.

Көшелерде тұр аты

Колката, Үндістан. Доктор Мартин Лютер Киң көшесі. 1986 ж. атауы берілген. Фото: Ян Тех

Сатушы бұрын Вуд Стрит деп аталған көшеде сусын сатуда. «Британия отарлаушыларына қарсы бейбіт шеруге шыққан Үндістан қаһарманы Махатма Ганди біздің зорлық-зомбылықсыз әлеуметтік өзгеріс жасау әрекетіміздің ізашары болды», – деді кіші Мартин Лютер Киң. 1964 жылы Нобель сыйлығын қабылдау кезінде Киң былай деді: «Мейірім – әлеуметтік трансформацияға ықпал ететін рух күші».

Әлемде мыңнан астам көше кіші Мартин Лютер Киң есімімен аталады. Бүгінде бұл көшелер адам құқығымен егіз ұғымға айналған тұлғаның өмірінен сыр шертетіндей.

Мартин Лютер Киңге 1968 жылы қастандық жасалғаннан кейін арада үш апта өткенде Германиядағы Майнц қаласының муниципалдық кеңесі бір көшеге оның есімін берген. Олар бұл шешімді бар болғаны бірнеше күннің ішінде-ақ жүзеге асырса, Киңнің туған қаласы Атланта үшін ондай қадамға баруға сегіз жыл қажет болды. Теннесси штаты, Мемфис, яғни Киң өлтірілген қалада да оның атына бір көше берілді, бірақ бұл оның өлімінен кейін 40 жыл өткенде ғана.

Мемфис, Теннесси. Кіші Доктор Мартин Лютер Киң даңғылы. 2012 ж. атауы қайта өзгертілген. Фото: Элиас Вильямс.

МЛК даңғылы Киңге қастандық жасалған мотельге дейінгі бірнеше кварталды қамтиды да ары қарай ол ең соңғы маршын жасаған Клейборн шіркеуінен өтіп барып бітеді.


Жаңа ат жарқын болашақтың хабаршысы болуы мүмкін. Бір жердің атауының ауысуы – ықпалдың белгісі. Бұл сол жердің мәдение­тіне өзгеріс әкелген әлдебір тұлғаның кім болғандығын аңғартатындай. Германияның Шверин қаласында доктор Мартин Лютер Киң штрассесі, яғни көшесі Анна Франк көшесімен қатарлас орналасқан. Францияның Сэйнт Мартин-д-Херес (Saint-Martin-d’Hères) қаласында Мартин Лютер Киң көшесі Роза Ли Паркс көшесімен қиылысады. Екінші көшенің атауы Алабама штатының Монтгомери қаласында 1955 жылы автобус жанжалын тудырған әйелдің құрметіне берілген. Гаитидегі Порт-о-Пренс қаласында XVIII ғасырдың төңкерісшісі Туссайнт Лоувертуре атындағы жол Киң көшесіне ұласады.

Киң қайтыс болғанға дейін екі жыл бұрын оның қолдау рейтингі небәрі 33 пайыз болатын. Бұл нәсілшілдік пен көптеген еуропалық нәсілді америкалықтардың оның экономикалық әділдікті жақтаған ұранын жақтырмаушылығының көрінісі іспеттес еді. Онжылдықтар сырғып артта қалған сайын ол ұрандатқан мәселе мен оның пікірін қолдайтындардың қарасы көбейіп келеді. Киң дүниеден озғанына жарты ғасыр толғанда америкалықтардың 90 пайызы оны жоқтады әрі жақтады.

Порт-о-Пренс, Мартин Лютер Кинг даңғылы. Атауы 1968 ж. өзгертілген. Фото: Филомен Джозеф

Сатушылар Киң және Гаити революционері Туссайнт Лоувертуре атындағы көшелердің қиылысында. Мұнда 1859 ж. федералдық қару қоймасына шабуыл жасағаны үшін дарға асылған америкалық аболиционист Джон Браун, 1930 ж. Италия отарлаушыларына қарсы күрескен Эфиопия басшысы Хейл Селасси, Лоувертуренің лейтенанты, 1804 ж. француздарды жеңіп, Гаитидің әлемнің тұңғыш тәуелсіз қара нәсілді еліне айналуына көмектескен Жан Жак Дессалинес көшелері бар.


Қалай десек те, АҚШ-та оның атымен аталатын 955 көше бар, олардың көбі тұрмысы төмендер тұратын аудандарға берілген. Бірақ олардың барлығы жұпыны көшелер деу – тым ұшқары айтылған сөз. Ол жерлердегі кәсіпкерлік даму басты көшелерден еш кем емес.

Жалпы, әлем бойынша МЛК көшелерінің саны мыңнан асып жығылады. Оның ішінде Германия­да Мартин Лютер Киң деген оның есімі толық аталатын көше де бар. Танымал тұлғаның есімі осы елден алынған болатын. Киң мен оның әкесінің шын аты Майкл еді. Бірақ баптист-уағыз­даушы болған үлкен Киң 1934 жылы Берлинге барған сапарында протестанттық реформатор Мартин Лютерден алған әсері соншалық, ол өзінің және сол кезде бес жаста болған тұңғышының есімін өзгертуге шешім қабылдапты.

Нью Йорк. Доктор Кіші Мартин Лютер Киң бульвары. 1984 жылы атауы қайта өзгертілген. Фото: Эли-ас Вильямс

Эбони Голденнің «125-көше және бостандық» қойылымындағы бишілер көше бойымен кетіп барады. Бұл парад Киңнің сөзімен айтқанда, пайданы адамнан артық қоятын қоғамдағы миграция, джентрификация және еркіндік беру мәселелерін назарға алады. Гарлем о бастан Америкада қара нәсілділердің өнері мен мәдениеті орталығы саналады.


Қара нәсілді америкалықтар үшін Киңнің өлімінен кейінгі жылдар кедейшілікті азайтып, он екі жылдық білім алу мен баспаналы болу көрсеткішін арттырды. Бірақ МЛК көшелерінің көбеюі әлемде қайыршылықты жоюға деген жаһандық міндеттемені білдірмейді.

Киң көз жұмған Мемфисте кедейшілік ел бо­йынша ең төменгі деңгейде. 1971 жылы қаланың бір көшесіне Киң атын беру әрекеті сәтсіздікке ұшырады. 2012 жылы қала жоспары қайта жасалып, оған келісім берілді.

Шамамен, үш шақырымға созылған доктор Мартин Лютер Киң даңғылы – Киң маршқа шыққан соңғы көшелердің бірі. 1968 жылы 28 наурызда Киң Линден даңғылы (көшенің сол кездегі атауы) бойымен мыңдаған ереуілшіні ертіп, қала әкімшілігіне қарай бет алды. Мақсаттары – нәсілшіл қала басшысы Генри Лоебпен жүздесу еді. Алайда ол қара нәсілді қоқыс тазалайтын жұмысшылармен келіссөз жүргізуден бас тартқан. Сондықтан ереуілдің соңы қақтығысқа ұласты. Бейбіт ереуіл өткізе алатынын дәлелдеу үшін Киң 3 сәуірде қайта әрекет етіп, көшелер мен алаңдар адамдарға лық толды.

Эрмело, Оңт. Африка. Мартин Лютер Киң көшесі. Атауы 2007 жылы берілді. Фото: Эндрю Эсиебо

1964 жылы желтоқсан айындағы сөзінде Киң: «Нәсілдік теңсіздік мәселесі бір ұлтпен шектелмейді», – деген. Киң экономикалық бойкоттар соңында қара нәсілді көшбасшы Нельсон Манделаны түрмеге тоғытқан жүйе күйрейді деп болжап кеткен. Ол дұрыс айтқан еді. АҚШ пен басқа да мемлекеттердің санкцияларынан кейін 1994 жылы апартеид құлады. Бірақ оның салдары әлі де жалғасуда.


Сол түні ол: «Мен таудың басында болғам», – деп басталатын әйгілі сөзін айтты. Келесі күні оны мотельдің балконында атып кетеді. Бүгінгі таңда Мемфис қаласы Киңді құрметпен еске алуға тырысады. Өткен жылдың жазында қала кеңесі сол кезде ереуілге шыққан, қазірде көзі тірі 29 адамға өтемақы төлеу ұйғарымын мақұлдады. Олар Киң қайтыс болғаннан кейінгі әр жыл үшін мың доллар шамасында өтемақы алады. Алайда әлі күнге қоқыс таситын көлікке мініп жүрген жандар үшін бұл қаражат зейнетке шығуға жеткіліксіз.

Киңнің мақсаты – «қара балалар мен ақ нәсілді балалар қол ұстасып, ағайын-бауырдай бір болса» еді.

Киңнің арманы асқақ болатын: ол саяси және экономикалық күштің радикалды түрде қайта үйлестірілуін талап етті.

Автор: Венди С.Томас


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу