САЯХАТ

«Жаны сірі» кадрлар

Фотограф аудун рикардсен арктикадағы ойықтардың біріне тұзақ-камера қойған еді. Мақсаты итбалықтың мінсіз суретін түсіріп алу-тұғын. Ал ақ аюды ешкім күтпесе керек.

 

Бұдан аз уақыт бұрын мен Норвегияның негізгі құрлықтық аумағы мен Солтүстік полюстың қақ ортасында орналасқан Шпицберген архипелагын аралау турларының жолсерігі болып істегенмін. Бір күні шағын жолаушылар кемесімен Шпицберген аралының оңтүстік ұшындағы көрінісі мүлде бөлек Хорнсунн фиордына келіп жетеміз. Осынау жыраққа біз итбалық пен ақ аю үшін ғана келдік.

Фиорд мұзына зәкір тастаған кезде мұз үстінде тынығып жатқан бірнеше итбалыққа көзіміз түсті. Алайда айналада ақ аюдың қарасы көрінбеді. Мұз ойығына тыныстау үшін келген бір итбалықты жақыннан түсіру үшін әлгі ойықтың шетіне камера мен қимыл-қозғалыс сенсорын орналастырдым. Жоспарым бойынша итбалық басын көтерген кезде сенсор камераны іске қосуы керек-тұғын. Ал ол сурет тұмса табиғаттағы итбалықты бейнелер еді.

Кемеге қайтып бара жатқанымда камерамды нық бекіттім бе екен деген ой келді. Алайда ойыққа қайта оралсам, итбалықтарды үркітіп аларым анық. Сондықтан кері қайтпау керек деп шештім.

Түнгі сағат екіде тобымыздың бір мүшесі бізді оятып алды. Ол түнгі ай шұғыласында алыстан келе жатқан ақ аюды көзі шалып қалыпты. Не боларын көру үшін кеменің тұмсығына жүгірдік. Алдымен аю кемеге қарай жүрді. Сосын бұрылып, камераға қарай тартты. Мен ақ аюдың итбалық олжалаудан үміттеніп мұз ойығы жанында күтетін сәтін кадрға түсіруді көптен армандайтынмын. Мұндай суретті түсіру оңай шаруа еместігін де білемін. Арманым қолымның ұшына келді.

Аюдың қимылы сенсорды іске қосып, камера шыртылдатып түсіре бастады. Ол камераны айналып, жаймен иіскеп, тіпті жалап қояды. Артынша ол сенсорды мұз үстіне құлатып, штатив пен камерамды ойыққа аударып жібереді. Абырой болғанда камера сенсордың кабеліне ілініп қалады. Тым болмаса суреттері бар жады картасын сақтап қалатындай осы күйде қалса екен деп тіледім.

Түнгі аспан астында Арктика мұзындағы ойық жанында ақ аю жаңа бір нәрсе тауып алды – бұл Аудун Рикардсеннің камерасы мен қимыл-қозғалыс сенсоры еді. Аю камераны иіскелеп көріп, ақыры суға батырып тынады. Рикардсен камерасын бір жылдан кейін ғана табады.

Мені естіген болуы керек аю аузымен ойықтағы кабельді тістеген бойы камераны сыртқа шығарып алды да кері тарта бастады.

Бір кезде кабель үзіліп кетті де камерам мен ішіндегі ақ аюдың баға жетпес кадрлар сақталған жады 140 метрден асатын тұңғиыққа «сүңгіп» кетті.

Фотограф ретіндегі карьерамдағы ең сәтсіз күнім осы болды. Сол күннен бастап менен ұйқы қашты. Өз-өзімді жазғырдым. Бұған жол бермеуім керек еді. Камерамды су түбінен тауып алсам ба деген де ақылға қонымсыз ойлар да келіп жатты. Содан оны тауып алуға көмектесетін адам іздей бастадым. Алайда зерттеу тобындағы әріптестерім камерамның мұздық астындағы жиі кездесетін жұмсақ балшыққа батып кету ықтималдығы жоғары екенін айтқанда үмітім сөнгендей болды.

Бір жылдан кейін дәл сол кемемен, дәл сол жерге қайта баруға өтініш білдірдім. Қасыма қашықтан басқарылатын аппараты бар әріптесімді ертіп алдым. Біз камераны табуға бел будық. Таба алмасақ та, оны табуға әрекеттенгенімді біле жүрейін деп шештім. Бәлкім содан кейін барып қана камера туралы ой мені мазаламайтын шығар деп те ойлаған шығармын. Себебі мен тектен текке беріле салғанды жек көретінім бар еді.

Кемедегі ақша төлеп келген клиенттер үшін Норсунн фиордына қайтып келгенімізде бізге төрт-ақ сағат берілді. Алдыңғы сапарымызға қарағанда мұздықтың алдында фиорд мұзы көбірек екен, сондықтан кемеден осыншама ұзап кету қауіпсіз бола ма екен деп уайымдадық. Айналада ақ аю бар екенін білсек те тәуекелге бел будық. Мұздың жұқа болғаны соншалық аяқ астында қозғалып жатты. Бір жыл бұрын камерам батып кеткен жерді сонда да таба алдық. Енді қалғаны оны іздеу ғана еді.

 

Біз бірден техникалық қиындықтарға тап болып, аппаратты екі мәрте су бетіне шығаруға мәжбүр болдық. Ағыс оны керекті жерден аулақ әкетіп, тұнық емес судың кесірінен аппаратты игере алмадық. Камераны табудың тек бір мүмкіндігі аппаратты оның батқан жеріне қондыру еді.

Бір ғажабы жасаған үшінші талпынысымызда аппарат камерамды тапты. Сол жерде қуанғаннан айқай сала, билеп кеттік. Ерте қуаныппыз. Камераны қапсырып алуға тырысқан кезде аппараттың кабелі өз-өзіне оратылып қала берді. Аппарат қысқышы камераға екі сантиметрге таяу жетсе де, оны ұстап аларлықтай жақын емес еді.

Осыдан кейін аппаратты басқару мүмкін болмай қалды. Серігім оның істен шыққанына сенімді еді. Мен бір жыл бұрынғы кейпімнен де жаман халге түстім. Камераны мүлде таппасақ, жақсырақ болар ма еді деп мұңға баттым.

Біз аппаратты шығарғанда оған балдыр оратылып қалғанын көрдік. Тағы бір талпыныс үшін жететін уақытымыз бар еді. Таң қаларлығы сол, аппаратты екінші мәрте дәл көздеген нүктеге түсірдік. Осы жолы қысқыш штативті мықтап ілді. Камераны мұз бетіне шығардық. Сол кездегі менің жанайқайымды естісеңіз ғой?!

 

Камераны тот басып кетіпті. Бірақ мен жады картасын шығара алдым. Тоттануын болдырмас үшін оны дереу дистилденген суға салып, құрлыққа жеткенші шығармадым. Содан кейін электрондық мәліметтерді қалпына келтірумен айналысатын компанияға хабарластым. Олар барлық 149 фотоны шығарып берді.

Фотоларды көргенде есімнен тана жаздадым. Ақ аюдың тыныстағаны, линзасы бұлдырлап кеткенше жалағаны да түсіп қалған. Линзаны добалдай түкті ақ табанымен түртіп те көріпті. Ең соңынан ойықтың бұлдырлаған шеті түскен екен.

Камераны қайтып шығарып алу карьерамдағы ең бір жанымды рахатқа бөлеген сәт болды. Камерам су бетіне шыққандағы кеудемді кернеген қуаныш пен қанымда тулаған адреналинді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Мақала мен сурет авторы: Аудун Рикардсен

Аудун Рикардсен табиғат фотографы, сонымен бірге ол Норвегияның Арктика университетінің тұщы су мен теңіз табиғаты профессоры. Бұл оның NG журналындағы алғашқы мақаласы.


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0
Кіру
*
*



Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз