.

Қыземшек

Та­биғат – мүсінші. Ол – зергер. Табиғаттан асқан құдіретті су­рет­ші жоқ. Дәлел керек пе? Айтайық.

Алтайдың алқа­ра­­көк аспанынан қар ұшқыны – қылау тү­сіп тұр. Ғажабы сол, қалыңдығы қылдан да жіңішке олардың түрі де, көлемі де бірдей. Көктен себелеген мың-миллион бұл күміс инелердің бәрін құдды бір жерден, бір қолдан шыққан десе де болады.

Осыған таңғаласың ба, таңғалмайсың ба?

Тянь-Шань тауларының түкпіріндегі қияндағы қыстаудың жалғыз көзді терезесіне мұз қатып тұр. Ақ қыраулы аяз оған нені бейнелемеген дейсіз. Алақандай әйнекте геометриялық сан түрлі «сызық» та, этнографиялық неше түрлі «ою-өрнек» пен пиктографиялық «таңбаларға» толы нәзік нақыш та, бәрі-бәрі бар.

Бұған қызығасың ба, қызықпайсың ба?

Көкшенің түйе өркешті тауларының арасында ғасырлар бойғы қар мен жаңбыр суынан шайылып барып жасалған адамның басы кейіптес тас Жекебатыр шыңы қасқайып тұр. Маңғыстаудағы Баутин портына сұғына еніп тұрған Кетік жотасы жарқабағының үстінде жел мен күн мүжіген бортастан алға қарай атылайын деп тұрған аңның сұлбасы іспеттес Жолбарыстөбе қарауытады. Ал, Баянауылда… иә, Баянауылда қиял-ғажайып ертегілерінің жағымсыз кейіпкері – мыстанға ұқсаған табиғаттың тағы бір төл туындысы – біз мұрынды, шот маңдай, кемиек Кемпіртас тұр.

Осы құбылыстарға таңдай қағасың ба, қақпайсың ба?

Сіздер көріп отырған мына сурет, құрметті оқырман, Алматы облысының Жоңғар Алатауындағы Шымылдық-қарағай жайлауында түсірілген. Аңғардың кіреберіс сағасындағы жазықта топ-томпақ болып бұлтиған қос төбені көріп тұрған шығарсыздар. Міне, соны жұрт «Қыземшек» деп атап кеткен. Айна-қатесіз бейнеленген, әрі тапқырлықпен қойылған қандай дәл атау десеңізші!

Кереметі сол, ол мұндай төбелер мен осыған ұқсас жерлердің Қазақстанда жалғыз емес екендігі. Мысал ретінде ғана алынған жай, қарапайым есепке жүгінсек, «Қыземшек» атты тау, жотаның саны республикамызда 10-нан асып жығылады екен.  Солардың ішіндегі бізге анық белгілілері: Шығыс Қазақстан облысындағы Абай ауданының Семейтау өңіріндегі, Ақтөбе облысындағы Шалқар ауданының Мұғалжар тауындағы, Алматы облысындағы, Райымбек ауданының Сырт жайлауындағы «Қыземшек» төбелер. Осылардың арасындағы  Семейтау өңіріндегі «Қыземшектің» көрінісі тіптен ғажап-ақ. Одан, яғни, шалқасынан жатқан ару сияқты жота төсінен көкке шапшыған топ-томпақ қос төбе – қос анардың ұшындағы бүртігіне дейін анық көрінеді.

…Табиғаттың өзінің ғажайып шеберлікпен жасаған төл туындысы «Қыземшек» – поэтикалық ұғымнан хабар беретін атау. Ол – ақынжанды халқымыздың ұшқыр қиялынан туындаған образды сөз. Ол – сұлулыққа деген іңкәрліктің лейтмотиві. Символ. Сондықтан да ақын Қадыр Мырзалиев өзінің «Дала дидары» атты тапқыр да тың теңеулерге толы кітабында:

Босамашы, ей жігітім, босама!

Босағанмен қыздар ернін тоса ма?!

…Анар емес, кеудедегі қос анар,

Бекежандар бұғып жатқан қос оба! – деп бекер жырламаған. Ендеше, құпиясы мен ынтызарлығы көп, сұлулығы мен сыры да мол сол «қос обаның» бірі, құрметті оқырман, міне, мынау сіздер көріп отырған сурет.

Авторы: Жанболат Аупбаев, фото: Ерзат Жанатұлы

       

Пікір жазу