САЯХАТ

Бөгет дауы

Ежелгі ауыл Хасанкейф Тигр өзені жағасында орналасқан. «Ылысу» бөгеті өзен деңгейін шамамен 60 метрге көтеріп, мына заманауи кафені, оның артындағы 900 жылдық көпірдің қирандылары мен неолиттік дәуірден қалған үңгірлерді су астында қалдырады.

Түркия ең құнды ресурсқа бола көптеген қаласын су астында қалдыруы мүмкін.

Хасанкейф – 12 мың жыл тарихы бар көне ауыл. Ол Тигр өзенімен шекаралас жазық далада орналасқан. Ауылдың үстінде неолиттік тайпалардың қашап салған суреттері бар үңгірлер мен жасы византиялықтармен «құрдас» цитадельдің үйінділерін көруге болады. Бұл елді мекенде римдіктердің ізі қалған. Бұл – атақты ортағасырлық ислам сәулет өнерінің мекені, жәдігерлер арасында Ұлы «Жібек жолындағы» көпір де бар.

Хасанкейф – тіршілігі қайнаған, үзілмеген тарих пен өшпеген ғұмырға толы Түркияның оңтүстік-шығысындағы қалаларының бірі.

Солай болғанымен 2006 жылы Түркия үкіметі ресми түрде Тигр өзені бойында Хасанкейф ауылының шамамен 80 пайызын су астында қалдырып, үш мың тұрғынын көшіруге әкеп соғатын алып бөгет құрылысын бастады. Келесі жылы бұл аймақты кез келген уақытта су алуы мүмкін, өйткені «Ылысу» деп аталатын бұл бөгеттің құрылысы аяқталуға жақын.

«Ататүрік» бөгеті – Түркияның ең үлкен бөгеті. Республиканың іргетасын қалаған Кемал Ататүрік аты берілген бұл нысан 1980 жылдары Түркияның кең көлемді «Оңтүстік-шығыс Анадолы» жобасы аясында аймақтың экономикасына серпін беру, ауылдық жерлерді суландыру мен электр қуатын өндіру мақсатында Эвфрат өзенінде салынған.

Үкіметтің өз иелігіндегі ең мистикалық мекендерінің бірін құртудағы себеп не? Биліктегілердің уәжіне жүгінсек, себеп жергілікті халықтың жағдайын жақсарту екен. Қалай дегенмен алып жобаның Түрік мемлекетіне пайдасы жоқ емес. Түркияның өз табиғи мұнай не газ ошақтары жоқ. Олардың байлығы – су.

ХХІ ғасырдың бастапқы он жылдығында Түркия Республикасы экономиканы дамытуды көздеген үкіметтің үсті-үстіне жүргізген модернизациялау жобаларын бастан кешірді. Халқы салыстырмалы түрде кедей, сауатсыз келетін оңтүстік-шығыс аймақ көп жағдайда бұл өзгерістерден мақұрым қалды. 1970 жылдары үкімет мұның қарымы ретінде аймақты сенімді электр қуаты мен ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ететін аса ірі бөгет жобасын алға тартты. Түркия үкіметі Тигр мен Евфрат өзендері бойында – 22 бөгет, 19 гидроэлектр стансасы, жол, көпір мен өзге де инфрақұрылым нысандарын салуды жоспарлауда. Бұл жоспар «Оңтүстік-шығыс Анадолы» жобасы (түрікше қысқа атауы – GAP) деп аталды.

Лейла Сонкуш Түркияның оңтүстігінде Сирия шекарасына таяу маңдағы Харран жазығында жүзім жапырақтарын теріп жүр. Харранға судың келуі – жоба пайдасының бірі. Алайда Сирия мен Ирактағы адамдар Түркияның бөгеттері салдарынан Эвфрат пен Тигр өзендерінің суы азайып, ауыл шаруашылығына қатер төндірумен бірге таза ауызсу тапшылығын тудырып отырғанына шағымдануда.

Түркияның төмендегі көршілері Сирия мен Ирак: «Түркия керекті судан тыюы мүмкін», – деп жобаға наразылықтарын білдірді. 1984 жылы сепаристтерден құралған Күрдістан Жұмысшы Партиясы (PKK) Түркия мемлекеті тарапынан жол берілген әділетсіздік деп қабылданған әрекеттерге қарсы бас көтеріп, елдің оңтүстік-шығысын соғыс аймағына айналдырған. Дәл осы кезде тоқтаусыз ұлтаралық кикілжің, экологиялық ахуалдың нашарлауы, қайта қоныстандыру мен елдің мәдени мұраны қорғай алатынына күмәнмен қараған Еуропа банктері қаржыландыруды доғарып, Дүниежүзілік банк несие беруден бас тартқан еді.

1990 жылдары Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне кеңесші болған, қазірде БҰҰ-ның Адам құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесінің азық-түлік жөніндегі арнайы баяндамашысы Хилал Элвердің айтуынша, тіпті Түркия үкімет мүшелері жобаға күмәнмен қарай бастады. GAP – «ұлттық мақтаныш» деген энтузиазмге көлеңке түсті.

Су тасқынынан бұрын тұрғындар жазғы ыстықтан қашып, төсектерін шатырға шығарады, артқы фондағы мешіт мұнарасы археологиялық паркке көшіріледі.

Шынымен де, 2000 жылдарға қарай бөгет жобаларының көзделген мақсатына неге жете алмай жатқандығы түсінікті болды. «Олар су ресурстарын дұрыс басқара алмады әрі жоба ел ішінде бейбіт өмір әкеле алмады», – дейді Элвер. Бүгін құрылысы аяқталған 19 бөгеттің 13-і өндіретін электр қуаты түгел пайдаға асып отыр. Аз кәрізделген тұзды жерлерді сумен қамтамасыз ету кей аумақтың сортаңдауына әкеп соғып, жолға қойылған шаруашылықтар тұралап қалды. Бөгеттерден түскен пайда жергілікті билікке де, тұрғындарға да жетпеді. Мыңдаған адам көшіп кетті. Көбіне ақшалай не үймен өтемақы берілгенімен, бұл бұрыннан келе жатқан кәсіп көздерін алмастыруға жеткіліксіз еді.

«Ылысу» бөгеті өзен экожүйесінің 400 шақырымын, 300 археологиялық алаңды қамтиды. Жауһарымен бірге бөгет құрылысына байланысты шамамен 15 000 адам көшіріліп, өзгеріс оның басым бөлігіне ықпал етеді. Инженер-эколог әрі Хасанкейф ауылын аман сақтап қалу бастамасының өкілі Эрджан Айбога бұл сан жүз мыңға жуықтауы мүмкін екендігін алға тартады. «Кей компаниялар мен ірі жер иеленушілерге болмаса, жобаның жергілікті халыққа еш пайдасы жоқ», – дейді ол.

Күрд қыздары су астында қалатын үйлерінде бейқам жатқан кезі.

Ендеше, Түркия үкіметі неліктен оған қадалып отыр?

Көбі үкіметтің көздегені – жай ғана осы табиғи ресурсты бақылауда ұстау деп сенеді. Сөзге дәлел: PKK көшбасшысы Сирия­дан саяси баспана тапқан кезде Түркия оны қайтару бойынша келіссөздер барысында үркіту амалына жүгініп, «су жолын жабатындықтарын» ескерткен. «Суды Ирак пен Сирияға қарсы қару ретінде қолдануға болады, – деді Hasankeyf Matters ұйымының құрылтайшысы Джон Крофут, – бұл да – бір тетік».

Осы көктемде Иракта құрғақшылық қатты болғандықтан Тигр өзенінің деңгейі қалыпты деңгейден біршама түсіп кетті. Ирак үкіметі Түркияның маусым айында «Ылысу» бөгеті арқылы жасалған су қоймасын толтыруды бастау жоспарына қарсылық білдірді. Түріктер болса, оған ықылассыз келісім берді. Алайда кейінгі он жылдықта үкіметтің жалпы ұстанымы өзгермеді: Иракта – мұнай, ал Түркияда су бар!

Халфети ауданындағы Савашан ауылына қарап Хасанкейфтің болашағын болжауға болады. 2000 жылы «Биреджик» бөгеті аяқталғаннан кейін барлығы сегіз ауыл су астында қалған. Жобаның ауыл шаруашылығы саласына, көмек беру уәдесіне қарамастан, Халфети тұрғындарына тиесілі фермалық алқаптарының басым бөлігі бүгін су астында қалып отыр. Тур кемелері су астындағы мешіт жанынан өтеді, бірақ туризмнен түскен пайда жергілікті халықтың экономикалық шығындарының орнын әлі толтыра алған жоқ.

Наурыз айында билік өкілдері кәсіпкерлерді Жаңа Хасанкейфтегі бос тұрған коммерциялық ғимараттарға көшуге шақыра бастады. Алайда кәсіпкерлер «аруақ» қалада істері алға баспайтынын айтып, күштеп көшіру олардың жұмыс істеу құқығын шектейтініне қапаланды. Бұл жолы саны басым болғандықтан олардың айтқаны орындалып, уақытша болса да, өз дегендеріне жетті.

Адамдарда нақтылық жоқ, қажытатын жағдайда өмір сүруде. Соңғы бейресми жаңалықтарға қарағанда, үкімет су қоймасын шілде айында толтыруды бастайды екен. Ол да болмады. Осылайша, адамдар күткен күйі өмір сүруде. Хасанкейфке су келуі кешіктірілген сайын адамдардың да оған деген сенімі сейіліп барады.

Авторы: Сюзан Хансен, фото: Матиас Депардон


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0
Кіру
*
*



Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз