.

Көрмеден кейінгі кешен

Тәуелсіздік жылдарында еліміз қолға алған аса ірі жобалардың бірі – «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі болды. Ел қазынасынан қыруар қаражат жұмсалып жатқандықтан мегажобаға алғашында сын көзімен қарағандар қатары аз болмады. Бірақ үмітпен күткендер одан да көп еді. Енді, міне, уақыт өткен сайын бұл таңдаудың дұрыстығы айқын көрініп келеді.

Біріншіден, заманауи үлгідегі тұтастай бір шағын аудан салынды. Екіншіден, отандық зерттеушілер мен ғалымдардың пікір алмасу алаңы пайда болды, жаңа жұмыс орындары ашылды, т.б. «Болғанынан боладысы қызық» істің айналасында айтылған гу-гу әңгіме көрме өткен соң сап тыйылғандай. Оқырмандарды Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесінің мұрасы мен нысандарын көрмеден кейін пайдалану жұмысымен таныстыру мақсатында бүгін біз аталмыш кешенге вижуалды шолу-саяхат жасауды жөн көрдік.

Кейде бұл ғимараттар көзді ашып-жұмғанша орнай қалған секілденеді. Тарихи өлшеммен алғанда ол солай да шығар, бәлкім? Кешен құрылысына қатысқан 408 отандық кәсіпорын 2 жылдан астам уақыт бойы күндіз-түні тынбай еңбектенді. Тіпті Астананың -55 градустық аязы да көздеген мақсатқа жетуге кедергі бола алмады.

«Халықаралық көрмелер бюросы» (ХКБ) тұрақты түрде ұйымдастыратын ЭКСПО көрмелері – адамзат дамуына өлшеусіз үлес қосып жатқан ғаламдық шара. Лифт, тігін машинасы, телеграф, электр жарығы, тоңазытқыш, робот, т.б. толып жатқан адам ақыл-ойының игіліктері – осы көрмелердің нәтижесі.

Аталмыш көрмені Астанада өткізу идеясы, шын мәнінде, үлкен тәуекелге бел буу еді. Таңғажайып ойластырылған жоба ел болашағы үшін өте қажет болды. Бұл – тек әдемі ғимараттардың шоғыры емес, стартап жобалардың серпін алатын жері. Сырт көзге бірден байқалмағанымен, ішіне кірсеңіз, қайнаған қызу жұмыстың үстінен түсесіз. Жыл басынан бері бас ғимарат – «Нұр Әлем» сферасын 250 мыңнан астам адам тамашалап үлгеріпті. Күніне орта есеппен 2000 адам келеді екен.

ЭКСПО-2017 көрмесінің еліміз үшін берері көп дедік. Бәлкім, бұл тұжырымның растығын уақыт шығыршығы айналған сайын сезіне түсетін болармыз.

«Нұр Әлем» – 8 қабаттан тұратын сфера тәріздес бірегей кешен. Ол көрме аяқталғаннан бері «Бола-шақ энергиясы» мұражайы ретінде жұмыс істеп келеді. Оны күніне орта есеппен 2000 адам тамаша-лайды. Шыны ғимараттың диаметрі – 80, биіктігі – 100 метр.

 

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ айтуынша, бүгінде көрме мұрасы болып табылатын осынау бірегей нысандарға Астананың ғана емес, шалғай облыстардың оқушылары мен студенттері үшін де білім турлары тұрақты ұйымдастырылған. Ондағы мақсат – жас буынның жаратылыстану пәндеріне деген қызығушылығын арттыру. Осылайша, жыл басынан бері «Нұр Әлемді» өңірлерден 65 мыңнан астам оқушы мен 10 мыңнан астам студент келіп көрген екен. Кім білсін, бәлкім, олардың арасында болашақ Энштейндер жүрген болар!?

0

Publication author

offline 2 күн

Айбек

0
Comments: 3Publics: 710Registration: 01-10-2016
       

Пікір жазу

Кіру
*
*
Тіркелу
*
*
*
*
Password generation