.

Ол – акула қорғаны

Крамп Кук аралдарының ең ірі «Раротонганың» маңында суға сүңгуде.

Акуланы аулауға тыйым салуды қолдайтын д.крамптың көкейіндегі сауал: акулаларды заңмен қорғау мүмкін бе?

Кеме айлағына келген олардың қолы сары желбезекті тунаның ішек-қарнымен былғанған. Конини Ронго мен Белла Смит әлемнің ең ірі акула қорығында өмір сүруге енді бейімделгендей.

Кук аралдарындағы 15 порттың ең ірісі – «Раротонгада» 17 жастағы екі қыз балық аулайтын бірқатар қайықтардың маңында ет ұсақтауда. Олар америкалық биолог Джессика Крампқа акула­ларды түсіру үшін суасты камераларын орнатуға көмектесуге ерікті ретінде келген. Ал Крамп оларға шамамен екі миллион шаршы шақырым қорғалатын аймақтың тарихын баяндап жатыр. Крамптың жұмысын National Geographic пен Rolex қолдап отыр.

2011 жылы Крамп рифтері акулаларға толы оңтүстік Тынық аралдарына қоныс аударған. 18 айдан соң Кук аралының ерекше қорғалатын экономикалық аймағында акуланың өзін не етін сатумен, болмаса, тасымалдаумен ұсталған кез келген кемеге ең кемі 73 мың АҚШ доллары мөлшерінде айыппұл салатын заң шықты.

Қазір Крамп қимыл-қозғалыстарын бақылау үшін 28 акулаға спутниктік ен салуды жоспарлау­­да. Оларды қорғау жобасын жүзеге асыру үшін Крамп су бөрілерінің қайда және қаншылықты алысқа жүзетінін анықтауға ниетті.

Кемеде Крамп жасөспірімдерді жұмыспен таныстырып, оларды мұхит табанына апаратын GoPro камерасы мен жемнің ұзын таяқ-құрылғыға қалай ілінетінін, GPS координаттарды қалай тіркеу керектігін түсіндіріп жатыр. Акулаларды белгілейтін зерттеу жобасы бойынша ол мақұлықты қармаққа түсіріп, арқа қанатын тіліп, спутниктік ен енгізетіндерін айтты. Мұны естігенде қыздардың көздері шарасынан шыға жаздады.

«Бұл әрекетіміз қатыгез көрінгенімен, оларды осылай ғана қорғай аламыз, – дейді Крамп. – Акула­ларды зерттеуіміздің бір себебі – олардың құрып бара жатқанында. Кук аралындағы заңның қаншалықты тиімді екенін анықтау керек».

Су ресурстары министрлігінде коммерциялық балық шаруашылығы мәселелерін басқарған Джош Митчельдің айтуынша, қорық ашылғанға дейін кез келген кеме күніне кемі бес-алты акуланы ұстап әкететін. Әдетте, заңсыз аулаушыларды анықтау қиынға соқпайды. Өйткені акула терісінен шығатын аммиак иісін жасыру мүмкін емес.

Джессика Крамп Кук аралдары айналасында қорық ашуға үлес қосқанға дейін өлтірілетін мақұлық арасында мына Жібек акулалары да бар еді.

Митчельдің айтуынша, 2012 жылы «Нөлдік толеранттық» заңы қабылданғаннан кейін бұрынғы инспекторлар қызметтен босатылды. Содан бері төрт кеме айыппұл ретінде 247 мың доллар төлеген.

Бірде Крампқа университетіндегі профессоры ең мықты ғалымдардың, әдетте, өздері шығарған теорияларды теріске шығаруға бар өмірін арнайтындарын айтқан екен. Крамп жобасына қажетті деректерді үш жыл жинады. Ол бұл ақпардың табиғат жанашырлары мен заң шығарушы органдарға тиімді тетіктер табуға сеп болады деп үміттенеді. «Мен акулалардың қорықтарда да қырылып жатқанын білемін, – дейді Крамп, – заң тиімсіз болса, марапат пен импульстың құны бір тиын».

Заңдардың мінсіз болғанының өзінде бірлі-жарым кемшіліксіз тағы болмайтынын ол түсінеді. Қорғалған аумаққа тек медициналық көмек сұрауға ғана кірген деген желеумен кейбір акула бөліктерін артқан кемелерге айыппұл салынбаған екен.

Кук аралының халқы үшін акулалар taura atua, яғни жан-жануардың күзетшісі саналып келген. Алайда заманауи пайдакүнем балықшылар үшін ол бәсекелестік құралына айналып кеткен.

Камераны суға түсірмес бұрын Крамп портқа тоқтап, жемдерді қарап шығады. Үстел басына жиналған бір топ балықшыдан ол: «Жігіттер, бүгін қармақтарыңа бірдеңе ілінді ме? – деп сұрайды. – Акула аулағандар бар ма?» Екі сұраққа да «жоқ» деген жауап естиді. «Неге өтірік айтасың?» – деп қанжығасы майланған бірақ түк білмегендей мүләйімсіп отырған жігітті бас салды.

Крамптың бұл портта әжептеуір абыройы бар. Балықшылар оны «акула ханым» деп атайды. Ол балықшыға акула өлтірудің салдары туралы көп түсіндіріп жатпайды, енді ұмытпастай ұрысып кетеді. Өйтпесе ол өзін кінәлі сезінеді.

Кеме діттеген орынға келіп, GoPro камералары қайтадан шығарылды. Бірақ Крамптың жас көмекшілері маңайдан акуланы көре алмады. Келесі күні олар GoPro камерасын қосып қарағанда Крамп қарайған бірдеңені байқайды. Бұл – акула! Барлығы қуаныштан қол алысып жатты. «Бұл камераны суға мен тастаған болатынмын», – деп Ронго мақтанды.

Жоғары сынып оқушылары – Ронго мен Смит теңіз биологиясы мамандығы бойынша жоғары оқу орнына тапсыруды жоспарлауда. «Кеңседе жұмыс істегенше, акула ханымы болғым келеді, – дейді Смит.  – Осындай атау маған жарасып-ақ кетер еді».

Авторы: Нина Строчлик, фото: Энди Манн


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу