.

Ана, сен жыламағын!

Сіз ұшақтың бизнес-класында ұйықтап жатыр едіңіз делік, кенет әуе шұңқырына тап болып, ұшағыңыз солқ ете қалды. Біраз уақыт бойы селкілдеп барды да, әрең дегенде қалпына келді. Қандай көңіл-күйде боласыз? Әрине борт командирі сыпайылап кешірім сұраса да, жүрегіңіздегі жағымсыз әсер біразға дейін қалады ғой… Теория­лық тұрғыда білікті пилот әуе шұңқырын алдын-ала болжап, кемені оған ұрындырмай алып өтуіне болады деседі.

1990 жылдардағы әлеуметтік дағдарыс кезінде басылым беттерінен «аналарымыз ала дорба арқалап, базар жағалап кетті» деген сөздерді жиі оқитын едік. Әрине бұл жағдай халықтың табиғи өсіміне өте кері әсер етті. Туу көрсеткіші күрт төмендеп, балабақшалар жабылып қалды. Жоғарыдағы ұшақ мысалы Қазақстанның сол кездегі демографиялық ахуалын бейнелейтіндей. Осы дағдарыстың салқыны 90-жылдардың соңына дейін жетті. 1993 жылы, тіпті, арнайы Жастар ісі, туризм және спорт министрлігі құрылды.

Бұрынғы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мәліметінше, 2016-2018 жылдар аралығында қазақстандық жастар санының жылына жүз мыңға азайып отырған дерегі байқалған. Жастар дегеніміз – 14 пен 29 жас аралығындағылар екенін ескерсек, олардың бұл азаюына тікелей әсер еткен 1990-2000 жылдар факторы екені байқалып тұр.

Халықтың туу деңгейі 2000 жылдардан кейін ғана жақсара бастады. Демограф мамандар 2022 жылдардан соң қазақ ұлты «турбуленттік аймақтан» толық шығып, ұлттық үлесі жағынан мемлекет ішінде айқын (80 пайыз) басымдыққа қол жеткізеді деп болжайды. Бұл – тарихи қуаныш. Бірақ сан сапаға айналмаса, ол қуаныш ұзаққа созылмасы анық. Сондықтан, Ел Үкіметі «Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын» қабылдап (бұл 1999 жылғы 28 тамызда қабылданған № 73 аттас құжаттың ізбасары), білім беру, денсаулық сақтау және жұмыспен қамту бойынша бірқатар шаралар жасап келеді. 2004 жылы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң қабылданған болатын. Ресми билік осы кездерден бастап жастарға жеке әлеуметтік-демографиялық топ ретінде көңіл бөле бастады. Мәселен, Ресейде осы жылдар ішінде жастар саясатының дұрыс жүргізілмеуі салдарынан скинхеттік және түрлі қылмыстық топтар саңырауқұлақтай қаптап кетсе, Орталық Азияның кейбір мемлекеттеріндегі жұмыссыз жастар көрші елдерге ағылды. Бұл жағынан Қазақстан билігі өз міндетін абыроймен атқара алды десе болады. Бір ғана «Болашақ» бағдарламасының өзі қаншама талантты жастың қанатын қомдады. Ел ішінде ұлтаралық татулық, тағаттылық принциптері тынбай насихатталып келеді. Халықтың бүтіндей бір буыны бүгінде осы идеологиямен өсіп шықты. Бір қарағанда жасанды көрінгенімен, бұл қадам сол бір жылдардағы қоғам тұтастығы мен қауіпсіздігін сақтау үшін маңызды рөл атқарғаны айдан-анық.

Дегенмен, ішкі саясат ұстанымдары да уақыт өте келе қоғам сұранысына сай өзгеріп отыруы тиіс. Біздің жағдайымыз­­да, ең бастысы – халықтың экономикалық белсенді бөлігінің тұрақтылығын сақтап қалу. Ол үшін көпбалалы аналар мәртебесін арттырып, туу қарқыны мен шетелдегі этникалық қазақтардың елге көшуін ынталандыруды батыл түрде жүзеге асыру керек деп санаймыз. Осылайша түрлі ұлыс өкілдерін мемлекет құраушы ұлттың айналасына шоғырландырып, оны тарихи құндылыққа айналдыратын күн жақындап келеді.

Авторы: Мақсат Ясылбайұлы, фото: Сәрсенбек Қызайбекұлы

0
       

Пікір жазу

Кіру
*
*



Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз