.

Сақина

Күн нұрын пайдаланған Cassini камералары Сатурн мен оның сақиналарының панорамалық суретін түсірді. Миссия аса құнды ақпарат жинады және бұл – үш бірдей ғарыш агенттігінің тығыз ынты-мақтастығының нәтижесі.

Cassini-Huygens ғарыш кемесі «Сатурнда тіршілік болуы мүмкін» деген елең еткізерлік мәліметті зерттеді.

Күн жүйесінің бұрын-соңды ешкім көрмеген таңғажайып суреттері жарыққа шығып, Сатурн серіктерінің біріндегі ықтимал тіршілік туралы мәліметтер пайда болғаннан кейін Cassini-Huygens миссиясы жүзеге асты. Бұл – АҚШ Ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасы (NASA), Еуропа ғарыш агенттігі (ESA) және Италия­ның Agenzia Spaziale Italiana (ASI) ғарыш агенттігі үштігінің тығыз ынтымақтастығының нәтижесі. Бұл миссия маңызды ашылуларға қол жеткізетін өте көп мәлімет жинап, ғалымдардың болжамын нақтылай түспек. Біздің ғарыш туралы түсінігіміз өзгеретін күн алыс емес секілді.

Юпитердің бұлтты көгінде тұрған Ио – Галилео ашқан планетаның көп серігінің бірі. Аймен көлемі шамалас болса да, ол күн жүйесіндегі ең үлкен планетаның көлеңкесінен шықпайды.

Cassini тарихы осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын халықаралық ынтымақтастық қағидасын ұстанған екі ғалымнан басталған. Оның бірі – Сатурн орбитасына ұшырылым жасауды жоспарлаған қытайлық астроном Винг-Хуен Ип. Ол бұрын Германияның Max Planck аэрономия институтының зерттеушісі (қазір ол Max Planck Күн жүйесін зерттеу институты деп аталады) болған. Екіншісі – Сатурн серіктерінің бірі – Титанның әуе кеңістігіне енуі үшін арнайы зонд жобасын ұсынған француз зерттеушісі Даниэль Гаутиер. Ол бұл жобасын сол уақыттың өзінде Centre National d’Études Spatiales (CNES) ғарыш агенттігіне ұсынған еді.

Иптің идеясы бойынша миссияның атауы 1671 жылдан бастап 1712 жылы қайтыс болғанға дейін Париж обсерваториясын басқарған Италь­ян математигі, инженер, астроном Джованни Кассинидің есімімен аталатын болды. Кассини Сатурнның төрт табиғи серігін ашты (Iapetus, Dione, Rhea және Tethys) және оның сақиналарының бір бөлігіне сипаттама жасады.

Cassini ғарыш аппараты мен Huygens (Дат астрономы Христиан Гюйгенстің құрметіне) зондын дайындау миссиясы ұжымдық жұмысқа айналды. ESA зондты құрастырумен айналыс­ты, NASA орбиталдық аппаратты жасады, ASI кеменің алып антеннасын тұрғызды.

Бұл суретте бу мен мұздың белгілері үлкендігі жағынан Сатурнның 6-серігі – Enceladus бетіндегі гид-ротермалды вентиляциялық саңылаулардан атқылауда. Мұз құрсауындағы мұхиттың түбінде ежелгі өмірдің белгісі болуы мүмкін.

Аса қымбат және ғылыми-техникалық күрделі миссия бірнеше мәрте құрдымға кете жаздады. Ақыры 1997 жылы 15 қазанда Флорида штатындағы Канаверал мүйісінен «Титан» зымыраны ұшырылды. Сатурнға ғарыш кемесін аттандыру ісі жеті жылға созылып, тағы 13 жыл ғарыштық зерттеулерге жұмсалды.

Биіктігі – 6,7, ені төрт метрден сәл асатын, салмағы 5712 килолық «Кассини» бұрын-соңды ғарышқа аттанған ең ауыр кеме болды. Жанармайды барынша аз жұмсай отырып, ол өзге планеталардың тартылыс күшіне бағынды. Ұшу жоспары планеталардың белгілі бір тәртіпте орналасуын талап етті. Ғарыш кемесі 2004 жылы 30 маусымда Сатурн орбитасына жетуге қажетті жылдамдықты алу үшін Шолпан ғаламшары жанынан – екі, Жер жанынан – бір және Юпитер жанынан бір мәрте ұшып өтті.

Шамамен алты айдан кейін Рождество мерекесінің қарсаңында салмағы – 318 кило, ені 2,7 метрге жуық Huygens зонды Cassini ғарыш кемесінен бөлініп, 2005 жылдың 14 қаңтарында «Титанның» бетіне қонды. Huygens қонғаннан кейін 72 минут бойы Cassini ғарыш кемесіне үздіксіз мәліметтер жіберіп тұрды.

Cassini жерден 764 есе үлкен Сатурнның Солтүстік жартышарына саяхат жасады.

Титан әуе кеңістігінің шамамен бес па­йызы метан газынан тұрады, мұндағы оның маңыз­дылығы Жердегі сумен пара-пар. Ауа температурасы -179° Сельций нөлден төмен болса да, Титанның Жермен көп ұқсастығы бар. Миссияның деректерін сараптай келе АҚШ Корнелл университетінің ғалымдары ционидтік сутегі Титан бетіндегі тығыз ауа мен күн сәулесінің әрекеттесуі нәтижесінде түзілетінін анықтады. Бұл планетада ежелгі тіршіліктің кейбір формалары болуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.

13 жылдық зерттеулер барысында Cassini Жерден 764 есе үлкен Сатурнның мүмкіндігінше белгісіз қасиетінің барлығын анықтады. Ғарыш кемесі Сатурнның Methone, Pallene, Anthe, Daphnis, Aegaeon және өзге де жаңа табиғи серіктерін ашты. Сондай-ақ полюстарда поляр шұғыласы және Оңтүстік жартышарда диаметрі 8000 шақырымға жуық орасан зор дауылдар табылды.

Cassini кемесінің арқасында Сатурн сақинасының қалыңдығын және оның құрамын білеміз. Сақина жүйесін бірнеше ауданға бөліп тұрған жолақтары бар, атап айтқанда, Cassini Division (ені – 4800 шақырым), Encke Gap (320 шақырым) және Keeler Gap (бар-жоғы 40 шақырым).

Huygens зонды Сатурн серігі – «Титанда». Мұнда өмір сүруге қажетті органикалық зат бар. Зонд қуат көзі таусылғанша, яғни бір сағаттан астам уақыт айналасынан сурет жіберіп тұрды.

Cassini-Huygens миссиясының ең таңғаларлық жаңалығы Титан мен Сатурнның өзге де табиғи серіктеріне қатысты. Сатурн­ның үлкендігі жағынан алтыншы серігі – Enceladus бетіндегі қатқан мұз құрсауының астында ежелгі өмірдің ұрығы жатуы мүмкін. Cassini борт камералары түсірген суреттерде мұз бөлшектерінің ағыны мен су буы Энкаладус­тың мұзды жабынында орналасқан гидротермалдық вентиляциялы саңылаулардан шығып жатыр. Dione –  мұз құрсауындағы Сатурн серігі, мұнда мұзды жартастар және аз көлемдегі молекулярлы оттегі иондары бар. Бұл өте жұқа ауа қабатының бар екенін көрсетеді. Hyperion-нан өмірдің негізі саналатын – сутегі мен көміртегі қосындысы табылды.

2017 жылдың 15-і қыркүйегінде Cassini ғарыш кемесі ғаламмен қоштасты. Миссия аяқталды және жанармай да толықтай дерлік жұмсалды, планетаның серіктерін ықтимал ластанудан қорғау үшін бағдарламашылар оны өртеу мақсатында бақылай отырып, Сатурн әуе кеңістігіне жіберді. Ал одан алынған мол мәлімет әлі талай зерттеудің нысанасына айналып, таңғажайып жаңалықтарға жеткізері анық.

20 жылға созылған саяхат пен зерттеулерден кейін Cassini ғарыш кемесінің миссиясы аяқталды. Ол Сатурн серіктерінің ықтимал ластануын болдырмас үшін өзінің ақтық сапары – жойылу мақсатында планетаның әуе кеңістігіне еніп барады.

Авторы: Ева Ван Ден Берг


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу