.

«Көрмегенім жақсы еді…»

Жантүршігерлік сурет. Аса ірі қатер. Жаһанның жанайғайы. Дегенмен National Geographic бұл аюдың құрып бара жатқанына тек жаһандық жылынуды кінәламайды.

Уақыт алдыға жылжыған сайын климат өзгерісі тіршілікті өрт, құрғақшылық, суық, аштық секілді апаттармен алқымнан ала түспек. Мына ақ аюдың тағдырындай көз алдыңызда бадырайып көрініп тұрса да, жеке жануардың трагедиясы мен жаһандық жылынудың арасындағы байланысты дәлелдеу қиын.

Фотограф Пол Никлен екеуіміз климат өзгерісін суретке түсіру үшін жолға шықтық. Бұл оңай шаруа болмады. Мына сурет арқылы біз жаһандық жылыну салдары қалай боларын дәл жеткіздік деп ойладық. Алайда қателескен сияқтымыз. Сурет тез тарап, адамдар оны қате түсінді.

Бірде Пол Канаданың арктикалық зонасындағы Сомерсет аралында барлау жұмысын жасап жүріп, ақ аю көріпті. Ол менен тез арада SeaLegacy SeaSwat тобын жинауды өтінді. 2014 жылы іргесін өзіміз қалаған бұл ұйым мұхитты қорғау идеясын халыққа таратуды мақсат етеді. Ол маған қоңырау шалған күннің ертеңіне біз Резольют аралындағы Инуит ауылына жол тарттық. Ол аюды табар-таппасымыз, оның тірі не өлі екені бізге беймәлім болатын.

Бізге қайырымдылық ретінде берілген қайықпен айлаққа келе сала жағалауды бинокльмен бір шолып шықтым. Сондағы көргенім: құлағалы тұрған ғимараттар, бос жанармай құйғыштар, балық аулау бекетіне ұқсайтын қаңырап жатқан ландшафт. Кенет жансыз кілемдей жерде жатқан бір аю басын көтерді. Денесінің көлеміне қарап, оны еркек аю ма деп топшыладық.

Қасына баруымыз қажет еді. Үрмелі қайыққа ауысып, жағалауға жақындадық. Бір бос ғимараттың тасасынан аюға көз тастадық. Ол бір сағаттай қозғалыссыз жатты да тұруға оқталғанда, мен қалай демімді ішіме тартқанымды аңдамай қалдым. Аюдың ақ жүндері ластанған. Кезіндегі айбарлы кескінін құр сүйекке ілінген терісі жоққа шығарып тұр. Әр қадамын ауыр әрі баяу басады. Біз оның науқас, жаралы әрі аш екенін байқадық. Оның күні аз қалғанын болжау қиын емес-ті.

Мен оны – суретке, ал Пол видеоға түсірді. Аю бірдеңе ілінер деп жанармайдың бос барабандарын иіскелей бастағанда, әріптестерім көздерінің жасын сүртіп жатты. Пол осы видеоны Instagram желісінде жариялап: «Аштық деген, міне, осындай болады», – деп жазып қойды. Сонымен қатар ол ғалымдардың ақ аюлардың келесі ғасырда жойылып кетуі мүмкін деп болжағанын да жазды және «әлемдегі 25 000 ақ аю дәл осы аюдай өлмек пе» деген сауал тастайды. Пол адамдардан көміртек қалдықтарын азайтуды және мынадай жайттың орын алуының алдын алуды сұрады. Алайда ол: «Дәл осы аюдың түбіне жаһандық жылыну жетті», – деп жазбады.

National Geographic бұл видеоны алып, оған субтитр қосты. Ол National Geographic қоғамының жеке парақшасындағы көрсетілімі ең жоғары видеоға айналды. Жаңалықтар желілері бұл оқиғаны іліп әкетті. Әлеуметтік желі видеоға қатысты пікірлерден жарыла жаздады. Видеоны бақандай 2,5 миллиард адам көрген. Мақсат орындалды, бірақ бір проблема бар. Біз оқиғаны уысымыздан шығарып алдық.

Оқырмандардың біздің жеткізбек болған түпкі мақсатымызды ұғына алмағаны бізді таңғалдырмады. Бізді таңғалдырған һәм қынжылт­қаны – жұрттың жауабы. Оқырмандардың бірі – жаһандық жылыну тақырыбын көтергенімізге ризашылығын білдірсе, енді бірі – сол аюды бірден неге тамақтандырмағанымызға, үстіне жылы бір нәрсе жаппағанымызға немесе ветеринарға апармағанымызға ызалы екендіктерін білдіріп жатты. Бұлардың аюды аман алып қалуға көмегі болмас еді. Сансыз пікірлер адамдардың жабайы табиғаттан, экологиядан, тіпті географиядан қаншалықты бейхабар екенін аңғартты. Сол пікірлердің арасында жаһандық жылыну құбылысын теріске шығарып, «статус квоны» сақтап қалуды ұсынғандары да болды. Біз олар үшін қоршаған орта проблемасын үлкейтіп көрсетіп жатқандардың бірі болып қана қалдық. Алайда осы тәжірибеден соң әлі көп адамға ойымызды жеткізуіміз керектігін түсіндік.

Біздің қателігіміз оқиғаны жеткілікті мөлшерде толық баяндамағанымызда болса керек. Оқырмандарға табиғаттың ертеңгі жағдайын дөп басатын фото табуды көздегенімізді, ал әлгі ақ аюға не болғанынан бейхабар екенімізді жариялауымыз керек еді.

Сол аюдың жаһандық жылынудың салдарынан осындай күйге түскеніне сенімді емеспін, бірақ ақ аюлардың өз қорегін аулау үшін теңіз мұзының платформасына тәуелді екенін нақты білемін. Жыл сайын Арктика теңіздерінің температурасы көтеріліп, теңіздегі мұздар жыл ішінде ұзақ уақытқа дейін болмайды. Нәтижесінде, ақ аюлар итбалықтарды, морждарды, киттерді аулай алмай, біртіндеп аштықтан қырыла бастайды.

Жанармай барабанынан ештеңе таба алмаған ақ аю суға сүңгіп әрі қарай жүзіп кете берді. Пол оны «әбден әлсіреп, өлетін болды-ау» деп уайымдап еді, аю керісінше суда рақаттанып жатқандай көрінді. Ол жағалау сызығындағы қиылыстан бұрылып, көрінбей кетті. Біз оны қайта кездестірмедік. Дегенмен өлім аузындағы осы аюдың суреті жаһандық жылыну мәселесін күн тәртібіне шығарды. Мәселе түбегейлі шешілгенге дейін ол өзектілігін жоймақ емес. Табиғаттың тепе-теңділігі сақталуы керектігін бір ғана сурет арқылы дәлелдеуге тырысқанымызды көп адам кейін түсінер…

Авторы: Кристина Миттермейер

Кристина Миттермейер – фотографтың көмекшісі, спикер, National Geographic қоғамының зерттеушісі. Ол – SeaLegacy коммерциялық емес мұхитты қорғау ұйымын құрушылардың бірі, атқарушы директор.


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Publication author

offline 5 күн

Айбек

0
Comments: 3Publics: 710Registration: 01-10-2016
       

Пікір жазу

Кіру
*
*
Тіркелу
*
*
*
*
Password generation