.

Пластик

Полиэтилен пакетті пайдалану мерзімі – орта есеппен 15 минут.

Оны өзіміз жасадық. Енді соның зардабын тартудамыз.

Егер пластик бұйымдар осыдан IV ғасыр бұрын пилигримдер Англиядан Солтүстік Америкаға жүзіп барған дәуірде пайдаланылса, оның қалдықтары қазір де суда жүзіп жүзіп жүрген болар еді.

Егер сол кездегі саяхатшылар қазіргі адамдар сияқты босаған шишалар мен орамаларды жан-жағына лақтыра салса, Атлант мұхитының толқындары мен күн сәулесі пластикалық қалдықтарды ендігі титімдей жапырақтарға айналдыратын еді ?… Бұл жапырақтар өз құрамындағы токсиндік заттарға басқаларын да қоса сіңіріп, мұхит суында, бәлкім, әлі күнге сақталар ма еді. Оның бөлшектері жеген балықтарымыз арқылы біздің ағзамызға енуі де әбден мүмкін.

Пилигримдерде пластик өнімдер болмағанына шүкір. Жақында Англияның оңтүстік жағалауында пойызбен Плимутқа келе жатып осыны ойладым. Мақсатым – пластиктің зиян­ын, әсіресе мұхиттарды қалай ластайтынын айтып беретін адаммен жолығу.

Пластиктен бұйым жасау XIX ғасырдың соңында ойлап табылса да, іс жүзінде ол тек 1950 жылдары жаппай өндіріле бастады. Сондықтан болар бүгінде адамзат шешімін күтіп тұрған «небәрі» 8,3 метрикалық миллиард тонна пластик өнім бар. Оның ішінде 6,3 метрикалық миллиард тоннадан астамы қалдыққа айналған. Ал сол қалдықтар ішінде «қаңғып жүрген» 5,7 миллиард метрикалық тонна ешқашан өңдеуден өткен емес. 2017 жылы зерттеу деректерін салыстырып шыққан ғалымдарға бұл сандар төбелерінен суық су құйып жібергендей әсер етті.

Нұржаһан Бангладештің Дакка қаласындағы Буриганга өзенінен сүзіп алған пластиктерін кептіріп отыр. Қалдықтарды өңдеуші мекемеге өткізеді. Әлемде барлық пластиктің бестен бір бөлігі ғана қайта өңделеді. АҚШ-та бұл көрсеткіш тіпті 10 пайызға да жетпейді.

Жердегі қалдықтардың қоймасы болып табылатын мұхитқа қандай көлемде өңделмеген пластик қалдық түсетінін ешкім білмейді. 2015 жылы Джорджия университетінің профессоры Дженна Джамбек мынадай есепке баршаның назарын аударды: тек жағалау аймақтардың өзінде жылына 4,8 миллионнан 12,7 миллион тоннаға дейін қалдық тасталады. Оның айтуынша, бұл қалдықтың көбі кемелерден емес, құрлықтан тасталады, көбінде Азияда. Артынша қалдықтар желмен ұшып не сумен ағып теңізге құйылады. «Дүние­жүзі бойынша жағалауларда әр метр сайын үйілген іші қалдықтарға толы 15 азық-түлік пакетін елестетіп көріңіз, – дейді Джамбек, – бұл дегеніміз шамамен 8 миллион метрикалық тонна массаға тең, яғни жылына мұхит суына ағылатын қалдықтардың мөлшері бо­­й­ынша оның орташа есебі осындай. Пластик қалдықтың толықтай биоыдырауға ұшырап, құраушы молекулаларға ажырауы нақты қанша уақыт алатыны белгісіз. Болжамдық есептер бойынша 450 жылға дейін барады.

Ал бұл уақытта мұхитқа түскен пластик қалдықтар, есептеулер бойынша жыл сайын миллиондаған теңіз жануарының өліміне себеп болады. Шамамен 700 түрге, соның ішінде жойылу қаупі төнген жануарларға да қалдықтардың әсері бары анықталып отыр. Кейбіріне келтірілген зиян көзге көрінеді. Ал көзге көрінбейтін зияны қаншама? Зоопланктордан бастап киттерге дейін ұзындығы бес миллиметрге жетпейтін пластиктердің микроқалдықтарын жейді. Гавайдың Үлкен аралындағы жағалау суы айнадай мөлдір болуы керек еді, мұнда асфальтталған жол жоқ. Ал мен болсам жағалауда тобықтан келетін пластикті кешіп жүрмін. Осыдан кейін неліктен адамдардың мұхиттағы пластик қалдықтарын тосын апат деп атайтынын түсіндім. Өткен жылы желтоқсанда Найробиде өткен жаһандық саммитте БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламасының басшысы бұл жайтты «мұхит ақырзаманы» деп атады.

«Бұл мәселенің шешімін таба алмадық деп айта алмаймыз», – дейді Тед Сиглер. Тед ресурстар жөніндегі экономист болып істейді. Вермонт штатында тұратын ол дамушы елдермен қалдықтар мәселесі бойынша 25 жылдан астам жұмыс істеп келеді. «Біз қалдықтарды қалай жинау керек екенін білеміз. Мұны кез келген адам істей алады. Оларды қалай жою, қалай өңдеу керектігін білеміз. Ол үшін тиісті мекемелер ашып, жүйе құру қажет», – дейді ол.

Плимут аспанын сұрлана түнерткен ағылшын күзі. Сары плащ киген Ричард Томпсон Плимут университеті Соксайд теңіз стансасының жанында тұр. 54 жастағы арықша денелі Томпсон қызмет мансабын 1993 жылы теңіз экологі ретінде бастаған. Сол кездері ол Мэн аралындағы жағалауды тазалау шарасына алғаш қатысты. Басқа волонтерлер пластик бөтелкелерді, пакеттер мен тор-ауларды жинауға күш жұмсаса, Томпсон кішкентай қалдықтарға, яғни табан астындағы назарға ілікпей жатқан титімдей бөлшектерге көбірек назар аударды. Алғашында тіптен ол бұл нәрселердің пластик екендігіне сенбеген. Мұны растау үшін сарапшының химиктермен кеңесуіне тура келді.

Пластик бөтелкелер Мадрид қаласының орталығындағы Сибелес субұрқағын «тұншықтырып» тастаған. Бір реттік қолданысқа арналған бөтелкелердің экологиялық зардабына назар аударту үшін Luzin-terruptus арт-тобы Сибелес пен Мадридтегі субұрқақтарды 60 мың қолданылған бөтелкемен толтырды.

Ол уақытта бұл ғылыми орта үшін бейтаныс нәрсе еді: ғалымдар пластик қалдықтардың қалғаны қайда кетіп жатқанын ойлап бас қатырмады. Әлемде пластик бұйымдар өндірісі бірнеше есе артты – 1950 жылы 2,1 миллион метрикалық тонна, 1993 жылы – 147 миллион метрикалық тонна, ал 2015 жылы 407 миллион метрикалық тонна, бірақ мұхитта жүзіп жүрген және жағалауға шығып қалғаны қанша көп болса да, соншалықты пропорцияда өсіп жатқаны байқалмайды. «Осыдан келіп мынадай сұрақ туындайды: «Сонда олар қайда?» – дейді Томпсон.

Жағалауды алғаш тазалаған жылдардан бері Томпсон жауаптың ұшын шығаруға үлесін қосты: жоғалды деген пластик қалдықтар көзге болар-болмас көрінетін майда бөлшектерге бөлініп кетеді. Ол 2004 жылы жазған ғылыми еңбегінде «микропластиктер» ұғымын енгізіп, кейін нақты белгілі болғанындай, олар мұхитта үлкен көлемде жиналып қалуы мүмкін деген жорамал жасады.

Өткен жылы күзде Плимутта кездес­кенімізде Томпсон мен оның екі студенті плас­тиктердің ұсақталуына толқындар мен күн сәулесінен басқа не нәрсенің әсер етіп жатқанын зерттегендерін айтқан. Зертханалық сынақтарда олар Orchestia gammarellus түріне жататын бүйіржүзгіштерді бақылады. Бұл – еуропалық жағалауларға тән асшаян тәріздес титімдей жәндіктер. Анықталғанындай, олар пластик пакеттерді жұтып, бір пакетті 1,75 миллион микроскопиялық фрагментке майдалап жібере алады екен.

Индонезия аралы Зумбаваның ластанған су бассейнінде мына атбасты балық мақталы пластик таяқшаға жабысып қалыпты. «Мұндай суретті түсірмегенімде ғой…», – дейді фотограф Джастин Хофман.

Микропластиктер мұхиттың адам көзі түскен барлық жерінен табылды – тұңғиықтағы теңіз түбінен Арктикадағы мұзды қабатқа дейін, ал ол алдағы он жылдықта, зерттеулер бойынша, бір триллионнан астам пластик бөлшек еріген сумен мұхитқа құйылуы мүмкін. Гавайдың Үлкен аралының жағалауларында іс жүзінде құмның 15 па­­йызы микропластиктен тұрады. Осы аралда мұхит сулары арасында жүзіп жүрген қоқыс­тар көп мөлшерде жиналған. Камило Пойнт жағажайында кір себет, бөтелке мен қытай, жапон, корей, ағылшын және орыс тілдеріндегі жазулары бар ыдыстар үйіліп қалған.

Томпсон екеуміз осының барлығын тілге тиек ете отырып, «Дельфин» атаулы кемемен Зунд бұғазы арқылы Плимуттан қашықтап бара жаттық. Томпсон көздері тар ауды алып шықты. «Манта тралы» деп аталатын тор, әдетте, планктондарды зерттеу мақсатында пайдаланылады. Бірнеше жыл бұрын зерттеу­шілер 10 түрлі 504 балықты аулап, Томпсонға берген болатын. Біз сол нүктеге жақындап қалдық. Сол кезде ауланған балықтарды жарып қарағанда, олардың үштен бірінің асқазанынан микропластик қалдықтар шыққан.

Бір-екі минут жүргеннен кейін Томпсон ауды қайта жинап алды. Түбінен түрлі-түсті пластиктер конфеттиі шықты. Томпсонды көбірек мазалайтын мәселе – ешқайсысымыздың көзімізге көрінбейтін зат пластиктің құрамына қосылатын химикаттар. Болжам бойынша, олар микропластиктердің ыдырауы­нан өте кішкентай нанопластиктерге бөлінеді. Олардың балық пен адам ағзасына өтуі мүмкіндігі жоғары.

1955 жылы «Life» журналы бір реттік пластик ыдыстар дүниеге келтірген «таста да жүре бер» атты өмір салты жайлы жазған. Ол адамдарға өте қолайлы болғанымен, мұхиттарды «тұншықтырып» жатыр.

«Өндіріс кезінде химикаттар концентрация­­сы кей жағдайларда тым жоғары болатынын білеміз, – дейді Томпсон, – балық жеген кезде оның құрамында қаншалықты химикат болатынын білмейміз».

Томпсон дабыл қақпайды, бірақ мұхиттағы пластик қалдықтарды эстетикалық мәселеден гөрі анағұрлым зор проблема деп санайды. Бұған қалай жеттік сонда? Плас­тик «ғажайыбының» қараңғы жағы қашаннан бастап көрінді? Технологияға толы дүние­міздің көптеген «кереметі» үшін осы сұрақты қайталауға болады. Одақтастарға Екінші дүние­жүзілік соғысын жеңуге көмектескен дәуірден бері (нейлон парашюттер мен жеңіл ұшақ бөлшектері жеңіске үлес қосқан болатын) пластик индустриясы басқа санау­­лы өнертабыстар тәріздес өмірімізді түгел өзгертті және бұл, негізінен, жақсы өзгеріске жатқызылатын. Ол ғарышқа сапар шегуді жеңілдетті, медицинада төңкеріс жасады. Оның көмегімен автокөліктер мен үлкен әуе кемелерінің массасы азаяды әрі жанармай үнемделеді, осылайша, ластану мөлшері кемиді. Ауадай жеңіл жабысқақ орамалар тамақты ұзағырақ сақтауға көмектеседі. Ауа жастықтары, термостаттар, каскалар, тіпті таза ауызсу таситын пластик бұйымдар күн сайын өмірімізді құтқаруға көмектесіп отыр.

Ерте уақытта олар тұмса табиғатты сақтауға көмектескен. 1800 жылдардың ортасында пианино клавиштері, бильярд шарлары, тарақтар мен түрлі майда-шүйделер таптырмас табиғи материал – піл сүйегінен жасалатын. Пілдер популяциясына қауіп төнген соң, Нью Йорк қаласындағы бір бильярд компаниясы оған балама тапқан адамға 10 мың АҚШ доллары мөлшерінде сыйақы беретінін жариялады.

XIX ғасырдан қалған мына бильярд шары целлуоидтен жасалған. Бұл – піл сүйегінің орнына келген алғашқы пластик түрі.

Сьюзан Фрэнкель «Пластик: улы махаббат оқиғасы» атты кітабында Джон Весли Хятт есімді әлдебір өнертапқыш бұл тапсырманы мойнына алғанын айтады. Ол ойлап тапқан жаңа материал – целлулоид барлық өсімдіктің құрамында болатын полимер целюлозадан жасалды. Хяттың компаниясы ғаламшарды тонай беруді тоқтату қажеттігін айтып жар салды. Ол кем дегенде пілдерді жаппай қырылудан сақтап, бильярдты ақсү­йектердің ермегінен қарапайым жұмысшылар барларда ойнайтын ойынға айналдырғаны рас.


Пластиктің астанасы.

Шығыс Қытайдағы Чжэцзян провинциясындағы халықаралық сауда қаласы Иу ұсақ тауар­лардың және көздің жауын алатын түрлі пластик бұйымдардың әлемдегі ең ірі көтерме нарығы болып табылады. Бір-біріне жапсарлас салынған ғимараттар тізбегіндегі 70 мыңнан астам дүңгіршекте үрлемелі бассейн­нен бастап, жасанды гүлдерге дейін сатылады. Фотограф Ричард Джон Сеймурге бұл нарық таныс көрінді. Бір жағынан, мүлде жат көрінді: оның көлемі бас айналдырады. Қытай – пластик бұйымдардың ең ірі өндірушісі. Ол жаһандық пластик нарығының төрттен біріне ие және олардың көбі экспортталады.

Бұл – материалдық молшылық дәуіріндегі пластик тудырған ұлы төңкерістің қарапайым мысалы ғана. Осы революция ХХ ғасырдың басында қыза түсті, өйткені енді пластик қоры мол, арзан қуат көзі – мұнайдан өндіріле бастады. Мұнай компанияларының мұнай өңдеу зауыттарының мұржаларынан этилен сияқты қалдық газдар шығатын-тұғын. Химиктер бұл газдарды құрылыс блоктары не мономер ретінде табиғаттағы бұрыннан бар полимерлердің орнына полиэтилен терефталат немесе ПЭТ тәріздес жаңа полимерлерді шығаруда пайдалануға болатынын анықтады. Мүмкіндіктер әлемі есіктерін айқара ашты. Пластиктен кез келген нәрсені жасауға болатын еді және солай болды да, өйткені ол – арзан материал.

Арада алпыс жыл өткенде қазір жылына 406 миллион метрикалық тоннадан асатын пластик бұйымның шамамен 40 пайызы бір реттік пайдалануға арналған, оның көбі сатып алғаннан кейінгі бірнеше минутта-ақ лақтырып тастайтын орама-қаптама ретінде пайдаланылады. Өндірістің бас айналдырар жылдамдықпен артқаны соншалық, іс жүзінде соңғы 15 жылда зауыттан шыққан пластик бұйымдар бұрын-соңды өндірілген барлық пластик өнімнің жартысына жетті. Өткен жылы пластик бөтелке өндіру бойынша әлемдегі ең ірі компания болуы мүмкін Coca-Cola алғаш рет қанша бөтелке шығаратынын мойындады: жылына 128 миллиард.

Пластик өндірісі қалдық өңдеу индустриясының алдын орап кеткен, сол себепті мұхиттарға қауіп төніп тұр. «Жүйені бұзғанымызға таңырқаудың қажеті жоқ, – дейді Джамбек, – мұншалықты өндіріс дайындығы жоқ кез келген жүйенің тас-талқанын шығарар еді». 2013 жылы бір топ ғалым қалдықтарды лақтыра салу жөнінде жаңа зерттеу мақаласын жария­лады. Олар «Nature» журналында бір реттік пластиктер үй шаруашылығындағы әйелдің «досы» емес, қайта зиянды материал ретінде қарастырылуы керек екенін мәлімдеді.

Соңғы жылдары өндірістің артуы Азия елдерінде өсіп келе жатқан экономикада бір реттік пластик пакеттердің қолданысы кеңеюі­мен айтарлықтай байланысты. Мұнда қалдық жинау жүйелері аса дамымаған немесе мүлде жоқ. 2010 жылы Джамбектің шамалауынша, әлемдегі бей-берекет шашылған пластик қалдықтың жартысы Азияның бес елінде өндіріледі: Қытай, Индонезия, Филиппин, Вьетнам және Шри Ланка.

Гавай аралдарындағы Камило Пойнт жағажайында табылған: «пластигломерат» – пластик қалдықтар құм және таспен араласқан. Геологтар бұл біздің Жерге салған жарамыздың дәйекті көрсеткіші деп есептейді.

«Айталық, Солтүстік Америка мен Еуропада барлық пластик қалдық өңдеуден өтеді, – дейді Мичиган университетінің химиялық технология профессоры Рамани Нараян, – солай болса да, мұхиттарға тасталатын плас­тик қалдықтарға тосқауыл бола алмайсыз. Егер бұл жөнінен үлес қосқыңыз келсе, сол елдерге барып, қараусыз қалған қалдықпен айналысуыңыз қажет».

Бір кездері Пасиг өзені Филиппиннің астанасы – Манила қаласын арқырап кесіп өтіп, тұп-тұнық Манила шығанағына барып құятын. Ол құнды су жолы және халықтың мақтанышы еді. Қазір ол – дүниежүзі бойынша пластик қалдықтарын теңізге ағызып апаратын 10 өзеннің бірі. Жылына оның бойымен, көбі муссондық жауын-шашын кезінде 65 300 метрикалық тонна қалдық ағып өтеді. 1990 жылы Пасиг өзені биологиялық тұрғыда «өлі өзен» деп танылды.

1999 жылы құрылған Пасиг өзенін қалпына келтіру жөніндегі комиссия өзенді тазалаумен айналысуда және олардың жұмысында кейбір жетістіктер байқалады. Комиссияның атқарушы директоры Хосе Антонио Гоитияның айтуынша, ол бір күні Пасиг өзені қалпына келетініне оптимизммен қарайды, алайда мұны жүзеге асыру оңай болмайтынын да мойындайды. «Бәлкім, ең тиімдісі пластик пакеттердің өндірісіне тыйым салу шығар», – дейді ол.

Бангладештегі Буриганга өзенінің бір сағасындағы көпір астында отбасы мүшелері қалдық саудалаушыларына өткізу үшін плас­тик бөтелкелерді жапсыр­маларынан тазартып, жасылдарын мөлдір түстес­терінен бөлек сұрыптауда. Мұнда қоқыс терушілер айына 100 АҚШ доллары шамасында табады.

Өзеннің 51 сағасы бар, олардың кейбірі жағалауда бей-берекет тасталған пластик қалдықтармен аузы-мұрнына дейін толып қалған. Заманауи ғимараттар арасында құлайын деп тұрған Қытай кварталы жанындағы өзен сағасы пластик қалдықтарға тұншыққаны соншалық, көпірге бармай-ақ, су үстімен жүріп өте беруге болады. Манила шығанағының жағажайлары қоқысқа толы, олардың көбі – пластик қалдықтар. Өткен жылы күзде «Гринпис» және басқа да топтардан құралған Break Free From Plastic коалициясы Бостандық аралының жағажайын тазалады. Бұл арал экотуризм аймағы деп жарнамаланады. Волонтерлер күшімен аяқкиімнен бастап тамақ қорабына дейін 54 260 дана пластик қалдық жиналды. Артынан бірнеше апта өткен кезде барғанымда жағажай бөтелкелер, орамалар мен бір реттік пакеттерге қайта толып қалғанын көрдім.

Маниладағы бұл көрініс Азияның басқа да ірі қалаларына тән. Филиппин Республикасы –105 миллион тұрғыны бар, халқы өте тығыз орналасқан мемлекет. Ол әлі күнге ең қарапайым – денсаулық сақтау мәселелерімен арпалысып келеді. Атап айтқанда, сумен байланысты тифоид және бактериалды диарея сияқты аурулар жойылмай тұр. 2004 жылы аймақта қоқыстарды қауіпсіз көметін жер бітуге айналды. Жер жетіспеушілігі және одан туындаған дағдарыс әлі күнге жалғасуда.

Жауапкершілік жүгінің шағын бір бөлігін Маниланың бейресми өңдеушілері алды. Ол – мыңдаған қоқыс теруші. Солардың бірі – 34 жастағы Армандо Сиена. Ол 31 жастағы жұбайы Ангимен бірге өмір бойы қоқыс ішінде өмір сүріп келеді. Олар «түтінді тауда» туған. Бұл – жаһанға жаман аты шыққан, 1990 жылдары ресми түрде жабылған қоқыс алаңы. Қазір олар үш баласымен бірге Манила маңындағы жағалауда бір бөлмелі, ішінде жалғыз ғана шамы, бірлі-жарым плас­тик орындықтары бар, не құбыры, не төсегі, не тоңазытқышы жоқ пәтерде тұрып жатыр. Пәтер «Арома» деп аталатын қоқысқа толы түкпірде орналасқан. Оның жанындағы қа­­йыршы аудан «Бақытстан» деп аталады.

Күн сайын Сиена тәлтіректеген шайтан­ арбасымен Ароманың шекарасынан тыс аймақтан тапсыруға болатын қалдықтарды іздейді. Тапқанын велосипедіне артып алады. Сұйық зат құюға арналған пластик ыдыстар таптырмас олжа саналады, оның әр килограмына 20 песо (38 цент) төленеді. Сиена өзінің жүгін сұрыптап, көкесінің ұсталған заттар сататын дүкеніне саудаға шығарады. Ол қоқысты алып Маниланың шетіндегі қалдық өңдейтін зауыттарға өткізеді.

Пластик бөтелкелерге толы көліктер Филиппин елінің Валенсуэла қаласындағы өңдеу зауытына бара жатыр. Бұл бөтелкелерді қоқыс жинаушылар Манила метрополитенінің көшелерінен жинаған. Бөтелкелер алдымен – қалдық саудалаушыларға, артынша осында келеді. Бөтелкелер мен қақпақтар туралып, экспортталады.

Сиена сияқты қоқыс терушілерді белсенділер қолдайды: оларға күнкөріс қажет. Маниланың жағалау аймағындағы Base-co қоқыс түкпірінде Британдық Колумбия елінің Plastic Bank of Vancouver басқаруындағы шағын қалдық өңдеу цехы бар. Мұнда қоқыс терушілерге бөтелкелер мен қатты пластик қалдықтар тапсырса, жақсы ақша төлейді. Артынша олар бұл пластикті халықаралық компанияларға жоғарырақ бағаға сатып, өздерінің өңделген өнімдерін әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан жақсы жарнамалайды.

Вермонттық экономист Зиглер көптеген елде қызмет еткен және мұндай схемаға күмәнмен қарайды. «Пластиктерді жинауға субсидия бөлгенше, – дейді ол, – жақсы ұйымдастырылған қалдық өңдеу жүйесін қаржыландырған арзанырақ».

Маниланың жағажайлары мен су жолдарын бітеп тастаған қоқыс – Зиглердің бұл сөзіне дәлел. Оның басым бөлігі – бір рет қолданылатын шампунь, тіс пастасы, кофе, дәмдеуіштер не басқа өнімдердің қаптамалары. Қаптамалар Маниланың айналасында ағаштан үзілген жапырақтай шашылып жатыр. Олар қайта пайдалануға келмейді, сондықтан ешбір қоқыс теруші ондай заттарды іздемейді де. Қатты қалдықтарды өңдеу жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Криспиан Лао былай дейді: «Қаптаманың осы сегменті дамып келеді және ол қатты қалдықтарды өңдеуде қиындық келтіріп отыр».

Жиналып, жуылып, қолмен сұрыпталған түрлі-түсті пластик сынықтары Буриганга өзені жағасында кептірілуде. Даккада және оның айналасында бейресми қалдықтарды өңдеу саласында шамамен 120 000 адам жұмыс істейді. Мұнда 18 миллион тұрғын тәулігіне 10 мың метрикалық тоннадай қалдық төгеді.

Malaysia airlines компаниясының Куала-Лумпурден Бейжіңге бағыт алған 370 рейс ұшағы 2014 жылы наурыз айында радар экранынан көрінбей кеткеннен кейін оны іздеу жұмыстары Индонезиядан оңтүстік Үнді мұхитына дейін жүргізілді. Соған қарамастан ешбір апат белгілері байқалмады. Спутниктік түсірілімдерде теңіз бетінде қалқып жүрген объектілер байқалған бірнеше жағдайда бұл заттар әуе кемесінің қалдықтары шығар деген үміт оты жарқ ете қалған. Бірақ үміт ақталмады. Себебі ол заттардың барлығы тұрмыстық қалдық болып шықты: жүк контейнерлерінің сынған бөліктері, иесіз қалған балық аулау құралдары мен пластик пакеттер.

Сиэтл қаласындағы Жер және ғарыш зерттеу институтының ғалымы әрі президенті Катлин Дохан бұл сұмдықтан бір мүмкіндік көреді: ғарыштан түсірілген суреттер ұзақ уақыт бойы назарға алынбай келген мәселені алға шығарды. «Бұл мәселеге бүкіл әлемнің көз тігуі алғаш рет, – дейді ол маған, – мұхиттарымыз қоқыс полигонына айналғанын адамдардың түсінгені жақсы».

Пластик қалдықтар проблемасының ең қуанышты тұсы шынайы ден қойылған талпыныстар пайда болғанында. 2014 жылдан бергі жақсы жаңалықтардың жартылай тізіміне мыналар жатар еді: Кения полиэтилен пакеттер өндірісіне тыйым салған елдер тізіміне қосылды. Мұнда бұл үшін көп мөлшерде айыппұл салынады, тіпті түрмеге де қамалу ықтималдығы жоғары. Франция 2020 жылға таман пластик тәрелкелер мен кеселерге тыйым салатынын жариялады. Биыл АҚШ-та, Канада, Ұлыбританияда және тағы төрт елде косметикалық өнімдердегі микротүйіршіктерге (эксфолианттар) тыйым салынатын талаптар өз күшіне енбек. Ондай заттар біртіндеп өндірістен шығарыла бермекші.

Recology компаниясының Сан-Францискодағы ең ірі қалдық өңдеу зауыты тәулігіне 450-550 метрикалық тонна қалдық өңдейді.

Корпорациялар көпшіліктің пікірімен санаса бастады. Dasani маркалы сусын шығаратын Coca-Cola компаниясы 2030 жылға таман өзінен қалатын қалдықтың 100 пайызына теңесетін мөлшерде пластик қоқыс жинап, өңдеуі туралы мақсатын жариялады. Ол және басқа да трансұлттық компаниялар, соның ішінде PepsiCo, Amcor және Unilever 2025 жылға дейін 100 пайыз қайта пайдалануға болатын, қайта өңделетін және биоыдырауға жататын орамаға көшетіндерін мәлімдеді. Ал Johnson & Johnson компаниясы өзінің мақталы таяқшаларында пластик таяқшадан қайтадан қағаз түріне ауыстыратындарын айтты.

Осы шаралардың барлығы белгілі бір мөлшерде көмектеседі, тіпті пайдасыз көрінсе де, жағажайларды тазалаудың өзі шешімге ықпал етеді. Ширек ғасыр бұрын жағажайды тазалаудан Ричард Томпсон пластик проблемасына назар аударды. Бірақ қазір оның ойынша, алдымен пластиктің мұхитқа ағуына жол бермеу, артынша осы «ғажайып» затқа деген жалпы ойымызды қайта електен өткізуіміз керектігі. «Біз пластикті пайдаға асыру үшін көп маңдай тер төктік, бірақ оның қолданылу мерзімі біткенде не болатынына аса бас қатырған да жоқпыз, – дейді ол, – мен пластик біздің жауымыз демеймін, бірақ мәселені шешуге көмектесу үшін өндірістің атқара алатын нәрсесі жетерлік».

Егер өз еркімен бет бұрса не мәжбүр қылса, бұл саладағы өндіріс орындарының екі іргелі жолы бар. Джамбек сияқты ғалымдармен бірге биоыдырауға қолайлы әрі қайта пайдалануға болатын жаңа пластик өнімдерін шығаруға болады. «Бәрі тартымды жауап іздейді, – дейді ол, – ақиқаты сол, бізге бір нәрсе ғана керек: қоқысты жинау. Мен жұмыс істейтін елдердің көбінде ол тіпті көшелерде сыпырылмай жатады. Бізге қоқыс жинайтын көліктер керек және сол қалдықтар жер-көкке тарыдай шашылып кетпей тұрғанда жүйелі түрде жинап алып тұру және жиналған заттар қысқа мерзім ішінде өздігінен жойылып кетіп тұруы қажет деген ұғымды сіңіруіміз керек».

Nestlé Waters компаниясының мәлімдеуінше, олар 1994 жылдан бері жарты литрлік пластик бөтелкелерді 62 пайызға азайтқан. Мэн штатының Холлис қаласындағы Poland Spring зауыты – компания­ның Солтүстік Америкадағы ең ірі нысаны.

Өнеркәсіптің көмек көрсете алатын екінші жолы қандай? Ол – осы мақсатқа қажетті қаражатты бөле алатындығы. Зиглер дүниежүзі бойынша өндірілетін пластик резіңкенің әр килограмы үшін екі АҚШ центі мөлшерінде салық енгізуді ұсынады. Осы салықтан жылына 6 миллиард АҚШ доллар түседі. Бұл қаражатты дамушы елдердегі қоқыс жинау жүйесіне бөлуге болар еді. Алайда ол идея қолдау таппады. 2017 жылдың күзінде бір топ ғалым жаһандық қор концепциясын қайта «тірілтті». Бұл топ климат жөніндегі Париж келісіміне негізделген халықаралық келісімшарт жасауды ұсынды.

Желтоқсан айында өткен Найроби жиынында АҚШ-ты қосқанда 193 мемлекет осындай келісімшартқа қол қойды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Таза теңіздер келісімі пластикке салық салуды қарастырмайды, тараптар қандай да бір мәселеге қатысты міндеттеме де алмайды. Бұл жай ғана жақсы ниеттің бастамасы болса керек. Бұл ниет – мұхиттардың ластануын тоқтату. Оның Париж келісіміне ұқсамағанымен, Рио-де-Жанейро декларация­сына сәйкес келетін тұсы аз емес. Ол келісімшарт бойынша тараптар 1992 жылы қауіпті климат өзгерісімен күресу туралы өзара уәделескен-тұғын. Норвегияның Қоршаған ортаны қорғау министрі Видар Хельгесен осы жаңа келісімді осы кезеңге лайықталған алғашқы қадам деп бағалады.

Автор: Лаура Паркер, фото: Рэнди Олсон


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0
       

Пікір жазу

Кіру
*
*



Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз