.

Аш бала тоқ баламен ойнамайды…

Климат өзгерісі, ядролық қару, ресурстардың сарқылуы, бай мен жарлы арасындағы алшақтық тіршілікке қауіп төндіреді.

Люксембург пен АҚШ сияқты әлемдегі ең бай елдердегі жан басына шаққандағы орташа табыс, Бурунди мен Конго демократиялық республикасы сияқты ең кедей елдермен салыс­тырғанда, 100 есе көп. Бұл – кедей елдер үшін үлкен қасірет. Ал бақуатты елдер үшін ше?

Осы күнге дейін ешбір кедей елдің халқы бай елдерге қауіпті болып саналмаған. Олар біздің өмір сүру дағдымызды жақсы біле бермейтін. Сырттай біліп, іштей қынжылғанымен, қолдарынан еш нәрсе келмейтін.

Дегенмен бүгінгі таңда қашықтағы сол кедей елдер дамыған елдерге қауіп төндіріп отыр. Оның себебін бір ғана сөзбен жеткізуге болады: «жаһандану». Әлемнің түкпір-түкпірінде байланыстың артуының арқасында дамушы елдердің халқы өмір сүру стандартындағы айырмашылықтар туралы көбірек біле бастады және олар дамыған елдерге бара алады.

Жаһандану өмір стандарттары арасындағы үлкен айырмашылыққа деген төзімді тауысты. Оған дәлелді барлық жерден байқаймын, бірақ мына үш мысал айтуға тұрарлық.

Біріншісі – денсаулық. Жаһанданудың бірден-бір кесірі – аурудың тарауы. Эндемиялық аурулар кең тараған әрі қоғамдық денсаулық сақтау саласы осал кедей елдерден келушілер өздерімен бірге түрлі ауруларды тасуда. Олардың арасында тырысқақ пен тұмау секілді ертеден келе жатқандары да, СПИД, Эбола, Марбург секілді жаңа түрлері де бар. 1992 жылы аргентиналық әуелинияның бірі Перуден тырысқақ қоздырғышы бар тағам алған бойы Лос-Анджелеске бір-ақ жетеді. Ол жақтан кей жолаушылар Сиэтл, Аляска, Токиоға ұшты. Осылайша, тырысқақ ауруы Калифорния мен Жапония аралығында біршама тараған еді.

Екіншісі – терроризм.  Әрбір елде өлімге бас тігуге даяр есуас, ашуы тасыған адамдар кездеседі. «Лаңкестер кедей елдерден шығады» деген түсінік – қате. Талғажау таппай жүргендер көк жәшік көрсеткен санаулы елге ғана қолжетімді өмірдің жоғары стандарттарына әбден тойған. Бойын қызғаныш кернеп, үміті өшкендер өзгенің өмірін қию түкке тұрмайтын баскесерге айналып жатыр. Бұған түсіністікпен қарап, қолдап жатқандар да жоқ емес.

Меніңше, өмір сүру деңгейіндегі жер мен көктей айырмашылық жоғалмайынша, АҚШ, Еуропа, Жапония мен Аустралияға қарсы лаңкестік шабуылдар көбеймесе, азаймайды.

Үшіншісі – «спарталық» өмір кешкен халықтар ауқатты елдерге ұмтыла бастайды. Бұл елдердегі миллиондаған адам мәңгі бақи мемлекеттің өмір сүру стандарттарының жақсарғанын күтіп жүре бермейді.

Керісінше, олар виза алып, не алмай-ақ дамыған елдерге, әсіресе Батыс Еуропа, АҚШ пен Аустралияға қоныс аудара бастайды. Әзірге дүниежүзілік көші-қонға төтеп беру мүмкін болмай тұр. Африка, Азия мен Латын Америкадан қашатын иммигранттар түрлі тәсілге көше бастаған. Зорлық-зомбылықтан бассауға сұрап, саяси пана іздеп келетіндердің бәрі жағдайын жақсарту үшін көшетіні анық. Алайда жайлы өмір, жоғарғы деңгейге әркімнің қолы жете бермейді.

Жан басына шаққандағы орташа тұтыну деңгейі дегеніміз – орташа адам жылына тұтынатын майлар мен басқа да ресурстар. Бай елдерде оның деңгейі, дамушы елдерге қарағанда, 30 есе жоғары.

Әр ел халқының санын адам басына шаққандағы табиғи байлықты, айталық, мұнайды орташа тұтыну деңгейіне көбейтіңіз. Бұл мөлшерді жалпы әлем көрсеткішіне қосыңыз. Нәтижесінде, әлемнің сол ресурсты қазіргі тұтыну деңгейін аласыз.

Есепті қайталаңыз, бірақ дамушы елдердің тұтыну деңгейін отыз есеге ұлғайтыңыз.

Нәтижесінде, дүниежүзілік тұтыну деңгейі он есеге артады. Бұл қазіргі тұтыну деңге­йіне шаққанда, шамамен, 80 миллиард адамға тең келеді. Кей оптимистер Жер 9,5  миллиард адамды асырай алады деп топшылайды. Алайда Жердің 80 миллиард адамды қамтамасыз ете алатынына сенетіндер аз. Қисын қайда?

Егер дамушы елдердің үкіметтері саясатты әділ жүзеге асыратын болса, олардың да байлыққа жететіндеріне сендіріп келеміз! Десе де, бұл – барып тұрған мистификация. Жерде оған жеткілікті ресурс жоқ. Дүниежүзінің 7,5 миллиард халқының 1 миллиард тұрғыны ғана дамыған елдерге тән баршылықта өмір сүріп жатыр. Жер сол молшылықтың өзін әрең қамтамасыз етіп отыр.

Бұдан шығатын қорытынды қандай? Барлық елдің бірдей болмаса да, соған жақын тұтыну деңгейін қамтамасыз ету керек. Дамушы елдер дамығандардың қатарына қосылған жағдайдың өзінде, дамыған елдердің қазіргі деңгейдегі тұрмысын тұрақты қамтамасыз ету мүмкін емес.

Мұның арты апатқа ұрындыра ма? Жоқ! Нәтижесінде, бәріміз бүгінде дамыған елдер тұтынатын деңгейден төменірек халге жетуіміз мүмкін. «Байлар өмір сүру стандарттарымызды өзгелердің пайдасы үшін қия алмаймыз», – деп қарсы келуі мүмкін. Дегенмен ресурстар деңгейінің ащы шындығы – Америка қаласа да, қаламаса да өмір сүру дағдысын өзгертуіне тура келетінін көрсетеді. Ақиқатпен келісе алмайсың!

Қаншалықты қорқынышты естілгенімен, мұны аса үлкен құрбандық деп есептемеймін. Неге? Себебі тұтыну деңгейі мен халықтың әл-ауқаты бір-бірімен байланысты болғанымен, ажырамас жұп деуге келмейді. АҚШ ресурстарының көбі рәсуамен жұмсалады және халықтың жағдайын жақсартуға бағытталмайды. Мәселен, Батыс Еуропаның мұнайды тұтыну деңгейі АҚШ-тан екі есеге төмен, бірақ орташа еуропалықтың әл-ауқаты орташа америкалықтың жағда­йынан жоғарырақ. Бұл зейнеттегі қаржылық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, сәби өлімі, өмір сүру ұзақтығы мен демалыс уақыты секілді кез келген факторды есепке алғандағы жағдай.

Мәселенің маңызды тұсы мынада: сөзсіз, дамыған елдердің адам басына шаққандағы тұтыну деңгейі кемитін болады. Біз сол нәтижеге өз еркімізбен жетеміз бе, әлде біздің ықтиярымыздан тыс жағымсыз әдістердің нәтижесінде келеміз бе – гәп осында. Уақыт өте келе дамушы елдердің жан басына шаққандағы тұтыну деңгейі дамыған елдердің деңгейінің 1/30 болып қала бермейтіндігі де түсінікті. Керісінше, онымен теңесуге жақындайды. Бұл – алдын алу керек жантүршігерлік жайт емес, шынымен, күндердің күнінде болатын нәрсе. Прогресске қажетті жеткілікті біліміміз бар, енді керегі тек саяси ерік қана.

Теңсіздіктің нәтижесі бізді қынжылтуы керек пе? Қайтадан, жоқ! Мәселе ушыққанымен, оны шешу мүмкіндіктері де артуда. Бірнеше мемлекет арасындағы немесе дүниежүзілік келісімдер күрмеуі қиын мәселелерді шешуде біршама жетістікке қол жеткізді. Мен біздің әлемді екі жүйрік арасындағы ат жарысына ұқсатамын. Бір жағында «үміт» шауып келе жатса, екінші тарапында «құрдым» келеді. Бұл қос сәйгүлік бірдей жылдамдықта бақ сынасатын қалыпты жарыс емес. Бұл экспоненциялдық үдемелі жарыста әр жылқы барған сайын жылдамдығын арттырып келеді. Бірнеше он жылдықтан соң біз екі тұлпардың қайсысы оқ бойы оза шабатынын көреміз.

Авторы: Джаред Даймонд, иллюстрация: Джерард Дюбуа


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0
       

Пікір жазу

Кіру
*
*



Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз