалауға мәжбүр болды. 400 мыңнан астам адам көз жұмды. Башар Асад үкіметінің бірнеше қалада химиялық қарумен тұрғындарды аяусыз қырып-жоюын БҰҰ қатаң айыптады. Гарман мен оның отбасы да осыдан үш жыл бұрын ауылға бас сауғалаған болатын.

2016 жылы желтоқсанда, армия қаланың бір бөлігін азат еткен соң, арада бір жыл өткеннен кейін 300 мыңға тарта тұрғын қайта оралған.

Алеппоның шығысы, әл-Миассар ауданындағы мектепте қыздар ән салуда. Бес жыл бұрын мектепте 15 мың оқушы дәріс алатын, оның алты ғимараты болған. Қазан айында мектеп қайта ашылды. Уақытша бөлмелер мектептің зақымдалған ғимаратын алмастырды.

Жұма күні түс әлетінде Саадалла әл-Жабири алаңына жиналған отбасылар мақта кәмпитін жеп, өткен жылы Дүниежүзілік туризм күніне орай орнатылған «ALEPPO» деген жазуы бар биік тұғырға өрмеледі. Бір кездері мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар жиналатын. Бүлінген ғимаратқа ілінген жырым-жырым баннерде: «Алеппо – сіздің қалаңыз және қорғауыңызға мұқтаж», – деп жазылған. Соғыс кезінде қаңырап қалған алаңға өмір қайта оралғандай. Бір топ жігіт қала архитектурасын зерттеу үшін Дамаскіден келіпті. Олар қаланы қалпына келтіру туралы ой бөлісіп, картаға қарай жүріп қаланы аралап шықты.

Каллас ауданындағы тағы бір мектеп – әл-Ярмурк қақтығыс кезінде қарулы күштердің базасы болған.

Райан Алоулоу – 18 жаста, бір кездері 45-ақ­ минуттық жердегі қазір оппозицияның бақылауына өткен Идлиб қаласынан келген анасымен бірге суретке түсті. Жақын маңдағы қоғамдық саябақтағы зәйтүн ағашына азап шегуші саналатын үкімет жауынгерлерінің суреті шегеленген. Жас жігіт әр көк шөптің үстінде кедергілерден секіріп өтуге машықтануда. Темекі шеккен әйелдер алысқа көз салып, бөлек отыр. Осы маңдағы қымбат мейрамханада бір отбасы баптистер мерекесін атап өтуде. Алеппо қамалын бір кездері Сирия армиясы басып алып, Асад үкіметін қолдаған Ресей әскери базасына береді. 14 жастағы қызыл бешпетті қыз соғыс басталғалы бері мұнда бірінші рет келіп тұр. «Ол өте әдемі, бірақ өте көңілсіз, – дейді Мариям. – Оны көзінің үстіндегі жарылыстан алған жарақаты ғана емес, басқа да көп нәрсе мазалайды. Сирия қайтадан аяғына тік тұрады деп үміттенеміз».

Алеппо қамалына күнделікті күйбең тіршілік қайта оралды. Бұл ортағасырлық сарай әлемдегі ең ежелгі және ең үлкен бекініс саналады. Қамалды Сирия әскері соғыс кезінде базаға айналдырып жіберді.

Жартылай қираған ғимараттардың арасындағы дүкен терезелеріне Сирия туы салыныпты. 12 жастағы Ахмад Самман есімді арық бала қираған балкондарды аралап жүр. Оның әкесі соғыс кезінде жоғалып кеткен. Ахмад мектепке қайта оралғанымен, отбасына көмектесу үшін шаштаразда жұмыс істеуге мәжбүр. Қайта оралғандарға су және электр жарығы жоқ аудандарды қалпына келтіру міндеттелді.

Гар-де-Бағдат бас теміржол вокзалының маңындағы аумағы 17 гектарға пара-пар қалалық саябақ қақтығыс кезінде минадан зақымданған.

Калласқа оралған Гарманның ересек ұлы отбасылық үйлерін қайта салып жатыр. Гарман көптеген отбасы әйтеуір мұнда қайта оралатынына үміттенеді, бірақ жан жарасы жақын арада жазыла қоймасын түсінеді.

Алеппоның шығысындағы Карм-әл-Жазмати ауданындағы халықаралық әуежай маңында жұмысшылар талқандалған жолдың орнына жаңа жол салуда.

Авторы: Целин Хоган, фото: Себастьян Листе


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу