.

Лашық қалашық

Оңтүстік Қытайдың Фуцзянь провинциясынан табылған «тулоу» деп аталатын үйлер хакка тайпасы-на тиесілі. Олар бұл маңға XIV-XV ғасырларда қоныс аударған.

Фуцзянның ескі де ғажап үйлері қазір қаңырап бос тұр.

Түгендеу…

Басында бәрі әншейін ойын сияқты басталған. «Осынау ерекше қамал тектес құрылыстардың нешеуін санай алар екенмін», – дедім. Қытайдың Фуцзянь провинциясындағы ауылдарда кездесетін алып нысандар ғарыш кемесінің кескініне ұқсайды. Әр ауылда кемінде бір, не екеуі бар.

Бірнеше жүз тұрғындық Хекенгтің өзінен 13 тулоу санап шықтым. (Tu lou тіркесі қытайдың негізгі Мандарин тілінде «жердегі құрылыс» дегенді білдіреді. Бұл – өте қарапайым анықтама, яғни Колизейді «тас қоршау» деп сипаттағанмен бірдей). Балшық түстес қабырғалары, шағын терезелері және әдетте, темірмен қапталған жалғыз ағаш есігі бар бұл ғимараттар ортағасырлық бекіністерге ұқсайды.

Біраз жол жүргеннен кейін мен тулоуларды тек сырттан тамсана бақылаудан шаршадым. Санап шыққан әр тулоудың ішін араламаққа бекіндім. Олардың көбінің есігі ашық болғандықтан, әрқайсысына кезек-кезек кіріп жүріп байқағаным мынау болды.

Тулоу – ортақ алаңға айнала соғылған жеке бөлмелері бар нысан. Әр үйдің төменгі қабатында ортақ асхана, ал оның үстінде қойма бар. Жатын бөлмелер – жоғарғы қабатта.

Біріншіден, бекіністердің сыртына қарап ішін біле алмайсың. Ашық алаңқайды айнала соғылған бөлмелер бесінші қабатқа дейін маңғаздана жоғарылайды. Бір-бірінен аумайтын әрі қайталанатын қабаттар қара ағаштан жасалған. Олар бір-бірімен дәліздер арқылы жалғасып кете береді.

Жұмыр тас төселген ашық алаңнан бір-екі құдықты және аруақтарға тәу етуге арналған бедерлі қоршауды байқадым. Алаңқайдың дөңгелек пішінін, бөлмелердің бас айналдырар бұрылыс­тарын, төбеңізден төніп тұратын аспан мен тауларды, алып берік қамал тіршілігінен сыр шертетін ғажап дизайнды тамашалау үшін оны шыр айналуға мәжбүр боласыз.

Бұл тақырыпта біраз еңбек жазған сәулетші Хуан Ханминнің айтуынша, ең көне тулоу 1558 жылы салынған деп есептеледі. Оның салынған уақыты солтүстік Қытай жазығынан қоныс аударған Хакка тайпасы мен тұрғылықты халық арасында жер дауы болған кезбен тұспа-тұс келеді.

«Сонау ертеден бері тулоулардың атқарған негізгі қызметі – қорғаныс, – дейді Хуан, – тарихи жазбаларға сү­йен­сек, адамдарға жабайы аңдардан, қарақшылардан және өзге тайпа әскерлерінен үнемі қауіп төніп отырған».

Оқушылар Хекенгке шағын автобуспен қатынайды. Халық санының азаюына байланысты мектеп те кеміген. Сондықтан балалар біршама жол жүруге мәжбүр.

Қауіп-қатерге төтеп беру үшін құрылысшылар бекініс қабырғаларын тапталған балшықтан тұрғызған. Техникалық тілмен айтқанда, тапталған күріш топырағы, әктас пен құмның қоспасынан бетон тектес берік материал алынады. Қабырғалардың қалыңдығы көбіне 1,5 метрге дейін жетеді.

Халық санының артуы 1949 жылы Қытайды коммунистік төңкеріске соқтырды. Хаккалар көтеріліске қатыса жүріп, ХХ ғасырдың соңына дейін тулоу­ларын тұрғыза берді.

Дуншен Лоудың («Шығыс көтерілісі») құрылысы 1961 жылы аяқталған. Мұнда жалғыз ғана бір ерекшелікті байқадым. Бөлмелердің ені біршама кеңейгенімен, екі адамдық кереуетті сыйдыру әлі де қиын болатын.

Хекенгте Чжан есімді бағбанды жолықтырдым. Ол маған инженер әкесінің Дуншен Лоу құрылысын басқарғанын айтты. Әр қабаттың тірек бағаналары мен 22 бөлмесін соғуға бақандай бір жыл кеткен екен. Мен одан: «Қалада жаңа тулоудың бой көтергенін елестете аласыз ба?» – деп сұрадым. Басын шайқаған Чжан: «Дәл мұндайдың жаңасын тұрғызу мүмкін емес, – деді, – мұндайды тұрғызуға бетон немесе болат ғимаратты соғуға кеткен шығынның бес есесі кетеді».

Ең биік тулоулардың бірі бес қабатты «Ю Чанг Лоу» Еңбек мерекесі қарсаңында туристерге лық то-лады. Бүгінде «Ю-Чанг Лоуда» тұратындардың саны бірен-саран ғана. Олар келушілердің есебінен күн көруде.

Таулы аймақтың табиғаты жайсыз болғандықтан тулоудағы жатын бөлмелер тігінен орналасқан. Әр отбасы бір не екі жеке тұрғынжай иемденген. Алаңқайға шығатын бірінші қабатта асүй тұр. Екінші қабат – қойма, үшінші қабаттан бастап жоғарғыларының барлығы – жатын бөлмелер.

Тұрғындар дәліз бен баспалдақты ортақ қолданған. Жүріс-тұрыс ережесі (қоқысты шығару, үлкендерді сыйлау, фестивальдерге қатысу) кіреберісте ілініп тұратын болған. Хакка тайпасының көсемінен бастап бақташысына дейін бөлмелер көлемі мен дизайны мүлде ерекшеленбейді.

Тулоулардың көбі тау мен өзеннің ортасындағы алқаптарда орналасқан. Олар кеңістікті дұрыс пайдалану өнері мен табиғатпен етене өмір сүруге арналған «фэн-шуй» («жел мен су») принципі негізінде жасалған.

Кейбір «Либен Лоу» секілді үйлер қараусыз қалған. Ғимарат 1931 жылғы Азамат соғысында бүлінген.

Бір күні мен фэн-шуй ілімін ұстанушы Жан Шоу Рудан Хекенгтің орналасқан орны туралы өз пікірін білдіруін сұрадым. 85 жастағы қария мені шолу алаңына ертіп апарып, темекісін тұтатты. Ол ауылдың арғы бетіндегі тау иірімдерінің айдаһардың жонына ұқсауы және қос өзен арнасының ауылға келіп тоғысуын жақсылыққа балады. Ал өзеннің ауылдан ағып шығуы Хекенгтен көп тауардың ағып кететініне пара-пар деп жорыды.

Жанқалтасынан 24 бағытты нұсқайтын арнайы компасын шығарып, жекелеген тулоулардың тағдырын болжағандай, әрқайсысының есігіне жақындап барып «бұл – жақсы жер» дегенді қайталаумен болды.

Фуцзянь қыратының фэн-шуйы дөп түскен болуы керек, қазіргі таңда бұл маңға туристер көптеп ағылуда.

Көп жыл кәсіпорында қызмет еткен Ли Чен дәстүрлі шаруашылыққа қызын баулу үшін ата-бабалары мекен еткен «Шуню Лоуға» оралды.

Әсіресе, Хекенгтегі 13 тулоуды қоса алғанда, Фуцзяндағы 46 тулоу 2008 жылы «Әлемдік мұра» деп танылғаннан кейін нағыз пайданың көзі ашылғандай болды. Демалыс күндері ауыл жолдары көліктер мен жаяу жүргіншілерге кептеліп қалады. Тулоу тамашалауға келгендердің санында шек жоқ.

1950 жылға дейін тулоулар шетел тұрмақ Қытай халқына да беймәлім болып келді. Оңтүстік Фуцзяньдегі бұл мұралар тек 30 жылдан кейін ашылды.

Бұл нысандар аймақтың шалғайлығы, жолдың нашарлығы, ауылдардың қаңырап бос қалуы салдарынан (хаккалықтардың көбі Тайвань, Сингапур және өзге де Азия елдеріне қоныс аударған) құпия болып келген.

Хуан Ханмин – аймақты велосипедімен алғаш аралап шыққан зерттеушілердің бірі, ең сенімді тулоу «санақшысы» да. Ол жалпы саны 2812 тулоу барын айтады. Бұл алдыңғы санақтарға қарағанда мың ғимаратқа аз. «Олардың 46-дан астамы «Әлемдік мұралардың» тізімінде болуға ла­йықты», – дейді ол.

Әдетте әр үйде бір әулеттің балалары ғана тұратындақтан, өлім-жітім бәріне ортақ еді. Хекенг ауы-лындағы «Ян Чжао Лоуда» көк киген «кәсіби жоқтаушылар» марқұмның абыройын асқақтату үшін қайтыс болған 90-дағы кейуана Су Ши Яин отбасы мүшелерімен бірге қайғыға ортақтасып жүр.

Жүздеген адамға арнап салынған ғимараттарда небәрі 5-6 тұрғыннан қалған. Олардың көбі – жасы егде тартқан қарттар, ауру-сырқаулар мен жалғыз-жарымдар. Кей-кейде әке-шешелері жұмыс бабымен қалаға көшіп кетіп, қарт туыстарының қарауында қалған балалар көзге түседі.

25 жыл бұрын Қытай экономикасы қарыштай түскенде халық тулоулардан кете бастаған. Олар суы жоқ жұпыны жайларда өмір сүргісі келмеді.

«Ертеректе, – деді Лин И Моу, – тулоу­ды мекендеген тайпа көсемдері оны жөндеуге арнайы қаражат жинайтын. Қазір ұрпақтары өйткісі келмейді».

Тулоулар тек ұлттық мерекелер кезінде ғана жанданады. Көптен аяқ ізін салмай кеткен отбасы мүшелері туыстарының хал-жағдайын сұрап келіп, үйлену тойларына қатысып, кезінде өздері «үйім» деп атаған бөлмелерінде қонып кетеді. 1 мамыр – Еңбек күні мейрамы қарсаңында қалталы қыз-жігіттер үйреншікті өмір салтын тулоудағы бір күнге алмастырады екен.

Қауымдық сипатына қарамастан, тулоуларды бай-манаптар тұрғызатын болған. «Цзенчен Лоуды» 1912 жылы сигара зауытын басқаратын ағайындылар салды.

Тулоулар жойылмайды. Оның қабыр­ғалары өткен ғасырларда қаланғанымен, дизайны қайта жаңғыруы мүмкін. Балшықты құрылыстарды зерттейтін инженерлер мен сәулетшілер оны энергия үнемдегіш, ландшафтпен үйлесімді, жергілікті әрі табиғи мате­риалдардан тұрғызылған «жасыл» ғимараттардың прототипі ретінде көреді.

Канадалық сәулетші Йорг Островскийдің айтуынша, XVIII ғасырдың басында бой көтерген төрт тарапы қоршалған «Ченши Лоу» тұрақты құрылыс жүйесі талаптарына сәйкес келетіндіктен, LEED сертификатына ұсынуға толығымен лайықты. Urbanus фирмасының сәулетшілері Гуандун провинциясында 278 жағдайы төмен отбасыға арнап тулоудың заманауи үлгісін жасап шықты. «Коммуналды өмір сүрудің мұндай үлгісін қазір мектеп, кітапхана, тіпті абақтыларға да енгізуге болады деп ойлаймын», – дейді дизайнер Мэн Ян.

Таксия ауылында «Әлемдік мұралардың» тізіміне енген осындай көп нысан бар. Солардың дәл қасында орналасқан бір тулоуды кәсіпкер Чжан Мин Чгу бір жылдың ішінде қонақүйге айналдырып, оған «Чингде Лоу» деген ат берді. «Ең қиыны – заманауи су құбырын орнату болды», – дейді Чжан.

2008 жылы Гуанчжоу маңынан жағдайы төмен отбасыларға арнап заманауи тулоу тұрғызылды.

Мен сол қонақүйде түнедім. Ғимараттың іші лық толы. У-шу естіліп жатты. Қоршауларда кір жайылып тұр. Жұмыр тастардың үстінде балапандар жүр. Өз құдайларын ұлықтаған жергілікті халық әрбір есіктің алдына шам жағып қойған. Түн ауа кіреберістегі ауыр есік тербеле тарс жабылды. Тулоу деген – осы…

Автор: Том О Нил, Фото: Мишель Ямасита


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу