.

Ұлы даланың сарқылмас қыры

Қоғамның қызу талқысына ұсынылған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Жануарлар бейнесі адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отырды», – деп орынды айтылған. Бұл идеяны жұртшылыққа кеңірек түсіндіру мақсатында жуырда «National Geographic Qazaqstan» журналы еліміздің бірнеше қаласында «Ұлы дала киесі» атты арнайы фотокөрме өткізді.

Кезінде Батыс Еуропаға дейін тіршілік еткен киіктер (кейде ақбөкен деп те атайды) қазір негізінен Қазақстанда ғана (90 пайызы) қалды. Оның себебі қазақ халқы бұл киелі жануарды жақсылықтың жаршысы, берекенің бастауы, ырыс-құттың нышаны деп түсінгендігінде болар. Ресми деректерге сүйенсек, өткен ғасырдың 50-60-жылдары миллионнан астам киік мүйізіне бола кісі қолынан қырылып кеткен. Әр түрлі апаттардың салдарынан жыл өткен сайын олардың саны азайып, жойылып барады. Бір кездері сайын далада миллиондап жайылған жануардың бүгінде тек 215 мыңы басы ғана қалыпты.

Фотокөрменің басты мақсаты халқымызға етене жақын жануарды барынша сақтау әрі қоршаған ортаны қорғау проблемаларына қоғамның назарын аударту болатын. Шараға келген қоғам қайраткерлері, халық қалаулылары мен қарапайым көпшілік Қазақстан, АҚШ және Германияның ең атақты фотографтарының айлар бойы түсірген композицияларын тамаша­лау­­ға мүмкіндік алды.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова: «Бөкендердің тілі жоқ. Ол басына түскен қайғысы туралы айта алмайды. Олардың жалғыз жанашыры – біз. Кейде іссапармен баратын жерімізге тікұшақпен ұшамыз. Сол кезде кең далада жайылып жүрген киіктерді көріп ерекше әсер аламын. Сондай тамаша көрініс! Осы бір жануарды қорғау, сақтау бәріміздің міндетіміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында аң стилі   қазақ халқының дүниетанымында ерекше орын алатынын бекер айтқан жоқ. Көрменің «Ұлы даланың киесі» деп аталуы да тегін емес секілді. «National Geographic Qazaqstan» журналының ұжымына шығармашылық табыстар тілейміз», – деді.

Екі айға жуық уақытта көрмені миллионнан астам көрермен тамашалады. Шара алдағы уақытта еліміздің басқа да қалалары мен елдімекендеріне қо­­йы­л­­ады деп жоспарланған. Тақырыпқа қатысты зерттеу деректері мен фотосуреттерді журналымыздың арнайы қосымшасынан оқи аласыздар.

Фото: Николай Денисов, Дмитрий Ругис

0
       

Пікір жазу

Кіру
*
*



Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз