ТАБИҒАТ

Аустралиялықтардың сүйікті жануары

Қызыл кенгурулер мына Стурт ұлттық паркіндегідей сусыз жайылымдарда көбейіп кеткен. Аустралияның 25 миллион адам мен 50 миллион шамасындағы кенгуруге пана. Кей аустралия­лықтар бұл көрсеткішті «сойқан пропорция» деп атайды.

Кенгуру – Аустралияның «секіргіш» символына баланады.Сондай-ақ олар дәнді дақылдардың һас жауы әрі жол-көлік апаттарының негізгі себепкері.

Кенгуру мен оның төлі жайылым жер іздеп жүріп, Мейн-Стрит көшесінен бір-ақ шығады. Бұл Жаңа Оңтүстік Уэлс штатының опал өндіретін ашық шахталы Уайт Клифс қаласындағы көктемнің салқын кеші еді. Күн қақтаған шексіз далада мыңдаған шахта ұңғымасы көзге еріксіз түседі. Мұндағы халық хоббитер секілді вентиляцияланатын үңгірлерде тіршілік етеді. Бірақ мына екі шығыстық сұр кенгуру айналадағы көрініске сай келмейтіндей.

«Мен олардың қала ішінде осылай кезіп жүргендерін бұрын-соңды көрмеппін», – дейді кенгурулерді 50 жылдай зерттеп келе жатқан эколог-профессор Джордж Уильсон.

Туристердің көздері шарасынан шығып, саусағын шошайтса, балалар таңдана шулас­ты. Күн ұясына батуға шақ қалғанда аустралиялықтар «ру» деп қысқартып атайтын мақұлықтар қаладан шығып кете барды. Біраздан кейін әлдебір жігіт үстінде ілмектері бар ақ көлігіне мініп, заулай жөнелді. Бұл түні ол мүмкіндігінше көп кенгуру аулап, көзін құртпақ.

Осы күні аустралиялықтар мен «ұлттық символ» арасындағы қатынасы күрделеніп кеткен. Кенгуру – Аустралияның ерекше био­алуандығының тірі әрі секіріп жүрген нышаны. Олар – эволюцияның ғажайып нәтижесі әрі ірі жануарлар ішінде секіре алатын жалғыз түр.

Аустралиялықтар осы мақтаныштарын жасырмайды. Кенгуру фильмге түсіп, телевизиялық бағдарламаларға да қатысады, поэзия, ән мен балалар әдебиеттерінің тақырыбы да бола алады. Олардың бейнесі ел валютасы, елтаңба, коммерциялық әуежелілер мен әскери кемелер, сондай-ақ олимпиада эмблемалары мен спорттық киімдерде де бар. Жер бетінде осыншама танымал жануар мен халық та жоқтың қасы.

Шығыстық сұр, яғни алып кенгурулер Жаңа Оңтүстік Уэлс штатының Норт Дуррас ауылындағы көгалда жайылып жүр. Құрғақшылық кесірінен кенгуру (оларды «қарақшылар» деп атайды) адамдарға үйір боп барады.

Ресми мәліметтер бойынша, жасыл құрлықта кенгуру саны халық санынан екі есе көп және аустралиялықтардың көбі оларды зиянкестер қатарына жатқызады. Мал шаруа­шылығымен айналысатын фермерлердің айтуынша, популяциясы 50 миллион шамасындағы кенгурулер олардың егістіктерін бүлдіріп, онсыз да тапшы ресурстарды тұтынуда қолдағы малға бәсекелес болып отыр.

Аустралияның сақтандыру компанияларының деректері бойынша, жыл сайын тіркелетін 20 мыңнан астам жол-көлік апаттарының 80 пайызы кенгурулердің кесірінен болады екен. Елдің құрғақ әрі халық аз қоныс­танған аудандарында кенгурулердің көптігін «санап шығу мүмкін емес» дейтіндер көп. Динголар мен аборигендік аңшылар сияқты дәстүрлі жыртқыштың орнын толтырып жүргендер де жетерлік. Бұл экологиялық тепе-теңдікті сақтап тұру өз септігін тигізуде.

Коммерциялық мақсатта еті мен терісі үшін кенгуру аулауға үкімет рұқсат берген.  Бұл саланың ауылдық аймақтардың экономикасына қосар үлесі де көп. Бұл кәсіпшілік 2017 жылы 29 миллион АҚШ долларына пара-пар өнімді экспорттап, халықты 4 мың жұмыс орнымен қамтамасыз еткен. Бүгін кенгурулердің жойылу қаупі жоқ төрт түрі – шығыстық сұр, батыстық сұр, қызыл мен ірі кенгурудің еті, терісі мен былғарысы 56 елге экспортталады. Nike, Puma мен Adidas сияқты әлемдік брендтер түрлі спорттық инвентарь жасау үшін мықты әрі икемді кенгуру былғарысын сатып алады. Бір кездері негізінен үй жануар қорегі ретінде сатылған кенгуру еті қазір азық-түлік ретінде саудаға шығарылып, қымбат ресторандардың мәзіріне еніп отыр.

Аустралияның алты штаты мен екі ауданының (барлығы сегіз) төртеуінде осы индустрия­­ны қамтамасыз ететін жануарларды аулауға жылдық квота беріледі. Бұл кәсіпті жақтайтындар майы аз әрі протеині көп кенгуру еті парниктік газды анағұрлы көп шығаратын қой не ірі қараға қарағанда қоршаған ортаға зияны төмен дегенді алға тартады. «Азық-түлік және текстильдік өнеркәсіптің шикізатын Аустра­лияның жұмсақ жайылымдарына бейімделген жануарлардан алу – дұрыс бағыт. Қызыл ет алудың бұдан өткен гумандық әдісі жоқ екенін көптеген экологтар растайды», – дейді Аустралия кенгуру кәсіпшілігі ассоциациясының бұрынғы атқарушы директоры Джон Келли.

Виктория штатының Грампианс ұлттық паркі. Екі жас аталықтың мықтыны анықтап жатқан сәті. Бұл «бокстасқан» кенгуру көрінісі Аустралияның символына айналып та үлгерді. Адамды кенгуруге қарсы қойған көрініс көрмелерде қылаң бере сала, 1891 жылы мұндай жекпе-жек жайлы мультфильм түсіріледі.

Бұл кәсіпшілікке қарсы болғандардың қарасы аз болса да, дауыстары зор. Жануарлардың құқығын қорғайтын ұйымдар, атақты адамдар мен қатары күн санап артып келе жатқан ғалымдар кенгуру бизнесі адамдарды жауыздыққа итермелейтіндіктен бұл кәсіптің қажеті шамалы деген ұстанымда. Олар кенгуру популяциясы шамадан тыс көбейді деген пікірмен келіспейді. Бұл ұйымдар кенгурудің көп бөлігі жасына жетпей өліп қалады, сондай-ақ әрбір төлдің есеюі көп уақыт алатынын айтып шамданады. Сондықтан олардың популяциясы жылына небәрі 10-15 пайыз ғана өседі. Оның өзінде бекітілген шарттар мінсіз болған жағдайда ғана.

Жаңа Оңтүстік Уэлс штатының байырғы юин халқы өкілдерінің бірі Двейн Баннон-Харрисон кенгурулер адамдардың өмір сүруіне кедергі келтіріп жатыр деген пікір күлкі тудыратынын айтады. «Олар бұл жерде адамдардан бұрын тіршілік етіп келеді. Олар елді қалай «бүлдіріп» жүр екен?», – дейді ол.

Көп жағдайда осы қарама-қайшылықтан пәлсапалық сұрақ туындайды: Кенгуру дегеніміз не өзі? Баз біреулер үшін олар зиянкес, басқаларына олар қолда тұрған ресурс. Десек те, оларға қорғалуы тиіс сүйікті де, сүйкімді «біртуар» жануар деп қарайтындар да баршылық.

«Мына көріп тұрғаныңыз кенгурулер елі», – дейді ұшағының терезесінен 2500 метр төмендегі тал-шілік қалың өскен алқапты нұсқай эколог Вильсон Сессна. Төменде күн қақтап, шаң басқан жайылымдар мен елдімекендері өте сирек шексіз дала бар. Онда құнарлы топырағы жылдам шаңға айналатын сезімтал ландшафты мен су ресурстары қажеттілікті ешқашан қанағаттандырмайтын өңір орналасқан. Ғаламшарымыздың ең құрғақ екінші контитентінде егіндік пен мал шаруашылығы бұрыннан ақсап тұр, ал енді өзгеріске ұшыраған климаттан құрғақшылық жайлап барады. Соның кесірінен ауылшаруашылық саласына орасан залал келуде.

«Жайылымдық жерлердің тарылуы құтымызды қашырып барады, – деп қынжылды тамыздың кешінде Лорелвейл ауылының екі иығы қақпақтай, алып денелі фермері Леон Занкер, – ал қалталы сүтқоректілер жағдайды одан сайын ушықтыруда». Құрғақшылық келгенде ол азық-түлік, су мен малын тиісінше жеткізуге тырысып бағатыны белгілі. Ал территориясындағы шөптің түгін қалдырмайтын әрі үкіметтің қарауындағы кенгурулер оның шаруашылығын тежейтін фактор.

Виктория штатының Англиси гольф клубы. Ойыншы мен шығыстық сұр кенгурулер бір алаңды бөлісуде. Гольф курстарында кенгурулерді жиі көруге болады. Ғалымдар үшін бұл қалталыларды белгілеу, бақылау мен зерттеу мүмкіндігі болса, кәсіпкерлер үшін бұл туристерді тарту құралы.

«Егер мен ірі қараларым мен қойларымның көтерем болып өлуіне жол берген болсам, жануарларға мейірімсіз болғаным үшін түрмеден бір-ақ шығуым мүмкін, – дейді Занкер, – алайда мен еліміздің кенгуру кесірінен деградациялап жатқанын байқаймын және қолымнан келер қауқар жоқ».

Оның аз-кем таңдауы бар. Солардың бірі – коммерциялық түсім, яғни бақташылар лицензиясы бар аңшыларға өз жерлерінде «қарақшылар тобы» деп аталып кеткен кенгурулерді аулауға рұқсат беру арқылы пайда табу. Жануарлардың құқықтарын қорғаумен айналысатын ұйымдардың белсенділігінен кәсіпшіліктегі жылдық кенгуру аулау квотасы қысқарып, енді квотаның тек бір бөлігін ғана пайдалануға мүмкіндік бар. Соның кесірінен кенгуру өнімдеріне деген сұраныс та азайып кетті. Мына дерек соған дәлел: 2017 жылы Аустралияның жалпы квотасы 7,2 миллион бас шамасында-тұғын. Алайда атылған кенгурулер саны 1,5 миллионға да жетпейді.

Тағы бір таңдау – жай ғана өлтіріп тастау. Бақташы хайуандардың белгілі бір санының көзін жоюға рұқсат алуға арыз бере алады. Мен барған кезде Занкердің 500 кенгуру өлтіруге рұқсаты бар болатын. Алайда көп бақташы жалданбалы әрі ресми кәсіби атқыштардың орнына оқудан өтпеген не аккредитациясы жоқ әуесқой «киллерлерді» жалдайды.

«Егер сіздің мүлкіңіз болса, алқымыңыздан қысып, ақшасын қайтаруға тура келетін несиеңіздің болуы да ғажап емес. Бірақ, өзіңізге тиесі жайылымнан шықпайтын бір бөтен мал шаруашылығыңызды «тірідей» жеп жатса, мұндайда не істейсіз? Барып, кілтті банк менеджерінің қолына ұстатасыз ба, әлде бір қорап оқ сатып аласыз ба?» – дейді Занкер.

Квинсленд штатының едімекендерінің бірі. Күн ұясына қонар кезде Брэд Купер жұмысқа шығып барады. Мығым денелі кенгуру аңшысы көлігін Митчеллден шығысқа қарай, шамамен 30 шақырым жердегі қоршалған жайылымдағы жол жиегіне тоқтатты. «Бүгін қолдан келгенінше көп кенгуру ату керек. Бірақ мына жел маған ұнамай тұр. Бұл оларға да ұнамайды», – дейді ол.

Муррамаранг ұлттық паркіндегі Депот жағажайында шығыс­тық сұр кенгуру тобы жартасты жағалауды барлап жүр. Зоолог Фленнеридің айтуынша, бұл сүтқоректі жерасты апандарынан тропикалық ормандардағы ағаш бастарына дейінгі Аустралиядағы барлық дерлік тіршілік ортасына бейімделген.

Олар шығыстық сұр кенгуруны аулауға келді. Жел ұйытқыған кездері бұл қалталы сүтқоректілер сақтана топтаса қалады. Бұл атушылардың жұмысын қиындатады, өйткені оларға заңмен тек ересек аталықтарды ғана атуға рұқсат берілген. Кәсіби атушылар емтихан тапсырып, жануарлардың жағдайы мен гигиенасы бойынша оқудан өтулері тиіс. Ай сайын олардан квотадан асып кетпеулері үшін есеп беруі талап етіледі.

Купердің жасы 41-де. Ол алғашқы кенгуруін бес жасында атып алған. Бүгінде ол әр жолы үштен-алты сағатқа дейін аптасына үш түн жұмыс істейді. Бүгінгі жоспары – 30 кенгуру атып алу. Оның бір түндегі рекорды 104 бас.

Төбемізде жырым-жырым бұлттар жөңкіп өтіп жатқанда түнгі аспанда жарты ай жасырынбақ ойнап тұрғандай көрінді. Ауаны алаботаның өткір иісі кернеген. Купер көлігінің үстіндегі шамдарды қайта-қайта алға-артқа қозғауда. Бір минуттан кейін ол іздегенін тапты. Жүз метрдей жерде бойы екі метрдей ересек аталық алып кенгуру көліктің шамдарына қарап гипноз әсер еткендей қалшиып тұра қалыпты. Бум! Купердің мылтығынан шыққан дауыс түнгі ауаға таралды. Кенгуру бір секірді де жерге гүрс ете түсті.

Купер сұлаған кенгуру аяғын салбыратып өңгеріп алды. Кәсібіне шыныққан ол ең әуелі олжасының нарықтық бағасын түсіретін жарақат не паразиттердің бар-жоқтығын тексереді. Кейін кенгурудің қанын ағызып, ішкі құрылысын, сондай-ақ алдыңғы аяқтары, басы мен құйрығын кесіп алып тастады.

Одан кейін қағаз жұмысы басталады: аңшы кенгуруді атқан күні мен уақытын, меншіктегі жер атауын, кенгуру түрін және азық-түлік өңдеуші компания мен мемлекеттік құзыретті орган талап ететін барлық ақпаратты құжатқа түсіреді. Купердің айтуынша, бюрократиялық талаптар адамды қинаса да, бұл жұмыс соған тұрады. Ол далалық жерде атып-сойған кенгуру тұлыбының әр келісіне 70 цент ақша алады. Кей түндері ол мың долларға дейін табады.

Кәсіби атушы Питер Абсалом Оңтүстік Аустралия штатындағы Малиунгари стансасынан атып алған аталық қызыл кенгуруді өңдеуде. Анасы оққа ұшқанда төлі жетім қалатындықтан 2013 жылдан бері тек аталықтар ғана аулана бастады.

Түн ортасы жақындағанда жел күшейіп, Купер жұмысын аяқтайтын болып шешті. Бүгінгі түнгі оның олжасы – 10 кенгуру.

«Бұл жұмыста қандай да бір қалыпты нәрсе жоқ», – дейді ол Ромаға қайтар жолда. Ол Ромада олжасын «мұздатқыш камерада», яғни тұлыптар өңделгенге дейін сақталатын салқындатқыш қоймаға жинайды. Аяушылыққа жол жоқ жұмысының уақыты қалыпты емес әрі ауыр. Қалалықтар оның мамандығына мұрнын шүйіре қарайды.

«Олар үшін біз ең төменгілерден де төмендегі сатыдамыз, – дейді Купер, – бірақ қала адамдары кенгуруден жырақта өмір сүреді. Егер де мысық не итті мәңгі ұйқыға аттандыру керек болса, мархабат, ветеринар бар. Жауапкершілік тікелей өз мойындарына артылмайды. Ал бізге зор жауапкершілік жүктелген».

Ұзынтұра, тұла бойы жинақы келген дәрігер Хоуард Ральф салқын самал желі бар күту бөлмесінде отырып, кенгурулерге қатысты жауапкершіліктің басқа түрі жөнінде әңгімелеуде. Ральф пен оның жұбайы Гленда 18 жыл бұрын Канберрадан көлікпен бір сағаттық жердегі Брейдвудтегі жерлерін табиғи қорыққа айналдырған. Бүгінде еріктілердің шағын тобы көмектесетін Southern Cross Wildlife Care қорығында жылына 2000-нан астам жануарға көмек көрсетіледі. Олардың жартысынан астамы – кенгуру.

«Біздің басты мақсатымыз – жан-жануардың амандығы, – дейді Ральф, – осы мақұлықтарға көмектесіп, оларды қайтадан тұмса табиғатқа жібере алатындай күйге жеткізу. Біз түрлерге қатысты дискриминациядан адамыз және оңайлықпен беріле салмаймыз».

Бұл ауруды емдеу мен күйзелістен айықтыру дегенді білдіреді. Кенгуру, әсіресе шығыстық сұр түрлері күйзеліске тез түседі, соның салдарынан олардың бүйректері істен шығып, жүрек ауруына шалдығуы мүмкін. «Мұндай жағдайға үнемі кезігеміз, – дейді Ральф. –Бетіне оқ тиген, балтамен шабылған, қасақана көлікпен қағылған кенгуруді көрсеңіз жүрегіңіз қалай елжіремейді. Кейбірі, тіпті, аяқтарындағы көптеген сынық кесірінен тұра да алмай қалады. Олар, осындай қатыгездікпен жиі кездеседі. Өркениетті деп атаған қоғамымызда жол берілмеуі керек дүниелер болып жатады. Олардың басым бөлігі кенгуру көбейгендігінен емес. Мұның себебі адамдар осы кішкентай мақұлықтарды жөні-жозықсыз қинағанды қызық не күлкілі көруінде. Біз қандай жағдай болмасын қатыгездікке жол берілетін түсініктен қашық болуымыз керек», – дейді Ральф.

Гарри МакЛин Квинсленд штатының Агнес Уотер қаласындағы кенгуруге арналған «Хоризонс» қорығында жетім қалған төлдерге жем беруде. «Олар отбасымен тіршілік ететін аң, тура біз сияқты, – дейді Аустралия кенгурулер қоғамында істейтін Никки Саттербай, – олар төлдерінен айырылғанда, не төлдері аналарынан айырылып қалып жатса, қатты қайғырады».

Соңғы жылдары Аустралияда кенгуруге қамқор жандар мен пана берген «Оңтүстік кірес» сияқты қорықтар көбейіп келеді. Олардың көбі әрбір түскен тиынды дәрі-дәрмек пен керек-жараққа жұмсайды.

«Мен көпшіліктің қандай пікірде екенін білемін, мен реалистпін. Жағдай өзгереді деп үміттенемін. Қазірдің өзінде қоғам пікірі өзгеріп жатқанын байқауға болады. Жиырма жыл бұрын осы мақұлықтарды қастерлейтіндер кемде-кем тұғын. Алайда олардың зардап шегіп жүргендерін, олардың тірі жан екенін түсінетіндер көбеюде», – дейді Ральф.

Аустралиялықтардың кенгурулерге қатысты кереғар пікірін бейбіт арнаға бұруға бола ма? Джордж Уилсон егер олардың қожайындары болғанда, иеленушілері кенгурулеріне мүліктері ретінде қарап, тәуелсіз түрде не аймақтық жабайы табиғатты қорғау ұйымдарымен бірлесе отырып оларды қорғар еді. Қожайындары оларды асырап, жалға беріп, көбейтіп, атуға рұқсат беру үшін аңшылардан ақы алар еді. Ол үшін тек жігер мен ниет қажет.

«Егер әлдебір нәрсені сақтағыңыз келсе, оған құнды заттай қарау керек, – дейді Уилсон, – өкініштісі, зиянкес деп қарастылырған жануарлардың құны жоқ».

Жекешелендіру жайылымдарға түсетін ауыртпалықты да азайтар еді. Егер кенгуру ірі қара не қойға қарағанда пайдалырақ болса, фермерлер мал басын азайтар еді. Бұл қоршаған орта үшін де тиімді. Бұл сценарий орын тапса, жер иеленушілер мен кенгуру кәсіпшілігі арасындағы ынтымақтастықты көрер едік. Ары қарай брендинг, маркетинг пен сапа бақылау бойынша жұмыс өрби беретін еді. Мұндай жағдайда үкіметке тек процесті бақылап, басқарып отыру ғана қалар еді.

Леон Занкер мұндай идеяны жан-тәнімен қолдайды: «Біз үшін бұдан шығар ең жақсы нәтиже – кенгуру саны мен жайылым-су ресурстарының тепе-теңдігін сақтайтын коммерциялық индустрияға қол жеткізу. Бірақ бұл үшін балансты сақтайтын басқару тетіктері мен қабілет болу керек. Жер иеленушілердің талап еткендері де осы».

Туристер Квинсленд штатының Макей қаласындағы Хилсборо мүйісінің жағалауында шығыстық кенгурулерді тамашалауда. Бұл жер туристерді қызықтыратын танымал орын әрі ол жергілікті экономиканы да көтеріп отыр. Аустралия – кенгуруді жабайы табиғатта көруге болатын дүниедегі жалғыз мемлекет.

Сиднейден жарты сағаттық жердегі Воронора шаһарындамыз. Түс ауған шақ. Қыркүйектің жылы ауасында юиндердің ақсақалы 82 жасар Макс «Дулумунмун» Харрисон Аустралияның байырғы тұрғындары мен кенгурулер арасындағы күрделі байланыс туралы сыр шертті. Бұл – мәдени, әлеуметтік және рухани байланыс тарихы кемінде 50 мың жылға созылады.

Аустралияның байырғы тұрғындары бұрыннан кенгуру етін жейді, бірақ олар мұны қатаң тәртіптерге сай істейтін болған. Макс көкенің айтуынша, байырғылардың заңы аңшылыққа рұқсат етеді, бірақ оның өз маусымы бар. Мәселен шағылысқан шақта оларды аулауға болмайды. Әрі рәсуаға да жол берілмейді. Кенгурудің әр бөлігі пайдаланылуы тиес: еті желінуі не таратылуы керек; сіңірінен жіп иіріледі; терісінен жылу сақтайтын, су өткізбейтін киімдер тігіледі, сүйектерінен ине мен түрлі бұйым, ал жүнінен дорба не мата жасалады.

Бірақ кенгурумен арадағы байланыс әлдеқайда жоғары деңгейге жеткен. Пайда ол бергі жағы ғана. Тіршілік пен жаратылыс пайда болуы туралы әңгімелерде, аборигендер «арман шақ» деп атайтын бай символикалық әлемде кенгуру басты назарда. Осы әңгімелердің ажырамас бір бөлігі саналатын «өлең жолдары» арқылы аборигендер жол тауып, ата-бабаларын еш қиындықсыз тапқан. Макс көке кенгуруді өлтіру табиғат пен адам арасындағы осы үйлесімділікті бүлдіріп, «өлең жолдарын» жойып жатқанын айтады.

Қалталы сүтқоректілермен көп ғасырлық байланысы бар деп білінсе де, елдің ұлттық символымен ара қатынасты реттеуде Аустралияның байырғы тұрғындарының пікірі ескерілмейді. Олардың пікірі бір арнада тоғыспағанымен, географиялық және мәдени тұрғыда әр алуан келетін байырғы халық өкілдерінің көбісі кенгуруді қыру үлкен мәселе екендігімен келіседі.

Стурт ұлттық паркі. Батыстық сұр кенгуру мен фотографтың ұлы бір-біріне зерттей қарауда. Ру сияқты өзгенің таңданысын тудыратын жануар кемде-кем. «Кенгуру басқа жануарлардан қатты ерекшеленетіні сондай, олар болмағанда біз оларды елестете алатын ба едік, алмас па едік, Құдай білсін», – дейді зоолог Фланнери.

«Аустралия өте ерекше ел, ерекшелігі сондай ол өз елтаңбасындағы символды жейтін жалғыз ел», – деп басын шайқады Сиднейдегі Маккуори университетіндегі кабинетінде отырған гомерой тайпасының көсемі Фил Дункан.

Макс көке сияқты ол да кенгурулерді қыруға жол бермек емес. «Оларды өлтірсек, келер ұрпаққа бұл тотемикалық түрдің отанымызбен арадағы байланысын түсіндіре алмай қаламыз», – дейді ол. Ол ұсынатын шешім қарапайым: кенгуру ахуалы туралы соңғы сөзді Аустралияның алғашқы адамдары айтсын. Бәрін былай қойғанда, олар мыңдаған жылдар бойы қалталылармен жақсы қарым-қатынаста боп келді емес пе? «Егер кенгурулерді қыруды көздеп отырсаңыз, – дейді Дункан, – оны жолға қойылған кәсіп көзіне айналдыру керек. Бұл кәсіпшілік аборигендер тарапынан монополияландырылуы керек. Біз бұл істі гуманды түрде орындаймыз. Бізге лицензия беріңіздер. Бұл кәсіпті біз атқарайық».

Сонымен бірге Дунканның бұдан да маңызды айтпағы бар: «Аустралияға туристер келген кезде олар кенгурумен құшақтасып, коаланы ұстап, аборигендермен кездескілері келеді. Үшеуінің де өзара байланысы күшті. Сол байланысты үзбеу керек. Мұнда өлтіру үшін емес, құшақтасу үшін келіңіз».

Автор: Джереми Берлин, фото: Стефано Унтертинер


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0
Кіру
*
*



Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз