..."/>
БЕЗ РУБРИКИ

«Жалынды жастар театры»

Елордалық Жастар театры – өзінің сан қырлылығымен, жаңашылдығымен қазақ театр өнерінде өзіндік орнын айшықты түрде белгілеген жас та болса, жасампаз өнер ордаларының бірі. Ол небәрі 10 жылдың ішінде Халықаралық, Республикалық деңгейдегі байқаулардан 10 бірдей Гран-При жүлдесін қанжығасына байлады.

Жастар театры Елорда әкімдігінің қолдауымен 2007 жылы шілде айының 5-і күні құрылды. Өнер ордасы өз шымылдығын Шыңғыс Айтматов пен Әбіш Кекілбаевтың «Шыңғысхан» спектаклімен түрді. Театрдың негізін қалаушы, көркемдік жетекшісі және бас режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

Театр актерлерінің дені Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының түлектері. Жаңа театрдың іргесін қаласып, өнердің үлкен даңғылына шыққан бір топ талапкер – «Тұңғыш Президент – Елбасы қоры» сыйлығының иегері Дәурен Серғазин, Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты және Президент стипендиясының иегерлері Әділ Ахметов пен Жандәулет Батай, Айнұр Рахипова, Азамат Эсқұлов, Бақыт Хаджыбаев, Мәдина Май, Махаб­бат Мадғұлова бастаған қыз-жігіттер жасампаз театрдың негізін қалау­шылар, жас та болса ұжымның аға буыны саналады.

 

Шымылдығын түрген күннен бастап шығармашылық ортада өз сүрлеуін салған жасампаз театр шет елдер мен республиканың түкпір-түкпірін аралаған шығармашылық сапарларында көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленіп келеді.

2015 жылдың 1 наурызынан бастап Жастар театры жаңа ғимаратқа ие болып, кезекті театр маусымының шымылдығын төл шаңырағында түрді. Театр сахнасында көрер­менге ұсынылар қо­­йылымдар өзінің жоғары көркемдік деңгейімен, әлемдік театр мәдениеті жетістіктерін иегеру біліктілігімен ерекшеленеді. Бүгінде театр репертуарында 40-қа жуық спектакль бар. Көпшіліктің қошеметіне ие болған өнер туындысының қай-қайсысы да айрықша атап өтуге тұрарлық қызықты дүниелер.

“Айман-Шолпан” спектаклінің премьерасынан көрініс. Қойылымның өн бойында режиссерлік тапқырлық та, актерлік шеберлік те жеткілікті. Халық әндерінің ең тамаша үлгілері спектакль лейтмотивіне айналған. Костьюм мен жарықты да тұсаукесер туындының сәтті шыққан тұсына балауға болады.

2016 жылы театрдың көркемдік жетекшісі және бас режиссері Нұрқанат Жақыпбай театр саласына қосқан қомақты үлесі үшін «Мәдениет қайраткері» аталымында «Жыл таңдауы» – «Алтын Адам» ұлттық сыйлығының иегері атанды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, Елорданың 20 жылдық мерейтойына орай «Астана 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Бішкек қаласында өткен VI Халықаралық «ART-ORDО» театр фестивалінде Нұрқанат Жақыпбайға Қырғызстан театр қайраткерлер одағы, қоғамдық театр өнері академиясының академигі құрметті атағы берілді.

Авторы: Елордалық Жастар театры, фото: Жайнар Дәркембаев

Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation