"/>
ТАБИҒАТ

Өнерпаз фрегата

Жануарлардың көптеген аталықтары қарсы жыныс өкілдері алдында әсер қалдыру үшін кеуде кере маңғазданады. Алайда түсі, құлашы мен дауысының әуезділігі бойынша лат. Fregata magnificens, яғни керемет фрегатаға жететіні жоқ.

Шағылысу уақытында әр аталық өзге бәсекелестерінен оқ бойы озық тұруға тырысады. Бұл тұрғыда тамағынан салбыраған қызыл қалташаның орны ерекше. Оны ауамен толтырғанда қалташа құстың бойымен бірдей жүрек пішініне енеді. Артынша тұмсығымен тоқылдатып, кеудесінен барабан тарсылындай әуен төгіледі – бұл оның махаббатқа шақыруы. «Өздерін көрмесеңіз де, олардың әуезді әуенін алыстан еститініңіз хақ», – дейді Галапагос табиғат қорғау қорында істейтін Джен Джонс.

Әуеде ұшып жүрген аналықтары турасын айтқанда концерт көру үшін жерге қона бастайды. Дженнің айтуынша, аталықтары дискотекадағыдай билеп, бастарын шайқай жұлқына қимылдап, «қойылымды» қыздыра түседі. Зерттеудің бірі көрсеткендей, аталықтарға өз жұбын табуға осы барабан қағыстары көмектеседі.

ТІРШІЛІК ОРТАСЫ/ТАРАЛУЫ

Fregata magnificens құстары, негізінен, қос Америка құрлығының Тынық пен Атлант мұхиттарының жағалауында, жапсарлас аралдарда, Калифорния мен Джорджиядан, Эквадор мен Уругвайға дейінгі аралықта тіршілік етеді.

ҚОРҒАЛУ СТАТУСЫ

ХТҚО бұл құс түріне айтарлықтай қауіп төніп тұрған жоқ екенін айтады. Алайда паразит пен тіршілік ортасының тарылуына байланысты олардың кей популяцияларын ерекше бақылауға алған жөн.

 

ӨЗГЕ ДЕРЕКТЕР

  • Керемет фригаттар жылы ауа ағынын пайдаланып, айлар бойы әуеде самғайтын кез болады.
  • Зерттеу кезінде тамақ қалташасының көлемділігіне байланысты төменгі жиілікте қалыңдау әрі тұрақты дыбыс шығаратын аталықтары аналық құстарға тартымдырақ көрінгені байқалған. Аналықтар осындай дыбыстардан әлжуаз я қуаты тасыған аталықты анықтай алатын болып шықты.

Авторы: Патрисия Эдмондс


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation