ТАБИҒАТ

Бал арасы – мықты денсаулық кепілі

Көкорай шалғын алқап пен алуан түрлі гүлдерге бай Солтүстік Қазақстан облысы астық өсірумен қатар, омарташылықпен де айналысуға аса қолайлы аймақ саналады.

Осыны ескерген солтүстікқазақстандық омарташылар соңғы жылдары бал арасын өсіруді мықтап қолға алғандай. Мәселен биыл олар соңғы 20-25 жылда тіркелмеген көрсеткішке қол жеткізіп, бір мың тонна бал жинаған. Бұл жөнінде облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа Омарташылар қауымдастығының төрағасы Олег Гаврилов айтты. «Биыл облысқа жеткізілген балдорбалардың арқасында бір мың тонна бал жинауға мүмкіндік алдық. Бұл тұрғыда жергілікті биліктің көрсетіп отырған көмегін айтпай кетуге болмас», – деді ол. Оның айтуынша, жиналған өнімнің негізгі бөлігі көрші мемлекеттерге экспортқа шығарылады.

Солтүстікқазақстандық ара өсірушілер үшін бір маусымда мың тонна бал жинау әрине рекордтық көрсеткіш емес, себебі жергілікті шаруалар бұған дейін де қазіргіден үш есеге артық өнім алған кездері болған. Оған мына статистикалық деректер дәлел. Мәселен КСРО тұсында Қазақстан бал шығару бойынша Ресей, Украина және Белоруссиядан кейінгі төртінші орыннан түспеген. Тіпті, тәуелсіздік алғанға дейін біздің еліміз 50 мың тонна өнімді Жапония, Оңтүстік Корея мен Германия еліне экспортқа шығарып келген. «Біздің шаруалар көл-көсір табысқа кенелткен сол шақтарды биыл еске түсіргендей болды», – дейді Олег Гаврилов.

Емдік қасиеті ертеден белгілі болған бал суық тигенде, жүрек, өкпе, бауыр, асқазан, бүйрек, ішек және жүйке ауруларына ем ретінде пайдаланылады.

Дәл қазір әлемде бал өндірісінде Қытай елі көш бастап тұр. Одан кейінгі орынға Аргентина, Украина, Мексика мен Түркия жайғасқан. Үздік ондықты солтүстіктегі көршіміз Ресей түйіндеп отыр. 2013 жылғы ресми деректерге қарағанда қытай елі бір жылда 100 мың тоннадан астам өнім алған.

Солтүстікқазақстандық омарташылар негізінен Карпат араларын ұстағанды қолайлы санайды. Себебі Украинадан әкелінетін бұл ара тұқымдасының бір ұясы әр маусымда 50 келіге дейін таза бал бере алады. «Бұл араның тағы бір ерекшелігі – олар ызақор болмағандықтан адамды көп шақпайды», – дейді Олег Гаврилов.

Ғалымдардың айтуынша, арадан мол өнім алу үшін жер-жерде түйе бұршақ пен эспарцет сияқты гүлдер өсетін алқаптарды бақылауға алып, суды мол қажет ететін жоңышқа шөбін маусым сайын егіп отыру қажет.

Дәл қазір Солтүстік Қазақстанның оған әлеуеті де, әлеуметі де жетеді.

Ара топталып, үлкен ұя болып тіршілік етеді. Бір ұяда бір ұрғашы ара (аналық ара), бірнеше жүз еркек ара мен ондаған мың «жұмысшы» ара болады. Ұрғашы ара тәулігіне 2-3 мың, маусымына 200 мың ұрықтандырылған жұмыртқа (кейде ұрықтандырылмаған жұмыртқа да) салады. Ұрықтанған жұмыртқадан ұрғашы, жұмысшы және аналық аралар, ал ұрықтандырылмаған жұмыртқадан тек еркек аралар ғана шығады.

Фото: Ерболат Шадрахов, Альберт Ди Мауро, Дмитрий Ругис, Жайнар Дәркембаев

0
Кіру
*
*



Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз