.

Биігірек, ақылдырақ, жылдамырақ

Олимпиада чемпиондығынан үміткер Майкл Эндрю әкесі әрі бапкері Питермен бірге Лоуренстегі (Канзас) үйінде орналасқан бассейнде жаттығып жүр. Оның бағдарламасы дәстүрлі жаттығуға сай келмейді.

Технология мен ғылым арқасында саңлақтар рекорд жаңартып, жаңа белесті бағындыруда. Адам мүмкіндіктерінің шегі бар ма?

Уашингтон балетінің мүшесі, 25 жастағы Эсмиана Джани секілді классикалық балет бишілерінің тобығы мен тізесіне орасан зор күш түседі. Олар аяғының ұшынан бастап санына дейінгі бұлшық етке массаж жасайтын үрленген аяқкиімді пайдаланады.

Әр заманның атлеттері біздің қиялымызда ғана жарысады: Усейн Болт пен Джесси Оуэнс.

Болт XXI ғасыр жолағында тұр. 100 метрге жайылған тегіс, тайғанамайтын резина жабын жолағы жүгіргенде лезде аяққа күш қайтаруға бейімделген.

Оуэнс тұрған Екінші дүниежүзілік соғыс алдындағы тегіс төселмеген күлден тұратын жұмсақ жабын жолағы, шындығында, жүгіргенде аяғындағы бүкіл күшті сарқып алады.

Олимпиаданың сегіз алтынын жеңіп алған, 100 және 200 метрге жүгіруден әлем рекордын он жылға жуық ұстап тұрған аты аңызға айналған ямайкалық желаяқ Болт жоғары технологиялы жабында жүгіруге арналып жасалған жеңіл аяқкиім киген. Жарысқа толы бүкіл өмірінде ол ешкім көрмеген ең үздік жаттығулар жасады. Жарыстарға реактивтік ұшақпен барады. Оның денсаулыққа пайдалы тамақ әзірлейтін жеке аспазы бар. Әр спортқа стероид түрлері дендеп енген уақытта ол биіктен көрінді. Ол ешқашан допингпен ұсталған емес, бірақ онымен қатарлас көптеген Олимпиаданың үздігі күдікке ілінді. Болт командалас әріптесінің қанынан допинг табылғандықтан, 2008 жылғы Олимпиада эстафетасы құрамында жеңіп алған алтынынан айырылды.

Каммингстің дене тұрқы мен техникасы басқа қарсыластарынан оқ бойы озық. Ол басқа ауыр атлеттерге қарағанда зілтемірді жедел серпіп, оны көтеру барысында сол жылдамдығын сақтап қалады. Джорджия Оңтүстік университетінде жұмыс істеп тұрған шағында Боб Лефави Каммингстің биомеханикасына талдау жүргізген болатын. Лефавидің айтуынша, әлі жас Каммингс өзінің толыққанды деңгейіне 25-30 жас аралығында жетуі тиіс.

Оуэнс жүгіруге арналған былғары аяқкиім киген. Ол 1936 жылғы Олимпиадада 100 метр қашықтықты 10,3 секундта бағындырып, Берлиндегі төрт алтынның біреуін жеңіп алған болатын. Болт озық үлгідегі сөре қалыбынан тез жылдамдық алуға мүмкіндігі бар, бірақ Оуэнс бақша қалағы арқылы өзінің «сөре қалыбын» күлден қазуға мәжбүр.

Оуэнс нәсілге бөлінген Америкада туып, заманауи атлеттерде бар жеңілдіктердің кейбіріне ғана қол жеткізді. Берлинге жету үшін онымен бірге басқа да АҚШ спортшыларына бірнеше күн бойы лайнермен Атлант мұхитын жүзіп өтуге тура келді.

2009 жылы 100 метрді 9,58 секундта жүгіріп өтіп, рекорд орнатқан әрі былтыр спортпен қош айтысқан Болт әлі күнге әлемдегі ең жылдам адам саналады. Бірақ ол Оуэнс секілді бұрынғы үздік желаяқтармен салыстырғанда қаншалықты жылдам?

«Мондотрэк» синтетикалық жабын үстінде 2009 жылы 100 метрге жүгіруде әлем рекордын орнатқан Усейн Болттың аяқкиімі тұр. Мұндай төсеніш желаяқ күшін еселеп, жылдамдығын арттырады.

Қабілетті арттыратын дәрілер туралы сұрақтарды ысырып қойғанда, біз жылдамдыққа, биіктікке және алысқа бағытталған қалауымызға қаншалықты жақындадық? Сондай-ақ технология мен жаңа жаттығу тәсілдері адам қабілеті шектеулерін ысыруға қаншалықты көмектесетіні туралы не үйренудеміз?

Спорт журналисі Дэвид Эпстейннің 2014 жылғы TedTalk лекцияларына қосылған көрсетілімінде Оуэнс егер заманауи жабында жүгіргенде оның 100 метрдегі ең үздік көрсеткіші (10,2 секунд), яғни 1936 жылғы Олимпиадада бағындырған межесі, Болттың 2013 жылғы Әлем чемпионатында 100 метрде қол жеткізген уақытынан (9,77 секунд) бір адым артта тұратын еді.

Джесси Оуэнс 1936 жылы 100 метрлік қашықтықты 10,3 секундта бағындырған болатын. 2016 жылғы суреттегі Усейн Болт бұл қашықтықта рекорд орнатып, 9,58 секундта жүгіріп өтті.

Оуэнстың тарихи жеңісіне 80 жыл толғанда жаттығу, сынақ, әдіс, киім мен жабдықтардың дамуы спортшылардың жақсырақ, жылдамырақ, күштірек және нақтырақ болуына көмектесті. Алайда зерттеушілер адам қабілетінің шегіне әлі жетпегенімізге сенімді.

Питер Вейанд – Далластағы (Техас штаты) Оңтүстік Методист университетінің Locomotor Performance зертханасын басқарады және жылдамдыққа жүгіру биомеханикасы жөніндегі әлемдегі үздік сарапшының бірі. Оның айтуынша, 100 және 200 метрлікке және марафонға жүгіру уақытын айтарлықтай жетілдірудің ықтималдығы бар. Оның зертханасы желаяқтардың әдістерін зерттеу үшін жоғары жылдамдықты видеоталдау әдісін қолданып, олардың тиімдірек әрі жылдамырақ жүгіру тәсілдерін анықтайды. Вейанд – ұлыбританиялық спорт ғалымы Яннис Питсиладис жүргізетін топтың мүшесі. Питсиладис тобы екі сағаттық марафон уақытын азайтуға ниетті (2017 жылы Найктың талпынысы сәл жетпей қалды). Атлеттердің рекордты бұзуына көмектесу үшін зерттеушілер физиология, тамақтану, биомеханика, медициналық көмек, шынайы уақыттағы бақылау және жаттықтыру секілді маңызды мәселелерге көңіл бөледі. Вейандтың айтуынша, мұндай ғылыми білім түрі қабілетті жетілдіруге мүмкіндік береді.

Спортшыларға заңды түрде қабілеттің шегінен шығуға көмектесу үшін ғалымдар жаңа әдістер мен жабдықтар арқылы тәжірибе жүргізуде, көрсеткіштерді жаңаша жолмен есептеуде және атлеттердің тамақтануы мен физикалық-психологиялық саулығын қадағалауда.

Жаттығу кезінде 28 жастағы Тэйлор Флетчер мен АҚШ шаңғы командасының басқа мүшелері ми қыртысының жобалаушы бөлігін электрлі түрде күшейтетін құлаққап киеді. Миға арнайы дем беру еске сақтау қабілетін жақсартып, атлетті шаршаудан арылтады.

Сүйікті футбол командаңыздың ойыншысы берген таңғажайып пас па? Оның бастауы Footbonaut деп аталатын жаттықтырғыш машинадан бастау алған болуы мүмкін. Ол футбол добын түрлі жылдамдықта және ритммен лақтырып, ойыншыны допты бақылауға және машинадағы ашық нысанаға тигізуге баулиды.

Сүйікті бейсбол питчеріңіз лақтырған ұршықтай иірілген доп ше? Елу жыл бұрын бапкерлер питчердің қалай лақтырғанын жай көзбен бақылайтын. Қазіргі таңда жаттықтыру аралас тәсілге сүйенеді: мұнда видео мен статистиканы үлкен экраннан, ұялы телефоннан, планшеттен немесе ноутбуктан шолуға болады және ескі тәсіл – түйсік бойынша лақтыру да есепке алынады әрі бапкерлер берілген доптың жылдамдығын сол сәтте-ақ анықтай алады.

Адам қабілеті туралы бұл пікірталаста аса сақ болған абзал. Біз өз көзімізге сенеміз бе? 1988 жылы канадалық Бен Джонсонның 100 метрліктегі әлем рекордына таңдай қаққан едік, алайда оның қанынан допинг табылып, ол алтын медалінен айырылған бойда Сеулдегі жазғы Олимпиададан шеттетілген. Спорттағы стероид дәуірі 30 жылдан кейін күшейе түсті: АҚШ велошабандозы Лэнс Армстронг, АҚШ жеңіл атлеті Марион Джонс, Ресей Олимпиада делегациясы. Тәртіп бұзушылардың тізімі жалғаса береді.

Әйтсе де, спорттық технологияның жақсы тұстарына да көңіл бөлейік. Мәселен, ол Паралимпиада атлеттерінің жаттығуына жағдай жасады.

Көз жанары солыңқы шаңғышы Данэлле Умстед үш мәрте Паралимпиада қатысушысы және спортшылар сағатына 110 километр жылдамдықпен жүретін спорттың үш дүркін қола жүлдегері. Ол көмекші-жетекшімен бірге аэродиномикамен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін туннельде жаттықты. Жарыс барысында әріптесінің артынан еріп, радиобайланыс арқылы бір-бірімен ақпарат алмасып отырды. Туннельде жаттығу оның тәсілін әлдеқайда жылдамдатып, жетілдірумен болды.

Осы орайда, бапкерлер мен спортшылар ұзақ уақыт қалыптасқан жаттығуға деген көзқарасын қайта ой елегінен өткізуге мәжбүр.

Паралимпиалық желаяқ Джаррид Уалластың биомеханикасы Далластағы (Техас) Оңтүстік методикалық университетінде сарапталып жатыр. Төрт өлшем рекордының иегері, бұлшық етінің бұзылуы кесірінен оң аяғы тізесінен төмен кесілген.

19 жастағы Майкл Эндрю – АҚШ-тың жүзу тарихындағы әр жастағы ұлттық рекордтарды ең көп жаңартқан спортшы және 22 ұлттық рекордтың иегері. Ал оның әкесі әрі бапкері Питер «Ультра-қысқа жарыс-қарқын жаттығуы» (USRPT) деп аталатын дәстүрлі емес жаттығу тәсіліне жүгінеді. Эндрю қысқа қашықтықты жоғары жылдамдықпен жүзіп өтіп, денесі мен миын жарыс қарқынымен тұрақты жүзуге бейімдейді. Дәстүрлі әдіс бойынша элиталық жүзгіштер төзімділікті ұзақ қашықтыққа баяу қарқынмен жүзуге баулитын жаттықтырулар арқылы қалыптас­тырады. Көп талқыланған тәсіл Эндрюдің 2020 жылғы Олимпиада чемпиондығына үміткер атануына мүмкіндік беріп, АҚШ-тағы және шартараптағы үздік жүзу бапкерлерінің назарын аударды.

«Не істесек те, бәрі ғылымға негізделген. Бассейндегі жаттығуды тіркеп отыратын дерекқор бар, – дейді Эндрю, – біздің миымыз бен денеміз компьютер секілді сол әрекеттерді кодтап отырады. Жылдам жүзуге талпынып жүріп, баяу жаттығу ақылға қонбайды».

Қашықтыққа жүзгіш америкалық Кэти Ледеки таяуда Стэнфорд университеті командасынан кетіп, кәсіби спортпен шұғылданатынын мәлімдеді. Ол жаттығулары дәстүрлі әдістерге жақынырақ. Бірақ 21 жастағы Ледеки спорт ғылымын әлемдегі ең үздік фристайлшылардың бірі болуға қолданды. Бес дүркін Олимпиада чемпионы, 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода (Бразилия) екі рекорд орнатқан ол өзінің тамақтануы мен қан қысымы туралы деректерге ыждағаттылықпен мән беріп, қолы мен алақанының қозғалысын жетілдіру жолын іздеу үшін өзінің жаттығуы мен жарыстарының видеосын зерттейді. Ледекидің жетістігі оның жұмыс этикасымен жиі байланыстырылады. Оның негізгі құпиясы құлаштап жүзудің ең тиімді түрлерінің бірін қолдануында болса керек.

Алайда Ледекиді 2016 жылғы Олимпиадаға жаттықтырған Брюс Геммеллдің айтуынша, егер Кэтидің ынта-жігері жоғары болмағанда оның ешқайсысы әсер етпес еді. Рио Олимпиадасынан үш жыл бұрын Ледекидің апталық жүктемесі әдетте шамамен 55 мыңнан 60 мың метрге дейін жетіп, алты күнге созылған тоғыз жаттығудан тұратын. «Мен Кэтиді жаттықтыру туралы баяндамалар жасаймын, – дейді Геммелл, – бір күні мен бір-ақ слайд көрсетіп: «Кэти бар күшімен жаттығады және ол шегедей шымыр. Сұрақ бар ма?» – деп сұрағым келеді».

Сол жаттығулардың ішіндегі екі нәрсе Ледеки үшін Риода маңызды болды. Ол өзінің жарыстарының басталуына, бассейнге қалай сүңгитініне назар аударуды қалады. Спринтерлер үшін мұндай көңіл бөлу маңызды роль ойнайды. Секундтың жүзден бөлігі арқылы шешілетін жарыстарда секундтың әр оннан бірі маңызды.

Көру қабілеті нашар шаңғышы, 46 жастағы Данэлле Умстед алдында сырғанап бара жатқан көмекші-жетекшімен бірге аэродиномикалық туннельде жаттығады. Олар 110 шақырым жылдамдыққа дейін сырғанай алады.

Бірақ Ледеки қашықтыққа жүзгіш және қарсыластарынан әлдеқайда ерте финишке жетуімен танымал. «Ол өзінің сөреден шығуының видеоларын зерттеп, секундтың оннан бір бөлігін ұтудан үміттенді», – дейді Геммелл. Ледекидің екінші жаттығуға көңіл бөлуі 200 метрлік фристайлдағы мәреге қатысты. Геммеллдің айтуынша, жаттығу кезінде ол бірнеше айналымды аяқтар тұста кенеттен қарқынын арттырып, аяқтарын қатты-қатты сілтеп, соңғы 15 метрге жуық қашықтықты жоғары жылдамдықпен жүзіп өтеді.

Осындай ең зеріктіретін жұмыстың арасында ол мұндай тәсілді аптасына – екі-үш рет, 15 минуттан жарты сағатқа дейін жасап, әр жаттығуды сондай жолмен аяқтайтын.

Риодағы 200 метрлік фристайлға көшейік. Бұл Кэтидің ең қысқа жеке жарысы болғандықтан, жақын қашықтықпен аяқталатын. Ол осыншалықты қысқа қашықтықта – бассейнді төрт рет айналып шығу кезінде басқа жүзгіштерді айтарлықтай артқа тастай алмайтын. Ол өзінің финиші ең маңызды екенін білді. Күткендегідей, жүзгіштер 200 метрліктің финалында финишке жақындағанда, Ледекидің басты қарсыласы швециялық Сара Шестрем жылдам жүзіп, Ледекиді қуып жетіп, соңғы 15 метрде қатар жетті. Сол сәтте Шестрем өз мүмкіндігін пайдаланып, жеңетіндей көрінді.

Бірақ Ледеки ұтылған жоқ. Неге? Оның бәрі жарыстың соңына мән берген жаттығуға байланысты. «Сара қуып жеткенде Кэтидің мұндай жарыста қалай аяқтағанын мыңнан аса мәрте тамашалағанымды еске түсіріп, қолын жарға бірінші тигізетінін ойладым», – дейді бапкері.

Ол жеңіске жетті. «Риодағы қысым жағдайында оның асуды бағындырғаны таңғаларлық жайт емес. Ол жаттығу кезінде мұны қайта-қайта жасағанын жақсы білді», – дейді Геммелл.

Ледекидің Риодағы жалпы көрсеткіші – тарих кітаптарына енетін оқиға! Оған себеп үш жыл бұрын – Кэти 800 метрлік фристайл­­да әлем рекордын жаңартқаннан кейін кірісіп кеткен еді. Олар 2016 жылы 400 бен 800 метрлік фристайлда қаншалықты тез жүзуді қалайтынын талқылап, Ледеки мақсатын жаттығу кезінде қолданатын қалтқыға жазып, әлемді шарлағанда өзімен бірге алып жүрді. Оның 800 метрлік фристайлдағы әлемдік рекордының уақыты 8:13.86-ға тең. Ал Ледекидің межесі ше? Ол 8:05. Бұл ақылға қонымсыз көрінді. Өзі жасаған әлемдік рекордты жаңарту – бір бөлек, бірақ оны 9 секундтай ерте мерзімде аяқтау ше?

Содан кейінгі үш жыл ішінде Ледеки 800 метрлік фристайлдағы өзі жасаған әлем рекордын жаңартумен болды. 2016 жылдың басында ол рекордын 8 минут 06.68 секундқа дейін түсірді. Риода айды аспаннан бір-ақ шығарып, жаңа әлем рекордын орнатты – 8:04.79.

Бұған Геммелл таңғалып: «Егер межені 8 минутқа белгілесек ше? Қабілеттің шегі қай жер екенін білмейміз. Риодан үш жыл бұрын ешкім естімеген рекордты мақсат етіп қойдық. Кэти оны бағындырған соң, мына сұрақтан ойымды арылта алмадым: «Неге меже уақытын қызқартып қоймағанымызды білмедік» – дейді.

2016 жылғы Олимпиадада төрт алтын мен бір күміс медаль жеңіп алған, рекор құмар спортшы Кэти Ледеки қолда бар заманауи технологиялық ресурстарды кеңінен пайдаланады. Америкалық жүзгіш тек инновациялық құрал-жабдықтарды пайдалануымен ғана емес, сондай-ақ өзінің өршілдігі мен ерен еңбегі, үздік атануға еген құлшынысы мен қайтпас қайсар мінезімен танымал.

Қазіргі таңда Ледеки мен басқа үздік атлеттер өз дәуірінің спортқа әкелген жетістіктерінің қызығын көріп жүр. 1972 жылғы Олимпиадаға қатысқан жүзгіш Март Спитцтің фотосына қараңыз айырмашылықты көресіз: қорғаныс көзілдірігі, телпек, заманауи жетістік және су кіргізбейтін киімдердің ешқайсысы жоқ. Тіпті оның мұрты бар. Ол уақытта бассейнде жетілдірілген суағар жүйесі мен толқынды басатын жолақ арқандары жоқ болатын. Бүгінде ондай арқандарды жарыс бассейндерде жақында жүзетін спортшылардың шолпылын азайту мақсатында қолданады. Мұның бәрі Спитц­тің жылдамдығын төмендетті, бірақ сол уақытта мұны білгеніміз жоқ. Сөйте тұра ол 1972 жылы 7 алтын медаль жеңіп алды.

Денсаулық ғылымы содан бері жүзгіштер буынының өмірінде үлкен роль ойнады. Геммелл бізге Ледекидің тобығындағы болмашы жарақат туралы оқиғаны баяндап берді. Риодан санаулы ай бұрын ғана, 2016 жылы көктем айларының соңында АҚШ Олимпиадалық жаттығу орталығында дайындалып жүргенде ол жарақат алып қалған еді.

«Екі сағат ішінде екі дәрігердің пікірін алдық, ультрадыбыстың нәтижесін білдік, денені оңалтушы, күш пен қалыпқа келтіру жөніндегі жаттықтырушы, жүзу бапкері өзім және деректермен танысқан тағы үш адам бар, өзара кеңес құрып, жоспар дайындап шығардық».

АҚШ Олимпиада комитетінің спорттық көрсеткіштер жөніндегі басшысы Алан Эшлидің айтуынша, қабілет шектеулерін бұзудың кілті атлеттердің денсаулығын мықты етумен байланысты. «Егер олар аман-есен болса, қалғанының бәрі орындалады», – дейді.

1960 жылдардың соңына таман мәнерлеп сырғанаушы Одри Кинг Вайзигер бірінші жылы АҚШ-тың әйелдер арасындағы бастапқы дивизионында үшінші болды және келесі жылы жасөспірімдер бәсекесін де үшінші аяқтады. Ол биікке және жылдам секіруді үйренді, бірақ оның сыры бұл дұрыс тәсіл болғандығында емес. Вирджиниядағы Фоллс-Черч айдыны үлкен емес, қалыпты сырғанау алаңының үштен біріндей еді. «Егер алысқа кетіп қалсам, қабырғаға соғылатын едім», – дейді ол.

Кейде спорттағы прогресс – атлеттің жарысқа жігерінің қарапайым нәтижесі. Маған 1991 жылы Токиодағы Ұлттық стадионда өткен жеңіл атлетикадан әлем чемпионатындағы секіру сұмдық көрінген. Бір сағаттан астам уақыт бойы әлемнің ең үздік алысқа секірушілерін тамашалап отырғанмын, ал америкалық Майк Пауэллдің ұмтылысы тым өзгеше болды. Технология өз көзіммен көргенді қуаттайды, бірақ оны әлдеқашан білгенмін. Олимпиада спортындағы аңызға айналған, 23 жыл бойы сақталған, бұзу мүмкін емес көрінген жекелей рекорд жаңарды.

Қашықтыққа жарысу – Кенияда дәстүрге айналған. Кениялық ерлер марафондағы ең жылдам 10 уақыт көрсеткішінің тоғызын иеленеді. Әйелдер арасындағы үздік он уақыт көрсеткішінің төртеуі кениялықтарға тиесілі.

Спорттық әлеуеттің жетілуіне таңғалуым сол жылдың тамыз кешінде басталды демеймін, бірақ менің ынтамды оятқаны анық. Күнделікті өмірімізде бес сантиметрдің ары-берісінің маңызы жоқ секілді көрінеді, бірақ бұл – 1968 жылы Мехикодағы Олимпиадада қойылған Боб Бимонның межелі секірісі 8,90 метр мен сол бір Токиодағы түндегі Пауэллдің секірген 8,95 метр арасындағы айырмашылық.

Содан бері қанша жыл өтсе де, аталған сәт мені әлі таңғалдырады. Неге? Жеңіл атлетика секілді спорт түрлері күл жолағынан синтетикалық жабынға, қарапайым кебістен атақты компаниялар бір-бірінен асып түсу үшін жасаған аяқкиімге дейін дамып, ғылым, компьютер және үздік ойшылдар адамның жылдамырақ, биігірек және күштірек болуына көмектесуге талпынып жатқан сәтте рекорд бұзу үдерісі әлі де бір ғана спортшының ынта-жігеріне тікелей байланысты. Қазіргі таңда спортта ғалымдар, бапкерлер және прогресті сараптау арқылы есептейтін атлеттер толы. Бірақ сол бір түні адам қабілетінің деңгейін көрсеткен адам табылды. Ол – Майк Пауэлл.

Спорт тарихын жазудың тасасындағы оқиға кейде, расында, соншалықты маңызды емес. Бұндайда бір спортшы басқа атлеттің жетістігіне ашуланып, оны жеңуді қалайды.

Таяуда сол сәтті еске түсіру үшін Оңтүстік Калифорнияда Пауэллге қоңырау шалдым. Ол сол түні нақты ешқандай ғылым болмағанын айтты.

Пауэллдің айтуынша, рекордты жаңартуына оны бәсекелесі итермелеген. Тарихтағы ең үздік алысқа секіруші болып саналатын атақты Карл Льюис те сол сәтте жарысқа қатысқан еді. Льюис ешқашан әлем рекордын жаңартқан емес. Бірақ ол еріксіз Пауэллге көмектесті. «Қазір Карлды жақсы көрем, бірақ сол кезде жаратпайтын едім. Сондықтан бәсекеге түскен кезде ол менің күшімнің артуына жағдай жасады», – дейді Пауэлл.

Пауэлл рекордтық межені бағындырудан сәл ғана бұрын Льюис бұрын-соңды ешкім бағындырмаған қашықтыққа секіріп, Бимоннан 0,63 сантиметрге асып түсті. Алайда арт жағынан жел қатты соғып тұрғандықтан, оның жетістігі есептелген жоқ.

Отыз жылға жуық уақыт өтсе де, сол сәт Пауэллдің көз алдында. «Ол жұдырығын түйе, менің қасымнан жүгіріп өтті. Бұл ызамды келтірді әрі маған бағытталғандай әсер алдым. Мен әлсіз болғанмын, сондықтан жиі зәбір көретін едім. Ұқсас жағдай сол сәтте тағы қайталанды. Бұл жолы қолымнан бір нәрсе жасау келетін еді. Өзім жасауым тиіс нәрсені денем бағындырды».

Ерікті Юнна Сински 360 градустық виртуалды шынайылыққа негізделген жүгіру жолағында жүріп барады. Массачусетс технологиялық институтының Линкольн зертханасында тұрған құрылғының қабырғаларына камералар мен проекторлар қойылған. Юнна үстіне орнатылған шағылысатын белгілер 18 камераға оның әрбір қимылын түсіріп алуға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл миға жеңіл зақым келуін анықтау мен емдеуді жақсарту үшін керек.

Пауэллдің сол таңғаларлық секірісі әлі де әлем рекорды болып қалып отыр. «Карл деңгейді көтеріп тастағаны соншалық, оны бағындыру үшін әлем рекордын жаңарту керек екенін түсіндім», – дейді Пауэлл.

Бұл адам қабілетінің мектептегі оқиғадан шабыттанатынын және ақыл қабілетінің күш-деңгейін көрсетеді.

«Мидың күшін толықтай ашқанымыз жоқ деп ойлаймын, – дейді Ледекиді Олимпиадаға әзірлеген Геммелл, – алдағы отыз жылда белгіленген меже: денеміз секілді миды қалай жаттықтырамыз? Алдағы бағындыратын белес те осы болмақ».

Автор: Кристин Бреннан, фото: Марк Тиссен, Дэвид Бернетт, Николь Собеки


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0
       

Пікір жазу

Кіру
*
*



Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз