САЯХАТ

Филиппин қаһармандары

Маниланың орталық ауданындағы көк тіреген, жылтыраған ғимараттар жұмысшы табының жалдамалы үй-жайларының Рождество мерекесіне сәнделген шатырларының үстінен төне қарайды. Гонконгта бала бағушы болып жұмыс істейтін Бернардита Лопес айналаға көз тастап тұр. Табыс төмендігі кесірінен миллиондаған филиппиндік шетел асуға мәжбүр. Олардың көздегені – өз елінде жақсы өмір құру.

Артында туған-туыстарын қалдырып, 10 миллион филиппиндік шетелде нәпақасын табуға кеткен. Олардың жыл сайын өз еліне жіберіп отыратын 31 миллиард АҚШ доллары Филиппин экономикасына «қан жүгіртіп отыр».

Рекуердо Морко қарды өмірінде алғаш рет 22 жасында көрген. Төрт қабат арнайы маман киімі мен паркаға оранған ол өзі мінген жүк кемесінің палубасына ақ ұлпа қар қонып жатқанда аспанға көз тастады.

Солтүстік полярлық шеңбер маңайындағы суы мұздай теңізде жүзген кемеде тұру оның арманы еді және ол сол арманына жетті де.

Олар Финляндиядағы «Кеми» портына зәкір тастады. Рекуердо жағалауға аяқ басып, ең жақын дүкенге жүгірді. Ең әуелі SIM карта тауып, анасына қоңырау шалу – теңізші парызының бірі.

Папуа Жаңа Гвинеядағы Порт-Морсбиден Генерал Сантос қаласына кептірілген кокос­ты жеткізгеннен кейін Рекуердо Морко ұжымдастарымен бірге сырадан көруде. Морко үшін еркіндік пен теңіздегі өмірдің қызықтары үйге деген сағынышпен қатар тұр.

Қазір 33-ке келген Рекуердо соңғы он жылын жүк кемелерінде сауда флотының теңізшісі ретінде өткізді. Ол Финляндиядан бастап, Голландия, Папуа Жаңа Гвинея, Швеция мен Аустралия арасындағы порты бар әрбір елге табаны тиген сайын 66 жастағы анасы – Джинниге қоңырау шалып отырды. Джинни оның қашан, қайдан қоңырау шалып отырғанын есте сақтай бермейді, бірақ ұлының дауысын естіген сайын қуанып, көңілі жайлана түсетіні анық. Анасының дауысын естіген кезде, Рекуердоның өзі айтқандай, зеріккені, үйін сағынғаны мен мұңайғаны басылып қалады.

Рекуердо – жұмыссыздық, аз жалақы мен шектеулі мүмкіндіктерден қашып, табыс іздеп, шетел асқан 10 миллионға жуық филиппиндіктің бірі. Бұл – елдегі халық санының шамамен оннан бірі. Шетелдегі филиппиндік жұмысшылардың (ШФЖ) елге жіберетін қаражаты жылына 31 миллиард АҚШ долларын құрайды. Бұл – Филиппин жалпы ішкі өнімінің шамамен он пайызына тең сома. Филиппиндіктер Анголада – үй қызметінде, ал Жапонияда құрылыс­та жұмыс істейді. Олар Либияда – мұнай кеніштерінде, ал Гонконгта бала бағушысы қызметін атқарады. Қытай түкпіріндегі провинцияларында ән айтып, Таяу Шығыста қонақүй бизнесін жүргізуге көмектеседі. Әлемдегі балық аулау шаруашылықтарындағы қызметкерлердің ширегін филиппиндіктер құрайды.

Манила жанындағы теңіз академиясының кадеттері диаспорадағы ең абыройлы кәсіптердің біріне ие болу үшін оқып жүр. Арасында айтарлықтай табысқа кенелгендері өз отбасыларын орта тап қатарына қосады. Әлемдегі теңізшілердің төрттен бірі – филиппиндіктер.

Бұл – Филиппиндегі экономиканы қайта құрып, білім беру жүйесін өзгерткен феноменалді құбылыс. Жыл сайын сертификаты бар әрі тіл курсынан өткен 19 мыңдай медбике ел-елдегі ауруханаларға жұмысқа орналасады.

Филиппиндегі білім беру мекемелері мен кәсіби-техникалық мектептер студенттерді шетелде жұмысқа орналастыру ықтималдығы бар кәсіпорындарға жібереді. Теңіз академиялары мен медбике даярлайтын мектептер жыл сайын мыңдаған түлек шығарады. Үй қызметіндегі жұмысшыларға арналған оқу орталықтары әйелдерге әр елдің әдет-ғұрпына қарай дастарқан жаюды, ауруханада төсек жинауды, араб пен қытай тілдерінде амандасуды үйретеді. Арнайы мемлекеттік мекемелер тіркелген жұмысшылардың көші-қоны, халықаралық еңбек шарттары бойынша келіссөздер жүргізу ісімен, сондай-ақ дипломатиялық қарым-қатынас үзілгенде не соғыс өрті тұтанғанда азаматтарын құтқару мәселелерімен айналысады. Бір ғана мысал, үкімет өкілдерінен құралған делегацияның Сирияға арнайы барып, үй қызметіндегі жұмысшыларын іздеп жүріп, қауіпсіз жерге көшіргені бар.

Шетелдегі филиппиндік жұмысшылардан ұдайы ағылған қолма-қол ақша ағыны арқасында тұрмысы нашар отбасылар кедейліктен құтылып, батпақты провинциялардағы күріш алқаптарында осы шетел асқан жұмысшылардың ақшасына салынған үйлер көбейген.

Шетел асқан филиппиндіктерді елде «багонг баяни» – жаңа қаһармандар деп атайды.

Желтоқсан – Филиппинде теңіз асқан жұмысшылардың ұлттық айы ретінде атап өтіледі. Кино мен телевизиялық шоуларда олардың еңбекқорлығы мен адалдығы көрсетіледі. Отбасы мен ел қамы үшін өздерін құрбан еткен осы диаспораны барлығы «багонг баяни», яғни жаңа қаһармандар деп атайды.

Шетел асқан жұмысшы атану үлкен армандардың бітпес цикліне қадам басуды білдіреді: мәңгі-бақи шетелдегі арманыңның артынан қуалау мен артыңда қалған үйіңді сағыну.

Джиннидің бес баласы бар. Төртеуінің де есімін анасы оларды шетелге кететінін білгендей, қимай қойған: Мемори (еске алу), Сувенир, Ремембранс (еске түсіру) мен Рекуердо. Соңғысы – алдыңғы үш сөздің мағынасын беретін испан тіліндегі сөз. Рекуердо мен жасы 48-ге шыққан Мемори жылдар бойы жұмысын шетелдерде істеп келеді. Палавандағы олардың Тайтай деп аталатын туған қаласында тұратын Джинни балалары мен немерелері жанында қартаймайтынына мойынсынған.

Рекуердо ай сайын табатын 1300 АҚШ доллары мөлшеріндегі жалақысынан бірнеше жүзін анасына жіберетін мүмкіндігінің барына өзін бақытты санайды. Қазір ол анасының көзіндегі шел ауруына ота жасату үшін қаражат жинап жүр. Джинни – жесір әйел, ол балаларын оқыту үшін көшедегі азық-түлік дүңгіршегінде істеп күн көрген. Анасын қаражатпен қамтамасыз ету – Рекуердоның Филиппинді тастап шығуының негізгі себебі. «Мен кез келген қиындыққа дайынмын, – дейді ол, – тек анама ақша жібере алсам болғаны».

Теңізде жүргенде Рекуердо Палавандағы үйіне жетуді армандайды. Кезінде дәл сол сияқты, теңіз жағасында тұрып, ол сауда флотының теңізшісі болуды қиялдағаны бар. Алайда Палавандағы өз үйіне оралатын күн тым ұзақ болып көрінеді. «Ақшасыз ол кімге керек, оны алақанын жайып, күтіп отырған кім бар» деген сұрақ еш маза берер емес. «Бұл – қанша қиын болса да, жаныңа жай таптыратын аурудай», – дейді Рекуердо олардың өмірі туралы.

Әпкесі Мемори акушерлікті оқыған, бірақ Филиппиндегі ауруханаларда жалақы төмен, сондықтан ол Маниладағы пицца мейрамханасына жұмысқа орналасты. Ол ұлы Риаммді ақылы мектепте оқытқысы келді. Оған мектеп киімдері мен дәптер-қаламдарын алып беру мүмкіндігі Мемори үшін негізгі приоритет. Ол Рекуердоға күні қарағанын қаламайды. «Мектепте жақсырақ оқығанымда ғой, – деп қынжылады ол, – сөйтіп, Филиппиннен жұмыс табар едім». Ал қазір шетел асқаннан басқа амал жоқ.

Мемори бала бағушы болып алты жыл Мороккода тұрды. Оның алдында Палаудағы жанармай стансасында істеген. Өткен жылдан бері ол БАӘ-нің Абу-Даби қаласында нәпақа тауып, біреудің баласын бағып жүр.

Жыл сайын шетелде жұмыс істегендер есебінен құйылатын ондаған миллиард доллар ел экономикасының еңсесін көтерді. Жақында ақпараттық қызмет орталықтары тәріздес етек жайған кәсіпшіліктердің де үлесімен экономиканың даму қарқыны үдей түскен.

Таяу Шығыста отбасымен бірге тұратын бала бағушы ретінде Мемори филиппиндіктер диаспорасы арасында ең қауіпті саналатын қызмет істеп жүр. 2011 жылы жүргізілген зерттеуде Сауд Арабиясында үй қызметіндегі жұмысшыларға физикалық не психологиялық зорлық-зомбылық көп көрсетілгені айтылады. Жұмыс берушілер олардың төлқұжаттарын тартып алып, айлар, тіпті жылдар бойы үйден шығуға тыйым салып, аш та қалдырған екен. Көптеген филиппиндік елге зәбір көріп оралады. Ал Мемори қазіргі жұмыс берушісі тарапынан зорлық көрмегенін айтты.

Дайындық курс­тарында бұл туралы айтылады. Сондықтан филиппиндіктер мұндай қауіп-қатердің бар екенін біледі. Десе де Мемори оларға мән бермейді. «Уақыты келгенде пешенеге жазылғанды көресің, – дейді ол Абу-Дабиден телефон арқылы сөйлесіп тұрып, – бірақ қанша уақыт өтсе де, үйіңе деген сағынышың басылмайды».

Арман қуып шетел асқан филиппиндіктердің арасында еліне табытпен оралатындары да бар. Джессика Катиистің анасы қызының ақтық сапарында оны жоқтап отыр. Ол Сауд Арабиясында үй қызметшісі болған. Оның өз-өзіне қол жұмсағаны айтылады. Марқұмның мәйіті еліне тек жеті айдан кейін ғана жетті.

Риамм қазір он тоғызда. Ол өмірінің көп бөлігін анасыз өткізді. Мемори үшін ұлды берген де, оны жалғыз қалдыруға мәжбүр еткен де – тағдыр. Одан еш құтылып кете алмайсың. Ұлы анасына көз жасын көрсеткісі келмей, жиі қоңырау шала бермеуін де өтінген екен.

Элиталық теңіз академиясына қабылданса да, Риамм сәулет өнерін таңдады. Егер анасы оның оқуын төлеу үшін шетел аспағанда оның мұндай таңдауы да болмас еді. «Оқуын бітірген соң ол әлдеқайда дамыған Филиппинде жұмыс іздейтін болады, – деп үміттенеді анасы. – Бұлардың жасында бізде таңдау да болған жоқ». Сол себепті де, елді аяққа тұрғызу үшін шетел асқандардың маңдай терімен қосқан үлесін кейінгі ұрпақ еш ұмытпауы тиіс.

Авторы: Аурора Алмендрал, фото: Анна Рейес Моралес


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

227 Views
Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation