.

Жоқтауға лайық патша

Өлді деп расталды: шамамен 14 жастағы қара жалды ересек аталық арыстан. Зерттеушілер мен «National Geographic» журналының оқырмандарына С-boy атымен таныс. Табиғи себептерге байланысты мерт болған оның өлі денесін сафари тур жүргізушісі 2018 жылдың маусымында Танзанияның Серенгети ұлттық паркінің шалғай аймағынан байқап қалған. Оны танитын, ол туралы оқыған жандар арыстанның өліміне шын қайғырды. Оның өміршеңдігі мен мінезінің мықтылығы адам таңғаларлық еді.

Африкалық арыстандар көп жасамайды. Бірақ C-boy-дың орташа өмір сүру жасынан ұзақ жасағаны сонша мына журнал беттері оған арналды. Ол төзімділігі мен айбарлы рухы үшін үлкен құрметке лайық.

Африкалық арыстандар үшін бірін-бірі өлтіру мен қанды қырғын қалыпты жағдай. Арагідік болып тұратын хаосты «табиғи бәсеке» санатына жатқызуға болады. «Қоршаған ортадағы аң патшасының өлуінің ең басты себебі – өзге арыстандар», – деді маған бір күні үлкен мысықтың бұл түрін зерттейтін маман Крейг Пакер. Бұл оқиға осыдан бес жыл бұрын фотограф Майкл Николс – қысқаша Ник екеуміз Танзанияда арыстандардың мінез-құлқы мен экология тақырыптарына мақала жазу үшін далалық зерттеу жұмысын қолға алған кезінде орын алды. Қара жалды, сымбатты, нағыз толысқан шағындағы С-boy, яғни Сибой атты аталық арыс­тан оқиғаның бас кейіпкеріне айналды. Ажал заңына бағынбайтын бұл аң патшасы туралы «Серенгети арыстанының қысқа да бақытты ғұмыры» мақаласы жарық көрген болатын.

Бірнеше жыл бұрын Сибой мен екі серіктесі иелік еткен прайдқа одақ құрған өзге үш еркек арыстан шабады. Бәсте ұрғашымен шағылысу мен ұрпақ өрбіту құқығы тұр. Сибой бұл қантөгістен әрең аман қалған еді. Оларға шапқан сол өршіл үшеуі мен тағы біреуін біз «қанішерлер» атап кеттік. Бұл шайқасқа LR көлігінде отырып куә болған Пакердің ұзақмерзімді зерттеуіндегі көмекшісі Ингела Джансон оның жарақатына қарап: «Біткен жері осы шығар», – деп топшылаған (оған Сибой деп іш пыстырар есімді қойған да осы Джансон болатын. Алайда оның ерекше шығатынынан ол мүлде бейхабар еді). Сол кезде Сибой қисалаңдай басып, еліктіргіш одақтасы Хильдурмен бірге жаңа жер, жаңа ұрғашылар мен жаңа «перспектива» іздеп кетті. Бұл – тоғыз жыл бұрын болған оқиға.

Аңыздарда мысықтың тоғыз жаны бар екені айтылады. Ал Сибойдың кемі екі жаны бар. Ол тұтқиылдан жасалған шабуылға төтеп беріп, ауыр жарақатынан өлім құшпай, осы оқиғаның бас кейіпкеріне айналды. Неге Ник екеуміз оны таңдадық? Себебі оның бойында африкалық арыс­танға тән қасиеттің бәрі бар. Ол – тапқыр, қазымыр, шыдамды, тәкаппар, мықты, өмірі қауіп-қатерге толы болса да, мызғымас әрі мінсіз.

Бақылау жұмыстары өз жолымен жүріп жатты. Бір күні қанішерлер әлеует ауқымын кеңейтпек болып, тағы жорыққа шықты. Олар ұрғашылары енді төлдеген прайд аумағын жағалай бастады. Бақылай келе, бұл прайдтың тізгінін сол баяғы Сибой мен Хильдур ұстағанын көріп, біз қуанып кеттік. Тайталас жаңа қарқын алды. Қанішерлердің ұзақ болмай тап беретіні анық еді. Төңіректі барлап жүрген бір жолы Пакердің жап-жас швед көмекшісі Дэниель Розенгрин әлгілерді байқап қалады. Олар ағыстың желекті жағалауында жүздеріндегі жарақаттарын жалап жатты. Шайқастың болғаны екібастан. «Олар кіммен алысты? Сірә, Сибоймен болар! Ол тағы аман қалды ма, қалса, қалы қандай екен?» – деп көп толғандық.

Сұрағымызға жауап таба алмай, күніміз нәтижесіз өтті. Кешкісін Розенгрин екеуіміз түнгі бинокль мен ұйқы қапшығымен қаруланып, LR көлігімен қанішерлердің артына түстік. Көбіне жүріп не жортып келген олар демалысты да ұмытқан жоқ. Үшеуін жіберіп алмайық деп түн ұйқымызды төрт бөліп, алма-кезек бақылауға тұрдық.

Бұл өршіл арыстандар Сибой мен Хильдурдың аумағына баса-көктеп кірген болатын. Ал біз сол екеуінің қайда кеткенін, не істегендерін білгіміз келді. Таң атты. Екі күннен кейін де Сибойдың төбесі көрінбеді. Журналдағы жазбамда мен оны «жоғалып кетті, өліп қалған болуы мүмкін» деп түртіп қойғаным бар.

Алайда ол тірі екен. Біз үшінші күні таңертең Инзельберг тау жынысының маңында оның сап-сау болғанымен қоймай, бір ұрғашыны айналшықтап жүргенін байқап қалдық. 2012 жылдың 17 желтоқсанындағы жазбам: «Бақытты арыстан!» – деп басталып тұр. Ерте сәскеде оның қарақошқыл жалы аса қайратты болып көрінді. Ол аман-сау болатын.

Ұрғашыға шабуға құлықсыздық танытқан Сибойдың ақырған сәті. Оның саулығын әрі мықтылығын паш ететін қара жалы ұрғашылардың назарын аударса, жауларына ескерту болып табылады.

Дегенмен ажалдан кім аман қалған дейсіз?! Былтырғы жазда мен Франкфурт зоология қоғамының тұмса табиғат фотографы Розенгриннен хат алдым. Ол мен естіген сыбысты растады. «Иә, Сибойды жақсы танитын сафари турларының көлік жүргізушісі оның өлі денесін тауып алыпты. Мен бұған алып-қосарым жоқ. Ол соңғы бірнеше күнде өзгелердің жемтігіне айналып үлгеріпті (оның қаңқасын тазқаралар мүжіп тастаған)».

«14 жасында кеткен Сибой «Арыстан» жобасы тарихындағы аталықтар арасында ең ұзақ жасап, рекорд орнатты», – деп жазады Розенгрин. Әдетте, еркек арыстандар орташа есеппен ең көбі он екі жыл өмір сүреді. Бір қызығы, Сибойдың «досы» – Хильдур әлі тірі екен.

«Сибойдың енді жоқ екенін қабылдау өте қиын. Бірақ ол барлық еркек арыстаннан ұзақ жасады. Он жыл бұрын қанішерлердің тырнағына ілінген ол бір өлімнен аман қалған болатын. Екінші мүмкіндігін де Сибой өте ұтымды пайдаланды. Оны тағы бір көре алсам ғой деп армандаймын», – деп қосты сөзіне Розенгрин.

Менің де қалауым сол еді, бірақ бұл мүмкін болмағандықтан, басқаша әрекетке көштім. Журналдың 2013 жылдың тамыздағы санын ашып, Ник түсірген суреттердің арасынан Танзанияның түнінде артына бұрылып, маған қарап тұрған қара жалды Сибойдың қара-ала портретін тауып алдым. Осылайша, Сибойдың ұзақ па, қысқа ма, насырға шапқан ба, әлде бақытты ма, ең бастысы, аман қалуға деген зор ынтасын еске түсіріп, жұбанғандай болдым…

National Geographic үшін жиырмадан астам мақалаға сурет түсірген Майкл Николс – 2017 жылғы A wild life биографиясының кейіпкері. Дэвид Куаммен – «National Geographic» журналының қосалқы тілшісі мен мақала авторы. Оның ең соңғы кітабы The Tangled Tree деп аталады.

Авторы: Дэвид Кваммен, Фото: Майкл Николс


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0
       

Пікір жазу

Кіру
*
*



Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз