.

Жағына сүйенген жәндік

Бұл қақпан жақты құмырсқа (genus Odontomachus) объективке ілінгенде тұмсықтары жабылып тұрған. Тұмсықтары ашық күйде жемін табады, қорегін тапқан кезде жағын бірден тарс жабуға дайын тұрады.

Оның ерекше тұмсығы – қорғаныста да, шабуылда да таптырмас құрал.  Қақпан ауыз құмырсқа кірпік қағысынан 2300 есе көп, яғни секундына 60 метрге дейін жететін көз ілеспес жылдамдықпен жағын сарт жаба алады.

Энтомолог Эндрю Суарез өз зерттеу тобымен бірге Аустралия және Борноеда кейбір одонтамакус және анокетус түрлерінің қорғаныс мінездерін зерттеді. Жыртқыштардың тұзағынан құтылу үшін ол жағын шұңқыр­ға қаратып, сарт еткізіп жабады. Осы кезде соққының күші кері айналып, оның әсерімен құмырсқа шұңқырдан аман-есен ытқып шығады.

Мұндай кинематикалық күш тек бұлшық еттің жиырылуынан ғана туындауы мүмкін емес. Жақтың күші катапульт тәрізді механизммен қуатталған: ілгек – жақтың ашық тұруын қамтамасыз етіп, бұлшық ет ілгекті босатқанға дейін потенциалды энергия серіппеде сақталады. Ал, секіру арқылы бұл құмырсқа нәтижесін еселей алатыны да анықталды. «Адам осылай секіре алса, бізге 9-10 метр деген биіктік түк болмас еді, – дейді Суарез. – Бірақ аяғымыз­дан түк қалмайтын еді».

Құмырсқа тірлігі адамзатты ұзақ уақыттан бері қызықтырып келеді. Роботтехника, биомеханика, материалтану мен тіпті есептеудің түрлі жолдарын біз құмырсқаларға қарап үйрендік десек артық емес. Суарез өз тобымен аталмыш құмырсқаның теңдесі жоқ күші туралы көп жаңалық ашқаннан адамзат тек ұта бермек. «Біздің табиғаттан үйреніп, аларымыз әлі де көп. Қақпан жақты құмырсқа – мұның айқын дәлелі. Өзіне зақым келтірмей мұндай күшті қажетіне жарата білу керемет артықшылық. Оны зерттеу арқылы ғана біз түсімізге кірмеген берік материалға қол жеткізе аламыз», – дейді ол.

Авторы: Беата Ковач Нас


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу