"/>
ЗЕРТТЕУ

Жұмыс бітпей, жай таппа!

Нағыз қауіп үңгірден сыртқа қадам басқан кезде төнді. Жарқанат пен жыланға толы үңгірге кірсең де, шықсаң да, абай бол!

Осыдан бірнеше жыл бұрын мен «National Geographic»-тің тапсырмасымен шамамен 100 000 Мысыр жарқанаты қонақтаған ұяны суретке түсіру үшін Угандадағы үңгірге бас сұқтым. Африка үшін жарқанат таңсық мақұлық емес, бірақ мына үңгір өзгеше – пішіні арка тәріздес, қос аузынан да күн сәулесі түсіп тұрды. Үңгірдің төбесі аласа болғандықтан жарқанаттарды суретке жақыннан түсіруге болатын еді.

Мен сақтық үшін респиратор тағып алдым. Қауіп келсе, жерге құлап түскен жарқанаттарды аулау үшін үңгір ішінде жорғалап жүрген питондар мен орман кобраларынан келер деп ойладым. Ішімнен: «Аяқ астыма қарап жүріп, үңгірден аман-есен шықсам болғаны», – деумен болдым. Ойыма бар келгені – осы.

Бірнеше сағатқа созылған жұмыс аяқталып сыртқа шыққанымызда ымырт үйіріле бастаған. Үсті-басымның ластығы мен сәл шаршағаным болмаса, жарқанаттарға жайсыздық тудыра жүріп түсірген суреттеріме көңілім толды десем болады.

Үңгірден жүз қадам аттап шыққаннан кейін тас төбемнен мыңдаған механикалық шылдырмақтың үніне ұқсайтын қорқынышты үн естілді. Сөйтсем, ымырт үйіріле салысымен жарқанаттар үңгірден ұшып шығып, жемтік іздеген беті екен.

Бір сәтке жоғарыға қарағанымда сол жақ көзіме жарқанаттың саңғырығы былш ете қалды. Ондаған жыл бойы жануарларды суретке түсіруді әдетке айналдырғандықтан болар, мен бір нәрсені жақсы білетін едім: қауіп аю, не арыстаннан емес, көбіне кішкентай жануарлардан келеді. Кезінде қолыма қонған бөгелектерді де суретке түсіретінмін. Сондай «кездесулердің» бірінде шағатын паразиттен лейшманиоз ауруын жұқтырып алып, бір айдай химиятерапия қабылдаған кезім де болған.

Лагерьге орала сала АҚШ-тың ауруды бақылау және алдын алу орталығының угандалық бөліміне хабарласып, агенттіктен жарқанаттардың қандай ауру таситынын сұрадым. «Сіздің онда бармауыңыз керек еді, – деді ер кісі, – үңгірде Марбург бар».

Марбург вирусын жұқтырған адам азаппен өледі. Бұл, өз кезегінде, тура Эбола ауруын жұқтыр­ғандай (бұл ауру кейде Эболадан да тезірек о дүниеге аттандыруы мүмкін) геморрагиялық қызбаны қоздырады (сипаттамасы: барлық мүшеңізден қан сорғалайды).

Марбургті анықтау оңай емес. Инфекция жұқтыр­ған болсаңыз, симптомдары үш аптаның ішінде біліне бастайды. Бастың қатты ауыруы, ішкі ағза жұмысының бұзылуы, үдемелі безгек сау жерімді қалдырмас еді. Аурудың таралуы қарқын алып, одан көз жұмғандар 90 пайызға жеткен кездері де болған. «Ауру жұқтырмай тұрып үйіңе қайт», – деді әлгі адам.

Небрасқаға орала салысымен өзіме карантин жариялап, жатын бөлмемнен шықпай жатып алдым. Өмірімде алғаш рет үздіксіз өлім жайлы ойларға шомдым. Бұл жаздың жайма-шуақ күні болатын. Құстар ән салып, ауладан қоқыс көлігінің гүрілі шығып жатты. Әлемге көз жүгіртсең, бәрі өз орнымен жылжып жатқандай көрінеді. Мен ішімнен: «Олар менің жеке басымда не болып жатқанынан бейхабар ма? – деп сұрайтынмын. – Әрине, бейхабар. Әйтпесе, бұл ұлттық жаңалыққа айналар еді ғой».

Үш аптадай отбасыма жақындамадым. Қызымның туған күнін залдың ар жағынан қарап тамашалауға мәжбүр болдым. Ас-суымды есіктің алдына қалдырылған күйі алып іштім. Ондай кезде ас та батпайды екен. Бар уақытым ойға шомумен өтті. Ыстығым бар ма? Басым ауыра ма? Дене қызуымды күніне елу рет өлшедім. Қызуым сәл көтерілсе болғаны, тез арада бірнеше шақырым қашықтықтағы ең жақын ауруханаға барып, барлық жерде менің атым жазылған ауа қысымы төмен бөлмеге (вирустың таралуының алдын алу мақсатында) жатуым керек деп санадым. Төсегімде шалқамнан жатып алып, ауа қысымы төмен тенттің мені сақтап тұрғандай елестеттім.

«Африканың Альбертин рифіндегі жабайы әлем» мақаласы үшін Джоэль Сартор Угандадағы үңгірді паналаған жарқанаттарды суретке түсіріп жүрді. Үңгірден шыққан бойда қорғаныш құралын шешкен ол мерт бола жаздады.

Осы күнге дейін Африканың Альбертин рифінің жабайы табиғатын зерттеу маған қызықты болып көрінетін. Біз саңылау жасап, камерамызды суға да, қаңқалардың арасына да жасырып, сусиырды, қорқау мен қабыланды тұмсығына тірелердей қашықтықтан түсіргенбіз. Ветвет маймылы менің кешкі асымды ұрлап жеген кездерді де, піл, арыстан мен тау горилласының шабуылдағанын да өткердік.

Суреттерімнің қаншалықты сәтті шыққан-шықпағанын білгім келді. Тапсырма аяқталғанша Угандада қалмағандықтан, қандай кадрлардан құр қалғанымды ойлап қынжылдым. Бірақ бәрінен бұрын егер орманнан алшақтап кетсем, оның маған берген мүмкіндікті басқаша бағалар едім деп ойладым: отбасым, өмірім, сурет арқылы жабайы әлемді сақтауға талпынудың абсолюттік артықшылығы – нанымды осы тірлікпен тауып келгеніме әлі күнге сене алмаймын.

Жиырма екінші күні карантин аяқталып, аурудың белгісі болмаған соң бөлмемнен шықтым. Африкаға кеткелі алғаш рет ас үстелінің басына жайғастым. Жарым Кэти мен үш балам менің карантинімнің аяқталғанын тойлау үшін бірдеңелер дайындап жатты. Әлдебіреу блендерді қосты.

Бір мезетте бөлме мыңдаған жарқанаттың ұшқан дауысына толып кеткендей болды. Көзімді тарс жұмдым, не боларын кім білсін.

Авторы және фото: Джоэль Сартор


Фотограф Джоэль Сартор – тордағы әр жануардың фото мұрағатын жасауға қатысты National Geographic қоғамымен ортақ «Фото-Араша» көпжылдық жобасының негізін қалаушы.


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation