.

Су астына шашылған інжу-маржан

Горн мүйісі жанындағы құлақты медуза теңіз орамжапырағының арасынан жүзіп өтті. Чилидің оңтүстік нүктесіндегі архипелактің алып теңіз ормандарының қалың болғаны сонша, олар Жер серігінен түсірілген суреттерден де көрінеді.

Чилидің 4000 шақырымға созылып жатқан жағалауы теңіз тіршілігіне бай болғанымен кейінгі жылдары оның да сарқылып бара жатқаны байқалуда. Табиғат жанашырлары, балық қауымдастықтары мен билік өкілдері қалған құнды дүниені сақтап қалу жолында жұдырықтай жұмыла бастады.

Соңғы ғасырда жаппай ауланғандықтан хуанфернанд атты теңіз мысықтарының жойылу алдында тұрғаны айтылады. Жүзеге асырылған шаралардың арқасында 1965 жылдың өзінде-ақ теңіз мысықтарының жүзге жуығының қалғаны анықталған. Бүгінде олардың саны 16 мыңға жетсе, ол көрсеткіш жыл өткен сайын артып келе жатқандығы байқалады.

Жүзіп келіп тік жартасқа да жеттік. Алыс­тан қарағанда жартастың төменгі тұсы «тас­пен» қапталғандай болып көрінді. Ал таяғанымыз­да олар  орындарынан қозғала бастады.

Аса қуатты гравитациялық өрістің әсерімен  кейбірі теңізге тартылып, шарпа соққан жеңіл толқындар оларды жұтайын деп тұрғандай. Біз қайығымыздың зәкірін жағалау­дан жүз метр­дей қашықтыққа тастап, түтікті су бетпердемізді киіп, суға сүңгідік. Кенет, әлгі тас­тарға жан бітті: тас дегеніміз хуанфернанд теңіз мысықтары болып шықты. Ересек аталықтарынан бастап, екі айлық төлдеріне дейін теңіз мысықтары жағалауда қаптап жүр. Төлдері құдды жаңадан келген ойыншыққа таласқандай шапшаң қимылдайды, ал ересектері бізге тесіле қарайды.

Хуанфернанд теңіз мысығы, яғни теңіз арыс­таны – теңіз тіршілігін қорғау шарасының ерекше жетістігі. Бір ғасыр бұрын жаппай ауланғандықтан, жойылып кету алдында болған бұл жануарлар бүгінде Чилидің Робинзон Крузо аралында өріп жүр. Бұл ел теңіз тіршілігін қайта жандандырудың жарқын үлгісі болуға қалай қол жеткізді?

Чилидің территориясы ұзын әрі сүйірлеу келеді. Анд таулы қыратының орта бойына созыла, омыртқадай орналасқан. Ол батысқа қарай аласарып барып, Тынық мұхитына келіп тіреледі. Ел аумағының 4000 шақырымы мұхитпен шектеседі. Чилидің ашық мұхитпен шектесетін территориясының көлемі – 3,6 млн кв². Бұл оның құрлықтағы территориясымен салыстыр­ғанда бес есеге артық, сондықтан – оны мұхит-мемлекет десек болатындай.

Чилидің оңтүстік нүктесіндегі мидияларды жемек болған оңтүстіктің мыңдаған жалған патша шаяны алып теңіз орамжапырақтарына жармасып алған.

Чили – балықшылар мемлекеті. 2010 жылы ол теңіз анчоус, чили макрелі және тынық мұхиты сардиналары тәріздес балық түрлерін аулау бойынша әлемде жетінші орынға шықты. 1970 жылдан бері елдегі балық шаруа­шылығының даму қарқыны бәрін тауысатындай қорқынышты деңгейге жетті. Чилидің Балық шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, барлығы 25 балық аулау нүктелерінің жетеуі толығымен пайдаланылады, алтауы шектен тыс пайдаланылса, ал тоғызында балық таусылған. Қалған үшеуінің ғана тұрақтылығы жіті бақылануда, яғни балық ауланатын жерлердің жартысынан көбі сарқылған не сарқылуға таяу. Сауданы қыздырып тұрған балыққа Аустралия мерлузасы, Патагония тісті балығы және Чили макрелі кіреді.

National Geographic қоғамының теңіздерді қорғау тобы балық шаруашылығының зардабын әлі тартпаған 500 жыл бұрынғы мұхиттың халінен хабар беретін шалғай мекендерді, мұхитта зерттелмеген жерлерді іздеумен шұғылданады. Теңіздің сау экожүйе­сін сақтап қалу мүмкіндігі бар жерлердің тізімін жасауда дүние­жүзілік дерекқорда қамтылған мынадай факторлар қолданылады: тұрғындар саны, айлақтан қашықтығы мен балық шаруа­шылығының орындары.

Бір қызығы, картадағы жасыл нүктенің бірі – Чилидің солтүстік жағалауынан 850 шақырым қашықтықтағы Десвентурадас (испанша – «бақытсыз») аралдары болып шықты. Олардың бірі – Сан-Феликсте стратегиялық маңызы бар шағын әскери теңіз базасы орналасқан. Соңдай-ақ 1901 жылдан бері Хуан Фернандес­тен лобстер аулауға маусым сайын келетін балықшыларды санамағанда, Сан-Амросио аралы да елсіз мекенге жатады.

Кинематограф Ману Сан Феликс Сан-Амбросио аралының таяз суасты тауларын камераға түсірді. Бұл кадрлар қорғалған теңіз аймақтарын құруға көмектесті.

2013 жылы біз Oceana табиғатты қорғау ұйы­мымен бірлесіп, Десвентурадасқа экспедицияға шықтық. Біздің мақсатымыз – осы аралдардағы теңіз тіршілігін зерттеп, оның жағдайына баға беру және National Geographic арнасына деректі фильм түсіріп, жаңалықтарымызды чилиліктермен бөлісу болатын. Чилидің теңіз флоты бізге Сан-Амбросионы зерттеуге рұқсат берді, ал әскери аймақ Сан-Феликске кіре алмадық.

Біз «Антофагаста» айлағынан жүзіп отырып, екі күннен кейін Сан-Амбросиоға жеттік. Зәкірімізді тастап, балықшылардың лашықтарына келгенімізде, олардың құлыптаулы немесе бос тұрғанын көрдік. Олардың айналасында лобстерлерге арналған алып – бір метрден асатын қақпандар жатты. Алайда  жаға ұстатқан дүние сол қақпан аузының көлемі болатын. Олардың үлкендігі соншалық, біздің басымыз оған оп-оңай сыйып кетеді. Аузы мынадай болса, лобстерлердің көлемінің қандай болғаны?

Бұл сауалға жауап табу мақсатында, біз DeepSee құрылғысын алып, Десвентурадас суына алғашқы боп сүңгуір аппаратын түсірдік. Біз «Аргоны» кемесін Сан-Амбросионың теріске­йінде қалдырған болатынбыз. Аралдың тік жартастары оңтүстік-шығыстан аласұра ұрған алып толқындардан қорғап тұрды. Тынық мұхитының қақ ортасындағы қауіпті мекеннен алыстап, акрильдік көпіршік тәріздес аппаратымызбен жүздеген метр тереңдікке сүңгіп барамыз. Біз жоғарыдағы әлемнен тереңдеген сайын көмескілене түскен күн сәулесі ғана хабар беретін тұңғиық ғаламға еніп бара жаттық.

Горн мүйісі аймағында оңтүстік жас патша шаяндары су жұлдызына таяп келеді.

Жардың саңылауынан екі антеннамыз шығып тұр. Жарығымызды шағын үңгірдің аузында тұрған алып басты лобстерге бағыттадық. Ұзындығы 54 см-лік осындай алып лобстерді бұрың-соңды еш жерден кездестірмегеніміз анық.

Жемтігін іздеген gymnothorax porphyreus әлденеге тесіліп қарап тұр.

Сүңгуір аппаратымызбен су астына жасаған алғашқы сапарымызда біз теңіз түбіндегі акулаларға, басында шыны губкасы бар шаяндарға, суасты коралдары мен балықтарының түр-түріне, ғарыш кемесінің пішінінен аумайтын химераға, әрқайсысы жеті килограмм тартатын жүздеген лобстерге толы әлемге тап болдық.

Келесі екі апта бойы біз таң атып, күн батқанға дейін акваланг және суасты құрылғысымен Сан-Амбросионың суына сүңгіп, тіршілік қайнап жатқан әлемге сапар шегумен болдық. Әлгіндей балықтар тобы Чили су бассейндерінде бары ешқашан жария етілмеген-тұғын. Әр сүңгіген сайын топ-тобымен жүзіп жүрген сары желбезекті күміс пампанитодан бастап, сары құйрығы бір жарым метрге жететін торпедодай жүйткіген амберджектерді көрдік. Мұндағы балық қоры бай болумен қатар, олар топтасып жүретіні анықталды. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, экспедицияда анықталған балықтардың 96%-ы тек Десвентурадас және Хуан Фернандес аралдарында ғана кездеседі.

Тор салпы ерінділері мен помпанолар.

Біз анықтаған деректерімізді Чили үкіметімен, Хуан Фернандес жұртшылығымен, соның ішінде лобстер аулайтын балықшылармен және осы аралдар айналасында балық ауланбайтын теңіз саябағын ашуды ұсынған қоғамдастық өкілдерімен бөлістік. 2014 жылдың қыркүйегінде Чилидің Сыртқы істер минис­трі Геральдо Муньос пен Қорғаныс министрі Хосе Антонио Гомез Сан-Феликс аралына барып, ондағы табиғаттың сыйына өздері көз жеткізіп қайтты. «Біз басқа еш жерде кездестіре алмайтын сұлулыққа тап болдық. Көгілдір бұт қазысын тек осы жерден және Галапагос аралынан кездестіре аласыз. Сол себепті ол қорғалуы керек», – деді Муньос.

Робинзон Крузо аралындағы омырқасыз­дармен patagonotothen sima балығы Горн мүйісіндегі спонгияларды паналайды.

2005 жылдың 5 қазанында Чили президенті Мишель Бачелет таяу уақытта Наска-Десвентурадас теңіз саябағы ашылатынын мәлімдеді. 303 000 шаршы шақырымды алып жатқан парк қос Америка құрлығындағы ең ірі қорғалған аймаққа айналды. Осылайша, Чили балық аулауға тыйым салынған, қорғалатын парктер мен су бассейн­дер көлемін 4%-дан 12%-ға арттырып алды.

Осы жеңістен соң, мынадай заңды сауал туындайды: Чилиде тағы да осындай тұмса теңіз табиғаты бар ма? Біздің топшылауымызша, жауап құрлықтың оңтүстік нүктесіндегі Магальянес провинциясы болуы мүмкін.

Магальянес – аумағының басым бөлігі бос жатыр теңізге торланған саусақтай кірген және ақ шыңды тау жоталары бар, сансыз фьорд пен шығанақтан тұратын аймақ. Онда тұмса теңіз әлеміне қажеттінің бәрі бар. Біз бұл ойды Gateway компьютерін ойлап табушылардың бірі, табиғат қорғау ұйымдарына қолдау көрсететін қордың басшысы, серіктесіміз Тед Уэйттпен талқыладық. «Б жоспары» деп аталатын Уэйтт қорының экспедициялық кемесімен Горн мүйісі маңындағы суасты әлемін зерттеуді шештік.

Горн мүйісінің солтүстігіндегі Гермит аралындағы шағын тесікті теңіз табақшасы сары спонгияның үстінде өскен балдырларды жеп тұр.

Чилидің оңтүстік нүктесіндегі тасқынды толқындар мыңнан астам кемені қиратып, 15 мыңдай адамның өмірін жалмаған. Бағымызға орай, құпиясымен бөліскісі келгендей, Горн мүйісі бізді желі самалды, суы сабырлы күйде қарсы алды.

Біз Кейп Горн мүйісіне таңсәріде табан тіредік. Көптеген қайықшыға үміттің шырағы болған шамшырақтың төменгі тұсына тоқтадық. Оның асты омыртқасыздарға толы болатын. Арасында теңіз жұлдызы, ұлулар және ұзын әрі улы аяқты патша шаяндар өріп жүрді. Теңіз бетіне көтеріле бере артынан екі ұрғашысы ерген алып оңтүстік теңіз арыстанымен кезіктік.

Ауа райының жайлылығын пайдаланып, Горн мүйісінің оңтүстік-батысынан 111 шақырым қашықтықтағы Чилидің қиыр оңтүстігіндегі экстремалдық аймаққа баруға тәуекел еттік. Түні бойы жүзіп отырып, таңғы алтыда жеттік. Келе сала бұл жайсыз аймаққа тән емес жер табу үшін «Б жоспары» кемесінің көпіріне беттедік. Диего Рамирес шамшырағының астындағы айлақ қоңыр балдырлармен қапталған кілемге ұқсайды. Сол «кілемді» кесіп өтіп, алып теңіз орамжапырағына бай және қоңыр балдырдың неше түрі жасырынған сиқырлы орманға еніп кеттік. Су бетінде қозғалған кемеміз «кілемді» шұрқ-шұрқ тесіп, төменге енген күн сәулесі калейдоскоп пен собордың арасындағы бірдеңеге ұқсайтын әсер тудырды.

Чилидің қиыр оңтүстігіндегі Диего Рамирес архипелагі – жергілікті су экожүйесінің маңызды бөлшегі болып табылатын сұрбас альбатростардың ең көп қоныстанған мекені.

Біз теңіз орманы арасынан бір топ крильді аңдыдық. Бұл ұсақ қызыл асшаян осы экожүйенің тағам жүйесін қамтамасыз етеді. Асшаяндар өзге балық, пингвин, альбатрос, дауылпаз немесе кейбір кит сияқты жыртқыштардан орамжапырақтардың көмегімен қорғанады. Суасты найзағайындай жарқ еткен теңіз арыс­танының бір тобы орамжапырақтың арасынан асыға жүзіп бара жатып, ұзыннан-ұзын көпіршіктер шығаруда. Олар тамақтанудан гөрі бізді тамашалағанды қызықты деп тапқан сияқты. Бәлкім, біз олар кезіктірген ең алғашқы сүңгуірлер шығармыз.

Аралға қайта оралып, оны зерттей бастадық. Шамшырақтың айналасы – біздің бойымызбен бірдей шөптесін төмпешіктен тұратын қалың джунгли. Сол джунглидегі пингвиндер салып кеткен туннельдерді көрдік. Саңылауға таяғанымызда ондаған үрпек қауырсынды, сұрбас альбатрос балапандарын көзіміз шалды. Олар балшық пен бұтадан жасалған ұяларында отырып, құдды пүліш қуыршақтарды көргендей бізге меңірейе қарап қалды. Диего Рамирес аралы – жабайы және тұмса табиғаттың ғана емес, бай әрі зақымданбаған экожүйе саналады. Горн мүйісінен Чилиге ораларда, осы ерекше аймақтың қорғалуы керектігіне көз жеткіздік.

Экспедиция барысында Горн мүйісінің адамдар сирек сүңгитін аймақтарына бардық. Әр адым сайын таңданумен болдық. Дегенмен ең үлкен сый бізді Горн мүйісінің солтүстігінде күтіп тұрды. Ол жердің атын атамаған жөн деп таптық. Теңіз орамжапырағы орманынына енгенде бұрын-соңды көрмеген көрініске тап болдық. Көз алдымызда бойлары бір қарыс, жүздері үшбұрышты томпақ келген мыңдаған жалған патша шаян өріп жүрді. Олардан ілгеріректе бірнеше шын алып патша шаяндар жүр. Олардың ұзын аяқтары жапонның ғылыми фантастикалық фильміндегі ғимараттарды қирататын алып құбыжыққа ұқсайды. Осынау беймәлім мекен мен мұхиттың шексіз байлығына қызығып, бойымызда адреналин ойнады.

Лобстер аулаумен айналысатын балықшылар отбасы Хуан Фернандестің суын бұрып жатыр. Керемет көрегендігінің арқасында олар 1935 жылдан бері балық шаруашылығын сақтап келеді.

Табиғат байлығымен қоса, Чили бізді адамдарымен де таңғалдырды. Көптеген жағалауында теңіз өнімдері шамадан тыс ауланатын Чилиде Хуан Фернандес қоғамдастығының білек сыбана кірісуінің арқасында Наска-Десвентурадас теңіз саябағының ашылуы ақылға қонымсыз еді. Бұл қоғамды не ерекшелендіретінін анықтағымыз келді. Осы мақсатта қайтадан Waitt қорының көмегімен 2017 жылдың наурызында Робинзон Крузо, Алехандро Секирк, Санта Клара аралдарын зерттеу үшін Хуан Фернандес жаққа қайта аттандық.

Ұшағымыз қонуға таяғанда бұлт сейіліп, құрғақ және толқынды Робинзон Крузо аралын бізге паш етті. Біз жоса түсті тастардың амфитеатрымен қоршалған зүбаржат түсті суы бар аралға аялдадық. Келгенімізге шаттанғандай көрінген теңіз арыстандары күнге қыздырынып жатты.

Сыртқы істер министрі экспедицияны бізбен бірге бастады. Ол жергілікті халықтың Хуан Фернандес лобстерін аулағанын тамашалап қана қойған жоқ, олармен бірге аулады. 1935 жылы Хуан Фернандес балықшылары: «Егер балықшылық күнкөрістің негізгі құралы деп тапсақ, өзіміздің негізгі қорегімізді шамадан тыс пайдаланудан сақтануымыз керек», – деп шешті. Дамыған елдер ғылымға негізделген балықшылықты басқару жүйесін ойлап тап­қанша, олар тәнті боларлық көрегендікпен өздерінің ерекше тәсілдерін жүзеге асырып үлгерді. Ол тәсіл бойынша, балықшылар жылына төрт ай балық аулауды тоқтатып, қалқаншалары 12 см-ден қысқаларын және уылдырығы бар ұрғашы лобстерлерді қайта теңізге қайтарып отырды. Осылайша, тұрғындар тұрақты балықшылық ережелерінің үш өсиетін қалай жазғандарын байқамай да қалды. Балық аулау ережесінде жылдың суық мау­сымдарында лобстерлерге өсіп-көбеюге мүмкіндік беру қажеттігі көрсетілген. Сонымен қатар олар бүгін инновациялық тәсіл деп танылған әр балықшының балық аулайтын суасты жартасы немесе таулармен белгіленген аумағы болады. Осылайша, жеке басының және қоғамның жемісті болуына әркім жауапты болады.

Хуан Фернандес және Десвентурадас архипелагінде ғана кездесетін Хуан Фернандес лобстерлерінің үлкендігі мына суреттегі лобстер секілді ұзындығы 54 см-ге жетеді.

Хуан Фернандес суына сүңгу барысында тұрақты балықшылықпен қоса, Чилидің ешбір аймағында тіркелмеген мол балық қорын кездестірдік. Қос архипелаг бір-бірінен жырақта орналасқанымен, екеуі де Тынық мұхиты биотіршілігінің ортақ аралдар тобына кіреді. Олардың суасты тіршілігіне бай болуы оқшау орналасуына және Перу мен Чили жағалауынан солтүстікке қарай соғатын, антарктикалық судың алып конвейерлік таспасы – Гумбольт ағысына байланысты. Осынау көкпеңбек әлемде нендей тіршілік иелерінің өмір сүретініне бір көз жүгірту үшін буйға және GPS локаторларына бекітілген камераларды қолдандық.

Әрбір жазба бізге индустриалдық көлемде аулау салдарынан жоғалып кету қаупі төнген қысқа жүзбе қанатты мако акулалары мен көк акулаларын паш етті.

Хуан Фернандес балықшылары, туризм қауымдастығы, қоғам – бәрі бірлесіп, экспедиция нәтижелерін талқылау үшін бірнеше рет бас қосты. Табысты пікірталастан кейін «Хуан Фернандес тұрғындары балықты бірқалыпты аулауды жалғастырсын және жоғалып кету қаупі төнген жануарларды қорғасын» деген бірауызды шешім қабылданды. Ұзақ мерзімдік перспективалық мақсат ретінде халық өңірге тән дәстүрлі әрі орнықты балық аулау тәсілдерін қолдана отырып, өздері ғана балықшылықпен айналысулары үшін жергілікті балық аулау аймағын кеңейтуді сұрап президент Мишель Бачелеттің атына тағы да өтініш жазды. Сонымен қатар олар президентті теңіз саябағын ашуға шақырды.

Робинзон Крузо аралында қорек іздеп жүрген сегізаяқ. Балық шаруашылығына тыйым салынса, арал маңайындағы тіршілік қайта жанданып, осы маңызды индустрияның сақталып қалуына үлесін тигізер еді.

2017 жылдың 1 маусымында халыққа соңғы жолдауында президент Бачелет Чилиде екі су саябағы ашылатынын мәлімдеді. Олардың бірі – Горн мүйісінің оңтүстігіндегі ауданы 144 мың шаршы шақырым жерде, екіншісі – 263 шақ. 2 аумақты алып жатқан Хуан Фернандесте ашылатыны айтылды. 2017 жылдың 7 маусымында БҰҰ-ның Мұхит мәселелері жөніндегі конференциясында Муньос аталмыш шешімді дәріптеп Чили үкіметінің ғаламдық жылынуға әсері мол мұхитты қорғау арқылы Чилиді ғана емес, әлемді де қорғауға үлес қосып жатқанын мақтанышпен айтты.

Франциско Колоан су саябағы (2003) мен Моту Мотиро Хива су саябағының (2010) қатарына Бачелеттің бастамасымен үш саябақ тағы қосылмақ. Бұл тарихи қадам Чилиді дүниежүзілік мұхитты қорғау қадамы бойынша 1 млн шаршы шақырымнан немесе 24%-дан астам сулы аймағы толық қорғалған ел ретінде алдыңғы орынға шығармақ. Адамзат шаруа­шылығынан ада бұл ерекше экожүйелер қайта қалпына келтіріліп, қорғалатын болады.

«Мен адамзаттың тек тұрақты даму арқылы ғана алға жылжитынына сенімдімін. Біз өз экономикамызды ғана емес, табиғатты да ойлауымыз керек», – деді президент Бачелет.

Авторлары: Энрик Сала, Алекс Муньос, фото: Энрик Сала


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0
       

Пікір жазу

Кіру
*
*



Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз