..."/>
ТАБИҒАТ

Алакөлде бір құс бар

1980 жылдың жазы еді. Алматыдан Алакөлге іссапармен келе жаттым. Ойыма қазақ әдебиетінің үлкен де ізгі жүректі достарының бірі Алексей Пантиелевтің заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов жайында жазған «Ұлан даланың ұлы жыршысы» атты естелігі түсті. Онда мынадай жолдар бар еді.

«…Алматыдан Ыстықкөлге кетіп бара жатқан сапар бағытында біз жер бауырлай ұшқан дуадақты көрдік. Ол қанатын қағып-қағып жіберді де, даланың шалғын шөбіне сүңгіп кетті. Әуезов қатты дауыстап сол жақты саусағымен нұсқап, машинаны тоқтатты. Оның мектепте оқитын баласы Ернар әкесі сыйға тартқан мылтықты ала сап, дуадақ қонған жерге бой тасалап бұға жөнелді. Балалық көңілден туған аяушылық сезім бе, әлде қалың шөптің арасынан әлгі құсты шынымен таба алмады ма әйтеуір ол бір мезетте оқ шығармай орта жолдан ойлы кейіппен қайта оралды» …

– Қазір, – деп еске алады бұдан кейін ұлы жазушының үзеңгі жолдасы өз естелігінде: – Ернар Әуезов – биолог. Ол біздің елімізде, біздің еліміз ғана емес, дүние жүзінде тұқымы әлдеқашан құрып кетті деп есептелініп келген шағаланың сирек түрін тауып, соның, өсіп-өнуін, көбеюін зерттеп жүр”.

Байқап қараған адамға осында бір символикалық ұқсастықтың шартты түрдегі болса да көрінісі желі тартып жатқандай. Ол – құйтақандай құсқа зәбір көрсетуге жүрегі дауаламаған кешегі бала және өзінің өмірлік жолын табиғат аясындағы қанатты құстар әлемінен тапқан бүгінгі ғылым өкілі.

Үшаралдан Алакөлге құлайтын құмдауыт қабақта құлдыраңдап келе жатқан мотоциклдің қоржын орын­дығында отырған мен осыны ойлаумен болдым. Ал, жолбасшым – Владимир Михайлович Коробкин болса, биылғы жаз күндерінің «түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз» танытқан ойнамалы мінезіне алаңдап келе жатқан сыңайы бар.

– Орнитологтар мекені әнебір ашық аймақта, – деді ол кісі бір мезетте. Сөйтті де желден жасаураған жанарын жеңімен сүртіп қойып, мотоцикл тізгінін мар-мар қамыс арасындағы сүрлеуге бұрды.

…Экспедиция қосында Ернар Әуезов жоқ болып шықты. Жігіттердің айтуына қарағанда ол мана таң ата бергенде-ақ құс балапандарына сақина салу үшін Тасты аралына аттанып кетіпті.

Іздеген адамымызды енді амал жоқ күтуге тура келді. Байқаймын, көл жиегіндегі шатыр адамдарының өмірі оншалықты көңілсіз емес сияқты. Әу баста өздерін: «Анатолий, Юра, Нұрлан, Станислав», – деп таныстырған Республика Ғылым академиясы Зоология институтының қызметкерлері аңқылдаған, ақжарқын адамдар екен. Олар­дың бірі бітеудей сойылған құс терісінен кеп жасап, ал екіншісі үлкейткіш әйнек – микроскопқа үңіліп отырып-ақ біз келгелі бергі аз уақыттың ішінде талай әңгіменің басына су құйып үлгерді.

– Орнитолог Әуезовтің реликт шағаласы дейсіз бе? – деді әріптестері өзін Максимыч атап кеткен Анатолий: – Несі бар, оны Ернар келмей-ақ сөз ете беруге болады. Өйт­кені, аталмыш құс түрінің бұл жерден қалай табылғанына ке­зінде осы отырған бәріміздің де куәгер болғанымыз бар.

– Қызық оқиғаның қиюын қашырма, Толик! Оны Ернардың өзі айтсын. Әне, келе жатыр ғой. Шыда.

Осы кезде көзіміз жағалауға келіп қайығынан түсіп жатқан кенепи сұлулықты, резеңке етікті адамға көзіміз түсті. Амандасып, танысқан соң әңгімемізді бірден бастап кеттік. Жасы сол кездері 40-қа енді иек артқан, денесі құрыштан құйғандай тіп-тік, көзі дөп-дөңгелек, қызылшырайлы жігіттің көп сөйлемейтін, сөйлесе шиырып-шиырып келіп лықсытатын сезім бұлқыныстары көп адамдарда кездесе бермейтін бір ерекшелікті танытқандай. Оның сөзінен қандай жайға қанықтық дейсіз ғой сонда?..

Оқиға 1968 жылы болыпты. Республика Ғылым академиясындағы Зоология институтының кіші ғылыми қызметкері Ернар Мұхтарұлы Әуезов нақ осы Алакөлде су құстарына сақина салып жүрген кезде, оның орталық аралдарынан сыртқы пішіні қара басты өгіз шағалаға ұқсас ересек құстардың үлкен тобын кездестіреді. Жас ғалым оларды бірнеше күн бойы бақылағанда алғашқы пікірінің дұрыс еместігіне көз жеткізеді. Көз ұяшығының алдын дөңгелек ақ шеңбер қоршаған, қара мойын бұл құстар өгіз шағалаға мүлде ұқсамайды екен.

Сонда бұл қандай құс болғаны? Осы ой оны маусымдық жұмыс аяқталысымен бірден институт лабораториясына жетелейді. Экспедицияда жинақталған материалдарды ой елегінен өткізу, фотосурет слайдтары алдында сағаттар бойы тапжылмай отыру, тар бөлме ішіндегі талай күнгі пікірталас, жер жүзіндегі құстар тіршілігі жайындағы сирек басылым беттерін парақтау… Ақырында ол келер жылы тағы да сонда, Алакөлге барып, ғайыптан пайда болған әлгі құспен шындап шұғылдануға бел байлайды.

1969 жылы Ернар Алакөлдегі жұмбақ құс бойынан тағы бір ерекшелікті байқайды. Орнитологтардың, бірден-бір сенімді құралы – 200 метр қашықтықтағы нысанаға алған объектісін 4 есе үлкейтіп көрсететін жалғыз көзді “Кутузов дүрбісінен” ол өзі көптен бері бақылап жүрген шағала денесінің басқа туыстарына қарағанда екі есеге жуық кіші екендігіне көз жеткізеді. Оның тағы бір көңілге түйіп қалғаны – әлгі құстың сәл нәрседен дүр етіп ұша жөнелетін секемшілдігі болды.

– Демек, – деп ойлаған ол сол жолы, – бұл тегін құс болмағаны. Мұны зерттей түсу керек.

Алакөл аралдарынан осы тұжырыммен қайтқан Ернар ол кезде бұл құстың өзіндік тарихы бар екенін білмеген еді. Кейінірек көз жеткізсе, аталмыш қанаттылар өкілі жарты ғасырдан бері түрлі құрлықтағы ғалымдарды әуре-сарсаңға салып келеді екен. Неге дейсіз ғой?

…Швед саяхатшысы Свен Гединнің жетекшілік етуіндегі Орталық Азия экспедициясы 1929 жылдың жазында Моңғолияның оңтүстік шекарасына жақын жердегі Эдзин-Гол өзеніне келіп ат шалдырады. Осында аялдаған күндерінде саяхатқа қатысушы зоолог К.Зодербом түрі өздері көріп жүрген шағалалардан өзгешелеу бір құсты кездестіреді де оны атып алады. Экспедиция мүшелері бұл олжаға әу баста қызыға қарағанымен кешікпей ұмытып кетіп, Стокгольмге оралған соң ғана естеріне түсіреді.

Орталық Азия экспедициясы кезінде жинақталған коллек­циялық материалдарды сұрыптап, қорытуға отырған швед зоологы Э.Ленберг өзіміз сөз етіп отырған құсты сипаттау барысында оны жаңа түрге жатқыза алмады. Ол бұл құсты тек 1931 жылы ғана барып қарабас шағаланың бір түріне балап, оған реликт шағала деген ат берді. Бұл “көненің көзі” деген үғымға саятын еді.

Сонымен олар әлгі олжаны Стокгольмдегі жаратылыстану тарихы музейіне қойды. Оны зерттеумен кейін американ орнитологы Чарльз Вори айналысты. Өзінің 1962 жылы жарияланған «Орталық Азиядағы реликт және қарабас шағалалардың өзге де түрлерінің статусы» атты мақаласында ол осынау беймәлім құсқа толық сипаттама беруге тырысты. Бірқатар белгілерін саралай отырып, ғалым бұл құс қарабас өгіз шағала мен қоңыртөбел шағаланың гибриді деген тоқтамға келді. Алайда шағаланың алуан түрінің мұндай гибридтері өте сирек кездеседі, оның үстіне осынау екі түрлі қанаттылар өкілінің бас қосып қатар жүргендерін бұрын-соңды ешкім ешқашан кездестірген емес. Олай болса Ч. Вори өз пікірін тек қана морфологиялық белгілер ұқсастығына қарап айтқан деуге негіз бар. Өйткені айналасы қырық жылдан астам уақыттың ішінде экспедициялар Орталық Азия арқылы бірнеше рет жүріп өтті, алайда олардың бірде-біреуі де әлемнің орнитология қазынасын мұндай тамаша олжамен толықтырған емес. Жұртшылық өз кезінде ғалымның бұл пікірімен үнсіз келісті де олжа жайы бірте-бірте ұмытыла берді.

1967 жылдың маусым айында сол кездегі КСРО-ның Чита облысындағы Борун-Торе көлі аралдарында зерттеу жүргізген сібірлік зоолог А.Н.Леонтьев басында қара «жамылғысы», көзінің айналасында ақ сақинасы бар ерекше бір шағаланы кездестіріп, оны ұясынан ұстап алады. Бұған таңқалған ол толық анықтау мақсатымен құстың терісін Мәскеу университетінің биогеография кафедрасына жолдайды. Өкінішке қарай бұл жерде ешкім де Стокгольмдегі реликт шағаланы ойға алмайды. Сөйтіп олар да бұл олжаны қоңыртөбел шағала деген тұжырымға телиді.

Ал А. Н. Леонтьев болса зерттеулерін жалғастыра берді. Оны таңғалдырған жайт, Памир мен Тибет өзен-көлдерінде ұялайтын таулы жер құсының бұл жолы теңіз деңгейінен бар-жоғы бірнеше жүз метр биіктікте жатқан жазыққа келуі еді.

– Бірақ, – дейді Ернар осы арада сәл үзіліс жасап: – Бұл қоңыртөбел шағала да, олардың дүние жүзінде кездесетін 14-тен астам түрінің ешқайсысы да, тіпті бұлардың гибриді де емес еді. Біздің лабораториямыздың қызметкерлері көрнекті ғалым-систематиктердің көмегімен оның өз алдына дербес құс түрі екенін дәлелдеп, бұл қанаттылар өкілінің ете сирек кездесетіндігіне қарай отырып «реликт шағала» деген атауын өзгертпеуді ұйғарды.

Қазіргі таңда бұл құс дүние жүзі бойынша екі-ақ жерден бой көрсетіп жүр. Біздің елімізде ол Алакөлде ғана бар. Осыны ескере келіп реликт шағала Бүкілодақтық және қазақстандық «Қызыл кітапқа» енгізілді де, оның жазғы мекені Тасты, Орталық аралдары мемлекеттік заказник болып жарияланды.

Осы арада: «Сирек кездесетін бұл құсқа мұндай «жағдай» жасаудың себебі неде?» – деген сұрақтың туындауы мүмкін. Реликт шағала Алакөлдегі жыртқыш жануарлардан, стихиялық апат-су тасқындарынан ғана зәбір көре ме? Жоқ. Ол табиғат тонаушылары – браконьерлерден де жапа шегетін болып жүр. Оған мына бір мысалды келтірсек те жеткілікті.

1972 жылдың жазында Ернар күтпеген оқиғаның куәсі болды. Алакөлге ұя басуға келген реликт шағалалар бұл жолы соңдарынан бірде-бір балапан ертпей қайтады. Ал, келесі жылы олар бұл көлге жылдағыға қарағанда мүлде аз мөлшерде келіп, ертерек ұшып кеткен. Сонда оған не себеп?

– Бәріне кінәлі адамдар болып шықты, – дейді Ернар осыдан сегіз жыл бұрын болған көңілсіз оқиғаны еске алып. – Сол жолы Тасты аралына келгенімізде бейсауат жүрген жандардың үстінен түстік. Қолдарына бір-бір шелек ұстаған олар реликт шағалалар ұясын төңіректеп жүр екен. Жағалаудағы қайықтарында шүпірлеген құс жұмыртқалары. Мұны олар не істемекші? Әлгі көрініске айран-асыр қалған біздің ойымызға кенеттен мына бір нәрсе сап ете түсті.

Сол айда алуан түске боялған жұмыртқалар негізгі белгісі болып саналатын діни мейрам – пасха жақындап келе жатқан болатын. Аудан орталығы Үшаралда ұшпай тұрған тауық жұмыртқасының «дефицит» орнын әлгі сабаздар шағала жұмыртқасының есебінен толықтырмақ болса керек. Шынында да жұмыртқалардың көлемдік айырмашылығы шамалы. Сәл ғана көгілдірлеу шағала тұқымының әрәдік секпілі бар. Оларды тіпті боямаса да болады. Ыстық суға пісіріп алған соң қабық сыртын жайлап сүртсе болды, жалтырап шыға келеді. Дәмі тауық жұмыртқасынан артық болмаса, кем емес.

Шағала жұмыртқасын өздерінің бас пайдасына жаратпақ болған сұғанақ қолды жандар заң жүзінде жауапқа тартылып, тиісті жазаларын алғанмен, табиғат байлығын қалыпқа келтіру оңайға түскен жоқ. Себебі, әлгіндей сұмдықтан шошынған құстар өз ұяларынан жеріп, басқа жаққа ауып кетуге шақ-шақ қалды. Содан не керек бірнеше жылдан соң ғана барып, реликт шағалалар тобы Алакөлге қайта орала бастады.

… Орнитолог Ернар Әуезовпен мен содан кейін 1995 жылы Алматыдағы Парламент үйінің сессия залында кездестім. «Не жаңалық?» –  дейміз бір-бірімізге. Ол 1988 жылға дейін сол өзі еңбек жолын алғаш бастаған Зоология институтында аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істегенін айтты. Содан соң Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Жан-жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Бас басқармаға ауысқанын, 1993 жылдан бастап республикамыздағы экология және биоресурстар министрлігінде алты қызмет атқаратынмын. Парламент үйінде жолығып қалғанымыз, өзі істейтін ведомство әзірлеген «Қазақстанның жан-жануарлар әлемі туралы» заң жобасын депутаттарға таныстыруға әкелген беті екен.

– Алакөлге жыл сайын барып тұрамын, – деді келесі қояйын деген сұрағымды айтқызбай түсінген Ернар Мұхтарұлы. – Білесің бе, соңғы 15 жылдағы біздің реликті шағалалардың миграциясын Үшаралдан сақина салынып ұшырылған олардың бірі Вьетнамның  Куанжнь провинциясындағы Байты-Лонг көлінен байқалған. Екіншісі Қытайдың Тагу теңіз айлағынан ұсталса, үшіншісі Моңғолиядағы Буирнор өңірінен көрінген. Біздің зерттеп, бақылауға алуымыздың нәтижесінде олар жақсы өсіп, ұшып-қону географиясы да анық айқындалып келеді.

Содан көп ұзамай Ернар Әуезов қайтыс болды. Кенеттен ұстаған жүрек талмасына дәрігерлер ештеңе істей алмаған. Жоғарыдағы жүздесу екеуміздің соңғы кездесуіміз екенін кеш сезген мен оған қатты өкіндім. Бірақ ол тапқан реликті шағала ара-тұра болса да ойымнан шыққан емес. Соңғы рет, яғни, 2016 жылы Зоология институтына телефон соғып, аталмыш құс туралы сұрағанымда биология ғылымдарының докторы Аманқұл Бекенов ақсақал оның атақты ғалым Анатолий Ковшарьдың ерен еңбегімен дүниеге келген «Қазақстан құстары» атты бес томдыққа иеленіп, ал бұрынғыдай экспедицияға шығып, реликт шағаланы есепке алу туралы білмейтінін айтты.

Авторы: Жанболат Аупбаев, фото: А. Филимонов, Е.Әуезов, Ю. Левинский

Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation