.

Негізге тартқан егіз

Қарсы бетте: Майкл Биггс егіз қыздары – Марсия мен Миллиден бір ұқсастық тауыпты: «Екеуінің де мұрны маған тартқан», – дейді ол.

11 жастағы Марсия мен Милли неге бір-біріне ұқсамайды?

Бидай өңді Аманда мен қара нәсілді Майкл Биггс бір-бірін ұнатып қосылған. «Қос нәсілді жұп ретінде дәл осындай жайтпен бетпе-бет келеміз деп ойламадық,– дейді Аманда, – ол кезде біз үшін басқа нәрсе маңыздырақ болатын».

Олар Англияның Бирмингем қаласында бас қосты. 2006 жылдың 3 шілдесінде Аманда егіз қызды дүниеге әкеледі. Қуаныштары қойындарына сыймаған жас ата-ана қыздарына ұйқасатын ат қоймаққа бекиді. Осылайша, сәбилердің бірін – Милли Марсия Мэдж Биггс деп, ал екіншісін – Марсия Милли Мэдж Биггс деп атайды.

Сәби кезден егіздердің тұлғалық сипаттары бір-біріне ұқсағанмен, терілерінің түсі мүлде ұқсамайтын. Марсияның шашы мен терісінің түсі анасынікі секілді ақшыл болса, Миллидің шашы мен терісінің қаралығы Ямайкадан қоныс аударған әкесінікінен аумайтын. «Біз ешқашан мұны ойлап уайым кешпеппіз. Ерекшелікті сол күйінде қабылдадық», – дейді Майкл.

«Кішірек кезінде, – дейді Аманда, – мен қыздарымды арбаға салып, далаға шығатынмын. Сонда адамдар маған бір, қыздарыма бір қарап:

– Олар егіз бе? – деп сұрайтын.

– Иә.

– Онда неге бірі – аққұба, ал екіншісі қара?

– Ген ғой.

Олар бұл сауалдарды қысастықпен немесе айыптағандықтан сұрамайды. Оларға бұл жайт қызық болып көрінеді, уақыт өте көздері үйреніп, олардың сұлулығын байқай бастады.

Үй шаруасындағы Аманда Марсия мен Миллиді «миллионның ішіндегі жалғызым» деп еркелетеді.

Қос кіндікті (бір-біріне ұқсамайтын) егіздердің туу жиілігі әр 100 балаға бірден келеді. Ал қос нәсілді жұптардың егіздеріне келсек, олардың әр баласының бойындағы ерекшелікті бірнеше фактор анықтайды. «Егіздердің әке-шешесінің ата-тегі мен кешенді пигменттік генетикасы әсер етуші факторларға жатады, – дейді Бостондағы Броуд институтының ғылыми қызметкері Мартин. Біз қара теріге ненің қара реңк беретініне қарағанда, ақшыл теріге ненің ақ түс беретіні туралы ауқымдырақ мәліметпен қамтылғанбыз».

Терінің түсі тек екі ықтимылдылыққа негізделмейді. Бұл – сандық ерекшелік. Бұл сандық шоғырда әркімнің өзіндік градиенті бар.

Автокөлік жөндеу кәсібін дөңгелетіп отырған Майкл бір кездері терісінің түсіне бола дұшпандықты көп көргенін айтады. «Қазір заман өзгерген», – дейді ол. Аманда екеуінің ешқайсысы қыздарының нәсілдік кемсітуге ұшырағанын байқамапты. Бірақ егіздер нәсілдік кемсітудің не екенін жақсы біледі. «Нәсілдік кемсіту дегеніміз – адамды нақты ісіне емес, терісінің түсіне қарай бағалау», – дейді Милли. Марсия бұны «адамның жанына жара салатын қылық» деп түсінеді екен. Әйтсе де, басқалар оларға тері түстерінің әртүрлі екенін айтқанда олар мұны нәсілдік кемсітушілік деп қабылдамайтын көрінеді.

«Адамдар бізге қарап жақын құрбылар екен деп ойлайды, – дейді Марсия. – Алайда біздің егіз екенімізді естігенде таңданып қалады». Олардың басқалар біле бермейтін қандай айыр­машылықтары бар екенін сұрағанымда Марсия: «Милли қыздарға тән дүниелерді және алқызыл түсті жақсы көреді. Ал маған алқызыл түс ұнамайды. Мен еркекшоралаумын», – деді.

Авторы: Патрисия Эдмондс


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу