ЗЕРТТЕУ

«Кейде бұл елес қуғанға ұқсайды»

Брайан Скерри Доминикадағы Кариб аралының шығысындағы алты кашалоттың басқосуын түсіріп алу мүмкіндігіне ие болды. «Доминика кашалоты» жобасының ғалымдары жергілікті басқармамен киттерді қорғап, оның қоректену мен көбеюін зерттеу үшін тер төгуде. Доминика аралдары 2017 жылғы «Мария» дауылынан қатты зардап шеккен.

Қауіп төнген теңіз мақұлықтары туралы түсінігімізді молайту үшін Брайан Скерри ақтық демі қалғанша қызмет етпек!

Суасты фотографы Брайан Скерри үшін қуанышты күндер басталды. Күн ашық, су таза, киттер келіп жатыр. Скерри оларды суретке түсіру үшін суға еркін сүңгиді, өйткені оның маскасы буланып кетпейді, фотоаппараты да істен шыға қоймайды.

Алайда күндердің бәрі осылай қолайлы бола бермейді. Ең жаманы – киттер көзге түспейді, ал күннің бетін бұлт тұмшалап алады немесе Скерри суға сүңгіген бойда киттер қорек іздеп мың метр тереңдікке сүңгіп кетіп, көзден таса болады. Скерри бір жұтым ауамен олардың соңынан бара алатын жеріне дейін ереді.

National Geographic фотографы мен Rolex ұйымының 2017 жылғы «Жылдың үздік зерттеушісі» марапатының иегері Скерри суға жалаң сүңгиді. Ешқандай акваланг немесе жүзу құрылғысынсыз желбезекті аяқтары, маска мен камерадан басқа зат пайдаланбайды. Соңғы екі жылының тоғыз аптасын ол Доминикадағы Кариб аралдарының шығысында 10 метрлік қайықта отырып, кашалотты аңдумен өткізді.

Скерри түсірген суреттері өте ерекше, есте қаларлықтай әрі марапатқа лайық. Флора мен фаунаны зерттеп жүрген ғалымдарға: «Фотожурналист ретінде бірге жұмыс істеп, оларға қажетті суреттерін түсіріп беремін», – дейді ол.

Кашалот – ғажап, зиялы әрі оңайлықпен қолға түспейтін теңіз алыбы. Олар секем алып қалса, не біреудің аңдығанын байқаса, мұхиттың түбіне сүңгіп кетеді. Соған қарамастан, кит пен балықты шамадан тыс аулаудың кесірінен табиғат жанашыр­лары оларды деңгейін «осал» не «жоғалып кету қауіпінде» деп бағалап отыр. Киттер туралы ғылыми еңбектер жазылса, білім саласының назары осы алыптарға түссе, дәл қазір Скерри үшін одан басқа арман жоқ. «Адамдар кашалоттарды тез арада қорғауға алса деймін, шұғыл шешімді қажет ететін мәселеде өз жауапкершілігімді сеземін. Әлемнің жақсара түсуі үшін мен жұртты адами қасиеттен ажырамауға шақырамын», – дейді ол.

Ғалымдар кашалоттың мұхиттағы ең ірі азулы жыртқыш екенін жақсы біледі. Бізге мәлім жануарлардың арасындағы ең үлкен ми – осыларда. Олардың салмағы 45 тоннаға дейін жетеді. Оның бойынан адамға тән әуесқойлық пен ойнақылық қасиеттер және бар. Дегенмен үлкендігіне қарамастан кашалот әлі күнге дейін мұхиттың қол жетпес құпиясы саналады. Оларға ауқымды идея­лар тән бе? Отбасы топтарының өзгеру қарқыны қандай? Әлгі алып ми нені ойлайды?

Киттің барлығы дерлік қатты дыбысты жақтыр­майды. Қайықтың моторы немесе сүңгуір қа­­йықтың көпіршіктері алыптың «шертіп сөйлеу тілі» жүйесіне кесірін тигізбей қоймайды. Еркін сүңги алу – Скерри секілді мықты маманға оларға жақындаудың ең тиімді жолы. Соған қарамастан ол: «Бұл кейде елес­терді аңдығанға ұқсайды», – дейді.

Мэн штатында тұратын Скерри Атлант мұхитының тастай суында еркін сүңгуге әбден машықтанған. Ол суастында демін жібермей үш минуттай ұстап тұра алады. Демді ұстап тұру үшін өкпе қаншалықты маңызды болса, сана да соншалықты маңызды. Дене пішінін жақсы сақтаған 56 жастағы Скерри қан қысымы түсіп кетіп, өкпесі тұншыққан кезде байбалам салмау үшін медитация жасайды. Фотография өнерінің сиқырлы сәттері де осы тұста орын алады. Скерри «National Geographic» журналы үшін үш жылдық оқиға дайындау жобасының жартысына келді. Ол әлемді шарлап, Аляс­каның өркешті киттерін, Канаданың ақсеркелері мен Норвегияның косаткаларын суретке түсірді.

Доминикада Скерри Данияның Орхусс университетінің биологі және Доминиканың кашалот жобасының негізін салушы Шейн Геро бастаған зерттеу тобына қосылды. Героның зерттеу тобы жыл сайын Карибтегі кашалоттардың тобын аңдып, олардың қатынас тәсілдерінің сырын ашпақ болады. Зерттеу жалпы киттердің мінез-құлқын түсінуге де үлес қосады. Осылайша, оларды қорғау жоспарын құруға мүмкіндік туады.

Дегенмен ақпарат жинау – өте баяу үрдіс. Басқа да тұмса әлемді түсіретін фотографтар секілді Скерри кәсіби кадр түсіру үшін сабырлық қажет екенін көп айтады. Скерри соған қарамастан уақытын нағыз ертегідегідей өткізеді.

Апталап сарыла күткен көктем айының бір күнінде Скерриге зерттеу қайығы бір топ киттің бас қосу үшін жоғары қарай көтеріліп келе жатқанынан белгі берді. Мұндай құбылысты бір фотограф түгіл, бір топ адамның өзі сирек кездестіреді. Скерри белгі берілген жерге барып, күннің астындағы алты кашалотты көрді. Ол кашалоттармен бірге бір сағаттан көп уақыт жүзе отырып, мәлімет сақтайтын екі картасын 1500 суретпен толтырды. Табиғаттың адамға тұнжырай қарауына себеп көп, бірақ кейде оның езу тартқызатын да кезі болады.

2017 жылы Rolex пен National Geographic байқауының «Жылдың үздік зерттеушісі» атағына ие болған фотограф Брайан Скерри – беделді қос компания арасындағы жаңа ұзақмерзімді серіктестіктің бір бөлігі. Оның ұраны: «Мәңгілік ғаламшар үшін!». Мақсаты – Жерді зерттеу мен қорғау. Толық ақпар: natgeo.com/perpetualplanet.

Авторы: Даниель Стоун


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0
Кіру
*
*



Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз