.

Йемен зары

Аузы асқа жарымаған нәрестелер қаралуда. Олар – бес жасқа жетпеген 1,8 миллион шамасындағы аш баланың екеуі ғана. Йеменнің әбден жұтаған Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмек көрсетуде гуманитарлық ұйымдардың қолдауына зәру.

Азаматтық соғыс елдің денсаулық сақтау саласын шайқалтып, азаматтарын зұлымдық мен аурудың күрмеуіне түсірді.

Таңғы сағат тоғыз жарымда жас келіншек ауруханаға жеткізілді. Жиырма минут бұрын ғана Йеменнің оңтүстігіндегі көне қала Таиздың шеткі жағына бомба түсерде ол өз ауласында кір жайып жатқан. Дәрігерлер оны травмотология орталығына асығыс әкетіп бара жатқанда денесі қанға боялған оның жиені көз жасына ерік беріп тұрды.

Дәрігер қайта оралып, қай жерден кесетінін көрсеткенде ол: «Екі аяғын да ма?» – деп сұрады. Әйелдің бір аяғы мыжылған, ал екіншісінің сүйегі тесіп шыққан. Дәрігер екеуінің де кесіліп тасталатынын айтты. Әйелді жедел жәрдем көлігіне салып, басқа ауруханаға алып кетті. Содан соң тыныштық орнады. Медбикелер едендегі қанды сүртіп, келесі науқасты күтті.

Әкесі өкпе инфекциясына шалдыққан баласын көтеріп тұр. Елде дәрігер тапшы. Ауруханалар қаңырап бос қалған. “Менің көптеген әріптестерім әлдеқашан шекара асып кеткен, ал қалғандары Парсы шығанағының айналасындағы елдерге қоныс аудармақ”, – дейді Санада қызмет жасайтын йемендік дәрігер.

Сол түні осы оқиғаға куә болған италиялық фотограф Маттео Бастиа­нелли өзінің күнделігіне үш жыл құрсауда болған Таиздағы өмір жайлы былай деп жазды: «Дәрігерлер күтуде. Құлақтарында ұшақтың гүрсілі, көздерінде тозаң. Олар кез келген мезетте әлдебір түзелмейтін сұмдықтың орын алуынан үрейлі».

Дәмдеуіштер мен иіссуға бай, Арабияның Феликсі деген атпен мәшһүр болған «бақытты Арабия» елі, кезінде, Қызыл теңізге барар жолдағы стратегиялық маңызды порт болған. Бүгінде ол – дүние­жүзіндегі ең кедей елдердің бірі. 1990 жылға дейін солтүстік Йемен оңтүстік Йеменнен бөлек басқарылды. Осы бөлініс әлі күнге дейін арадағы кикілжіңге себеп болып келеді. 2014 жылы сепаратист Хусит көтерілісшілері төңкеріс жасау мақсатында елдің астанасы Сананы қоршап алды. Жергілікті өрттің тұтануынан сескенген көрші Сауд Арабия үкіметі Йеменнің президенті Абд-Раббу Мансур Хадидің бұрынғы үкіметінің атынан қақтығысқа кірісті. АҚШ, Ұлыбритания және шамамен он шақты араб елдерінің қолдауымен Сауд Арабиясы басқарған коалиция Йемен үкіметіне елдегі күштерді тізгіндеп, оны басқару үшін әуе науқанын бастады.

Эд-Далидегі мына мектеп секілді жүздеген мекеме әуе шабуылдарынан жойылды. Қазіргі таңда, мектеп жасындағы екі млн бала оқудан қағылған.

Үш жылға созылған шайқастан кейінгі нәтиже адам шошырлық. БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек, 29 миллионға жуық халқы бар Йемендегі 22 миллион йемендік гуманитарлық көмекке мұқтаж күйге түскен. 2 млн халық қоныс аударған. Кем дегенде 10 000 адам мерт болды. Елдің экономикасы мен денсаулық сақтау жүйесінің апай-топайы шықты. Кейбіреуі – гуманитарлық топтар ұйымдастырған ауруханаларға жету үшін ел аумағын кесіп өтетін қауіпті сапарға аттанса, кейбіреуі бар жиған-тергенін жекеменшік емханада қаралуға жұмсайды. Ел ауруханаларының жартысынан көбі жабылып қалды немесе жартылай қызмет көрсетуде. Аурухана басшылығы кейде дәрілік заттар мен генераторларға жанармай алудың арасында таңдау жасауға мәжбүр. Тырысқақ, дифтерия секілді жұқпалы ауруларды тізгіндеу мүмкін емес. Бұл жайт таза ауызсудың тапшылығын және негізгі мемлекеттік қызметтің көрсетілмей жатқанын анық байқатады.

Жанармай бекеттеріндегі бос канистр ұстаған ұзын кезек – мұнда қалыпты жайт. 2015 жылдан бері жанармайдың бағасы екі есе өскен, ал ЖІӨ 40 пайызға кеміген. «Экономикалық апатты басқа бермесін, – дейді Санадағы Мватана адам құқықтары ұйымының негізін салушылардың бірі Радия Альмутавакель, – жабулы есіктің арғы жағында адамдар жаппай қырылуда».

2015 жылы Таиздың шеткері аймағында бой көтерген бес қабатты қонақүй, Doctors Without Borders ұйымы басқаратын перзентхана мен травмотология орталығына айналды.

Сала өкілдеріне 2016 жылдан бері жалақы төленбеген. Гуманитарлық топтар денсаулық сақтау министрлігіне жалақы төлеу мен ауруханаларды қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету тұрғысынан қолдау көрсетеді. Алайда Сауд Арабиясы басқаруындағы коалиция елге кірген тауардың көтерілісшілер қолына түсуінен сақтанып, әуежайлар мен порттарды жауып тастады. «Осы себепті зардап шеккендерге кемемен келетін көмек кешеуілдеді», – дейді Human Rights Watch ұйымында істейтін Кристина Бекерл.

UNICEF мәліметтеріне сәйкес, соғыс басталғалы орташа есеппен күніне бес бала мерт болған не жарақат алған. Ана мен бала ауруханасында сүйегі сынған тоғыз жасар қызға жаңа киім берілді.

2017 жылдан бері елде тырысқақ ауруына шалдыққан болуы мүмкін деген миллионнан астам адам тіркелген. Бұл – қазіргі тарихтағы ең сұмдық көрсеткіш. 2017 жылдың шілдесінде бір үкіметтік емес ұйым дәрі-дәрмекті жөнелтуге тапсырыс берген. Тапсырыс діттеген жерге сәуірде ғана жетті.

Көптеген Йемен дәрігер жекеменшік ауруханаларға ауысқан немесе елді тастап кеткен. Жекеменшік емханалардың бағасын қалта көтермейді. Не болмаса, алдыңғы шептен өтіп, елдегі екі әуежайдың біріне бару керек. Дегенмен оған жететін жанармайдың бағасын қалтасы көтеретін немесе қатерге бас сұғуға дайын жандар аз.

Таиздың сыртындағы DWB ұйымының ауруханасындағы жарылыста жарақат алған жеті жасар бала емделуде. Сауд Арабиясы басқарған коалиция күштері әуеден соққы жасап, қаланы күйреткен.

Авторы: Нина Строчлик Фото: Маттео Бастианелли


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0
       

Пікір жазу

Кіру
*
*



Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз