.

Аңызға толы Айрақты

Былайғы жұрт Маңғыстауды құла дүз, қу медиен дала деп ойлайды.

Сондай-ақ, олар бұл өңірді сұрғылт та сұрқай, сүреңсіз жер деп көзге елестетеді.

Бұрын мұнда болмаған жандар үшін ол ысқырған жел мен құм суырған боранның өті сияқты әсер қалдырады.

Жоқ. Олай емес.

Біле-білген жанға Маңғыстау өзге аймаққа ұқсамайтын ерекшелігімен есте қалатын тарихы да, шежіресі де бай өңір.

Көрер көз болса бұл жерде қайталанбас құбылыс, сезіміңді селт еткізер сұлулық та молынан бар. Мұның бәрін сен тек жанарыңмен ғана емес, жүрегіңмен түсініп, жаныңмен қабылдай білуің керек.

Біздің бұл сөзімізге Маңғыстаудағы Қарақия ойпаты, Тамшылы шатқалы сияқты ғажайып жерлер анық дәлел.

Біздің бұл пікірімізге жартастарды қашап жасаған жерасты үйлері, ғасырлар бәйгесінен озып келген мәңгілік ұйқыдағы некропольдар толық айғақ.

Мысалы, мынау өздеріңіз көріп отырған Айрақты тауын сұлу, ғажап көрініс емес деп кім айта алады. Ол осы Маңғыстаудағы Шетпе елді мекенінен 15 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл жерді осындағы көнекөз қарттар Иір ойы деп те айтады екен. Айтса айтқандай, оның бұлың-бұлың бөктерлері мен иыр-қиыр өзектері ақбөкен, арқар секілді аңдарға атам заманнан таптырмайтын мекен болған. Қазірде де солай. Биіктігі 350-400 метрден аспайтын бұл бор таулардың беті неше түрлі шимайлы суреттерге де толы. Сондықтан да болар, оны кезінде пиктограф ғалым Алан Медоев өзінің зерттеу объектісіне айналдырып, артында қызықты тұжырымдарға толы кітап қалдырған.

Айрақты тауындағы назар аударатын нәрсенің бірі «Ораз ұшқан» шоқысына қатысты аңыз дер едік. Осы өңірге есімі белгілі болған ел ағасы Ораз Оңғалбаев сонау жиырмасыншы жылдары бір ғалыммен бәстесіп, шоқының басынан үстіне етегі делдиген шапанымен парашют сияқты төменге қарай құлдилайды. Содан аман қалыпты деседі білетіндер.

Бұл тау туралы бұдан басқа да аңыздар өте көп. Бізді қызықтырғаны оның сұлулығы. Табиғаты қанша қатал болса да Айрақты ғажап көрінісімен елді таңғалдырмай қоймайды. Жергілікті жердің адамдарын ынтықтырып, махаббатын оятып тұрған да оның осы қасиеті болар, сірә.

Авторы: Жанболат Аупбаев, фото: Андрей Астафьев

0

Publication author

offline 5 күн

Айбек

0
Comments: 3Publics: 710Registration: 01-10-2016
       

Пікір жазу

Кіру
*
*
Тіркелу
*
*
*
*
Password generation