.

Кербез сұлу Көкшетау

Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облысы шекарасында орналасқан «Екі ағайынды» шоқысына шықсаңыз ұшы-қиырына көз жетпейтін орман-тоғай арасынан ондаған көлді көресіз.

Еліміз бойынша өзен-көлге, тарихи-мәдени орындар, орманды алқап пен жан-жануарлар әлеміне аса бай үш ұлттық саябақ бар болатын болса, соның ішіндегі ең ірісі – «Көкшетау» табиғи саябағы. Табиғат жаратылысының осынау тамашасына тамсанған ақындар Көкше өңірін «кербез Көкше» деп жырласа, қылқалам шеберлері ондағы пейзаж тудыратын құбылысты салудан еш жалықпаған. Көкше өңірі жер бетінде сирек кездесетін, өзіне ғана тән ерекшеліктері басым географиялық аумақ ретінде кеңінен танымал.

1996 жылы құрылған саябақ аумағы 182 мың гектардан асады. Саябақ құрамына Зеренді, Шалкар, Имантау және Айыртау табиғи аймақтарының таулы-қыратты, орманды алқаптары мен өзен-көлдері кіреді. Ұлттық саябақ аумағында мемлекет қорғауға алынған 185 археологиялық, тарихи, сәулет және монументальды өнер ескерткіштері бар.

Атап айтқанда, Сырымбет тауының баурайында ХІХ ғасырда біркелкі ағаштан тұрғызылған этнограф-ғалым, саяхатшы Шоқан Уәлиханов отбасының қалпына келтірілген Айғаным қонысы бар. Мұндай мәдени кешен Қарасай мен Ағынтай батырларға да арналып салынған.

Ұлттық саябақ флора мен фаунаға да аса бай. Саябақ аумағындағы ылғалды жерлер сазды жыныстардан түзілгендіктен, бетін континенттік, әсіресе өзен шөгінділері мен палеоген жыныстары басқан. Құрғақ жерлерде көкорай шалғын шөптер, жабайы жеміс-жидектер, саңырауқұлақ пен гүлді алқаптар жиі ұшырасады. Ал ауасы дертке дауа ормандары негізінен қайың, қарағай мен теректен тұрады. Орман ішінде туристтер сүрлеу жолдар бойымен аяңдай алады. Онда сондай-ақ автокөлік, ат пен велосипед жолдары да бар.

Еліміздің Солтүстік өңірлері Сібір тайгасының бөлігіне кіретіндіктен саябақтан тайгаға ғана тән сирек кездесетін бұлан, орман сілеусіні, сусары, қабан, күзен мен ақ қоянды жиі кездестіруге болады. Сондықтан болар күз бен қыс айлары аңшылар үшін нағыз олжаға толы мерзім саналады.

Қыста шаңғы тебу мүмкіндігі де бар мұнда. Құстар мен балықтарға бай көлдер мен ориандар, шүйгін жайылымды жазық дала көне дәуірден бастап-ақ адамдардың назарын өзіне аударып келеді.

Фото: Ерболат Шадрахов, Дмитрий Ругис.

0

Publication author

offline 5 күн

Айбек

0
Comments: 3Publics: 710Registration: 01-10-2016
       

Пікір жазу

Кіру
*
*
Тіркелу
*
*
*
*
Password generation