..."/>
ЗЕРТТЕУ

Орманды жұтқан пальма майы

Малайзия. Пальма жеміс сабақтарын өңдейтін диірменнің көбі материктегі Малайзияда орналасқан. Басқа дақылдармен салыстыр­ғанда пальма бір гектар алқаптан көбірек өнім береді. Әлемдегі ең өтімді көкөніс майына деген сұраныстың шарықтауы кесірінен ірі өндіруші елдердің, яғни Индонезия мен Малайзия табиғатына орны толмас зиян келіп, бүтін қалған орман жоқ.

Әлемнің Азияда өндірілетін пальма майына деген тәбеті қоршаған орта мен Тұмса табиғатқа алапат зиянын тигізуде. Бірақ Африканың Габон елі орман алқаптарын сақтай отырып, осындай кәсіп жүргізудің озық үлгісін көрсетуден үмітті.

Габонның оңтүстік-батысында жүздеген шақырымға созылып жатқан көне орман бар. Мұндағы Нгуни өзенінің бойында сингапурлық агробизнес кәсіпорны – «Олам» компаниясы орналасқан. Біз бұл жерге компанияның бірнеше қызметкерімен бірге сүйір қайыққа отырып келдік. Піл іздеріне ілесіп, орманға кірдік. Қалың көне ағаштардың, шимпанзе ұялары мен гориллалардан қалған тау-тау тезектің жанынан өтіп барамыз. Төбемізде маймылдар жүгіріп жүр. Оламдық жас орманшы аяқкиімін шешіп, жалаңаяқ ағашқа өрмелей жөнелді. Ол қараөрік сияқты алқызыл жемісті уысына толтырып алып түсті.

Ары қарай жүре отырып, мангу, кола жаңғақтарын көрдік. Айналасындағы ағаштар пілдің ұзын таяқ тісімен жырылған.

Конго Демократиялық Республикасында жұмысшылар езуге дайын пальма жемісін жұмсарту аппаратынан алып шығуда. Майлы пальма, лат. Elaeis guineensis – Африканың батысы мен орталығына тән өсімдік. Қазіргі таңда бұл аймақта коммерциялық плантациялар жайылып барады. Егер индустрия толық масштабта қанат жайса, ол маймыл, піл мен басқа да жойылу қаупі төнген жануарлардың аса маңызды тіршілік ортасына қол сұқпақ.

Күннің қия түскен сәулесі астында тұрып, ағаштардың оталып жатқанын көру жүректі ауыртады. Бұл жер саябақ не қорық емес, бұл – Моуила пальма майы плантациясының бір бөлігі. Оны «Олам» компаниясы басқарады. Егер бұл жер әлемдегі пальма майын жеткізуші ең ірі екі ел – Индонезия мен Малайзияда болса, ағаш кесушілер мен бульдозерлер қатар-қатар пальма ағаштарын отырғызу үшін аймақты күреп-тазалап жүрер еді.

Беталды құла өскен бұтақтары астында қызыл жемістің үлкен байламдары бар май пальмалары ежелден келе жатқан негізгі дақылға жатады. Мыңдаған жыл бойы адамдар олардың жемістерін қайнатып, ұсақтап, одан ас пісіретін май алумен келді. Жылу үшін олардың дән қабықтарын жағып, жапырақтарын шатыр­дан бастап, кәрзеңке тоқу үшін түрлі нәрселерге пайдаланған. Алайда өткен бірнеше он жылдықта пальма майын тұтыну күрт артты. Оған тең мөлшерде екі себеп бар: бірі – майдың әмбебаптығы мен кілегей текстуралық қасиеті, екіншісі – оны шығаратын ағаштың өнімділігі. Бірдей май мөлшерін алу үшін соя бұршақтары тәріздес дақылдарға қарағанда пальмаға екі есе аз жер телімі қажет.

Пальма майы дәл қазір әлемде жоғарғы сұранысқа ие өнімдер қатарында. Ол әлемдегі майға деген сұраныстың үштен бірін құрап отыр. Оны көп ел, әсіресе Үндістан өзінің тамақ өнеркәсібінде күнделікті пайдаланады. Супермаркет сөрелеріндегі барлық тауар құрамынан пальма майын табуға болады: печенье, пицца шелпегі, нан, далап, лосьон, сабын мен тағысын тағы. Ол тіпті экологиялық таза деп есептелетін биодизель құрамында да бар.

Бұл майды ең көп тұтынатын ел – Үндістан. Саны көп үнді елі жаһандық тұтыну мөлшерінің 17 пайызын иемденіп отыр. Одан кейінгі орындарда – Индонезия, Еуроодақ пен Қытай. АҚШ – қазіргі кезде сегізінші орында. 2018 жылдың қорытындысы бойынша жаһандық тұтыну мөлшері 65,5 миллион метрикалық тоннаға немесе долбарлап алғанда адам басына 9 кило пальма майына жетеді деп болжанып отыр.

Осы сұранысты қанағаттандыру үлкен құрбандықты талап етті. 1973 жылдан бері Малайзия мен Индонезияға ортақ – Борнео аралында пальма плантацияларын өсіру үшін 41 мың шаршы шақырым «жауынды орман» оталып, өртеліп, бульдозермен тегістелген. Бұл – 1973 жылдан бері Борнеодағы жалпы орманның бестен бірі жермен теңестірілді деген сөз. Оның 47 пайызы 2000 жылдан бері ғана оталған.

Индонезия. 2015 жылы Борнео аралындағы батпақты жерде жайылған орман пальма плантациялары үшін өртелді. Сол жылы табиғи апат пен жасанды өрт кесірінен ауа ластанып, 12 мың адам түрлі тыныс алу жолдар ауруының асқынуынан көз жұмды. Индонезиядағы парникті газдың жартысына жуығы ормандарды, әсіресе көмірге бай батпақты аймақтарды отаудан не өртеуден пайда болады.

Орманды осылай отау жабайы табиғаттың жұтаңдауына әкелді. 1999-2015 жылдар аралығында жойылу алдындағы Борнео орангутандарының шамамен 150 мыңы қырылды. Мұның негізгі себебі орманның жоғалуы мен аңшылық болғанмен, пальма майы өндірісі де – басты факторлардың бірі. Бұл аймақтың климат өзгерісіне де әсер етпей қоймады. Индонезияда парникті газ шығарындыларының жартысына жуығы ормандардың оталуы мен ауаның қатты ластануына тікелей байланысты.

Плантация аймақтарында тұратындардың одан да басқа проблемалары бар. Балаларды жұмысқа салу не адамдарды күштеп көшіру сияқты адам құқықтарын таптайтын оқиғалар жиі кездеседі. Индонезияның Суматра аралында пальма майын өндіретін компания­лар тұрғындарды үйсіз қалдырып, ауылдарды күреп тастаған кездер де болған.

Осындай тәжірибенің кесірінен Габон билігі экологиялық апат пен халық наразылығына жол бермек емес. Үкімет пен «Олам» арасындағы келісім аясында, компания май пальмаларын рұқсат етілген жерге ғана өсіре алады.

«Габондағы талпынысымызды орманды түгелдей шауып тастамай, пальма майы өндірісі, ауыл шаруашылығы мен орманды сақтау арасында баланс ұстаудың жаңа жолын іздеумен түсіндіруге болады», – дейді Ли Уайт. Ли Габонның саябақтар агенттігінде табиғат қорғау биологі болып істейді. Габон халық саны екі миллионға жетпейді. Индустриалдық масштабтағы ауыл шаруашылығын қолға алуған үкімет құнды орман алқаптарының қай бөліктерін сақтау аса маңызды, қай бөліктерінде пальма өсіруге болатынын анықтау үшін ғылыми сараптамаларды пайдаланбақ.

Бенин. Пальма майы – Батыс Африкада ежелден тұтынылатын өнім. Оның өндірісі индустриал­дық түрден гөрі қолөнерге жақын болған. Бенин әйелдері пальма майы өнімін керегіне жарату үшін оны әлі күнге дейін қолмен өңдейді. Ұлпадан майды шығарып, сығу үшін ең әуелі олар жемісті қайнатады. Мына суретте әйел жеміс талшықтары мен қабықтарын майлы қоспадан айыруда. Тек майын қалдыру үшін, бұл қойыртпақ артынша қайта қайнатылады.

Оңтүстік-Шығыс Азиядағыдай Африка да осы дақылды өсіруге сыбана кірісті. Оны өндіретін елдер кіріске тәуелді. Пальма майына бойкот жариялау – қисынсыз нәрсе: балама май дақылдарын өсіру одан да көп жерлерді «жұтып қояды». Бұл өнімің кең таралғандығы сонша, оған қарсы күресу бекер. Ең қорқыныштысы, осы майдан өндірілетін және де қорегімізде жиі кездесетін натрий лаурил сульфаты мен стеарин қышқылы ингредиенттері жайлы тұтынушы түк білмейді. Біз пальма майын тұтынудан түбегейлі бас тартуымыздың ықтималдығы аз. Жалғыз амал – оның өндірісінің зиянын барынша азайту.

Индонезия мен малайзия қазіргі уақытта пальма май индустриясының эпицентрі болып отыр. Алайда пальма май ағашы, яки Elaeis guineensis Азияға тиесілі емес. Оның отаны – Африканың батысы мен орталығы. Археологтар бұл жерден орман түкпіріндегі өзен сағасында көмілген үш мың жылдық пальма жаңғақтарын тауып алған. 1800 жылдарда британдық саудагерлер сабыннан бастап, маргарин мен майшамға дейін түрі арта түскен өнімдер құрамында пайдаланылатын пальма майын Африкадан импорттаған. Ғалымдар глицеринді майдан айыруды үйренген кезде оның қолданысы еселеп артып, ол фармацевтика, фото-пленкалар, парфюмерия, тіпті жарылғыш заттар өндірісінде қолданылды.

ХХ ғасырдың соңына таман май пальмалары Индонезияға жеткізіліп, ол жақта коммерция­лық плантациялар кең етек жайды. 1930 жылдардың соңында оның көлемі 100 мың гектарға жетті. Одан кейінгі жарты ғасыр­дай уақытта агробизнестегі прогресс – түрлі патогендік ауруларға төзімді ағаштар сұрыптау, тозаңдандыру үшін африкалық бізтұмсықтарды пайдалану өнімді еселеп, май пальмаларына инвестиция құюды арттырды. Десек те, 1970 жылдарға дейін Борнеоның төрттен үші қалың «жауынды орманға» толы болатын. Пальма майына деген жаһандық сұраныстың артуымен оны нарыққа жеткізуге жарысқан компаниялар бұл ормандарды өртеп, отап тастады. Трансмайдың денсау­лыққа зияндылығына қатысты алаңдаушылық пальма майы өндірісін одан ары қыздыра түсті, көптеген өнімнің құрамындағы трансмайдың орнын пальма майы басып, биодизельге деген сұранысты да арттырды.

Индонезия. Жаңа Гвинеядағы пальма майы өсірілген аумақтың көрінісі; Борнео мен Суматрадағы орман мен батпақты жерлердің түгелі пальма плантация­­сы үшін жаппай оталып, құрғатылған. Greenpeace мәліметтеріне сүйенсек, елдің батпақты алқаптарды құрғатуға жариялаған мораторийі Папуа провинциясындағы мына плантацияның кейбір бөлігінде сақталмай отыр.

2000 жылдардың басында осы дүмпу шарықтап, Борнеодағы мыңдаған шаршы шақырым жа­­йылған орман мен шымтезекті батпақ алқаптары пальма плантацияларына айналды.

Осы уақытқа қарай халықаралық табиғат қорғау ұйымдарының ормандардың оталуына алаңдаушылығы артып, Халық­аралық жабайы табиғат ұйымы пальма майын аса зор жауапкершілік деңгейінде өндіру стандарттарын шығара бастады. Ол үшін кейбір аса ірі өндіруші компаниялармен және сатып алушылармен ынтымақтастық орнатыла бастады. Пальма майын экологиялық тиімді өндіру мәселелері жөніндегі дөңгелек үстел (ағылшынша қысқаша атауы – RSPO) сертификаты бар плантациялар «ескі ормандард мен биотүрлілігі (жойылу қаупіндегі жануарлары бар) айтарлықтай кең алқаптарды не нәзік экожүйелерді отай» алмайды. Олар эрозияны барынша азайтып, су ресурстарын қорғауы қажет. Олар минималды жалақы төлеп, жергілікті жұртшылықтың «еркін түрде, алдын ала келісімін» алуы тиіс.

Бүгін RSPO ұйымы дүниежүзі бойынша жеткізілетін өнім мөлшерінің шамамен бестен бірін сертификациядан өткізеді. Өндірісі пальма майына негізделген көптеген тауар өндіруші – Unilever, Nestlé, Procter&Gamble алдағы бірнеше жылда өздерінің материалдық жабдықтауында тек қана сертификатталған пальма майына көшуді мойынына алды. Бұл – үлкен жетістік. Бірақ әлі де жеткілікті емес.

Өкінішке орай, бұл саланы толық бақылауға алу үшін үкіметтің араласқаны абзал. «Табиғат қорғау ұйымы ретінде біз нарыққа негізделген шешімдермен ғана мәселені реттеуге болатынына сеніп келдік, – дейді Conservation International ұйымында «Азық-түлік және ауыл шаруашылығы нарығы бағдарламасында» қызмет ететін Джон Буханан. – Егер үкіметтің бұл саланы бақылауда ұстауға қауқары жетпесе, «жауынды ормандарға» төнген қатер сейілмек емес».

Түс ауа ылғал басым кезінде Борнеоның солтүстік-шығысында пілдердің шағын үйірлері лай өзен жанында жайылады. Күн ағаштардың тура төбесіне түскенде пілдер өзеннің батпақты жағалауына жиналады. Көп ұзамай елуден астам піл алып бастарын жоғары-төмен изеп, ұзын тұмсықтарымен су шаша отырып, ені – кең, ағысы жылдам Кинабатанган өзенін қатар-қатар жүзе кесіп өтеді.

Кинабатанган өзені – Борнеоның солтүстігіндегі малайзиялық Саба штатының жабайы табиғатын тамашалауға болатын ең қолжетімді жерлердің бірі. Туристер аяқтарын былғамай-ақ өзен үстінде кемеден өте сирек әрі символикалық жануар түрлерін – Борнеоның кішкентай пілін, дәумұрынын (кахау), малай калаоны, тіпті орангутанды қызықтай алады.

Индонезия. Борнео орангутандарын құтқару қорының жұмысшылары орангутанды қорғалатын аралға жібермек. Джунгли үйінен айырылған соң Ньяру Ментенг қорығында өскен маймылдар «реабилитациядан» өтуде. 1999-2015 жылдар аралығында ормандардың оталуы мен аңшылық кесірінен шамамен 150 мың Борнео орангутаны қырылды.

Ашық ауада бұл жануарларды тамашалау жан тебірентеді. Алайда олардың көз алдымызға осылай келуінің негізгі себебі – баратын басқа жерінің қалмауында. Өзен айналасындағы шеті жоқ даласынан орман көрмейсіз. Қалың орман орнын май пальмалары басқан. Май құйылған автоцистерналардың да шегі жоқтай әсер қалдырады. Көлікке мініп, сағаттап жүрсеңіз де ағаштың басқа түрін таппайсыз бұл аумақтан.

1970 жылдары үкімет Сабадағы ондаған жылға созылған ағаш кесу кәсіпшілігіне деген шамадан тыс тәуелділіктен құтылу үшін ауыл шаруашылығына бет бұрды. Үкімет жазықтықтағы орманды алқаптардың үлкен құнарлы жер телімдерін, соның ішінде Кинабатанган аймағын дақыл өсіруге бере бастады. «Сол кезде ең құнарлы жер ауыл шаруа­шылығына берілуі керек деген түсінік шықты», – дейді Сабада 1979 жылдан бері тұрып келе жатқан табиғат қорғау биологі Джон Пейн.

1980 жылдарда Сабаның ауылшаруашылық алқаптарының басым бөлігі какао өсіруге берілді. Алайда әлемде оның бағасы құлдырап әрі какаоның «бұршақ-откөбелегі» деп аталатын зиянкес какао өсірудің табысын түсіріп жібергеннен кейін көптеген плантация май пальмасын өсіруге көшті. Жер телімдері арзан болғандықтан Малайзияда негізделген компаниялар оларды көптеп сатып алып, диірмендер мен басқа да инфрақұрылым сала бастады. Бұл өндірушілерге өз өнімдерін нарыққа шығаруды жеңілдетті, осылайша, ормандарды жаппай отау кең масштабта жайылып кетті. Бүгін мемлекет аумағының бестен бір бөлігін пальма плантациялары алып жатыр. Сабада әлемдегі пальма майының шамамен 7 пайызы өндіріледі.

Мұның экологиялық шығыны орасан зор болды. Көптеген орман бір-бірінен оқшау қалды. Адам қолы жетпегендей көрінетін джунгли аралдардың көбінде аң жоқ. «Бір кездері шұбырған орангутандардың үйі болған мекендер қазір пальма плантацияларын айналған», – дейді Пейн.

Малайзия. Борнео аралындағы Саравак штаты. Плантациялардың бірінде жұмысшы пальма жеміс­терін жинап жатыр. Жасы шамамен 25 жылдық мына ағаш жақын арада шабылып, орнына басқасы отырғызылады. Пальма ағаштары қартайған сайын аз жеміс береді және ұзын ағаштан жеміс теру де оңай емес.

«Әттеген-ай» арасынан үміт отын табу қиын. Бірақ ғалымдар, белсенділер, RSPO өкілдері мен мемлекеттік мекеме қызметкерлерінен құралған топ Сабада жіберілген қате-кемшіліктердің орнын толтыруға талпынуда. Пейн қазір кәсіпшілік пен ҮЕҰ коалициясы болып табылатын PalmOil&NGO (PONGO) альянсын басқарады. Ұйым Борнеодағы ең ірі плантация­лардың 5 пайызын қайтадан орангутандарға қайтаруды көздейді (Понго – маймыл түрінің атауы). Мені Кинабатанганға апарған Hutan табиғат қорғау ұйымы оқшау орман арасын жалғайтын дәліз үшін соңғы он жыл ішінде 100 мыңнан астам 38 ағаш түрін отырғызған. Бұл – өзен жағалауындағы жабайы табиғат сақтаудағы алғашқы қадамдардың бірі.

Елдің орман министрлігі немесе бас орман қамқоршысы ретінде Сам Маннан еңбегі орасан. Көшбасшылығы арқасында Сабадағы қорғалатын жер көлемі соңғы он жылдықта 12-ден 26 пайызға дейін ұлғайып, 19 мың шаршы шақырымға дейін жеткен. Маннанның мақсаты – аң-құстың еркін көшіп жүруі үшін саябақ пен қорықтарды біріктіріп, мемлекет иелігіндегі басқа да орманды алқаптарды оған қосу арқылы бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 30 пайызға дейін өсіру болатын.

Ол арадағы ынтымақтастыққа кәміл сенді. «Пальма майынсыз табиғатты қорғау әсте мүмкін емес», – деді ол маған Сандакан қаласындағы кеңсесінде отырып. Теңіз жағалауында орналасқан қала бір кездері ағаш кәсіпшілігінің астанасы болған. Ел экономикасына пальма майы өндірісінен басқа көбірек ақша құятын – мұнай бизнесі ғана. «Айналып келіп ақша табиғатты қорғауға жұмсалуда, – деді Маннан. – Әрине, «пальмасыз тұмса табиғат мұндай халге түспес еді» деп келіспеуіңіз мүмкін, бірақ бұл өндіріс көзінсіз халық аш қалатынын ескердіңіз бе?!»

Пальма майы өндірісінің дүмпуі Сабаға нақты экономикалық пайда әкелуге көмектесті: асфальт жол, жақсы мектеп, спутниктік телевидение. Ел астанасы Кота-Кинабалудағы жарқыраған сауда орталықтарында Батыс пен Азияның аса қымбат брендтерін көруге болады.

«Айналып келгенде, – дейді RSPO басшысы Сабада туып-өскен Даррел Веббер, – пальма майы индустриясының мәдениеті өзгеруі керек». Маннанның қолдауымен Веббер мен малайзиялық белсенді Синтия Онг осыны Сабада жүзеге асырудың амбициялы жобасын қолға алған. Олардың мақсаты – бірнеше ғана гектар жері бар шағын қожалықтардан бастап, ықпалы зор кәсіпорын басшыларына пальма майы өндірісін қалай және неліктен оңтайландыру керектігін үйретіп, сол арқылы түгел индустрияны бақылауға алу.

«Сұраныс артқан сайын Саба оны қанағаттандыруға талпынатыны анық. Сұранысты тудыратын өзіміз екенімізді еш ұмытпауымыз керек», – дейді Онг.

Малайзия. Экскаватор пальма жеміс сабақтарын конвейер жолағына салу үшін жинап жатыр. Олар әрмен қарай бу аппаратына барады. Пальма майы өндірісінде Африкаға қарағанда Азия­­да механикалық әдіс әлдеқайда басымырақ. Пирак штатындағы мына Малайзиядағы диірмен сағатына 40 метрикалық тонна жемісті өңдей алады. Осы өнімнен 2 метрикалық тонна шикі пальма майы алынады. Диірмен тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді.

Қалай екені әлі белгісіз болса да, үкімет 2025 жылға қарай индустрияны түгелдей сертификаттаудан үмітті. «Біз ұшып бара жатып, ұшақ құрастырумен келеміз», – дейді Онг. Малайзиялық коммерциялық емес мекеме Wild Asia Кинибатанган мен өзге аймақтардағы жүздеген шағын кәсіпорынды бірге сертификаттау үшін біріктірмек. Соның арқасында олар пальма майын сертификатталған диірмендерге өткізуге мүмкіндік алады. Өзінің жеке плантациялары жоқ пальма майын ірі тұтынушы компания Nestlé осы жобаны қаржыландырды. Фермерлерге тиімдірек бағалар ұсынылады, Nestlé тәріздес RSPO өкілдері де өз өнімдері қалай тұтынылып жатқанын қадағалай алады. «Біз мұны жабдықтау саласымен байланыстырғымыз келеді», – дейді Nestlé өкілі Кертиджа Абдуль-Кадир.

2011 жылдан бері ол Кинабатанган өзені бойында 700 мыңдай ағаш отырғызылғанына куә болды. Бұл 2500 гектар алқапты қамтиды. RSPO мүшесі әрі әлемдегі пальма майымен қамтамасыз ететін ең ірі компаниялардың бірі – Wilmar Саба мен өзге өңірлердегі су бассейнін қорғап, жабайы табиғат дәліздерін ашу үшін ормандарды қайта жандандыруда. Ормандарды қалпына келтіру көп еңбекті қажет етеді және шығыны да аз емес. Күтуден басқа амал жоқ. Бірақ қанша күтсең де, көне қалың орманның қайта қалпына келмейтіні анық.

Африканың қалың орманды елдерінің бірі – Габон да пальма индустриясын қолға алмақ. Экватор мен құрлықтың батыс жағалауында орналасқан Габонның жер аумағы шамамен Колорадо штатындай. Ал халық саны оның үштен біріне ғана тең. Ел аумағының 76 па­­йыздан астамы орманмен көмкерілген. Ал құрлықтағы территорияның 11 пайызы ұлттық саябақтарға тиесілі.

«Бұл – үлкен, адам аяғы баспаған орман және оны кез келген өндірістен қорғағыңыз келеді, – дейді «Оламның» Габондағы пальма майы операцияларын сынға алған Уашингтонда орналасқан Mighty Earth экологиялық ұйымының басшысы Глен Хуровиц. – Тропик бойында құты қашқан жер жеткілікті, пальма майы плантацияларын орманды алқабы мол елдерге жіберудің қажеттілігі қанша?».

Жауаптың бірі сол – олар Габон елінің шақыруымен келген. Бұрын Франция отарында болған бұл ел кірісінің басым бөлігі мұнайдан түседі. Сахараның төменгі бөлігінде орналасқан елдердің ішінде Габон жан басына шаққандағы ЖІӨ жағынан төртінші тұр. Экономиканы әртараптандыру қажет. Хуровиц оның орнына экотуризмді дамытқан жөн деген уәж айтады. Көз тоймайтын саябақтары мен тұмса табиғаты салыстырмалы түрде қауіпсіз ел. Әуе қатынасы бар. Жолдары нашар және тұрғынжай мүмкіндіктері дамымаған. Мұнда экотуризмге зор мүмкіндік бар және Габонның саябақ агенттігі Agence Nationaledes Parcs Nationaux (ANPN) осыны өзіне мақсат етіп отыр.

Габон. Агробизнестегі сингапурлық алып – «Олам» компаниясы Африканың батыс-орталық аймағында екі жаңа пальма плантациясын ашты. Олардың әрқайсысының өз диірмені бар. Габонның төрттен үшін орманды алқап алып жатыр. Үкімет Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қателігін қайталамай, табиғатқа зиян келтірместен май пальмасы сияқты дақылды шаруа­шылықты дамытқысы келеді.

Туризм – елге қажеттінің бір жағы ғана. Габон азық-түліктің көбін сырттан әкеледі: астық пен сүт – Франциядан, іріқара еті Үндістан мен Бразилиядан импортталады. 2016 жылы дау тудырған сайлауда екінші мәрте сайланып, жеті жылдық билікке келген Президент Али Бонго Ондимбаның үкіметі экономикаға коммерциялық ауыл шаруашылығын, соның ішінде пальма майы индустриясын да қосқысы келеді. Ал бұл ағаштарды кесуді талап ететіні белгілі.

Құрлықтағы бір-біріне қарама-қайшы қажеттіліктерді түсіне отырып, үкімет көп ел тартынатын жобаны қолға алды: бұл – жерді пайдаланудың ұлттық жоспары.

ANPN директоры әрі Президенттің ең жақын кеңесшілерінің бірі – Уайт Ли елдегі жабайы табиғат картасын жасау мен қай аймақтарды ауыл шаруашылығын дамытуға беру керектігін анықтаумен айналысады. Қос азаматтығы бар Ли Британияда туғанымен, 1989 жылдан бері Габонда тұрып келе жатыр. Үкімет «Олам» компаниясына екі пальма плантациясына рұқсат беріп, артынша қолданыстағы біреуін сатып жіберді. Қазір «Олам» 1300 шаршы шақырым жерді игеруде, бұл Габонның құрлықтағы жерінің 0,5 пайызын құрайды. Ал, жалпы алғанда, шамамен 557 шаршы шақырым жерге пальма отырғызылған.

Қаңтар айының жарқыраған таңында «Олам» компаниясының тұрақтылық жөніндегі аға менеджері Кристофер Стьюарт ел астанасы Либревильдің оңтүстік-шығысындағы ойқы-шойқы асфальтты жолмен құстай ұшып келеді. Алып окоуме ағаштары тиелген жүк көліктері оның қасынан өтіп жатыр. Окоуме – Габонның ең көп экспортталатын тауары. Оның көп бөлігі Қытай мен Еуропаға жол тартады. Либревильдің шет жақтарында кішкентай ауылдар бар. Шамамен, жол бойындағы әрбір үй маңында тот басқан темір қаңқа мен ағаш сөреден жасалған дүңгіршек бар. Оларға банан, ашық түсті джунгли жемістері, ваннада жасалған пальма шарабы толтырылған судың пластик бөтелкелері қойылған. Осы сөрелерден жайра, кекілбас киік, кейте маймыл, циветта, қолтырауын, қарақұйрық секілді жануарлардың түкті және тікенекті тұтас еттерін табуға болады.

Бұл жабайы аң-құс етінің көбі заңсыз саудаланады. Бір жағынан, өзінде ет өнімі жоқ ел үшін бұл түсінікті де. Заңсыз аң етін Либревильдегі көптеген мейрамхана да ұсынады. Браконьерді ауыздықтау – «Олам» үшін үлкен проблема. Жергілікті тұрғындар мен жұмысшылар плантацияларды орманға барар жол ретінде пайдаланады. Сол жақта олардың жойылу қауіпіндегі аңдарды аулайтыны белгілі. Сондықтан Оламның сақшылары қорғалатын ормандарды күзетіп жүреді. Плантация шығаберісінде күзетшілер барлық көлікті тексереді.

Габон. «Оламның» Моуила плантациясының жартысынан астамы саванна аумағында орналасқан. Қазір мұнда жұмысшылар пальма көшеттерін отырғызуда. Бұл аймақ орман оталуының алдын алу үшін таңдалған. «Габон жасап шығарған мемлекеттік жер пайдалану жоспары май пальмасы, ауыл шаруа­шылығы мен орманды сақтау арасында баланс ұстау үшін керек», – дейді Саябақтар агенттігінің директоры Ли Уайт.

Либревильден екі жарым сағаттық жерде біз Авала плантациясына баратын қызыл топырақ жолға түстік. Қайта өскен бұл орман Габонда алғаш ағаш кесіле бастаған кезге куә. Үкімет осы жақтан «Олам» компаниясына 20 мың гектардай алқап берген. Компания оның шамамен үштен біріне пальма отырғызып, үштен бірінде орман қалдырған. Қалған үшінші бөлік шағын жер телімдері ретінде қорда тұр.

Плантация ішінде қатар-қатар егілген пальмалардың ішінде адасып кету оңай. Арасында жүру қиынға соғатын топырақ жолдар бар. Әр қатардың соңында пальма бұталары мен жемістер жиналған. Түс ауа жемістер жүк көлігіне тиеліп, сағатына 45 метрикалық тонна май өңдейтін плантация жанындағы диірменге жеткізіледі.

«Оламның» Моуила деп аталатын плантация­сында бұдан екі есе көп өнім шығаратын диірмен бар. Пальма жайылған бұл алқап аумағында бұрын саванна болды. Зерттеу нәтижесінде мұнда сирек кездесетін бөкен түрі – африкалық антилопа бары анықталған. 2017 жылы «тұзақ» камера объективіне ілінген осы жануар Уайт Лиге саваннада жаңа ұлттық саябақ ашуға дәлел ретінде көмектесіп отыр.

Габон. Габондағы пальма көшеттері жылыжайы. Бағбандар жұмысқа кіріскен сәт. Мұнайға тәуелді Габон елі азық-түліктің көбін импорттайды. Үкімет индустриалдық ауыл шаруашылығы мемлекеттің болашағы деп біледі.

Экология ғылымының докторы Стьюарт «Оламға» жұмысқа кірмес бұрын Оңтүстік-Шығыс Азияда RSPO бағдарламасын енгізуге көмектескен. «Моуиладағы» ескі орманнан кері келе жатып, Индонезиядағы ормандардың жойылуын сөз еттік. Ол бірнеше жыл бұрын ғана бұл аймақта болғанын, биологтармен бірге адам аяғы баспаған «жауынды орманда» жұмыс істегенін айтты. «Сол орманнан түк қалмады», – деп қайран қалды ол. Осыны еске алған сәтте оның тілі күрмеліп қалды. Ол «Оламның» Габондағы табиғат қорғау шараларын ерекше мақтан тұтатыны байқалды.

Плантация аумағында шағын төбе үстінде біз Стьюарт көлігінің шатырына өрмелеп мініп алдық. 180 градус айналада пальма қатарлары көкжиекке дейін созылып жатыр. Көз аштырмайтын күн астында бір түстен тұратын көрініс естен тандырады. Стьюарттың қолындағы карта тіптен бас шайқатады. Плантацияның осы сегменті шамамен 16 мың гектарды құрайды, ал бізге оның небәрі 7 па­­йы­зы ғана көрінеді.

«Іс жүзінде, Габонның ұзақмерзімді мүддесі үшін бұл жоба өте маңызды. Жақсы жоспарланған әрі тиімді басқарылған ауылшаруа­шылығының шынайы әлеуетін бүкіл әлемге паш етуіміз керек», – дейді эколог ретінде ағаштың шабылғанын суқаны сүйметін Стьюарт. «Олам» қорғалатын аймақтарға қауіп емес, – деп басын изеді Уайт. – «Олам» маған ұлттық саябақ санын көбейтуге сеп болып отыр».

Авторы: Хиллари Роснер фото: Дэвид Гуттенфелдер мен Паскаль Маитре


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation