.

Тоғысқан тағдыр

65 жастағы Лонни Банч – бірнеше кітаптың авторы, педагог, тарихшы. Бұл мамандықтың бәрі оны бүгінгі қызметіне жеткізді. Қазіргі таңда ол – Уашингтондағы Смитсон Ұлттық афро-америкалық тарих пен дәстүр музейінің директоры. «National Geographic» журналының бас редакторы Сюзан Голдбергтің Лонни Банчпен сұхбаты назарларыңызда.

Сюзан Голдберг: Музейді ашу сәтті іс болған секілді. Кезек тіпті бірнеше айға созылады екен. Мұндай қызығушылықтың себебі неде деп ойлайсыз?

Лонни Банч: Меніңше, бұған көпшіліктің АҚШ тарихына деген құрметі себеп. Базбіреулер мұнда «қажылыққа» келгендей күй кешеді. Ата-әжелері басқа нәсілді немерелеріне өз бастарынан өткен оқиғаларын баяндап жатқанын көреміз. Бір кездері бізді ажыратып тұрған мәселелер енді біріктіретін күшке айналғандай. Бұл жер – айтар уақыты енді келіп, оқиғасы маңызға енді ғана ие болғандардың мекені. Көптеген адам нәсілдік кемсітушілік тақырыбында ашық пікір білдіре алатын деңгейге жетті. Келушілер «оның орнында менің, менің ата-бабамның да болуы мүмкін еді ғой» деп ойлайды. Әдетте, басқа жерде талқылай алмайтын тақырыптар осында талқыланады.

СГ: Бүгінгі таңда АҚШ-та нәсілдік кемсітушілікке қатысты тақырыптар үлкен пікірталас тудырады. Адамдарға бұл тақырыпты ашық қозғай алатын осындай музейді ашу пайдалы болады деп ойлайсыз ба?

ЛБ: Меніңше, бұл музей күрмеуі қиын мәселелерді, нәсілдік ерекшеліктің маңызын және оның бөліну дертіне қалай ұшырататынын зерттеуге көмектеседі. Сондай-ақ адамдар мұнда Американың тарихына афро-америкалық көзқараспен қарау арқылы шуақты күндердің ауылы алыс емес екеніне әрі оған жағдайдың қиын болғанына қарамастан, күресу және Америкадан алға қойған жоспарларына жетуін талап ету арқылы қол жеткізуге болатынына көз жеткізу үшін келеді деп ойлаймын.

СГ: Алдымыздағы сәуірде Мартин Лютер Киңнің құрбан болғанына 50 жыл толады. Егер ол қайта тіріліп келсе, қазіргі жайт туралы не айтар еді?

ЛБ: Киң мырза біздің біршама жетістікке жеткенімізді байқар еді. Алдында ғана ел тізгінін афро-америкалық президент ұстады. Мен секілді адамдар музейді басқаруда.

Дегенмен ол өзі кезінде армандап кеткен «сүйіспеншілікке негізделген қоғамды» қалыптастыра алмағанымызға өкініш білдірер еді деп ойлаймын. Біз экономикалық теңдік орнаған қоғамға әлі қол жеткізгеніміз жоқ. Біз нәсілдік айырмашылық бұрынғыдан азырақ маңызға ие қоғам құра алмадық.

Меніңше, орта таптық қара нәсілділердің санының артқаны, жоғары оқу орындарында оқып жатқан қара нәсілділердің санының артқаны және кей аймақтарда адамдардың бірігуге қатысты түсініктерінің өзгеруі оны шаттыққа бөлер еді.

Сонымен қатар біздің мектеп қабырғасында бөлінушіліктен арыла алмағанымыз, көптеген адам үшін қалаларда «Америка арманының» орындалмағаны оны қынжылтар еді. Қуанумен қатар, ол 50 жылдан бері осы мәселелердің әлі шешімін таппай келе жатқанына реніш білдірер еді. Ол бізді наразылық білдіруге, ілгері басып, теңдікті талап етуге шақырар еді деп ойлаймын. Ол бізді Американы оған қарсылық білдіру арқылы жақсартуға шақырар еді.

СГ: Қалай ойлайсыз, ол қазіргі таңда АҚШ және шетел көшелеріне өзінің аты берілгеніне риза болар ма еді?

ЛБ: Ол өзінің атымен көшенің аталғанына емес, арманының жүзеге асқанына шын риза болар еді.

Ұлттық афро-америкалық музейде сурет, видеолары үнемі ауысып отыратын аспалы экран бар.

Музей тарихи және дәстүрлі мұраларға қатысты ұсыныстарды өте мұқият саралайды. Қызығушылық танытқандар өз мәліметтерімен бөлісу үшін nmaahc.si.edu/donate-item сілтемесіне өте алады.


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу