БЕЗ РУБРИКИ

Аязда өскен жидек

– Шаршадың ба, Тоқа?

Малақайы милығына түскен балақан өзінің есімін үлкен адамдарға қолданылатын  сыпайылық санатындағы сөзбен қатар қойып айтқаныма таңданған кейіп танытты да қызарып кетті. Сонымен бірге осы сәтте оның жүзінен жаңағы жылы лебізді құрметке уақытша болса да лайық болуға тырысқан аңқау балалықтың елігушілік сезімін анық аңғаруға болатын еді. Оны бойындағы лып ете түскен ширақ қимылы мен омбы қардағы тыпың-тыпың жүрісін енді менің ізіммен қатар алып жүруге тырысқан адымы айтпай танытып тұрды.

– Жоқ, шаршағаным жоқ, аға, – деді кішкентай жолбасшым менің сұрағыма мұрнын бір тартып қойып жауап қата, – Енді аз жүрсек Ақтүбекке ілігеміз. Сондағы мүйісті айналып өтсек болды, іздеген тоғайымыздың тура үстінен түсеміз.

Оның маған айтып, ертіп әкеле жатқаны Ақтүбекте жемісі қысты күні пісетін жидек ағашының бар екені, ауыл адамдарының оны шәңкіш деп атайтыны, өздерінің осы қараша айында сол жерден барып әлгі жемісті теріп әкелгені еді.

– Сендер мүмкін үсіп кеткен немесе шырыны ағып, қақ болып қалған мойылдың қалдығын теріп жүрген шығарсыңдар. Қыс ішіндегі қайдағы жеміс? – дегенмін мен оған кеше сенбей.

– Жоқ, аға… рас. Ол өзі сондай ағаш. Жидегі жаз бойы удай ащы боп, шіп-шикі тұрады да, қар жауған соң қызарып піседі. Сенбесеңіз ауыл адамдарынан сұраңыз, – деді көзі танадай боп жарқыраған Тоқтар. Жүзінде: «Мен оны қалайша білмеймін? Білемін, тіптен жақсы білемін», – деген сенім бар. Ақыры біз онымен бірге ертең тағы да жолға шықпақшы болдық. Балақан бұған қуана келісті де томпаң қағып үйіне жөнеп берді.

…Біз міне, енді сол жерге келе жатырмыз. Ұзын-ырғасы үш шақырымдай жол жүрген соң, бозқарағанды түбекті кесіп өтіп, сай табанына құлдилағанымызда өзгеше бір әлемнің есігі айқара ашылғандай болып көрінді. Айнадай жарқыраған шыңылтыр көк мұз… Ақша қарлы алқап… Кенет қан қызыл жемісін көтере алмаған бәкене бұталар көзге шалынды. Ғажап! Бұл бұрын тіпті көзге шалынбаған ағаш қой. Ал, оның ар жағындағы ойпатта тентек жел екпінімен етпеттей жығылған сәмбі талдар мүлгиді. Арда табиғаттың шырышы бұзылмаған осы бір тыныштығын сауысқанның мазасыздана шықылықтаған үні бұзды да, оған дүр етіп ұшқан суық торғайлар қанатының сусылы қосылды. Ши түбіндегі қарды бұрқ еткізіп қоян қашты. Не керек, адам аяғының сықыры естілуімен бірге маужырап тұрған мынау тоғайда мазасыз тіршілік басталды.

– Менің сізге көрсетпек болған шәңкіш ағашы мынау, – деді қасат қарды омбылай кешкен Тоқтар ұшқат тұқымдас бұтаға жете беріп. – Білесіз бе, жаңағы құстар бұл жерде бекер жүрген жоқ. Олар қыс бойы  осы жидекті шоқып шығады. Шәңкішті  торғайлар да жейді, біз де жейміз.

Сөйтті де, ол суықтан торсиып тұрған қан қызыл түйіршіктің бірін аузына салып жіберіп, ғажап дегендей бармағын шошайтты.

Жемістің бірін мен де ауызға салдым. Таусап жұтқанда байқадым, көлемі маржандай ғана түйнектің шырыны тіптен мол екен, таңдайымда онша өткір емес қышқыл дәм қалып қойды. Екінші біреуін үзіп ала бергенімде шыңылтыр аязға шытынай домбығып тұрған ол тырс етіп жарылып кетті де, маңайдағы ауаны әлдебір өсімдікке тән әлсіз леп жайлады. Одан кез келген аптекаларда  кездесетін валериана мен эфир майының иісін анық аңғаруға болар еді. «Мұның суыққа төзімділігінің бір сыры осында шығар мүмкін», – деген  ой сап ете түсті сол сәтте маған. Өйткені, құрамында каротин, пектин сияқты инверттік заттары мен қышқылдылығы, майлылығы мол өсімдіктердің өз клеткаларынан жылу бөліп шығаратындығы, ондай жемістердің басқаларға қарағанда суыққа төзімді келетіндігі, жылы ортада сақталса тез қызып кететіндігі фармакологиядан хабары бар адамға жақсы таныс болса керек. Бірақ бұл әзірше тек болжам ғана. Мұндай пікірге мамандар басқа қырынан келер, мүмкін… Біздікі тек өз алдымызда тұрған құпияға орай ой түю, барлау жасау ғой.

Бұдан кейін шәңкіш ағашының бітім-болмысына мықтап назар аударуды жөн көрдік. Барлай келе байқағанымыз, оның бойы онша биік емес, ұшқат сияқты бәкене болып өседі екен. Бұтақтары танадай болып тізілген алқызыл жемістерін әрең көтеріп тұр. Ағаш қабығының қалың екендігі діңінің шыт-шыт болып жарылған сызаттарынан анық байқалады.  Біздің  көзіміз шалған бір ерекшелік – бұта тектес осы өсімдік жапырақтары формасының өзгешелігі еді.  Бір түптегі жапырақтар көлемі жұмыртқа пішіндес те, екіншісінде, ол үп-үшкір сынаға ұқсайды. «Бұл өзі осы ағаштың туа біткендегі негізгі қасиеті ме, жоқ әлде олардың бір-бірінің жас шамасын айыратын белгісі ме?» – дейсің іштей.  Шәңкіш жапырақтарының беті мап-майда түктен көрінбейді. Сондықтан оның түсінің не жасыл, не сұр екенін тіптен ажырата алмайсың.

Алқызыл жидек тоғайын аралап болған соң күнгейдегі тепсеңге көтерілдім де, қонышыма құйылған қарды қаға отырып, төменге көз салдым. Айнала жым-жырт. Екіндіге қарай еңкейген қысқы күн сай табанына қиялай түсіп тұр. Алыстан қылт-құлт еткен Тоқтардың төбесі көрінеді. Жидек теруден жалыққан ол енді сырғанақ тебуге кірісіпті. Ал, менің ойымда бір сауал: «Жемісі аязда піскен бұл қандай ағаш?» – деймін іштей. Іле көңіл дүрбісімен күні кешеге дейін өзім көріп, біліп келген көріністерді  шоламын. Бірақ ол жерлердің ешқайсысында да мұндай құбылыс кездеспеген сияқты.

Ойымды сауысқанның шықылықтаған үні бұзды. «Адам көрсе болды қояншығы ұстайтыны несі екен мұның», – дедім әлгіге іштей жыным келген мен. Деуін десем де, тілімді тістей қойдым. Өйткені, сәмбі  талда теңселе қонақтап отырған осы бір алакүлік мінезді құс есіме әлдебір жайларды түсіргендей ме, қалай? Ұйқыдан оянып кеткендей болған мен сол сәтте бірде алыстап, бірде жақындап тұрған еміс-еміс елестен айырылып қалмауға тырыстым. Ақыры нақ осы жерде тұман арасындағы  бозамық сәуледен жол тапқандай болып, туған жерім Тянь-Шань тауы сұлбаланды. Содан кейін оның етегіндегі шырышы  бұзылмаған Нарынқол  орман-тоғайлары елес беріп, санамда ондағы өзіме бала кезден таныс өмір суреттері жаңғырықты.

Иә, енді есіме түсті. Болмыс-бітімі шәңкішке ұқсамаса да, жемісі қысты- гүні солмайтын дәл осындай ағаш ол жерде де бар еді. Жергілікті тұрғындар бұл бұтаны шырғанақ деп атап, ондағы өскен жидек дәмінің қышқылдығынан және тікен арасындағы шырын түйнектерін теріп алудың қиындығынан қажеттеріне онша көп жарата бермейтін. Оның барлық қызық-шыжығын тек сол өңірде қыстап қалатын құстардың көретіні әлі күнге дейін көз алдымда. Неге десеңіз, орман-тоғайдағы тіршілік иелерінің қорегі қалың қар астында қалып қоятындықтан, олар енді шырғанақ басындағы ұйқыдай боп шығып тұратын сап-сары түйнекке үймелейтін. Соның бірі – сауысқан еді. Қызғаншақ мінезді осы құстың әлгіндей жерді көрсе болды басқа туыстарын жолатпай, оларды ту-талақай етіп үркітіп жүргенін талай көргеніміз бар. Сондықтан да, бұл жеміс көбіне-көп соның атына, соның жейтін асына телінетін.

Осы орайда сауысқанның тамағы – шырғанақ құнының жетпісінші жылдардың бас кезінде ерекше дәуірлегенін айта кетпеске болмайды. Ол – жергілікті тұрғындар бұрын менсінбей келген аталмыш ағаш жемісінен медицина үшін дәрілік қасиеті бар заттың  табылуы еді. Сол сол-ақ екен, мектеп оқушыларының сабақтан бос кездерінде шырғанақ жинау, оны аудандық аптекаға тапсыру жөніндегі жорығы басталды дейсіз. Жұмысымыз алғашында өнбеді. Оған себеп, тікенді бұтақтардан шырын түйнектерін терудің қиындығы еді. Жеміске әрең дегенде қол жеткізіп үзіп алайын десең, ол мыжылып, қабығы сыдырылып босқа рәсуа болатын. Көп кешікпей бұл қиындықтан құтылудың  жолы табылды да. Оны үйреткен – сол шырғанақтың төңірегінен қыс бойы айналсоқтап шықпайтын құстардың өзі еді. Қалай дейсіз ғой? Нарынқол өңіріне белгілі аңшы Мұхтар қарт Байынқол өзенінің бойындағы қалың шырыш, ну тоғаймен келе жатса, ағаш бұтағын теңселте қонақтап отырған қырғауылды көреді. Бұғының қалай мүйіз алмастыратындығы, аюдың қыс ішіндегі ұзақ ұйқыға не себепті нәр татпай шыдайтындығы сияқты талай ғажайыптарды көрген жан қарсы алдындағы құстың мына отырысын, оның шырғанақ бұтағын теңселткен сайын адамдардың тікен арасынан алуға қиын деп жүрген  жемістерінің еш қиындықсыз сауылдай төгілгенін, жерге  түскен түйнектерді қырғауыл мекиендерінің шоқып жеп жатқанын көріп: «Құс екеш құстан да қулық  артылмайды екен-ау», – деп жағасын ұстайды. Содан бастап біз де осы әдіске көштік. Жидекті термес бұрын бұта астына өзіміздің киіп  келген күпәйкелерімізді жаятынбыз да, ағаш діңін оған байланған шыжым жіптер арқылы тартқанда торсиып тұрған сап-сары түйнектері жерге аязды күндері қатты төгілуші еді.

Иә, ол кездері біз қыс ішінде жеміс беретін бұл ағашқа онша мән беріп, назар аудармадық. Оған тек сауысқанның тамағы деп ат қайып, болмыс-бітімі мен ерекшелігіне осылай шығар, осылай болуға тиіс деген балалық ұғыммен қарағанымыз анық. Сондықтан да ара-тұра ойға келіп қалатын: «Қарақат пен таңқурайдікі неге олай емес, шырғанақтікі неге бұлай?» – деген сұраққа оншалықты  бас ауырта жауап іздемейтінбіз. Енді, міне, арада көп жылдар өткен соң, республикамыздың бір түкпіріндегі Семей өңірінің Аякөз ауданындағы Тарбағатай тауының аңғарында отырып, суыққа төзімділігі Тянь-Шаньдағы шырғанаққа ұқсас шәңкішті көргенде  ойлануға тура келді.

Бұл сонда қалай? Осы бір сұрақ алқызыл жидекті тоғайды артқа тастап ауылға қайтып келе жатқанда да, одан Аякөзге дейінгі аралықтағы ұзақ жолда да маза бермей-ақ қойды.

…Алматыға келген соң Ботаника институтына телефон соқтық.  Ғалымдардан бізге түсініктеме беруін сұрадық. Ғылыми-зерттеу институтының мамандары мұндай мәселені биология ғылымдарының кандидаты, доцент Қуанышбек Сыбанбековтің жақсы білетінін, оның соңғы жылдары Шығыс Қазақстан орман-тоғайларындағы осы тектес табиғат байлықтары жайында қызықты деректер жинап жүргенін айтты. Арада біраз күн өткен соң ол ағамызбен де тілдесіп, пікір алысудың сәті түсті.

– Ұшқаттар тұқымына жататын шәңкіш бұтасының тіршілігі қызық, – деді ғалым: – Ол өзі көктем, жаз айларында көзге көп байқалмайды. Оның себебі, аталмыш ағаштың долана, мойыл, қарақат тәрізді туыстарына қарағанда кеш гүлдеп, кеш пісетіндігі. Ал шәңкіштің нағыз кемеліне келетін кезі күз бен қыс. Қазан, қараша айларындағы суықта өзге өсімдіктер солып, жидек пен жапырақтарынан жұрдай боп айырылған сәтте ол өз бойына бар сұлулықты жинап алады да, қан қызыл жемісімен алаулап, алыстан айқын көрінеді.

– Ал енді оның биологиялық, химиялық құрамы қандай? Шипалық мәні, фармакология үшін қажеттігі бар ма?

– Еліміз ғалымдарының зерттеуіне қарағанда, – дейді бұл сұраққа Қуанышбек аға, – біздің республикамызда өсетін шәңкіштің мәні ерекше болып отыр. Өйткені, өзіміз сөз етіп отырған жемістің құрамында инверттік қант, С витамині, цинк, пектин заттары, каротин, Р витамині бар. Сонымен қатар шәңкіш қабығындағы вибурнин глюкозиді туралы да айта кеткен жөн. Ол адам организміндегі қан тамырларын тарылтып, осы арқылы қан көп кеткен жағдайда оның тез тоқтауын қамтамасыз етеді. Қабық қайнатпасынан алған шырын қазір көбінесе акушерлік тәжірибеде қолданылады. Ал жеміс тұнбасы болса жүректің жұмысын жақсартады әрі жөтелге, баспаға шалдыққан адамның тамағының ашылуына көмектеседі.

Бұдан кейінгі әңгімеміз шырғанақ ағашына ойысты. Биолог ғалымның сөзіне қарағанда  жемісі қыста жиналатын ол республикамыздың Алматы, Семей, Шығыс Қазақстан облыстарындағы өзен жағалауларында, тау жылғаларының бойларында өседі екен. Ғылыми еңбектерде оның өнімінің 7,8 проценті май болатындығы, бір тонна жидегінен 40 килограммдай май алынатындығы толық дәлелденген. Химиялық құрамын сөз еткенде, шырғанақта қазіргі белгілі деген витаминдердің барлығы дерлік  кездесетіндігін айтқан жөн. Мәселен С витаминін алып көрелік, жұртқа ертеден бері осы витаминмен аты шыққан қарақатта ол 300 миллиграмм процент мөлшерінде болса, шырғанақта 450 миллиграмм процент кездесетін болып шықты. Қазіргі таңда өз бойында 15 түрлі микроэлемент бар шырғанақ жемісі жүрек қан тамырлары мен бүйрегі ауыратын адамдарға өте пайдалы болып отыр.

– Ал енді осы ағаштардағы жидектердің суыққа төзімділігінің сыры неде деп ойлайсыз?

– Бұл  өзі қызық құбылыс. Біз оны зерттеу үстіндеміз. Құпия толық шешімін таппайынша оның себебі мынада деп ашып айту әлі ерте. Тәжірибе барысындағы қазіргі жинақталған деректерге қарағанда, аталмыш сұраққа түбінде жауап табылары анық. Не де болса ең соңғы нәтижесін күткен жөн шығар, сірә.

Авторы: Жанболат Аупбаев, фото: greenness.ru, nadache.guru

0
Кіру
*
*



Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз