.

Америкадағы мұсылмандар

Жұрт жаңсақ түсініп, көп кемсітсе де олар қоғамның белсенді бөлігіне айналып келеді.

Техастың түстігіндегі мұнайлы Викторияда алтын күмбезді ғимарат отқа оранды Абе Ажрамидің Бейонсені жақсы көретін қызы мектептегі басқа құрбыларымен мереке құрып, балалары діни мектепке барған, отбасымен бірге әр жұма сайын намаз оқып, жеті қабат дәм мен ащы бирианиді бөліп жеп, қауқылдасатын мешіт жермен-жексен болды.

Жарым түнде хабар алып, мешітке қарай жүгірген палестиндік-америкалық Ажрами: «Эмоцияма ерік бермеуге тырыстым», – дейді. Қонақ бөлмесінде оқиғаны баяндап жатқанда оның оң жағында – исламды кейін қабылдаған америкалық әйелі Хейди, ал сол жағында қыздары Ханна мен Дженин отырды, ал ұлы Рами жоғарыда ұйықтап жатты.

Хьюстонның маңында тұратын, зейнеттегі бұрынғы мұнай-газ саласының жоба менеджері Айраж Жилани Элвис Преслиге пародия жасап тұр. Пәкстанда өскен ол – бала кезінен Преслидің фанаты. «Мен – Элвистің, ағам «Битлзтың» фанаты болдық», – дейді ол. 1978 жылы Теннеси штатының Мемфис қаласындағы Преслидің «Грейсленд» музей-үйін көріп, бір жылдан соң ол Техасқа қоныс аударады.

Бұл әулет менің отбасыма ұқсайды. Ливанда туған менің әкем де Ажрами сияқты Америкаға білім мен жақсы өмір іздеп келген еді. Менің анам да Хейди сияқты унитарий-универсалист болған, ол болашақ күйеуімен колледжде танысып, исламды қабылдаған. Ата-анам аралас қоңыр нәсілді бес мұсылман баланы өсірді.

Газа секторындағы кедей отбасында туған Ажрами басқаға қаражаты жетпей, мейіргер мамандығын оқыды. 1994 жылы досы Небрасканың Омаха қаласындағы Кларксон колледжінен шәкіртақы алып, виза рәсімдеуіне көмектесті. Сонда ол Техаста әскер әулетінде туған Хейдимен танысты. Жігіт қызды пикникке шақырумен, әзілімен баураса, қыз жігітті өмірінде алғашқы футбол көру кешіне апарды. Хейди Викториядағы колледжге ағылшын тілінің мұғалімі болып орналасқан соң олар сонда көшті. Ажрами ауруханадағы мейіргерлерді басқарды. Қазір оның медициналық қызметкерлермен қамтамасыз ететін өз бизнесі бар. Бұл қаладағы басқа адамдардың өмірінде Құдайдың орны қандай болса, бұлардың өмірінде де Алла ерекше мәнге ие.

2017 жылғы 28 қаңтардың түнінде шағын жамағатпен бірге Ажрами де өртенген мешітке қарап тұрды. Олар жылап, құшақтасып, дұға оқыды. «Сайлау науқаны кезінде АҚШ-қа мұсылмандардың келуіне тосқауыл қоямын», – деп уәде берген Президент Дональд Трамп мұсылманы көп жеті елден адамдардың келуіне тыйым салатын жарлығын осы оқиғадан бірнеше сағат бұрын жариялаған.

Анахеймдегі (Калифорния) «Скаут-қыз­дар 3408» тобының мүшелері Жумана Мұса, Дана Мұса, Жана Хасан және Мария Тайлах қоғамдық кітапханада кемсітуге қарсы қо­­йылым көрсетіп жатыр. Мұсылмандар мәселесін зерттейтін ұйымның айтуынша, АҚШ-та мәдени және діни түсініспеушілік кесірінен мұсылман балаларды кемсіту артып барады.

«Өшпенділікпен жасалған қылмыс» деп бағаланған өрттен ғимарат құлап қалды. Тек сарғыш күмбез бен мұсылмандардың қасиетті кітабы – Құран сөрелері жазылған мәрмәр қыштастар ғана жанбай қалған. Ажрами оны суретке түсіріп, интернетке салған.

Бірнеше күнде мешіт миллион доллар жинады. Қала халқы оларды қолдап, шеруге шықты. Әлі күнге дейін пошта арқылы чек келіп жатыр.

Бүгінде Америкада 3,45 миллион мұсылман өмір сүріп жатыр. Бір жағынан – зұлым экстремистер, екінші жағынан, мұсылмандарға қарсы қозғалыстар олардың дініне нұқсан келтіруде. Консерватор комментаторлар мен саясаткерлердің, соның ішінде президент Трамп­тың исламға түбірімен қарсы риторикасының кесірінен жаушылдық тіпті өршіді, ол исламды бірнеше рет «қатер» деп сипаттап, Британиядағы өшпенді топтың видеоларын туиттерде жариялады да жиырма жылда алғаш рет Ақ үйде Рамазан айында ауызашар беруден бас тартып, діннен іргесін аулақ салды.

Америка-Ислам қарым-қатынасы кеңесінің мәліметіне сәйкес, өткен жылы 100-ден астам мешіт қирату, вандализм және өрт қою сияқты шабуылдарға ұшыраған, Ажрамидің мешіті – солардың бірі. Өшпенділік негізіндегі қылмыс көбейіп барады. ФБР 2015 жылы мұсылмандарға қарсы қылмыстың 19 пайызға артқанын айтты. Америкадағы мұсылмандарды зерттейтін «Әлеуметтік саясат және түсіністік» институтының деректеріне сенсек, басқаларға қарағанда мұсылман балаларды көбірек кемсітеді. Pew зерттеу орталығы жүргізген сауалнама бойынша «соңғы жылдары мұсылман болу қиындап кетті» деп мұңын шағады сұралғандардың тең жартысы. Дегенмен Америкадағы мұсылман қоғамы өркендеп келеді. Шашын жасыратын әйелдерге арналған қарапайым киімдер америкалық мұсылмандар Haute Hijab, Austere Attire сияқты брендтермен тігіледі, ал Macy’s қазір мұсылман әйелдерге арналған сән киімдерін сатады. Costco мен Whole Foods дүкендері халал өнімдер сата бастады. Mattel тіпті «мұсылман Барби» шығарды. Қысым көргенін сезген мұсылмандар саясиланып барады. Pluralism Project сияқты топтар тек Мерилэнд штатының өзінде ондаған мұсылман кандидатты қолдап, дайындап жатыр. Хиджаб киетін сомалилық-америкалық әйел қазір Өкілдер палатасында Миннесотаның атынан өкілдік етеді, мұсылман ер кісі Мичиган губернаторлығына түсіп жатыр. Конгресте екі мұсылман бар, биылғы сайлауға тағы біразы қатыспақшы.

Имам Фазал Хасан мен Амжад Шайк Беллвьюдегі (Уашингтон) өртенген мешіттеріне қанша зардап келгенін қарап жүр. Ақыл-есі кем адам мешітті өртеген болып шықты. Бірақ оған «өшпенділік қылмысын жасады» деген айып тағылған жоқ.

Мұсылмандардың ең көп бөлігі – Америкаға біртіндеп келген иммигранттар мен олардың балалары. Елдегі имамдардың біразы – шетелде туғандар. Сонымен бірге АҚШ-та туып-өскен қара, ақ, қоңыр нәсілді мұсылмандардың тілінде сөйлейтін діндарлар мен ғалымдардың саны артып келеді. Олар көбіне бөтен саналатын дінді мәдени тұрғыдан түсінікті жаргонға аудара алады. Америка мұсылмандарының жартысына жуығы осында туған. АҚШ-тағы мұсылмандардың дені – жастар, олардың шамамен жартысы 1980-90 жылдары туып, 2001 жылғы 11 қыркүйектегі террорлық актіден соң ер жеткендер.

Бұл буынмен сөйлесе алатындардың бірі – жартылай қара, жартылай ақ нәсілді калифорниялық уағызшы Усама Кэнон. 1996 жылы исламды қабылдаған ол АҚШ-та және шетелде ислам ғалымдарымен бірге білім алған.

Хьюстондағы мешітте түні бойы жалғасқан дәрістен соң Кэнон: «Аса білгір ғұлама маған «ислам өзендегі таза, мөлдір су іспетті, ол қай жермен ақса, соның түсіне боялып шығады» деген еді. Америка мұсылмандары тасты әдемі түске бояп, үстімен су ағып өткенде ол түр-түсі өзіне тән – америкалық, ал діни дәстүрі нағыз мұсылман болатын америкалық жобаға айналады деп үміттенемін», – деді.

Диборндағы (Мичиган) азалы жұрт туыстары – исламшыл экстремис­термен күресте қаза тапқан Ирак полиция офицерін дәстүрге сай жерлеп жатыр.

Нәсіл мен дәстүрдің үйлесуі – бүкіл Америкадағы мұсылмандар мозаикасының қосындысы және он жылдан астам уақыттан бері әлем мұсылмандары туралы жазып келе жатқан мен мұндайды еш жерден көрмеппін. Ислам – АҚШ-тағы ең дәстүрге бай діндердің бірі, 75 елден жиналғандардың әрқайсысы өз жоралғыларын ала келген. Оңтүстік пен батыстағы, солтүстік-шығыс пен орталық-батыстағы мұсылмандармен тілдестім. Нәсілі, дәстүрі, мәдениеті мен тілі, табы бөлек түрлі халықты ұшыраттым. Мұндай алуан түрлі адамдар тобын бұрын тек Меккеге қажылыққа барғанда ғана көргенмін.

Америкадағы исламды зерттеп жүріп мен Пенсильванияның ауылдық жерінде суфизмді қабылдағандарға кезіктім. Көбі ақ нәсілділерден тұратын олар оңаша фермада шаруашылық жүргізіп, бірге медитация жасап, Аллаға мадақ айтады. Туристерге арналған бөлмелерінің әрқайсысы исламдағы маңызды бір сөзбен «рахым», «қайсарлық», «Аллаға мадақ», «махаб­бат» деп аталған. «Бейбітшілік фермасы» деп аталған бұл жер йогаға арналғандай мимырт та қарапайым. Сондықтан имамның банкімен емдеп, акупунктурамен айналысуы таңсық болып көрінбеді. 42 гектарды алып жатқан фермадағы малшы да, қасапшы да – имамның өзі.

Чикагода Мұхаммед пайғамбарды мадақтап әнге қосқан қыздар хорын тыңдап отырған босниялық мұсылмандарды көрдім. Әкем баратын Чикагоның шетіндегі, стрип-молдың қасында орналасқан, көбіне оңтүстік­азиялық шейіттер жиналатын мешітке кірдім. Қауіпсіздік мақсатында есікке цифрлы құлып орнатылыпты. Имам жамағатты дауыс беруге, сайлауға түсуге, қауымдастықтағы ұйымдастыру және қызмет көрсету жұмыстарына араласуға шақырды. Одан соң әкемнің отбасы мүшелерінің көбі тұратын, көбіне араб мұсылмандар мекендеген Мичигандағы Диборнға бардым. Ондағы жұрт араб және ағылшын тілдерін араластырып, жергілікті слэнг жасап алған, жазулар – екі тілде, пиццаға қарағанда Таяу Шығыс тағамдары көбірек ұшырасады.

Дәстүрлі бенгал үйлену тойынан соң күйеу жігіт Тазер Хан Роузвилдегі (Мичиган) Athena банкет орталығында үш бауырының әйелдері – Папиа Джеани, Фатима Коли және Фердаус Ахтармен бірге қалыңдығының суретке түсуге келуін күтіп тұр.

Хьюстонда елдегі алғашқы испантілді мешіт – Centro Islamico-да аялдадым. 2016 жылы ашылған бұл мешітке мен барған түні жүз шақты адам құлшылық етуге келді. Испантілділер – елдегі ең тез өсіп келе жатқан мұсылмандар. Мешіттің негізін қалаушы – Джейм «Муджахид» Флетчер: «Банданың құрамынан шыққан соң ислам мені дұрыс өмірге алып келді», – дейді. Ол 11 қыркүйек оқиғасының алдында ғана исламды қабылдаған, сондықтан Колумбиядан келген католик отбасына жаңа дінін түсіндіру ол үшін қиын болды. Ислам туралы испан тілінде шыққан кітаптар, қате түсініктерді жоятын испантілді ғалымдар аз болды. Оның мешіті қазір мұндай кітаптарды өзі шығарады және испан, ағылшын, араб тілдеріндегі уағыздарды интернет арқылы таратады.

АҚШ-тағы мұсылмандарды айтқанда қара нәсілді америкалықтарды қосқан ләзім, олардың көбі өздерін жергілікті мұсылман санайды. Олар елдегі мұсылмандардың кемінде бестен бірін құрайды. Исламды көбіне хип-хоптың бейресми діні деп атап жатады. Тhe Roots, Tribe Called Quest топтары мен Раким сияқты әйгілі  рэперлердің репертуарындағы туындыларда Аллаға көп мадақ айтылады, «ассаламуалейкум» деген сияқты тіркестер қолданылады. Нью Йорктың Гарлем ауданын қара нәсілді мұсылмандар бұрыннан мекендейді. Олардың мейрамханаларында «шошқа етін жемейміз» деп жазылып тұрады. Ал Филадельфияда «салам», «зекет» деген сияқты діни сөздерді мұсылмандар да, басқа діндегілер де айта береді. Лос-Анджелесте қара нәсілді имам Жиһад Саафир ғимараттың бірінші қабатындағы мешітін адам үзілмейтін мәдени орталыққа және ислам тарихын Африкадағы қара нәсілділер тарихы, америкалық африкалықтар тарихы тұрғысынан оқытатын мектепке айналдырған.

Хоклидегі (Техас) Showboat Drive-in театрының алдында Хьюстондағы Centro Islamico орталығының балалары ата-аналарының тамақ алып келгенін күтіп отыр. 2016 жылы ашылған мешіт испан тілінде сөйлейтін мұсылмандарға қызмет етеді.

Рамазан айында Саафирдің мешітінде Хамида Әлимен қатар отырып, қытайдың халал тағамымен ауыз аштық. Мен одан: «Сіз үшін Америкадағы исламның мәні не?» – деп сұрадым. Ол көп ойланбады. Америкадағы қара нәсілді мұсылмандардың екінші буыны, 27 жастағы ол: «Ислам деген – керемет!» – деді. Тюрбанмен жабылған орамалының астынан үлкен дөңгелек сырғасы көрініп тұрған ол бұрын Mos Def деген атпен белгілі болған хип-хоп артисі Ясиин бейден бастап Америкадағы ең әйгілі мұсылман – марқұм Мұхаммед Әлиге дейінгі кумирлерін атап шықты. Мұхаммед Әли кезінде: «Америка деген – менмін. Бірақ мен оның сен танымайтын бөлігімін. Енді маған үйрене бер. Мен – қара нәсілді, өзіме сенімді, батыл адаммын. Сенің емес, өз атым, сенің емес, өз дінім, өз мақсатым – маған үйрене бер!» – деген еді. Әли қайшылыққа толы тұлға болған. Вьетнам соғысына саналы түрде қатыспай, қара нәсілді мұсылмандардың азаматтық құқықтарын қорғау­­ға белсене араласқан ол кейіннен әлеуметтік әділдікті талап ету арқылы мәдени символға айналды. 2016 жылғы оны мұсылманша жерлеу рәсімін АҚШ-тың барлық ірі кабельдік телеарналары көрсетті. Бұл тақырыпқа тіпті антрополог Суад Абдул Хабир «Мұсылмандық – керемет» деген кітап жазған. Автор қара нәсілді мәдениет, хип-хоп және исламның қосындысынан пайда болған мұсылман бірегейлігін сипаттаған.

Осының бәрі – Америкадағы ислам. Калифорниялық діндар Кэнонның айтуынша, плюрализм еркін қанат жайған жалғыз орын – осы жер, себебі америкалықтардың дінді кез келген формада ұстануына мүмкіндік берілген. Хьюстонның шетіндегі Құранда есімі аталған жалғыз әйелдің аты берілген «Мәриям» ислам орталығында жүздеген адаммен (көбіне миллениалдармен) сөйлескен ол слэнгтен – әзілге, одан Құран үзінділеріне оңай ауысып отырады. Жастар әйелдердің намаз бөлмесіне боянып кіруі, иммигрант ата-аналардың өз мәдениетінің өкілдеріне үйленуді талап етуі сияқты өздерін толғандырған мәселелер жайлы сұрады. Ол өмір тәжірибесі мен исламның кешірімділік, махаббат және құрмет туралы ілімдерін араластыра отырып ашық жауап берді.

Жамил Бастресс –Пенсильваниядағы «Бейбітшілік фермасы» деп аталатын рухани даму орталығында имам әрі малшы қызметін атқарады. Қажет болса, ол халал қасапшы да болады. Оның айтуынша, мұнда тұрудағы мақсат – Жер-ананы және бір-бірін жақсы көру. Мұндағы суфистер сияқты Бастресс те исламды бертінде қабылдаған.

Ta’leef Collective ұйымы – оның барлық жұмысының өзегі. Калифорнияның Фремонт қаласында, Чикагода кеңселерін ашу арқылы Кэнон жас мұсылмандар мен дінді жаңа қабылдағандарды қарсы алатын орта қалыптастыруға тырысқан. Кейде көп елден түрлі мәдениетті алып келген иммигрант арасында Америкада туған мұсылмандар үшін бұл жер шетелге ұқсап кетеді. Америкадағы басқа діндер сияқты ислам да жастарды қатарында ұстауға тырысып жатыр. «Мақсатымыз – адамдар өз үйлері сияқты еркін келе алатын, өз қалауларына қарай еркін әрекет ете алатын атмосфера қалыптастыру», – дейді Кэнон.

Ислам көптен бері Американың құрамдас бөлігі болып келеді. Алғашқы мұсылмандар мұнда XVI ғасырда құл ретінде Батыс Африкадан әкелінген. Ғалымдардың айтуынша, Жаңа әлемдегі құлдардың 10-20 пайызы мұсылман еді. Діндерін ұстануға тыйым салынып, намаздарын жасырын оқып жүрген. «Діннің құпия болғаны сондай, мұсылман отбасыларындағы ислам діні мүлде жойылып кеткен», – дейді ғалымдар.

Наубайханадағы бас аспаз, ливандық-америкалық Лена Сарейни өзі дайындайтын десертке бала кезінде жеген тәттілерінің рецептін, Ливан асханасының элементтерін қосады. «Өскен ортам маған жұмыста артықшылық береді», – дейді ол.

Бірақ қара нәсілді ұлтшылдар мен азаматтық қоғам белсенділерінің арқасында исламның кейбір элементтері мәдениетті жаңғырту қозғалыстарының аясында бас көтеру құралы ретінде қайта тірілді. Бұл үрдіс «Ислам ұлты» сияқты қозғалыстан басталды. Бірақ бүгінде көбі Малколм Икс (Х) пен Имам Уарит Дин Мұхаммедтің ізімен жалпыға ортақ діни дәстүрді ұстанады. «Ислам ұлтының» белгілі басшысы Елиджа Мұхаммадтың ұлы Мұхаммад қара нәсілділердің сепаратистік ұстанымдарынан бас тартып, қара мұсылмандарды дәстүрлі исламға алып келді.

Жаңа кезеңде мұсылман иммигранттар 1800 жылдардың соңында келе бастады. Көбіне Левант аймағынан келген олар экономикалық мүмкіндік іздеп орталық-батысқа қоныс тепті. Алғашқы мешіт Солтүстік Дакотада тұрғызылды. Мұсылмандардың ең ескі құлшылық ету орны – «Ана мешіт» Айовада орналасқан. Алайда 1924 жылы қабылданған иммиграция заңының кесірінен Азиядан келетіндерге тыйым салынып, мұсылмандарға есік жабылды. 1965 жылы қабылданған жаңа заң АҚШ-тың әлемге есігін қайта ашып, иммиграцияның келесі легі басталды. Иммиграция әлі жалғасып жатыр. Мұсылман иммигранттардың ең көбі – Оңтүстік Азиядан келгендер. Қазір елдің түкпір-түкпірінде 2100-ден астам мешіт бар.

Колумбияда католик отбасында өскен Хуан Пабло Осорио бертінде исламды қабылдаған. Хьюстонда өскен бұрынғы әскери теңіз сержанты: «Дін жақсы мен жаманды ажыратып, саналы ғұмыр кешуіме көмектеседі», – дейді.

Алайда Калифорниядағы Санта-Клара аймағында мешіт тұрғызу әлі де арман болып отыр. Өркеш жоталары мен қой фермалары бар бұл өңірдің табиғаты ерекше көрікті. Дегенмен Сан-Мартиндегі Мұхаммед Идрис Хусайнның қой фермасы мұсылмандар намаз оқитын орынға айналды.

Қауымдастық мешіт құрылысына шамамен үш миллион доллар жұмсады, бірақ Ислам орталығының жобасы әлі күнге сызба кү­­йінде Сохаил Ахтердің асүйінде тұр. Пәкістандық-америкалық бұл кісі – жоба менеджері. «Олар бізге қарсы жаппай үрей туғызу қаруын пайдаланды, себебі біз өте азбыз», – деген ол қарсыластары өздерін «террористердің жаттығу лагерін салып жатыр» деп айыптағанын айтты. «Мұнда тұратындардың арасында мұсылманды ешқашан көрмегендері де бар. Олар бізді сонымен байланыстырады. Олар қорқады».

Ең басты қарсыластар – «Гилрой-Морган Хилл патриоттары» және «Үкімет есебін алып отыратын халық коалициясы». «Патриоттар» фейсбукте мұсылмандарға қарсы пікірлер жария­лап, мұсылмандарды жақтырмайтын кісіні шақырып, кітапханада және қаладағы Lions Club-та «Ислам – Америкаға төнген қауіп» деген сарында сөз сөйлетті.

ТЕХАСТА МҰСЫЛМАН БОЛУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Техастықтардың өмірінде Құдайдың орны ерекше. Хьюстон – штаттағы мұсылманы ең көп қала. Мұнда елдегі алғашқы испантілді мешіт – Centro Islamico орын тепкен. Бұл жерде намаз оқуға, ислам туралы испан тіліндегі кітаптар мен видеоматериалдар алуға болады. Елдегі мұсылманы ең көп штат – Техас, мұнда 240-тан аса мешіт бар. Дегенмен бұл аймақта діни кикілжіңдер де көп болады. 2015 жылы штатта мұғалімі оқушысы құрастырған сағатты бомба деп ойлап қалғаны үшін мұсылман бала тұтқындалған.


«Патриоттар» басшысының айтуынша, олар исламға қарсы болғаннан емес, қоршаған ортаны қорғау үшін наразылық білдіріп жатыр. «Тоқетері – олар келді де, маңайдың бәрін қорқытып тастады. Көлік қозғалысы, мәшинелер, у-шу… Бұл жерді қорғағымыз келеді».

Азаматтық қоғам белсенділерінің айтуынша, исламға қарсы топтар мешіт я мұсылман зираттарын салуға тосқауыл қою үшін әдетте қоршаған орта мәселелерін алға тартады. Джорджия, Массачусетс, Миннесота, Теннесси, Техас штаттарында осы тақылеттес жобаларға кедергі келтіру немесе кедергі келтіруге тырысу үшін ұқсас әдістер қолданылған.

2012 жылы аймақтың жоспарлау комиссиясының жерді пайдалану жөніндегі жиынында жұрт Ахтер мен қауымдастықтың басқа да мүшелеріне айғай салып: «Өз елдеріңе қайтыңдар», – деп кеңес берген.

«Мұнда 1990 жылдан бері тұрамын. Осы жолы алғаш рет қорықтым. Бір кездері «Ку-Клукс-Кланның» ордасы болған Индиананың Форт-Уэйн қаласында өстім. 11 қыркүйек оқиғасы болғанға дейін мұндай сұмдықты ешқашан естімеппін», – дейді Ахтер.

МИЧИГАН МҰСЫЛМАН ҚАУЫМЫ

Америкадағы мұсылмандар дегенде жұрттың есіне Детройт маңындағы Диборн түседі, себебі ол «Солтүстік Америкадағы арабтардың астанасы» саналады. Ливан, Ирак, Сирия, Йемен мен өзге елдерден келген мұсылмандар бұл жерді өз отаны деп біледі. 2011 жылы Фордсон орта мектебінің футбол командасы ауыз бекіткендерге ыңғайлы болу үшін түнде жаттығуға көшті. Мысырлық-америкалық доктор Абдул әл-Сайед Мичиган штатының губернаторлығына түсіп жатыр. Егер сайланса, ол АҚШ-тағы алғашқы мұсылман губернатор болады.


Мешіт үшін күрес пен мұсылмандарды қорқынышты етіп көрсету әрекеті Ахтердың Америкада өсіп, ер жеткен балаларына әсер етті. Мектепте балалар өздерін «террорист» деп атап, мазақтаған соң олар діннен алшақтап кеткен. Ахтердың риэлтор болып істейтін әйелі Нудрат үйлерді жалғыз көрсетуге қорқатынын айтады. «Қауіпсіздігіме алаңдаған кезде күйеуімді ертіп аламын», – дейді ол.

«Жұрт орамалымды дұрыс қабылдамай қала ма деп қорқамын», – дейді Нудрат. Оны шошытқан жайттар да болыпты. «Бір күні жергілікті Costco дүкенінде жүргенмін. Бір әйел келді де қолыма шағын буклет ұстатып: «Мұны оқу сізге қызық болар», – деді. Оның не екенін түсінген жоқпын, ішін ашып қарасам, «біз жұрттың бәрін өлтіреміз» деген сөздер жазылып, мұсылмандарды мазақ еткен күлдіргі кітап екен. Бастан-аяқ мұсылмандарды келемеж қылады. Не істерімді білмей қалдым. Бәрі қас пен көздің арасында болды».

«Бұдан қатты қорландық, бірақ бұл мұсылмандардың өз діні мен құқықтарын қорғауда батыл қимылдауына да түрткі болды, – дейді Ахтер.  –  Бұл – біздің үйіміз. Біреу келіп «үйіңнен шық» десе, оңай беріле саласыз ба? Ең ақылға сыймайтын нәрсе – осы».

Ауғандық-америкалық жастар Мэйудтағы (Калифорния) сиыр және тауық етінен халал ас әзірлейтін Big Al’s пиццериясында шүйіркелесіп отыр. Арасында достар да, бір-бірін алғаш көріп тұрғандар да бар. Олар көктемгі күн мен түннің теңелуі кезінде тойланатын парсы жаңа жылы – Наурызды атап өту үшін Лос-Анджелеске барып келді.

Қауымдастықтың малайзиялық-америкалық хирургі Бакри Мұса көп қиындық әкелетініне қарамастан, соттасуды жөн көреді. «Мешітімізді өртегенше, бізді сотқа бергендері жақсы еді. Бұл кедергінің өлшемі бар», – дейді ол.

Америкада мұсылман Мұса үшін бір жақсы жағы – сенің пікір білдіру және сыйыну құқығың қорғалады. Оның айтуынша, қандай адам болғың келетінін, мұсылмандықты қалай ұстанатыңды өзің таңдайсың. Ол қой фермасындағы үйінде тұрған сөрелерді нұсқады. Онда исламның екі тармағының ой-пікірлерін жинақтаған шейіт және суннит діндарлардың кітаптары толып тұр.

«Ешкімнің араласуынсыз ілім жинайтын нағыз мұсылманның орны – осы. Малайзияда үйімде шейіттердің әдебиеттері тұрғаны үшін түрмеге жабылуым мүмкін, Малайзияда бұл – АҚШ-та коммунист болумен пара-пар сатқындық».

Біз сөйлескен күннің ертесінде қауымдастық орталығында еврей және христиан лидерлерінің және басқа да қонақтардың қатысуымен дінаралық кешкі ас берілді. Мұса мен оның канадалық-америкалық әйелі Карен еврей жұбымен қатар отырды, олар бір-біріне Оңтүстік Азияның тағамдарын түсіндіріп жатты. Қазір қауымдастық діндер арасын жақындастырып, көмек көрсетуде көп роль ойнайды. Қарсыластарының үні қаншалық қатты шықса да, олар «халық бізді жатырқамайды» дейді және өз мешіттерін соғатын күн де туар деп үміттенеді.

Абделрахман Абделазиз (сол жақта) әр таңда Нью Йорктың Уэст Вилледж ауданында орналасқан «18-бригада» өрт сөндіру мекемесінде көршілермен амандасып жатыр. Палестиндік-­америкалық лейтенант өзін белгілі бір дәрежеде діннің елшісі санайды. «Мен мұсылмандардың бәрі террорист емес екенін дәлелдегім келді. Біз – қоғамның белсенді мүшесіміз».

Америкалық мұсылман жастардың көбі үнемі өздері жайлы түсіндіруден, не барша мұсылман атынан сөйлеу­ден шаршаған. Олар өз діндері мен америкалық сезімдер араласып кеткен ортада өмір сүргілері келеді.

Рами Нашашибимен мен Чикагоның оңтүстік бөлігіндегі «Батыс 63» көшесінде жолықтым. Мұнда 20 жылдан бері оның Ішкі қаладағы мұсылмандардың әрекет торабы (IMAN) жұмыс істейді. Емхана мен кеңселер тұрған жолдың бір жағынан кезінде мексикалық мейрамхана болып, кейін намазхана, кафетерий және қосымша жұмыс кеңсесіне айналдырылған ғимарат тұрған екінші жағына өту үшін жолдағы көліктерді тоқтатып қояды.

46 жастағы белсенді бұл жерді исламның атынан жоқ-жітікке көмектесу үшін ашқан. Қазір ол қара нәсілділер мен оңтүстіказия­лықтардан, арабтар мен ақ нәсілділерден, испантектілерден, біразы кедей оңтүстік ауданынан, қалған орталық тұрғындарынан тұратын мұсылмандар тобын құрып, ауданды титықтатқан әлеуметтік мәселелерді діннің көмегімен шешуді қолға алған.

Өткен жылы Анаха­ймдегі (Калифорния) Энджел стадионына Ораза айт күнгі айт намазына 20 мыңға тарта мұсылман жиналды. Әдетте мұсылмандар мереке күні әдемі киім киіп келеді. Айт намазы үш күндік мерекенің басталғанын білдіреді. АҚШ-та жұмыс берушілер мен мектептер бұл мерекені мойындай бермейді, сондықтан мұсылмандар мейрамды тойлау үшін жұмыстан демалыс алуға мәжбүр болады.

Дінге қызықпайтын арабтардың отбасында туған ол басқа көп америкалықтар сияқты хип-хоп пен әлеуметтік әділдік қозғалыстары арқылы исламға келген. IMAN туралы айтқанда Нашашиби өзін қанаттандырған имам Уарит Дин Мұхаммедті көп ауызға алады. «Ол – исламның өмірлік өнегесі, ол менің жаныма жақын дәстүрлерін көрсетті. Ислам – қайырымдылықтың, кешірімнің бұлағы». Имам 2008 жылы қайтыс болған.

Бүгінде Нашашиби мен IMAN-ның басқа қызметкерлері шағын дүкендермен бірлесіп, жағдайы төмен аудандарға жаңа піскен тағамдар апарып, терезенің алдын қоршамауға шақырып жүр. Олар тегін медициналық көмек көрсетіп, түрмеден шыққан, ақшасыз, отбасының көмегінсіз қалған адамдарға қол ұшын беру үшін жергілікті тұрғындарды да жұмылдырып отыр.

Хамтрамктегі (Мичиган) балалар тәттіні сатып алу үшін балмұздақ көлігіне үймелеп тұр. Бұл маңайда тұратындардың көбі – Йеменнен келгендер. Детройт шаһары қоршап тұрған бұл қала (21 750 тұрғыны бар) халқының, қалалық кеңес мүшелерінің басым бөлігі – мұсылмандар.

Мен IMAN-ға жылдың ең қауырт кезеңі – Рамазанда келдім. Қауымдастық емхананың артындағы көлік тұрағында ауызашар өткізді. Сатушылар салқын шырын, бұршақ бәліші, әсем әшекейлер сатып жүр. Қонақтар – маңай тұрғындары, саясаткерлер, діндарлар және достар. Арт жақта IMAN ғимаратының қабырғасына Құран сүресінен: «Жақсылыққа жақсылықтан басқа қандай жауап болуы мүмкін?» – деген сөз жазылып тұр.

Нашашиби халыққа арнап сөз сөйледі. «Кісіге күтім жасасақ та, үй тұрғызсақ та біз мұны күш біріктіріп, қарым-қатынас орнатып, одақ құру арқылы ғана жүзеге асыра алатынымызды түсінеміз. Біз әлі де белсенді әрекет ете береміз, соңғы сайлаудан бері біз қалыптасқан жағдайға жауап беру мақсатында ‘Fight Fear, Build Power’ («Үреймен күрес, тізе қос») хэштегін қолданып келеміз», – деді ол.

«Мұны өз құлағыммен естігім келеді, – деген ол: «Үреймен күрес!» – деп айғайлады. Халық оған: «Тізе қос!» – деп жауап берді.

Ертеңінде IMAN тобы Morgan Mini Mart дүкеніне «Көршіні тойғыз» акциясын өткізуге барды. Жүргізуші далада рэп әнші Тупактың ырғағына салып: «Шырын тәтті болса, оның тамыры тереңде», – деп шырқап тұр. Еріктілер өткен-кеткендерге дүкендегі жемістерден жасалған  шырын мен манго соусын беріп тұр.

«Метал Саназ» деген атпен белгілі ирандық-америкалық музыкалық продюсер Лос-Анджелестегі студиясында бой жазып отыр. Ол мұсылмандық салтты көп сақтамайтын отбасында өсті. Басқа діндегілер сияқты мұсылмандар да әркелкі болып келеді. Арасында зайырлылар да, тым діншілдер де бар. Кейбіреулері әзілдеп өздерін «Рамазан мұсылманымыз» деп атайды, себебі ол тек қасиетті айда ғана намаз оқиды.

IMAN-ның 28 жастағы өнер және мәдениет менеджері Садия Науаб дүкеннің сыртында екі баламен бірге қоқыс жәшігінің сыртын әдемілеп бояп жатыр. Ол басына сәлде сияқты оралған әдемі орамал байлап, мұрнына пирсинг таққан.

Науаб мәдениеті аралас ортада өсті. Пәкістандық иммигрант әулетінде туған ол Чикагоның арабтар тұратын ауданында есейді, көбіне ақ нәсілділер баратын, бірақ қара нәсілділер және хип-хоп мәдениеті аралас мектепте оқыды. «Мен мұсылман екенімді білдім. Бірақ оның мәнін түсінбедім. Адамдар бізді «араб», «мұсылман», «иммигрант», «ағылшынша сөйлемейді» деп қалыпқа салып тастайды. Бұлардың қайсысына кіретінімді білмедім», – дейді ол.

Ол IMAN-ның арқасында мұсылман болудың мәнін түсінді. Ол дінге барар жолды тапты. «Чикагоның оңтүстік бөлігіндегі ауыр жұмыс мені тұтастай өзгертті. Мен эмоция және ақыл-ой тұрғысынан дами бастадым. Еріктілер қатарына қосылғанда 17-де едім, бұл – мен үшін ең қымбат кезең», – деді ол. Науабтың айтуынша, оған өзін америкалық мұсылман жасөспірім ретінде түсінетін ақылшы керек болған. Ол мұны IMAN-нан тапты.

Мария Айлоуш Лос-Анджелесте онлайн хиджаб компаниясы – Austere Attire үшін сәндік фотосессияны бақылап, күліп тұр. Айлоуш киімдерді әлеуметтік медиада және өз веб-сайтында жарнамалау мақсатында пайдаланады. АҚШ-та діндар әйелдерге арнап қарапайым киім үлгілерін тігу бизнесі қарқын алып келеді.

«Мұнда өзімді бөтен сезінбеймін», – дейді ол. «IMAN – Исламды Америка мұсылмандарына, әсіресе Америка телеарналарында шетелден төнген қатер деп көрсетілетін, өмірдегі мақсатын діннен іздеп жүрген жандар үшін бейімдейтін орын», – дейді Нашашиби. Осы еңбегі үшін МакАртур қоры былтыр оған «Дана адам» деген беделді сыйлық берді.«Біз үнемі кешірім сұрап, ақтала бермейтін, рухтандыратын, қанаттандыратын, өміріңді өзгертетін исламды мұраға қалдырғымыз келеді», – дейді ол.

Оның айтуынша, бүгінде Америка – мұсылман үшін ең ыңғайлы орын. «Тіпті ең қиын кезеңдерде де Америка адамдардың орындалмаған идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін саңылау қалдырып отырған».

Авторы: Лейла Фадел, фото Линси Аддарио


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу