.

30 жыл ел билеген Айғаным ханша

Қазақстанның солтүстік қақпасы ретіндегі Солтүстік Қазақстан облысының туристік әлеуеті өте жоғары. Бұл өңірде тұмса сұлулығымен таңғалдыратын табиғи орындар да, киелі жерлер картасына енген тарихи-мәдени нысандар да баршылық. Солардың бірі – Айыртау ауданындағы Айғаным қонысы.

Айғаным Сарғалдаққызы (XVIII-XIX ғғ.) бiрнеше тiлді меңгерген, ақылды, көреген кiсi болған деседі. Ол 17 жасында Абылай ханның үлкен ұлы Уәли ханға төртінші жар болып қосылғанда еліміз өте күрделі әрі қайшылықты кезеңді басынан өткеріп жатқан. 1821 жылы Уәлихан қайтыс болғаннан кейін ел басқару тізгінін өз қолына алып, 30 жылға жуық уақыт өзіне жүктелген қызметті мүлтіксіз атқарады. Айғаным қазір мұражайға айналған әйгілі қонысын 1823 жылы ауласында мешіті, медресесі мен моншасы бар он бөлмелі үй етіп салдыртады. Жалпы, Сырымбет даласы ежелден өзінің сұлулығымен ерекшеленген. Ханымның осы қоныс­ты салдыртудағы мақсаты – көшпенді салттан отырықшылыққа біржола бет бұруы еді. Ол ұлы Шыңғыстан туған немересі, қазақтың тұңғыш этнографғалымы, тарихшы Шоқан Уәлихановты тәрбиелеп, өсiрiп, оның бiлiм жолына түсуіне ықпал еткен.

Осыдан 184 жыл бұрын Шоқан да осы балалар секілді Айғаным әжесінің аялы алақанында тербетілген еді.

«Сол кездің көптеген бұйымдары мұражайда әлі де сақтаулы тұр. Жалпы, бұл мұражайда 8 мыңға тарта жәдігер бар, – дейді мұражай директоры Уәлихан Қайроллаұлы, – олардың қатарында ханымның қолданған самаурындары, ат әбзелдері, ыдыс-аяқтарымен қатар, иленген аю терісі, сандықтар, Шоқанның үстелі секілді құнды заттар бар».

Өкінішке орай, қонысты 1930 жылдары Кеңес үкіметін орнатушы шолақ белсенділер өртеп жіберіп, бөренелерін басқа мақсаттағы құрылыстарға пайдаланған. Ғимарат 1993 жылы тарихи деректерге сүйене отырып, қайтадан қалпына келтірілді.

Авторы: Дәурен Құдайберген, фото: Ерболат Шадрахов, Жайнар Дәркембаев

0
       

Пікір жазу

Кіру
*
*



Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз